Әлдибастау әулиесі
11.12.2019 2057
«Egemen Qazaqstan» газетінде жазушы Мархабат Байғұттың «Әлдибастау әулиесі» атты мақаласы жарияланды. Qazaqstan Tarihy порталы өз оқырмандарына аталған мақаланың толық мәтінін ұсынады.

1. Колхоз интернаты. Мақпал апай. Құмыра сынығы

1957-1958 оқу жылы. Абай ауылы. Алтын­сарин атындағы жетіжылдық мек­тептің алтыншы класындамыз. Колхоз ұйым­дастырған отыз орындық интернатта жатып оқимыз. Қарашадан сәуірге дейін. Қалған айларда жеті шақырым жерге есекпен, жаяу қатынаймыз. Абай – колхоз­дың орталығы. Бозторғай асуының аузын­дағы Пістелі ауылы мен Қанай асуының аузындағы Қанай ауылында бастауыш мектептер ғана бар. Екеуі де орталықтан жеті-сегіз шақырым жерде. Қаратаудың Бозторғайынан Көкбұлақ-1, Қанайынан Көкбұлақ-2 немесе Үлкен Көкбұлақ пен Кіші Көкбұлақ өзендері басталады. Бас­­таулардан, қайнарлардан құралып, бұра­лып, мөлдірей ағады. Сылдырай сың­ғыр­лайтын еді. Абай ауылының аяғында қос өзен қуана қосылатын. Қоспа сазында.

Әу баста Әлдибастау, қарашекпенділер қаптағанда Шавровка, кеңестік кезенейлі кезең кезінде Каганович, кейіннен Абай атанған ауылдағы жетіжылдық мектеп – әрқайсысы екі бөлмелі үш қоржын там-тұғын. Үшеуі де қамыспен жабылған. Бесқасқаның қамысы ғой бәрі. Барлық үйлер де сондай. Көшенің астында, Үлкен Көкбұлақтың биігінде интернат. Ол-дағы қамыс шатырлы. Жатын орын мен қызыл бидай ұны және картоп – колхоз есебінен. Ет мәселесі анда-санда ғана. Ал аптасына алты таба нан мен қос уыс шақпақ қантты өзіміз апаратынбыз. Бейсенбіден бастап нанымыз көгереді. Дәптердің сорғыш қағазымен сүртіп, жей беретін едік. Нұрхан Қыдырәлиев ағай әрі класс жетекшіміз, әрі интернатта тәрбиеші. Ол кісінің зайыбы Мақпал апай – аспаз. Көбінесе кеспе көже істейтін. Түсте. Таңертең шай. Кешке ботқа немесе кеспе көже. Колхоз тарапынан тыриған арық қойдың сирағы айына бір келер. Мейірбан Мақпал апайымыз бізді қатты аяп, жанары жасаурап, кеспе көжеге айран әкеліп қататын. Үйлері интернатпен көрші-тұғын.

«Лениншіл жас» газетінде «Тайга құпия­лары» деген өзгеше қызық, аса қор­қынышты мақала жариялана бастады. Алтыншы кластың жетекшісі әрі тәрбиеші Нұрхан ағай күнде кешкісін, кеспе көжеден кейін мектеп кітапханасындағы Сұлтан ағайдан сұрап әкеледі. Әсерлене оқиды-ай. Талқылаймыз-ай. Келесі күнгі кешті шыдамсыздана күтеміз. «Лениншіл жас» шықпайтын күндерді онша жақтырмаймыз. Сол «Тайга құпияларының» қызығымен көктемге де іліндік-ау.

