Хайду заманындағы Үгедей хандығы
30.09.2019 1916
Хайду 1234 жылы туған. Үгедейдің немересі. Әкесінен ерте айырылып жастайынан империяның орталығы Қарақорымдағы орда да тәрбиеленген. Асқан айлакер әрі сайысқа өте мықты батыр болған.

Мөңке таққа отырып, Үгедей әулетін әлсіреткен кезде оған Қойлық аймағын иелікке берілген.

1259 жылы Мөңке өліп Құбылай мен Арықбөке соғысқанда ол Арықбөкені қолдады. 1264 жылы Арықбөке жеңілгеннен кейін оның қалдық әскерлері (кезінде Шыңғысханның Үгедейге берген 5000 мың әскерінің ұрпақтары) түгел оның төңірегіне топталды.

 «Ол Шыңғыс хан қазір оны Таңкұт деп атайтын Қашын өңірін бойсұндырған кезде дүниеге келгендіктен, оны Қашын деп атады. Ол шарапты өте көп ішетін әуесқой және үнемі мас күйде жүретін маскүнем болды, сөйтіп ол ішкілікке кұмар маскүнемдік кесірінен жас кезінде, әкесінің тірі уағында-ақ дүниеден өтті. Ол дүниеден өткен кезде Қашын есімі қорық (яғни, тыйым салынған) болды,  осыдан соң әлгі өңірді Таңқұт деп атайтын болды. Оның (Қашынның) Хайду есімді бір ұлы бар еді. Ол бекірін руынан шыққан Санга катыннан дүниеге келді. Ол өте қарттық жасқа жетіп, 705 хижра жылына дейін өмір сүрді. Бұл Қайду Шыңғысханның үлкен ордасында өсті. Үгедей қағаннан соң ол Мөңке қаған қызметінде болды. Одан соң Арықбұқамен бірге болып, оны хан тағына отырғызды. Арықбұқа Құбылай қағанның алдына барып, оның бұйрығына бағын кезде, Хайду Құбылай қағаннан (оған төніп тұрган) қауіптен хабардар едім. Сондай- ақ бірде-бір адамның қағанның шешімі мен бұйрығына қайшылық жасауы дәстүрге сай келмейтін болғандықтан  кімде-кім былай жасаса қылмыскер болып есептелетіндіктен, ол (Хайду) жазадан аттап өтіп, қарсылық көрсетіп, бүлікшіге айналды. Сол дәуірден қазірге дейін оның бүлігінен көптеген мұғулдар мен тәжіктердің әскерлері мерт болды және гүлденіп тұрған өңірлер шөлге айналды.

Басы: Үгедей хандығы

Үгедай қағанның үйінің өкілдері Мөңке қағанға опасыздык жасамақ болғанда, олардың әскерін тұтқындап, Кутанның ұлдарының әскерінен басқасын таратып жібергендіктен, алғашында Хайдудың әскері мен бағыныштылары көп емес еді.

Ол (Қайду) өте ақылды, қабілетті және айлакер кісі болатын. Барлық істерін ол қулықпен және айламен ұйымдастыратын. Ақылдылық жолмен ол екі-үш мың әскер жинап, Құбылай қаған Машынды жеңіп  үшін Қытайда тұрақтап қалғандықтан әрі қашықтық алыс болғандықтан, Хайду мойынсұнбаушылык білдірді. Сосын (Құбылай қаған) оны және оның үйінің өкілдерін құрылтайға шақырғанда олар үш жыл бойы түрлі сылтау айтып, бармады. Аз-аздап ол жан-жақтан әскер жинап Жошының әулетімен достыкқа ие болды, сөйтіп олардың көмегімен кейбір аймақтарды басып алды.

(Сонда) Құбылай қаған оны қайтару үшін әскер жіберуді қажет деп тапты. Ол жорыққа өзінің ұлы Нумуғанды бірнеше ханзадалармен және әмірлермен бірге көп әскер беріп жіберді. Жолда Нумуғанның ағайындылары сатқындық ойластырып оны  әскербасы Хантон ноянды тұтқынға түсірді де, оларды сол Жошы әулетінен шыққан Мөңкетемірге жіберді. Олардың барлық ісі Құбылай қаған жайлы хикаяда толық баяндалатын болады.

