Моңғол империясының негізін қалаушы Шыңғысхан ортағасырдағы ең бір ерекше тұлғалардың бірі болып саналады
Моңғол империясының негізін қалаушы Шыңғысхан ортағасырдағы ең бір мәнді тұлғалардың бірі болып саналады. Ол Дунайдан Жапон теңізіне дейін, Ұлы Новгородтан Вьетнамға дейінгі аумақты жаулап алған. Моңғол билеушісі жан-жақта бытырап жүрген моңғол тайпаларының басын біріктіріп, 1206 жылы мемлекеттің негізін құрап, жаулаушылық жорықтарымен Солтүстік Қытайға аттанады. Көп ұзамай Цзинь мемлекеті құлағаннан кейін шыңғысхан назарын Қазақстан мен Орта Азия жаққа бұрады. Qazaqstan Tarihy порталы моңғол қағанының ортаазия жерлерін жаулап алу жорықтарын бастауына не түрткі болғанын әңгімелейді
Тарихшылар Цзинь империясы 1215 жылы құрыды деп айтады. Бұл кезге қарай моңғолдар төрт жыл бойы Солтүстік қытайға жорықтар жасап келген, осы уақыт ішінде қытайдың 862 қаласы моңғолдардың билеуіне көшті. 1215 жылы Шыңғысхан Моңғолияға аттанады.осы жылдары қаған батысқа, Орта Азияға жорыққа дайындалған деген пікір бар. Сол жылдары қазіргі Қытайдың солтүстігінде орналасқан Цзинь империясы моңғолдардың атақты атты әскерінің тегеурінін қайтаруға жанталасып жатты. Қытайлардың ойсыра жеңілуіне қарамастан, Солтүстік Қытай аумағын жаулап алуы моңғол әскерін күшті қыла алмады. Солтүстік Қытайдың жаулап алынған аумағында го-ван ретінде Шыңғысхан өзінің жақын үзеңгілестерінің бірі Мұқалайды қалдырады, онымен бірге 10 мың моңғол әскері қалады, кейін моңғол әскері 23 мыңға дейін өседі. Қытай саяхатшысы әрі елші болған Чжао Хун Мұқалайды былай сипаттайды:
«Мұқалай императордың аудиенциясында болып, Аспан асты елі әскерінің бас қолбасшысы және басқарушысы лауазымы мен тай-ши және го-ван атақтарына ие болады. Ол – қара татар (чёрный татарин). Соңғы он жылда ол шығыс пен батысқа жазалаушы жорықтар жасап, варварлар мен қытайлықтардың зәре-құтын қашырып отырған. Жорықтар мен соғыстарға қатысты барлық маңызды істер соның өзімен ғана шешіледі. Сондықтан да оны императорды уақытша алмастырушы деп атайды. […] Ол көркем келбетті, басқа татарлар сияқты төбе шашын қырып тастағанды қаламайды, тек басын орамалмен байлап жүреді, тар көйлек киеді, түрлі елдердің тілінде сөйлей алады» Мэн-да бэй-лу («Моңғол-татарлардың толық сипаттамасы»)
1215 жылы ойсырай жеңілгеннен кейін Цзинь империясының қалған әскері Хуанхэ өзенінен әрі өтіп, сол жерде күштерін жинай бастайды. Тіпті ойсырай жеңілгеннен кейін де Цзинь империясы мықты қарсылас болып қала берді және саны жағынан да моңғол әскерінен басым түсті деп санайды тарихшылар. Солтүстік Қытайда қалдырылған Мұқалай 23 мың моңғол әскерін басқарды. Оның үстіне ол өз әскері қатарына қидандарды, жеңілген Цзинь империясының әскерін, қытай коллаборационистерін және қытайдың көптеген генералдарын қосып алды. Осы күштердің барлығын ескере келе, тарихшылар Мұқалайдың әскері 70 мыңға жетті деп санайды. Бірақ Қытайды толық жаулап алу үшін бұл күш жеткіліксіз еді.
Зерттеушілер Шыңғысхан шынымен де Қытайды жаулап алуға дайындалған дегенді тілге тиек етеді. Олар өз болжамдарын Шыңғысхан әкесі Есугейдің өлімі үшін кек алғысы келді деп уәждейді. Сонымен қатар, зерттеушілер Шыңғысхан көзі тірісінде жаулап алған қытай территориясын басқару мәселесін сол күйі шешкен жоқ деп атап көрсетеді. 1230 жылы моңғол нояндарының бір бөлігі қытайлардан ешқандай пайда жоқ, одан да олардың көзін құртып, жерлерін жайылымдық жерге айналдырайық деп Үгедейге ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысқа Елюй Чуцай қарсы шығады. Ол нақты есептер арқылы, халықты қырып-жойғаннан гөрі, олардан тұрақты салық жинау жүйесін енгізу әлдеқайда тиімді екендігін дәлелдеп береді.