Елу сегізінші жылдың ерте көктемінде Мақпал апай интернаттың ұл-қыздарын асарға шақырған. Үйіргелік телімді аудар­маққа. Алдымен, ет жедік. Нұрхан ағайдың үйінен. Терлеп-тепшіп ыстық сорпа іштік. Жезбике, Қызтумас, Ұлбике, Сұлушаш, Ниеткүл сынды сұлу қыздар ұял­ды. Оңалбек, Әбдібек, Әсілбек, Тұр­ғынбек, Қозыбай, Пернен, Рүстем сияқты ұлдар – бәріміз жапырып жедік. Ет пен қамырды. Жерді де ойнап-күліп жүріп, жедел аударып тастадық. «Келесі тақтаны өзіміз аударамыз, демалыңдар, айналайындар, – деді мейірбан Мақпал апай. – Шаршамаңдар, көп рақмет!» Оқушылар шу етісті: «Жоқ, апай! Астыңғы тақтаны да аударамыз. Ай жарық», – дестік. «Ағайларың ұрсады, сабаққа дайындалыңдар!» – дейді аспаз апайымыз. «Ағайымыз ауданнан келгенше аяқтап, сабақ әзірлеп отырамыз», – дейміз біз. Қураған бұтақтарды жинап, костёр алаулаттық. Ән шырқадық. Шәмшінің әндері ғой.

Сонда ғой, астыңғы тақтаны аударып біте бергенде, интернат жақ бүйірден сырлы құмыраның сынықтары шыққан. «Сенсация-а-а-а!» – деп айқай салған Қозы­бай Рақымжанов. Алтыншының үздігі. Жетінші кластың «жігіттерін» де жеңетін біздің балуанымыз. Сырлы құмыраның сынықтары айдың сүт сәулесімен жалт-жұлт, жалт-жұлт еткен. Мақпал апай жеткен. «Апай, ішінде алтын теңгелер бар екен, Қозыбайдың қалтасында», – дейді қу тілді Аралбаев. «Жинап алайық сынықтарды. Ағайларың келген соң айтар не істеу керектігін», – дейді Мақпал апай. Сол сынықтар мектептегі мұғалімдер бөлмесінде сақ­талатын еді.

Келесі оқу жылында, елу тоғыздың ерте көктемінде жеті күн бойы тоқтамай жаңбыр жауған. Жетіжылдық мектептің де, интернаттың да қамыс шатырларынан су сорғалап, ішке өтіп кетті. Класс бөлмелерінің төбесі ойылып түсе бастады. Сегізінші күні жауын толастап, сұр­ғылт бұлт сөгілген. Үлкен үзілісте оқу­шылар да, мұғалімдер де мектеп алдын­дағы ажырықты алаңға шықты. Кенет күншығыс жақтан жан шошытып, жүрек сулатарлық сұрапыл суыл естілді. Ұстаз­дар да, шәкірттер де түкке түсінбей, үрей­лене үрпиістік. Бәріміз бірден Үл­кен Көкбұлақ жаққа қарадық. Қайран Көк­бұл­ақтың арнасы үстінде қаһарлана жыл­жып, қақырата қиратып, қарасұр тол­қын келе жатты. Биіктігі жиырма метрге жете­ғабыл жойқын толқын Тассайдың тұ­сында аласұра аласарды. Сұрапыл суыл шуы­лы бірден бәсең тартты. Интернаттың астын­дағы ойпаңда ирелеңдей жұқарды. Бәрібір, жолындағының бәрін жайпап барады.

Алматының шығыс-түстігіндегі інжу-маржан Есік көлі 1964 жылы құлады ғой. Ол қасіретті жұрттың көбі ұмыта қой­ған жоқ. Біздің Бозторғай дейтұғын асу­дың оң қапталында да Бекі көлі бар-тұғын. Есік көлі секілді таңғажайып болма­ғаны­мен, Қаратаудың Алатауға түйісетін тұсындағы інжу-маржаны сол еді. Жеті күн жауған жаңбырдан батыс беті ойы­лып, жойылып тынған. Сиыр сәскеде құ­ла­ғандықтан ғана мал-жан аман қалған. Бір-екі жылқы қораны, екі-үш малшы үйін ағызып әкеткен. Абай ауылындағы ағаш ұста Бақыш шалдың балтасы мен жаман тоны суға кеткен. Ең өкінерлігі, Үлкен Көкбұлақтың ұзына бойындағы мақпал-мамық қабаттан, қос жағалауындағы жап-жасыл саздардан тамтық қалмаған. Биік бұйраттардың жон-жонастардың өзенге еміне еміренетін мүйістерінің бәрі жар-жарлауыттарға айналған. Тоғандардан бастау алатын арық-атыздардың баршасы біржолата құрып кеткен. Кіші Көкбұлақ онша тасымаған. Ал Үлкен Көкбұлақ, мінекейіңіз, алпыс жылдан бермен қарата қалпына келе алмай, қос өңірі жасылдана алмай, тастақты, жарлы-жаралы болып жатыпты.