Сөйтіп, Хайду сол дәуірлерден бері, әлем дәулетінің иесі ислам патшасының (Алла оның билігін мәңгі етсін!) мүбәрак құдіретінің нұрына бөленген осы дәуірге дейін Құбылай қағанмен, Абака ханмен және Абака ханның әулетімен дұшпандықта болды. Ал Абака хан (Хайдуды) және оның әулетінің өкілдерін «шикалдаш» деп атайтын және Хайду да солай істейтін. Негізінен, олар бұл атауды бір-біріне бұрынғы кездерде қолданған, ал оның мағынасы – «бірге тойлау». Бұл туралы көптеген дастандарда айтылғандай, ол (Қайду) бірнеше рет Құбылай қағанмен шайқасты. Құбылай қаған Шағатайдың ұлы Муатуганның ұлы Есентуаның ұлы Барақты  толықтай жасақтап, оны Шағатай ұлысын басқаруға және Хайдумен соғысуға жіберді. (Содан) Барақ келді де, олар шайқасты. Хайду одан үстем келі. Соңында екеуі бір-бірімен тіл табысып, қағанмен және Абака ханмен дұшпандаса бастады. Бұл жағдайлар жайлы олар туралы хикаяда еске алынатын болады». (13)

Хайду 1264 жылы Құбылай үстемдікке жеткен кезде оған ашық қарсыласпады, өйткені өзі әлі күшеймеген болатын. 1264 жылдан кейін Құбылай бар назарын Сұң патшалығына қарсы соғысқа аударды да батысқа көп мән бермеді. Сол орайда Хайду өз ықпалын кеңіте берді. Алдымен Үгедей әулетіндегілерді бір ауыздылыққа келтірді, онан соң Шағатай әулетімен одақтасты. Жошы әулетімен достық қарым-қатынасты жақсартты. Хайдудың ең басты ұраны ата дәстүріне адал болып, Шыңғысханның салтын, заңын сақтау, моңғолдың ұлттық сипаты бойынша өмір сүру керек деп көп адамның қолдауына ие болды. Құбылай қытай тағылымшылдық өркениетіне бой ұрып отырықшы қытайларша өмір сүргісі келді.

1271 жылы Құбылай қытай жылнамасы бойынша мемлекет атын Юань деп атады. Осы себептерден моңғолдың таза дәстүрімен жүргісі келетіндер Хайдудың маңына топталды.

Осылайша Юань империясындағы моңғолдар өз салтынан, киім киісінен ептеп айырыла бастады. Оларды осы өркениетке бастаған қидандар еді. Қидандар 1210 жылдары 750 мың халық болып,1211-1216 жылдардағы Шыңғысханның шүршіт жорығында моңғолдар жағына шыққан болатын. Қидандар отырақтасып қалалық тұрмысқа бет бұрған моңғол тілдес халық еді. Кейін Құбылайға еріп қытайға кірген моңғолдар мен қидандар араласып кетті. Қидандық өркениет жеңіп шықты. Бұл жағыдайды сол заман куәгері Маркополо да растайды, ол былай дейді :

«Көптеген татарлар дүниенің солтүстігіне таралған. Олардың көсемі Хайду, ол Шыңғысханның ұрпағы, Құбылай хан әулетімен жақын. Бірақ ол басқа кез- келген ханға ұқсамайды.  Халқы түгел олардың ата- бабаларының салты бойынша өмір сүреді, сондықтан бұлар нағыз таза татарлар. Бұл татарлар түгел Тәңірге сенеді, табынатын құдайы Нәтигей деген тәңір. Олар оны ең үлкен жердің құдайы деседі. Жер мен оның бетіндегі баршасы соның басқаруында. Олар оның бейнесін пұт ретінде жасап алған.

Олардың патшасы мен әскері қалалар мен қамалдарда отырмайды, қайта осы жерлерлегі сахара, тау мен ормандар да отырады. Олар ешқандай егін екпейді, түгелдей ет, сүт арқылы өмір сүреді, өзара еш парық жоқ.  Олар хандарының әміріне қашанда бойсұнады, әрі кіші хандар мен тайпалар өзара бейбіт, ынтымақтастықты биліктің ең жоғары нысаны деп, өздерінің міндеті деп біледі. Оларда көптеген жылқы, сиыр және жүнді қой болады. Бұл жердің терістігінде ақ аю болады, тұрқы өте үлкен, көбінің тұрқы  жиырма кезге жетеді.  Тағы жүні тұтастай қара түлкілер болады. Ал жабайы құландарды лаңдыс деп атайды... (14)

Хайдудың қоластындағы моңғолдар Орхонмен Шуға дейінгі, Тәңіртаумен Сібірге дейінгі аумақты мекендеген таза көшпенділер болған.

