Меккедегі «Қазақ тақиясы»
14.02.2020 2842
Керекулік молда атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ертеде жазған «Қазақ шежіресі» атты еңбегі бар. Онда қазақтардың қажылық сапарға қай кезден бастап барғаны жайлы мәлімет келтіреді.

Мәшекеңнің айтуынша, ең алғашқы қажы уақ Нүркен деген адам екен. Екінші рет 1858-ші қой жылы күлік Самай сопы мен ноғай Байжан хазірет қажылыққа барып, сол жақта өлген. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп мен дәл сол жылы туыппын (1858), қазір 70 жас­тамын, дейді. Ал үшінші рет 1874 жылы тобықты Құнанбай, айдабол Қишыл Қыстаубай, атбасарлық Егізек, Жанайдар, құлан қыпшақ Шонтыбай бастаған Орта жүзден 20, Кіші жүзден Досжан халфе, Нұрпейіс хазірет бастаған 100 адам барды, дейді. Бұл қазақтың ескі есебі бойынша қаракиік жылы екен.

Мәшекеңнің жазуына қарағанда, Мек­кеге үшінші рет барған қажылар әуелі қазақтың маскүбін (мәсхабын) анықтатып, одан кейін орталарынан расход шығарып, бола­шақта қажыға келген қазақтар тұрақ­тайтын «Қазақ тақиясы» атты қонақүй салдырып, оны Құнанбай қажының атына жаздырған. Кейін қонақүйді орманшы Хасен шайқы даулап алған, одан кейін тоқал арғын Ешмұхамед даулаған, бұл күнде тақия Досжан халфенің атында екен, дейді (М.Көпейұлы. Қазақ шежіресі, Алматы «Жалын». 1993 ж. 11-б). Мәшекең «осыны жазып отырған мен 70 жастамын» деге­ніне қарағанда, тақияның Досжан хал­фе атына жазылуы 1928 жылы іске асқаны.

Қонақүйді 1905 жылы қараша айында қажылыққа аттанып, 1906 жылдың 28 наурызында қасиетті сапардан оралған Шәкәрім Құдайбердіұлы өз көзімен көрген. Қажының баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «Қасиетті Мекке қаласына барған Шәкәрім атасы Құнанбай басшылығымен салынған тақияны (тәкиені) іздеп, тауып барады. Бiрақ «менен бұрын басқа қажылар кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып түстiм» дейді қажы (Ахат Шәкәрiмұлы. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 37 б.).

Мекке сапары жайлы және атасы Құ­нан­бай туралы жазған Шәкәрімнің «Атам жайлы айтсам» деген естелігі бар. Осы жазбада қажы: «Құнанбай атам 1874 жылы қажыға барғанда қазақтар түсетін Меккеде бір тақия үй сатып алып, құдайы қылып еді. Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай қажыға барғанда тақияны көрдім. Кіші жүзден Сұлтан деген ғалым жігіт ие болып тұр екен. Басында қажы марқұмның қойған күтушісі Қанатбай сопы еді. Ол кісі өлген соң кемпірі қолын­дағы жиен қызын Сұлтанға беріп, тақияға ие қылыпты. Бірақ Сұлтан айтты: тақияға мен иелік қылғанмен бұл күнде ол Кіші жүз Досжан қажының атында жазулы тұр» деген деректі алға тартады.

Келесі бір дерекке назар аударайық. 1937 жылы Алтай-Шәуешек өлкесінен бір топ қазақ қажылыққа барған. Осы­лардың ішінде 15 жастағы бозбала, кейін түркия­лық ақсақал атанған Дәлелхан Жаналтай болған. Осы кісі өзінің 2000 жылы Алма­тыда жарық көрген «Қилы заман – қиын күндер» атты естелігінде, Меккеге келген бізді өзбек Абдулла Бұхари деген адам қабыл алып, қаладағы қазақтардың дәлелі (күтіп алушысы) Құсайын Сұружи деген адамға тапсырды. Ол кісі бізді бұрыннан бері қазақтар түсетін қонақүй – қазақ тақиясына әкелді деп еске алады.

Дәлелхан атамыз 1950-жылдары туған жерін тастай көшіп Үндістанға ауып келеді. 1955 жылы Үндістан атынан екінші рет қажылыққа барады. Осы сапарында атамыз 1937 жылы әкесімен бірге түскен қазақ тақиясын көргенін, бірақ бұларды Зәйни Көшек деген түрік дәлелі қабылдағандықтан бара алмағаны жайлы жазып, «мен барғанда қонақүйдің бұрынғы дәлелі Құсайын Сұружи қайтыс болып, інісі Абдулла Сұружи ие болып отыр екен» дейді (Д.Жаналтай. «Қилы заман – қиын күндер». – Алматы: ДҚҚ, 2000 ж. 125-б). Жоғарыдағы деректерге қарағанда 1955 жылдары «Құнанбай тақиясы» аман-есен тұрғаны анық.

Жуықта тағы бір деректің ұшығы шық­­ты. Өткен жазда умра қажылық парызын өтеуге барған астаналық Жандос Қоныспаев деген жас азамат Ауғанстанда дүниеге келіп, Меккеде ержеткен Иса деген қазақ баласымен танысады. «Исаның тағдыры әркімнің маңдайына жазы­ла бермейтін оқиғаларға толы. Бала кезін­де зәмзәм бұлағының басында шомы­лып өсіпті. Ол кезде зәмзәмнің бұла­ғы Ибраһим мақамының тұсында екен... Көз ашқалы Меккеде өскендіктен көп нәрсеге қанық, шаһар тарихын да жақсы білетін боп шық­ты», дейді Жандос Абумуталифұлы.

Екеуара әңгіме барысында Иса бауырымыз: «Менің бала кезімде, яғни 1980- жылдары Әл-Харам мешітіне жақын орна­лас­қан қазақ тақиясына барып, ішіне кіріп үнемі дәрет жаңартатын едім. Қасында өзбек, ұйғырлардың да дәлелі (өкілдігі) бірге еді. Ана екеуіне қарағанда, қазақ дәлелі үлкен әрі еңселі көрінетін. Кейін арабтар байып кетіп, сол маңдағы жатаған үйлердің бәрін күреп тастап жаңадан биік қонақүйлер салды» демесі бар ма.

Мына жаңалыққа елең еткен азаматтар «Сен көрген қазақ тақиясы қай жерде орна­ласқан еді?» деп сұрайды ғой. Иса: «Әл-Харам мешітінен алыс емес жерде «Сұқ Сағир» деп аталатын шағын аумақ болды. Осы ауданның мешітке қараған бетін­­де тақия тұратын. Дәл қазір тақияның орнын­­да «Дар әл-Тауһид» атты қонақүй тұр».

Ал мына бір сурет ертеректе тү­сіріл­ген «Сұқ Сағир» ауданының мешітке қара­ған аумағы екен. Яғни, Иса бауыры­мыз айтып отырған тұспал осы. Суреттегі жыпырлатып ретсіз салынған көне үйлер­дің бірі «Қазақ тақиясы» болуы әбден мүмкін. Өйткені тақияның орнына салынған «Дар әл-Тауһид» қонақүйі дәл осы жерде. Әл-Харам мешітіне іргесі тиіп тұр. Қалай десек те,­ ­Құнекеңдер қазығын қадаған қазақ тақия­­сының сорабы бертінге дейін сақ­тал­ған көрінеді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

egemen.kz