Сол тасқында талай да талай тарихи төбелер мен тәбәрікті төмпешіктер де із-түзсіз ағып кете барды. Бозторғай асуының Бекі жақ таманындағы Хатжазған ескерткіші де назарға ілінбей, зерттеуге алынбай, алапатпен опат болды. Аң­шы Аралбаев Әбдібектің айтуынша, Хатжазған тасының бетінде ежелгі ойма жазулар мен таутекелердің, садақтың су­рет­тері бәдізделген екен. Абылай әулие маңайындағы төбешіктің жартысы ағып кеткен, Сарқырама тұсындағы тарихи үңгірдің аузын алып көшкін басып қал­ған… Дегендейін, өкініштер аз емес.

Ал былтырғы, яғни 2018 жылғы алтын күзде қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданының бұрынғы Әлдибастау, бертінде Шавровка, Каганович делінген, бүгінгі Абай ауылынан тарихи тағылымы мол жаңа жәдігер – ерекше ескерткіш табылды. Елу сегізінші жылғы колхоз интернаты мен класс жетекшіміз Нұрхан ағайдың және аспазымыз Мақпал апайдың үйі арасынан, асарлатып аударылған астың­ғы тақтаның интернат жағынан. Сырлы құмыра сынықтары шыққан маңайдан. Әттең, кластасымыз, Қаратаудың Қанай асуы аузында туған Қозыбай Рақымжанов милиция полковнигі дәрежесіне жеткен шағында, қырықтан енді асқанда бақилық боп кетті. Әйтпесе, көзі тірі болғанда, сырлы құмыра сынықтарын тапқандағыдай, алтыншы кластағыдай, алақайлап: «Сенсация-а-а-а!» дер еді айқайлап.

2. Нұран бабадан Нұрхан ағайға дейін

Түркістан облысының тарихи Түркі­басы өңірінде, яғни қазіргі Түлкібас ауда­ны аумағында археологиялық зерт­теу­лер өте-мөте аз жүргізілгені белгілі. Ертеректегі тарихшы ғалымдар Машат, Дәубаба, Қараүңгір, Түркібасы, Ақсу-Жабағылы, көне Тамтадж, Бүйрекбастау (Жаңаталап), Балықты, Шарапкент (Төрткүлтөбе), Ұрбұлақ, Сазтөбе, тағы басқа да тарихи ескерткіштер орындары туралы там-тұмдап жазған. Ал өткен күз­де, баяғы біздің класс жетекшіміз Нұрхан Қыдырәлиевтің шарбағы мен Абай колхозы интернаты ортасынан табылған ес­керт­кіш шынында да елді елең еткізген жаңа­лық болып отыр.

Қыдырәлі атаның қара шаңырағы орнына салынған жаңа үйде қазір Нұрхан ағай мен Мақпал апайдың немересі Досжан Қуандықұлы тұрады. Біраз жылдан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры. Абай ауылының әр жерінен, негізінен Көкбұлақ өзенінің бо­йынан талай-талай сырлы құмыралардың сынықтары ғана емес, бүтін құмыралар, басқа да бұйымдардың қалдықтары табылып жүрген. 2018 жылы күзде Досжан мырзаның бауынан, біздің интернат аумағы жағынан араб жазуы бар құлпытас шықты. Досжанның анасы Қаныткүлден хабарды ести сала біз пақырыңыз да барып көрдік. Астанадан Халықаралық Түркі академиясының бір топ мамандары, аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған басшылар келді. Одан кейін де ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен бірге барғанбыз. Қуанғанбыз. Таңданғанбыз. Алғашқы көргеніміз құлпытас-тұғын. Мамандар мұқият зерттеп, зерделеді. Құл­пытас құмдық тастан жасалған. Бозторғай асуының аузында, Көкбұлақтың басында тап осындай бозтастар баршылық.