«Көктемнің бастапқы айында ханзада солтүстікті тыныштандырушы хан Алмалыққа барып Хайдудан қорғанды,  Сибаға, Тотемір, Кемұғұр, Сарыман қатарлы ханзадалар солтүстікті тыныштандырушы ханға қарсы шығып Жалығумен бірге Хайдуға көмектесті  Хайду оған бағынбады».(15)

Бұл 1267 жылы болған оқиға.  Құбылай өзінің  төрт ұлы Намуханды солтүстікті тыныштандырушы хан деген лауазым беріп Алмалыққа аттандырып Хайдуды ауыздықтатпақшы болады.

Құбылай Шағатай ұрпағы Барақты әскерімен Хайдуға қарсы аттандырады, бірақ екеуі соғысса да соңынан жарасады.

1268 жылы Хайду, Барақ, Жошы ұрпақтары Талас бойында құрылтай өткізеді. Онда одақ құрады, одақ алқасы Хайду болады. Құрылтайда Құбылайдың моңғол дәстүрін тәрік еткені айыпталып, бір ауыздан Құбылайды жойып оған ергендерді қайта моңғол дәстүріне қайтару мақсат етіледі.

1271 жылы Шағатайдың немересі Негубай, Хайдумен соғысып жеңіліп өлген болатын. Намухан ол екеуіне қарсы аттанып оларды жеңді.

1274 жылы Намухан Бесбалықта Хайдуды жеңгеннен кейін, Құбылай оған Антұн атты қытай генералды көмекке жібереді.

1277 жылы Сарыман қатарлы түнделетіп Намуханды ұстамақшы болады, оларды қолдап Мөңкенің  төрт ұлы Сибаға бүлік тудырады.  Олар Антұнды жеңіп оны Хайдуға ұстап береді. Сол жылы шағатай ханы Бала өмірден озады да Хайду оның орынына Дуаны хан сайлайды.

«Ұлу жылы Хайду күдік ойлап Еліген көліне әскер жіберіп қарсыласты, онда әскер басы Арытаймен соғысты.

«Дуа солтүстікте бүлік шығарды.  Сол жылы Хайду да солтүстікте бүлік шығарды».  (16)

Юань тарихында Хайдуды бүлікші ретінде бағалап онымен болған соғыстарды ашалап көрсетпеген, ал Рашид ад-Дин тарихы Құбылаймен одақтас Елхандар ұлысында жазылғандығы себепті ондада Хайдуға оң баға берілмеген. Маркополо деректері нақты әрі толық. Онда Хайду мен Құбылайдың арасындағы соғыстарды былай баяндалған:

«Түркістан жеріндегі бір ханның аты Хайду еді. Ол Үгедейдің немересі болатын. Ол көптеген қалалармен қамалдарға иелік ететін, ықпалы аса жоғары хан еді. Ол татар болатын, оның әскерлері де түгел татарлардан құралған болатын, әрі өте батыр жауынгерлер еді. Бұған таңдануға болмайды, өйіткені олардың бәрін ол өзі машықтандырған еді. Мен сендерге айтайын, бұл Хайду егерде көп соғыстармен, жаттығуларды өткерген бола тұра ұлы ханға ( Құбылайға) бағынбайтын. Мен алдынды айтып өткен жол сораптары бойынша айтар болсам, Қори құмынан бастап Түркістанның батыс терістігіне дейін, ол территория Аму дариядан тартып ұлы хан территориясының солтүстігіне дейін созылып жатыр.

Хайдумен  Ұлы хан арасында көп рет соғыс болды. Мен бұл жерде соғыстардың барысын айта кетейін.  Бір күні Хайду Ұлы ханға ауызша сәлем айтып татарлар жорық жасаған жерлердің ішіндегі өзіне тиеселі жерді беруді, әрі Қидан өлкесі мен Миянз аймағынан бір бөлік жерді сұрады. Ұлы хан оған былай айытты:  Егерде ол ордаға сәлем бере кіріп шепке аттану құрылтайына қатысса, онда өзімде оған тиеселі жерді  басқа ханзадаларға бергендей етіп беретін едім деді. Ұлы хан тағы бір талабын айтты, ол басқа ханзадалар сияқты өзіне адал болып оның үстемдігін мойындаса , онда оған Қытай территориясынан бір бөлік жер беретінін айтты.

