«Чехословакияны азат ету үшін 150-ден астам қазақстандық жауынгер болған»

Бөлісу

«Чехословакияны азат ету үшін 150-ден астам қазақстандық жауынгер болған»
17.07.2025 1097

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «ХХ ғасырда болған дүниежүзілік соғыстардағы чех-қазақ солдаттарының тағдыры» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Бұл жиын Чехия Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ян Бартошек мырза бастаған ресми делегацияның Қазақстанға сапары аясында ұйымдастырылды. 


Аталған шараны «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бірлесіп өткізді. 

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар кезеңіндегі қазақ және чех жауынгерлерінің тағдырын архивтік деректер негізінде зерттеу, әскери мұраны сақтау, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және Қазақстан мен Чехия арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты дамыту болды. Дөңгелек үстелді ашқан «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Мұрат Молдағалиев бұл бастаманың тарихи маңызы мен халықаралық деңгейдегі мәнін айрықша атап өтті. Ол екі халықтың ортақ соғыс жолындағы тағдырларын зерттеу – бүгінгі ұрпаққа тарихи жады мен тағылымды сабақ беру екенін жеткізді. Іс-шара барысында армия генералы, Халық Қаһарманы, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық музей директорының орынбасары Ақмарал Госманқызы Ибраева, Чехия Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ян Бартошек, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қаныш Асанханұлы Әубәкіров, сондай-ақ Чехия Қорғаныс министрінің кеңесшісі, Прага әскери-тарихи институтының өкілі Мартин Жоур құттықтау сөз сөйледі. 

Өз сөзінде Ян Бартошек қазақ халқына ризашылығын білдіріп, іс-шараны соғыста қаза тапқан жауынгерлер рухына бір минут үнсіздікпен бастауды ұсынды. 

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әубәкіров өз сөзінде бұл тарихи шараның маңызын айта келе, «Қорғаныс министрлігі Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің іздестіру жасақтарымен бірлесе отырып, соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлер мен офицерлердің тағдырын анықтау және олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2019 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі ұрыс даласынан табылған 21 қазақстандық әскери қызметшінің сүйегін әскери-көлік ұшақтарымен Отанға жеткізіп, оларды қарсы алу және әскери құрметпен жерлеу рәсімдерін ұйымдастырды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін іздестіру жұмыстарына белсене қатысып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Қазақстанда жасақталған алты атқыштар дивизиясы 1945 жылдың мамыр айында Праганы азат ету шайқастарына қатысқан. Сол ұрыстарда көтерілісшілерге көмекке бірінші болып жеткендердің қатарында Шу ауданының тумасы, Т-34 танкін басқарған аға сержант Илья Шкловскийдің ерлігін мақтанышпен атап өтуге болады. Сондай-ақ қазақ халқының аты аңызға айналған ұшқышы Талғат Бигелдиновке Чехословакия аспанындағы ерлігі үшін екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені белгілі.

Чехословакияның бостандығы үшін шайқасқан қарсыласу қозғалысы құрамында 150-ден астам қазақстандық жауынгер болған. Олардың қатарында Ян Жижка және Бірінші дәрежелі Әскери Крест ордендерімен марапатталғандар, сондай-ақ партизан бөлімшесінің командирі, алматылық Игоров та бар. 2025 жылы 9 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігінің қызметкерлері, Чехия Республикасының Қорғаныс министрлігі жанындағы Ардагерлер ұйымының төрағасы Мартин Жоур және Миловиці қауымдастығының президентімен бірге Прага қаласын азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу рәсімін өткізді. Іс-шара барысында Прагадағы Олшан зиратында жерленген Кеңес Одағының Батыры, старшина Мәжит Жүнісовтің, сондай-ақ қазақстандық жауынгерлер Талғат Зейнуллин, Мұстафа Сапарбаев, Жолдас Ажиев, Байжан Нұржанов, Сайнолла Қайырғалиев пен Жинель Козинаның бейіттеріне гүл шоқтары қойылды. Бірлесіп атқарылып жатқан бұл жұмыстар – жауынгерлік борышын абыроймен атқарған батырларды ұмытпай, олардың есімдерін кейінгі ұрпақ жадында сақтау үшін маңызды бастама деп есептеймін», – деді ол.

Іс-шара барысында чех және қазақ зерттеушілері мен тарихшылары мазмұнды баяндамалар жасап, екі ел арасындағы тарихи байланыстарды тың деректермен толықтырды. Академик В.И. Вернадский атындағы қоғамдық қор директоры Абай Найманов «Қазақстандағы чех әскери тұтқындарының тағдыры» жайлы баяндама жасап, тарихи архивтерге сүйене отырып, Бірінші дүниежүзілік соғыстағы тұтқындар тағдырын ашып көрсетті. 

Чехия Қорғаныс министрлігі жанындағы әскери жерлеу және мемориалдық нысандар департаментінің басшысы Павел Куглер «Әскери жерлеу орындарын күтім жасау» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан мемориалдық жұмыстармен таныстырды. Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов «Чех легионының еркіндік пен тәуелсіздік идеясы және қазақтың Алаш ұлттық қозғалысы» атты баяндамасында екі халықтың тәуелсіздік жолындағы күресінің рухани үндестігіне тоқталды.

Чехияның әскери жерлеу және мемориалдық нысандар департаментінің аға маманы Павел Филипек «Петропавлдағы чехословакиялық легионерлер» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан аумағындағы чех сарбаздарының ізі туралы тың мәліметтер ұсынды. Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның «Балға мен төстің арасында» атты баяндамасы 1918–1920 жылдардағы азамат соғысы жағдайындағы чех корпусының қазақ даласындағы тағдырына арналды. Властимил Кржиштян «Бостандық армиясы қатарындағы чех-қазақ жауынгерлері» тақырыбында сөз сөйлесе, Радим Храст Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Түркістан губерниясындағы чех әскери тұтқындарының тарихын баяндады. 

Дөңгелек үстелде талқыланған өзекті мәселелердің қатарында Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда жерленген Австро-Венгрия (бүгінгі Чехия) сарбаздарының жерлеу орындарын зерттеу, 1945 жылы Чехословакияны азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің тізімін анықтап, олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ екі елдегі әскери зираттарды бірлесіп зерттеп, тарихи мәртебесін арттыру, архивтік мәліметтермен өзара алмасу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ұсыныстар кеңінен қарастырылды. 

«ХХ ғасырдағы соғыстардағы чех және қазақ сарбаздарының тағдыры» атты бұл дөңгелек үстел  тарих пен бүгінді жалғаған, өткеннің ауыр мұрасын зерделей отырып, бейбіт болашақ үшін жауапкершілік алуға үндеген тағылымды кездесу болды. Бұл ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, тарихи жадыны сақтауға, бейбітшілік жолындағы ерлікті ұлықтауға бағытталған маңызды қадам. 

Бөлісу