Ал енді ғылыми зерттеулер жасап, қазба жұмыстарын жүргізген ғалым мамандар Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев мырзалардың «Көкбұлақ-1» ескерткіші археологиялық қазба-зерт­теу жұмыстарының қысқаша есебіне зейін қоялықшы. Құлпытас, жоғарыда айтыл­ғандай, боз түсті тастан өрнек­телген. Араб әріптерімен «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб х (+аж?)» деп жазылыпты. Құлпытас осы өңірде өмір сүрген Мұхаммед Нұран баб әулиеге қойылған. Ғалымдардың дәйектеуінше, ортағасырлық дәуірге, шамамен Х-ХІ ғасырларға тиесілі. «Есімі жазылып, тарихи орнынан қозғалмай тұрған ең ескі құлпытастың Қазақстанда алғаш рет табылуы үлкен жаңалық болып отыр» деседі ғалым мамандар.

Құлпытас табылған жердегі қазба жұ­мысы екі кезеңде жүргізілген. 2019 жылғы 30 мамыр мен 9 маусым ара­лы­ғында және 13-24 қыркүйек ара­лығында. Ескерткіш әуелде екі үйдің орта­сында, шамамен 4-5 метрдей болатын жол-өткелдің астында жатқан. Ауыл тұрғындары жауын-шашыннан ойылған жолдан құлпытастың бір ұшын байқаған. Кейін қазған. Құлпытастың түбі мықтап бекітілген және тік тұрған күйінде табылған. Мамандар кесінді қазба салып, ескерткіштің төменгі тұсынан тазалау жұмыстарын жүргізген. Қазба басталған соң көп ұзамай-ақ түрлі-түсті керамика сынықтары көбейген. Бірте-бірте өзгеше өрілген тас қаландының сұлбасы көрінген. Көкбұлақтың жұмыр малта тастарынан қаланған іргетас айрықшалау құрылыстың негізі екендігі анықталған. Әр жерден өртенген оттың орны кездесіп отырған.

Ескерткіштің архитектуралық аумағы шамаланып, нысанның аумағы кеңейті­ліп, қазба жұмысы одан әрі жалғасқан. Қабырғалардың биіктігі екі метрге жуық­тайтыны дәлелденген. Ескерткіш ауданы толық қазылып, табиғи жер қыртысына дейін жеткен. Ескерткіштің жалпы көлемі былайша сипатталады. Ұзындығы – 8,70 метр, ені – 4,40 метр. Негізгі бөлменің ұзындығы – 4 метр, ені – 1,65 метр. Құрылыстың солтүстік-батыс жағында 4,12х12,50 метр көлемінде тас қаланды сақталған. Оның беткі қабаттарынан жануар сүйектері мен керамика сынықтары табылған. Барлық заттай деректер құжат­талып, суретке түсірілген.