 Бірақ Хайду өзіне аға болып келетін ұлы ханға сенбеді. Бұл шарттардан бас тартты.  Тек өзінің иелігінде ғана Ұлы ханның жарлығын тыңдайтынын айтты. Бірақ та  әсте Ұлы ханның ордасына бармайтынын, өйткені онда оны тек өлім күтіп алатынын білетін. Осылайша Ұлы хан мен Хайду жараса алмай ақыры соғысты.  Олардың арасындағы соғыс әлде неше рет болған. Алдымен Ұлы ханның армиясы  Хайдудың хандығын қоршап алды, сол арқылы Хайдудың өз территориясы мен халқына шапқыншылық жасауынан қорғанды. Десе де Хайду Құбылайдың территориясына шапқыншылық жасады, әрі Құбылаймен көп рет соғысты. Хайду жіңішкелікпен соғысқа даярланып, 100 мың атты әскерді шепке аттандыра алатын болды. Оның әскерлері түгел сапалы, жақсы жаттыққандар, соғысқа жарамды батырлар еді. Хайдудың айналасында көптеген ханзадалармен ерлер бар еді. Оның бәрі империяны қалаушы Шыңғысханның ұрпақтары болатын. Қазір біз Хайду мен Құбылай арасындағы бірнеше соғысты айтамыз. Десе де алдымен татарлардың соғыс тәсілін таныстыра кетейін. Татарлар соғысқан кезде әр жауынгер 60 тал жебе ала жүреді. Оның отызының ұшы кішірек , олар алысқа атылатын жебелер.  Қалғаны жуанырақ жебелер, оны жақынға атуға жұмсайды. Оны көбінде жаудың беті мен қолына қарай атады. Сонымен қатар сүңгілері арқылы қарсы жақтың қалқанын опырады.  Жебені істетіп болғаннан кейін жақындағанда қылыштармен, ұзын найзалармен қырқысады».(17)

