Шағатай ұлысында Марко Поло бұл бөрібасарларды хан ордасында көрген. Он мыңға жуық бөрібасарларды ханның екі інісі басқарады екен.
Ілкіден бері келе жатқан иттің бұл түрі көшпелі қазақтың мыңғырған малын бағысып ақы иесіне адал болғандығымен мәлім. Дегенмен де қазіргі уақытта төбеттің мәні тым төмендеп кетті. «Qazaqstan Tarihy» порталы кезінде көшпенділердің басты қолғанаты болған осы қазақ төбеті туралы оқырманға аз ғана ақпар ұсынып отыр.
А.Д.Қожахметов пен А.В. Малашевич «От вымысла к реальности» мақаласында қазақ төбетінің шығу тегіне ғылыми талдау жасайды. Егер Орта Азияның ежелгі мастиф тұқымдас иттер туралы тарихи деректерге хронологиялық түрде барлау жасар болсақ, онда олардың ішінде «Иностранцев иті» деп аталатын ит түрінің ең ежелгі болып саналатыны мәлім болды. Олардың қалдықтарына жасалған сараптама бұл иттердің осыдан 30000-40000 жыл бұрын өмір сүргендігін көрсетеді. Ғалымдар барлық мастиф тұқымдас иттер, олардың ішінде зерттеушілер Орта Азиялық түркімен алабайы мен қазақ төбетінің арғы атасы деп саналатын Тибет догы да осы иттен шыққан деп саналады.
«Иностранцев иті» тұқымына жақын иттердің бас сүйектері Қазақстан территориясынан да көптеп табылған. Орта ғасырларда Азия мастифтері туралы атақты саяхатшылар Марко Поло, Джованни Плано Карпини, Гильом де Рубрук және басқалары да жазған. Мысалы, Азияны толығымен дерлік шарлап шыққан Марко Поло халықтың тұрмыс тіршілігін хатқа түсіргенімен қатар үй жануарларын да олардың ішінде итті де назардан тыс қалдырмаған. Ол бөрібасарларды тек үш жерде ғана атап көрсеткен.
Атап айтар болсақ қазіргі Қазақстан территориясы мен Тибетті, сондай-ақ күллі шығыс Түркістан, Жетісу мен Мәуереннахрдың территориясын алып жатқан Шағатай ұлысын. Қазақстан мен Тибетте бөрібасарларды күзетте, аңшылықта сондай-ақ күш көлігі ретінде қолданған. Шағатай ұлысында ол бөрібасарларды хан ордасында көрген. Он мыңға жуық бөрібасарды ханның екі інісі басқарады екен. Бұл бөрібасарлардың тұқымын Марко Поло меделян (мәдениленген) деп те атайды. ХІІІ ғасырдағы саяхатшылар бөрібасарларды тек қана Моңғолия, Тибет, Қазақстан, Қырғызстан мен Шығыс Түркістан аумағынан ғана кездестіргендерін атап көрсетеді.
Ал, Ауғанстан, Иран, Түркия, Түркменстан, Ресей және басқа да өлкелерді аралаған саяхатшылар ондағы халықтың өмірі жайлы егжей-тегжейлі сипаттап жазғанымен бұл елдердің бөрібасарлары туралы бір ауыз сөз де айтпайды. Тарихшылардың қолына тиген келесі мәліметтер ХІХ ғасырға тиесілі. Ондағы мәліметтер бұрнағы саяхатшылардың мәліметтерін қайталайды. ХХ ғасырда пайда болған мәліметтерге сүйенсек Түркменстан бөрібасарларды өсіру жөнінен ең үздік мекен болып саналады екен. Ит тұқымының дамуы мен оның таралуы адамдардың көшіп-қонуымен, өмір салтымен тығыз байланысты. Сондықтан ғалымдар бұл мәселені төбеттерді өз тіршілігіне пайдаланған халықтардың тарихынан іздеу керек деп болжам айтады.