Сүйектен жасалған алуан түрлі құрал­дар ескерткіштің ішкі бөлмесінен, екі метр тереңдіктен табылыпты. Жілік­тердің барлығы дерлік бақайға жалғасар тұстарынан жіп өтетіндей етіп, арнайы тесілген. Кейбіреулері ұзақ уақыт пай­даланылған. Құрал ретіндегі тесіктері бар табиғи тастар мен керамика сынықтары да аз емес. Негізінен жіп есу, тоқу құрал­дары болған. Сиырдың сүйектерінен пышақ секілді қырғыш құралдар жасалған екен. Онға жуық сиыр асықтары табылыпты. Жылқы жіліктері де баршылық. Тері илеу, теріден артық еттер мен майды сылып алып тастау үшін қолданылатын жабдықтар қола дәуірінен бері белгілі. Бұл ескерткіштен ірі қараның жауырынынан икемделген осындай құрал шыққан. Ортағасырлық тәсілдегі ұршықбастар аз емес екен. Ішкі және сыртқы бөліктерден табылған керамика сынықтары тіпті көп. Лағыл, қызғылт сары, глазурлы, өрнекті және арабша жазуы бар ыдыс бөлшектері де жетіп-артылады. Маман ғалымдар қыш ыдыстар бөлшектерін шырағдан, құм, құмыра, табақ, тостаған, шәйнек, сфероконус, тағысын-тағыларға топтастырады. Зерттеулер, зертханалардағы талдаулар нәтижелері ыдыстардың кейбіреулері қарахандықтар, бәзбіреулері моңғол дәуірлеріне тән екенін дәйектеген.

Шыныдан жасалған құнды бұйымдар қатарында лағыл көк, жасыл және ақ түсті ыдыстар сынықтарын айрықша атауға керек. Қыш тұтқаның да өзгешелігі көп. Бас жағы бұрандалы, аяқ жағы өрнекті. Түрлі-түсті темір қорытпалар, найза, сүңгі, қанжар, жебе, тағы басқа қару-жарақ, сондай-ақ қазан-ошақ, аяқ-табақ жасау үшін әзірленген бөлшектер бар. Әсіресе темірден төрт бұрышты етіп құй­ыл­ған көне төс ерекше назар аударады. Зерт­теушілер мұндай төстің Қазақстанда алғаш рет табылып отырғанын айтуда. Ұстаның төсті ұзақ жыл пайдаланғаны балғаның іздерінен байқалады. Сүңгінің ұшы, жебенің ұшы, темірден жасалған селебе, сонымен қатар ескірген монета да табылып отыр.

Қысқартып қорытқанда, қазба жұмыс­тары барысында ескерткіштің тоналып, бұзылғандығы анықталған. Құнды бұйым­дар әкетілген. Құрылыстың сәулеттік сапасына үлкен зиян келген. Кейіннен бәрі топырақ астына көміліп қалған. Әуелгіде әулие тұтқан халық қорғап, қасиет тұт­қанымен, кейінгі кеңестік кезеңдерде құлыптас та топырақ үйінділерімен көміліп кете барған. Мамандар ескерткіш құрылысы мен артефактілерді саралай келе, әулиеге арналған кесене болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Абай ауылының асты Х-ХІІІ ғасырлардағы Төрткүл, Шарапкент, Қарабастау, басқа да осы маңайдағы қала­лар сияқты мерейлі мекен болған.

Халқымызда көнеден жеткен «Сай­рамда сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркі­станда түмен баб» деген сөз бар. Олар­дың ішінде біз Ысқақ баб, Арыс­­тан баб сияқты әулиелерді ғана біле­міз. Көбінің есімі де, кесенесі де сақ­тал­маған. Ал Нұран бабтың көне құлыптасы бабтар мен бабаларға қатысты тарихтың тың беттерін ашуға мүмкіндік беретін сияқ­ты дейді ғалымдар. Баб сөзі араб­тарға, баба сөзі түркілерге табындау екені аян. Белгілі дінтанушы-ғалым Зәріп­бай Ораз-байұлының айтуынша, Нұран – Алла­ның «Нұр» сипатына айна бол­ған, пайғамбар­дың нұрын жеткізуші, әулиелік­тің шыңына жеткен құтб-тұлғаға қатысты теңеу екен.