«1266 жылы Хайду мен оның немере ағайыны Иесудер сансыз әскер жинады.  Құбылай қағанның бекінісін күзеткен екі батырға келіп шабуыл жасады. Бұл екеуі де Хайдудың шөбере туыстары еді, бірінің аты Тәби еді. Олардың бәрі Үгедейдің християнданған немерелері, Құбылайдың туыстары. Хайду бастаған үлкен армия мен екі батырдың әскері қырғын соғысты. Екі жақта да 100 мыңнан атты әскерлер болды. Соғыс төтенше қиян-кескі болып , жасақтар өзара қырылысты, өлгендерде есеп жоқ!  Екі армиядан өте көп адам соғыста өлді. Ең соңында Хайду жеңді, қарсы жағына ауыр соққы берді. Екі немере туысы жүйірік аттары болғандықтан соғыстан аман құтылып кетті. Хайду жеңіске жеткеннен кейін ол өте тәкаппар болып кетті. Ол өз еліне қайытқаннан кейін екі жыл Құбылаймен соғыспады. Екеуара ешқандай қақтығыс болмады. Бірақ екі жылдан кейін Хайду тағы да қосын топтады. Өйткені ол кезде Құбылайдың ұлы Намухан Қарақорымға бекінген болатын, Онымен бірге тағы Оң ханның шөбересі Коргіс бар болатын. Бұл екі батыр да күшті атты жасақ бар болатын. Хайду әскерін жиып болған соң тіке Қарақорым қаласына беттеді. Жолда ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе бола қойған жоқ. Екі батыр бекіністе бекініп жатқан болатын. Бұл екі батыр жаудың келгенін көрген соң қорықпастан белсенді түрде соғысқа даярланды, батыл соққы берді. Хайдудың қосыны жазыққа бекініс жасады. Үш күн бойы екі жақ сайгүліктерін сайлап соғысқа әзірленді. Екі жақтың әскер саны қарайлас болып әр қайысысы 60 мыңнан еді. Әрбір атты әскердің қарулары  садақ, жебе, қылыш, найза, қалқан еді. Барлық әскер алты сапқа бөлінді, әр сапта  бір түмен әскер бар еді, әрбірінде қолбасшы бар. Екі жақ соғыс майданына кірген соң жасақтар дабыл қағып жатты. Дабылдың дауысы естілген соң жорық жырын шырқады, кернейдің дауысына ілесе бүкіл алаң думанға бөленді, естіген адамға бұл өте таңғажайып сезілер еді. Татарлар өз қожалары соғыс дабылын қақпай соғысқа шықпайтын. Бірақта соғыс дабылы қағылды, жауынгерлік жыр айтылды, бір  қанды соғыс басталды. Шеріктер садақтарын қолына алып қорамсаққа қол салды, шірене тартып жебені жібергенде шегірткедей ұша жөнелді, көптеген аттармен шеріктер топырлап өлім құшты. Жасақтардың назалы үні, қылыштың гіршілдеген дауысы, жер көкті тіксіндірді, құлақ тұндырып кереңге айналдырды. Шындығында олардың соғысы  Тәңірге аян өштік емес, тек қол жебеде, әрі оны ұшыратын күш тұрғанда ола әсте жебе атуды тоқтатпайтын еді. Сүйтіп екі жақтан өлім мен жарақаттану өте ауыр болды, бір жағыда желді ығына ала алған жоқ.  Олар жебесін атып болған соң садақтарын қаптарына сала салып, қылышы мен найзаларын суырып қарсы жағына қайраттана ұмтылды. Осылайша қасап қырғын басталды. Екі жақта асқан ерлік танытты, олар осылай шабысып шегінер болмады, осы соғыс майданында өлік тау болып үйіліп , қан судай ақты. Хайдудың сайыскерлігі ерен еді, атқа мініп садақ тартуға шыныққан, егерде оның ерлікпен дабыл қағып жасақтарына жігер бермегенде, әлде неше реткі ұрыста күйреп қалар еді. Қарсы жақта Намухан мен Оң ханның шөбересі де теңдессіз ерлік көрсетті. Қорыта айытқанда бұл татарлар арасындағы туылған ең қиян- кескі шайқастың бірі. Қырқыс ымыртқа дейін жалғасып, қос тараптан сансыз өлім болсада бар күшпен айқасты, десе де бірде бір жағы қарсыласын майданнан қуып шыға алған жоқ. Қан майданда өлік үйіліп қалды, кісі баласы төзіп тұра алмас еді. Көптеген әйелдер осы күні жесір қалып, көптеген балалар жетімге айналды. Күн қияға батқан соң екі жақта ұрысты тоқтатты.  Өз мекеніне қайтып демалды. Келесі күні Хайду Құбылайдың үлкен қосынды көмекке аттандырғанын  аңлап, әскерлеріне қаруларын асынып еліне қайтуға бұйырды. Олардың жауы да алдыңғы күні соғыста әбден қалжырағандықтан қууға күші болмады.  Тек көздерін жыпылықтатып олардың қауіпсіз шегінгенін көрді. Хайдудың әскері үздіксіз шегініп Түркістанның Самарханына барып бірақ тоқтады». (18)

Маркополоның айтуынша  Хайдуда 100 мың әскер болған, сірә бұлар Құбылайдан қашқандар, Арықбөкенің , бұрынғы Үгедейге қарасты әскерлер екені анық. Соғыс 1266 жылы болса 1264 жылға дейінгі төрт жылдық соғысқа бұларда араласқаны анық. 100 мың әскер барына қарағанда Хайдуға қарасты елдің саны 500 мың шамасында болған. Олар Орхоннан батысқа қарай жайлаған. Ал Шағатай ұрпағы Алығудың 150 мың әскері болған.

Маркополоның айтуынша Хайдудың Айжығам ( Айғаным) атты қызы болған, атының мағынасы айдың жарығы деген сөз дейді. Ол өте балуан әм батыр болғандықтан елінде оны ешбір еркек жігіт күресіп жыға алмаған. Ол күрес жарысына мықтыларды шақырып «Мені кім жықса соған тиемін» деп жарлық шашқан.  Ол жарысқа қатысушылар бәсекеге  біреуі 100 жылқы тіккен екен, Айжығам 10000 нан аса жылқы ұтып алады. 1280 жылдары бір ханзада 1000 жылқы алып онымен белдесуге келеді, Хайду қызына оған жеңістік беруді айқанымен қызы оған көнбейді. Көп ел ханзаданың жеңісін тілегенімен керісінше ханша жеңіп тағы 1000 тұлпар ұтып алды. Бұл қызды Хайду жанынан тастамай соғысқа бірге апаратын, ол соғыста асқан батыр болған, бір жолы шығыстағы бір соғыста бір батырды жеңіп оны ұстап әкеледі. Құбылайда моңғол текті әскерден 400 мыңы болған.