Ежелгі мастифтердің таралу ареалы көбінесе түркі тайпаларының көшіп-қону аумағына сәйкес келеді. Мастифтерді шаруашылықта қолдану үшін қолға үйреткен алғашқы адамдар осы түркілер болды деп дерек келтіреді ғалымдар. Дәл осы түркілердің ортасында болғандықтан төбеттер мыңжылдар бойы көп өзгеріске ұшыраған жоқ. ХІХ ғасырдың соңына қарай мастиф тұқымдас иттер Қиыр Шығыстан Испанияға, Сібірден Солтүстік Үндістанға дейінгі бүкіл еуразия континентіне кеңінен таралды. Бұдан әрі демографиялық өсімге, оның үстіне климаттың өзгеруіне байланысты өмір сүруге қолайлы жер іздеген көшпенділер Еуразияның кең кеңістігіне тарап кетті. Өздерімен бірге бөрібасар-мастифтер күзеткен малдарын да өздерімен бірге алып жүрді. Осы бөрібасарларды қазіргі мастифтұқымдас иттердің арғы атасы деп санауға әбден болады. Түркі иттерінің сырт келбеті тибет догындай болды. Олар сол жергілікті иттердің тұқымдарымен араласып, сондай-ақ түрлі сыртқы факторлардың әсеріне ұшырап, сандаған түрге бөлініп кетті.
Отырықшы - жер өңдеушілік мәдениеті дамыған жерлерде бөрібасарлар керек болмағандықтан құрып кеткен деп те саналады. Орта азиялық бөрібасарлардың сақталып қалуына бірден-бір әсер еткен қазақтар екендігі мәлім.
Өткен ғасырдағы саяси оқиғаларынан кейін, совет үкіметі орнап, 20-шы жылдарда байларды тәркілеулерден кейін ірі бай шаруашылықтары оңтүстікке көшуге мәжбүр болды. Олар өздерімен бірге бөрібасарлар күзеткен малдарын да ала кетіп қазіргі Түркменстан аумағында қоныстанып қалды. Орта Азиядағы бөрібасарлардың алғашқы атауы «қазақ ит». Алайда ХХ ғасырдың 80- жылдарында түркмендер жағы бұл тұқымның атауын «Алабай» деп өзгерткен болатын. Кейін осы атау ел жадына сіңісіп кеткен. Ит танитын ақсақалдар «бұл өңірдің бөрібасарлары ірі, биіктігі 70 см шамасында, жүні қысқа көбінесе ақшыл түсті болған» деседі. Түркменстанның қазіргі бөрібасарлары мастиф түрлі иттердің ең ірі өкілдері болғандықтан салқын қанды болып келеді. Бұл фактілер Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда қазақ төбеттері түркмендік иттен шықты деген идеяның тууына себепші болды. Кейбіреулер Қазақстанда «түркмендік тұқымның» пайда болуын соғыстан кейінгі жылдары елде қасқырларға байланысты мәселені шешу үшін түркмен иттерінің әкелінуімен түсіндіреді. Зерттеушілер бұл нұсқаны мынадай екі себеппен жоққа шығарады.
Біріншіден, соғыстан кейінгі алғашқы жылдары қасқырларды атудағы ең белсенді жылдар болып саналады. Сол кезде мылтықпен қаруланған шопандардың өздері ірі иттерді асыраудан бас тартқан болар еді десе, екіншіден, елге жаппай ит әкелу үшін оларды қабылдайтын арнайы үлкен орындар болуы керек еді, алайда ондай ештеңе болған жоқ дейді. Дегенмен кейбір зерттеушілер елге түркмен иттерінің әкелінгендігін де жоққа шығармайды, бірақ оларды сатушылар мен ит асыраушылар ғана әкелген дейді. "Төбе иті" – қиырды шалған қырағы күзетші. «Төбет» атауының шығуы да осыған байланысты болуы бек мүмкін. Ертеде қазақ малшылары төбеттерді тамақтандыратын ағаш итаяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқырдың терісін қаптатады екен. Бұл төбетті тамақ арқылы қасқыр аулауға да жастай баулу болатын. Төрт мың жыл бойы көшпенділердің малы мен жанына серік болған бұл иттің тұқымы қазір, кешегі көшпенді өмір салты секілді ептеп жоғалып барады.
Бұл материал А.Д.Қожахметов пен А.В. Малашевичтің «От вымысла к реальности» мақаласының негізінде дайындалғандығын естеріңізге сала кетейік.