Моңғол империясын соғыс асырады. Бірақ, соғыс көп күшті талап еткендіктен, Шыңғысхан Мұхаммед Хорезмшахпен сауда қарым-қатынасын орнатуды жоспарлайды. Хорезмшах мемлекеті Мәуереннахрда XIII ғасырдың басында пайда болған. Билеушілердің иелігіне Қазақстан мен Орта Азияның байтақ жері, сонымен қатар Ұлы Жібек жолының маңызды маршруттары енген. Сауда-саттық моңғол империясының тіршілігін қамтамасыз етер еді. Сол себепті де Шыңғысхан сауда-саттық туралы келісу үшін елшілерін Бұқараға Хорезмшахқа аттандырады.
Өз кезегінде Хорезмшах елшілерін Моңғолияға жібереді, оларға Шыңғысхан өзі жаулап алған Солтүстік Қытайды, олжасын және моңғол армиясының бүкіл күшін көрсетеді. Көргендеріне таңғалған Мұхаммедтің елшілері елге оралып, келіссөздер басталады, ал Шыңғысхан Хорезмге үлкен керуен дайындайды. Алайда, Шыңғысхан мен Хорезмшах мемлекеті арасындағы сауда-саттықтан ештеңе шықпады.
Өзін «Исламның қылышы» санаған Мұхаммед Хорезмшах тіпті бағдадтың халифімен де сөз таластырып отырушы еді, ол Қытайды жаулап алуым керек деп санайтын. Қытайды моңғолдардың жаулап алғанын естігенде қатты қапаланды. Ол өзінен осынша олжаны тартып алып кеткен Шыңғысхан мен моңғолдар деген кім екенін түсінбей дал болатын. Ал көпестер оның осынау үлкен державасымен салыстырғанда Шыңғысханның ордасы «даладағы сыздықтаған түтіндей» деп жағымпазданатын, ал ол оларға сенді. Шыңғысханның елшілерін Мұхаммед өте менмен қабылдады. Шыңғысхан хатында сауда-саттық жасағысы келетінін білдірген еді («Мен саған өзімнің сүйікті ұлдарымның біріндей қараймын»), ал бұл Хорезмшахқа мүлде ұнамады. Шығыста біреуге ұлыңа сияқты қарау бағыныштылық дәрежесін көрсететін. Ал, Мұхаммед Хорезмшах өзін ұлы билеушімін деп санайтын. Ол қайдағы бір «лас» Шыңғысханның баласы болуы мүмкін емес еді. Ал, Шыңғысхан бұл кезде Қытайда, бірнеше жеңістерінен кейін, өзінен «көк тәңірінің ұлымын» деп санай бастаған. Оның тіпті «Көкте - Құдай, жерде - қаған» деп бедерленген мөрі де болды. Оның өзіндік нәсілдік теориясы да болды, ол бойынша моңғолдар – құдайдың таңдаған адамдары, моңғол қыздары ешбір әшекейсіз-ақ сұлу, моңғол жігіттері – ақылды әрі батыр, ал өзінің руы – дарындар ортасы.
Моңғол жауынгерлері XII-XIII ғғ.
Дегенмен де, Хорезмшахпен сауда-саттық орнату үшін ол 500 түйеден тұратын үлкен керуен дайындайды. Оған Ұлы Жібек жолы арқылы сауда-саттықты жолға қою қажет болды. Бұл оның мақсаттарының бірі болды және осыны ұйғыр көпестері де қолдады. Көп ұзамай керуен шекарадағы Отырар қаласына келіп тіреледі. Шыңғысханның өз керуенін қорғауға жіберген, әскерлерше жинақы көпестерді, жергілікті гарнизон бастығы Иналшық Қайыр хан тыңшыларға балайды. Хан барлық көпестерді өлтіріп, керуен мүлкін қала қазынасына беруді бұйырады. Бұл жерде Моңғол империясы мен Хорезмшах мемлекетінің шекарасы әрқашан түйісіп тұрмағанын айта кету керек. ХІІІ ғасырдың басында бұл екі державаны Қарақытай мемлекеті бөліп тұрды. Кейін шыңғысхан мен Мұхаммед осыны территорияны өзара бөлісіп алып, содан кейін ғана екі мемлекет арасындағы сауда-саттықты дамыту мақсатында дипломатиялық кездесулер басталады. Моңғолдардың алғашқы жаугершіліктері кезінде Шыңғысхан әскерінің алдыңғы шептегі отрядтары моңғолдардың ата жаулары – наймандардың тайпасын жаулап алады. Таян ханның баласы Күшілік 1204 жылы әкесі өлгеннен кейін Қарақытайға қашып, сол жақта қарсыласуын жалғастыра береді. Қарақытайлық гурхан Елуй Чжулху Күшілікті құрақ ұшып қарсы алады, қызы Тафгач қатынға үйлендіреді, тіпті өз қолын жинауға да рұқсат етеді.