Тарихтан белгілі, пайғамбарлар, әулие­лер мен билеушілердің көпшілігі ұс­талықпен, зергерлікпен айналысқан. Мә­се­лен Дәуіт пайғамбар қару-жарақтың пірі саналған. Мұхаммед Нұран бабаның да әулиелік қасиетінен бөлек оның жау­ынгер әрі ұста болғаны анық байқала­ды. Ұсталық ұлағаттарын ескерткіштен табылған заттардың басым көпшілігі, оның ішінде, әсіресе, өзгеше төс дәлел­дейді. Төс ұстаның негізгі құралы, әрі ұста­лықтың басты белгісі саналған. Дәс­түрлі қазақ этнографиясында төс түрлі қарау күштерден сақтайды деп қасиет тұтқан. Жауынгерлігінің айғақтары – сүңгі, селебе, жебе, кездік, қалқан сияқты бес қару. Төртінші сипаты әулие бұлақ десек, мамандар қазба жұмыстарын тәмам­да­ған­да, бұлақ пайда болған. Ішкі бөлме суға толған. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаш ата, тағы басқа әулиелер ке­се­нелері, мазарлары, бейіттері жандарын­да әулие бұлақтар бар екені белгілі. Қазақ бай­тағында Әулиебастау, Әулиекөл, Әулие­бұлақ көп. Әлдибастау атауы да осы әулие­мен астасып жатқан болар, бәлкім...

Қариялардың айтуынша, ХІХ ғасыр­да Бозторғай асуының аузына, Пістелі ауылына, әсіресе Абай ауылына қожалар көшіп келіп, тұрақтай бастаған. Мұндай жағдаяттар қазақ қоғамында жиі кездескен. Олар мешіт-медреселер салып, діни-ағартушылықпен айналысқан. Бір ғана дәлел. Тараздағы Қарахан баба кесенесі жанынан ХІІ ғасырға жататын мешіт табылған. Мұхаммед Нұран баба құлпытасы табылған төңіректерде қожалар отбасылары жиірек қоныстанған. Олар да діни-ағартушылықпен айналысқан.

Айтпақшы, Абай ауылындағы Алтын­сарин атындағы жетіжылдық мектепте оқы­ғанымызда, Қожа Ахмет дейтұғын ата­мыз болушы еді. Өзі өте білімді, кәтта мол­да болатын. Интернатта жүріп, ауырып қал­сақ, ағайлардан жасырынып, сол кісіге баратынбыз. Дем салып, оқып, үшкіріп кеп-кеп жіберсе, сергіп сала беретінбіз. Нұрхан ағай: «Әй, қулар, Қожаға бардыңдар, ә-ә» деп қоятын. Қожа Ахмет атамыздың көккөздеу ұлы Хабиболла бізбен бірге оқитын. Өте-мөте тәртіпті, салмақты-тұғын. Қатты аяздарда аяғына мәсі-кебіс киіп келетін. Класымыздағы Әлима, Сұлушаш, Үрза­да, Ниеткүл сияқты қыздар «Молда!», «Молда!» деп мазақтап күлетін. Хабиболла түк естімегендей, жайбарақат жымия­тын. Мәсі-кебіс мәністі шығар-ау, екі беті қып-қызыл болатын. Ал ескі-құсқылау керзі етік киген интернаттың балалары салқын сы­нып бөлмесінде сұрқайланып, дірдектеп отырар едік.

Сонымен бүгінгі Көкбұлақтан, кеше­гі Әлдибастаудан ерекше ескерткіш, жаңа тарихи жәдігер табылды. Біздіңше, Мұхаммед Нұран баб әулие құлпытасының құндылығы қасиетті. Басқа да дүниелердің бәсі биік. Бағасы жоғары. Осынау орасан орны бар ескерткіш шыққан бау-бақшаның байырғы бағбаны – біздің класс жетекшіміз, интернат тәрбиешісі Нұрхан ағай. Ол кісі осыдан біраз ғана жыл бұрын, тоқсан жасқа жақындап барып, бақилық болды. Нұран бабадан Нұрхан ағай ұрпақтарына дейін мың жыл бойы жасырынып жатқан жәдігер ғой бұл!

Қайран қазақтың Ұлы даласында қан­шама құпиялар бар десеңізші...

Мархабат БАЙҒҰТ

 «Egemen Qazaqstan»