Осылайша, Шыңғысханның билігіне наразы жұрт Күшіліктің жанына тоғыса бастады. Көп ұзамай найман, меркіт, Шыңғысханға қызмет еткісі келмеген моңғолдардан құралған Күшілік қолының саны 8 мың жауынгерге жетті.
Осынша қол жинап алған Күшілік 1213 жылы Елуй Чжулхуға қарсы бүлік шығарып, қарақытай державасының тағына отырмақшы болады. Бірақ, Елуй Чжулху бүлікшілерді басқанымен, Күшілік оның қазынасын қолына түсірген еді. Көп ұзамай Елуй Чжулхудің әскерлері өз гурханын Күшілікке ұстап береді. Ол гурханды үйқамаққа алып, өзі қарақытай державасын басқара бастайды.
Күшілік хан мемлекеті
Қарақытай державасында болып жатқан оқиғалардан хабардар болған Мұхаммед әскери жинап, сол жаққа бет алады. Жорық кезінде елдің батыс жағын басып алады. Өз тарапында Шыңғысхан Күшілікті ұстап әкелу үшін Жебе қолбасшы бастаған әскерін жібереді. Тянь-Шань мен Памир тауларынан өтіп Жебе қарақытай жеріне келіп жетеді. Мұхаммедтің әскери жорықтары және өзінің шешімдері салдарынан Күшіліктің Қарақытайдағы позициясы әлсірей түсті. Қарақытай мемлекетінде жұрттың дені мұсылман дінін ұстанғаны белгілі, қолына билік тиген Күшілік Ислам дініне тыйым салып, жұрт енді не Христосқа, не Буддаға табынулары керек дегенді айтты. Күшілік мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранды жыртып, өзіне қарсы шыққан дінбасылардың бірін Қашқардағы Соборлық мешіттің қақпасына қаққызып қояды. Бұл әрине, жергілікті мұсылмандардың наразылығын тудырады. Сондықтан да, қашқария халқына дінге деген еріктілікті қайтарып беремін деп уәде еткен Жебені жергілікті жұрт қуана қарсы алады. Көп өтпей Қарақытай державасы моңғолдардың қолына өтеді. Жебе Күшілікті қолға түсіріп, басын алады.
Шыңғысхан мен Жебе
Қарақытай державасының құлауы Шыңғысхан мен Хорезмшах мемлекеттерінің шекарасын жақындастыра түсті. Келіссөздер басталды. Шыңғысхан Мұхаммедке бейбіт сауда-саттықты көздегенінің белгісі ретінде түйенің басындай алтын жібереді. Жоғарыда айтылғандай, Қайыр хан көпестерді өлтірген кезде, бір көпес аман қалып, қаладан қашып шығып, Шыңғысханға жетіп, болған оқиғаны айтып береді. Бірақ, Шыңғысхан таңғаларлық сабырлық танытып, Хорезмшах Мұхамедке:
«Тартып алғаныңды қайтар. Қайыр ханды бер»,-деп, тағы да елшілер жібереді. Ашуланған Хорезмшах Мұхамед елшіні өлтіріп, оған еріп келген екі моңғолды ұрып-соғып, тыр жалаңаш қаланың сыртына шығарып тастауға бұйрық береді. Олар әрең дегенде моңғол заставаларына жетіп, Шыңғысханның алдына келеді. Бәрін көрген Шыңғысхан Мұхаммедке тағы да елші жіберіп: «Мен, сен жеңе алмайтын әскермен келе жатырмын. Дайындал»-, дейді. Сиқы кеткен елшілерін көріп, жанындағыларға: «Бұл патша емес. Бұл қарақшы»,-дейді.
Ол Бурхан Халдун тауына шығып, мінәжат етіп, жерге түсіп, соғыс болатынын, өздерінің жеңіске жететіндерін айтады. Осылайша ол соғысқа дайындала бастайды.