Әрине, 40-50 млн халқы бар мемлекеттің экономикалық қуаты үстем еді. Сонымен қатар олар бұрынғы империяның ең сұрыпталған, ең көп армиясы, ал Хайдудың қосыны жаңадан тарбиеленген қосын еді. Десе де Хайду олармен тіресіп  кейде жеңіп, кейде жеңіліп жүрді. Сол кезеңдердің бірінде Шыңғысханның өзге туыстарыда Құбылайға наразы болып оған қарсы Хайдумен одақтасуға ұмтылады.

«Тағы бір ноян деген оның ағайы бар еді (Отчігін ноянның немересі). Ол Құбылайдың ағайыны болатын. Ол көптеген қалалармен аймақтарға иелік ететін. Онда 300 мың атты әскер бар болатын.  Оның атасы кезінде Ұлы ханның әмірінде болған.  Ол зор қосынына арқа сүйеп асқақтап көңіліне арамдық ұялады, қарсы бүлік шығару ниеті бар еді, Ұлы хандық орынды тартып алмақ болды. Сондықтан ол астыртын елшілерін аттандырып тағы бір күшті хан Хайдумен жалғасты, онымен бірігіп әскер аттандырмақ болды. Хайдудың территориясы Түркістанға дейін жететін. Хайду Құбылайдың туысы бола тұра оған жазықты еді, жазаланудан тайсақтап көңіліне қастық ұялаған еді. Хайду Ноянның ұсынысын қуана қабылдады, әрі 100 мың әскерін алдыңғы шепке аттандырмақ болды. Осылайша екі ханзада аттарын жаратып әскерлерін жинады. Дегенмен бұл іс құпия бола алмады, Құбылай хан бұдан хабар алды. Құбылай хабар алғаннан кейін Ноян мен Хайдудың байланыс жолын кесіп тастады, оларды бір- бірімен байланыса алмайтын етті. Хан жарлық шығарып бекініс Дадуда он күндік жердегі қосынды жинады, жиыны 300 мың атты әскер, 100 мың жаяу әскер жиналды...». (19)

Осы соғыста Хайду уақтылы хабар ала алмағандықтан, әскер бастап келе алмаған, Құбылай Қидан жеріндегі қалалардан жиналған әскерімен Ноянға тап береді, Ноян оның бұнша тез келетінін білмей қалады. Қырық күн кететін дайындықты Құбылай жиырма күнде орындады. Ноянның қоластында кемі 1,5 млн халық бар еді. Оның атасы Отчігін ноянға Манчжурияның шығыс терістігі берілген болатын. Ол жердің көп тұрғындары тұңғыс текті халықтар еді. Хайдудың жасағы үлгеріп келмегендіктен Ноян алапат қырғын соғыста жеңіліп өлімге кесіледі. Бұл 1286 жылы болған оқиға. Оның қалған әскері Хайдуға қашып келді.

 

                          Үгедей ұлысы мен Елхандар арасындағы соғыс

 

Хайду шығыста Құбылаймен соғысудан тыс, батыс оңтүстікте Хұлағудың ұлы Абақаменде соғысады, сонымен бірге Жошы ұрпақтары да Елхандармен соғысып Хайдуға түскен қысымды азайтады, деседе екі тараптада толық жеңістік ала алмады.

«Шығыстың әміршісі  Абақа хан басқарған көптеген қалалармен аймақтар  Қайдудың иелігімен шектесетін. Екі жақ орманды шекара етіп Абақа иелеген бір жақты шекара еткен.  Ол Александрдың  кітабында  айтылатын ˮ ябысак ˮ деген жер еді. Хайду көп рет осы жерге шапқыншылық жасағандықтан ол ұлы Арғұнға ұлкен қосын беріп сонда жіберді. Аму өзені жағасына келіп бекініс алды. Бұл негізі өз ұлысын Хайдудың сұғанақтық жасауынан қорғау үшін еді. Арғұн мен оның әскерлері осылайша Ябысак жазығы мен оның маңындағы қалаларға бекінді. Дәл сол кезде Хайду орасан зор қосынмен оның бауыры Бала  деген баһадүрге бастатып Арғұнға шабуыл жасатты. Бала алға ұмтылып  бар күшімен жанталасса да, Арғұнның қосынының соққысынан кері шегінді. Арғұн қосынды бастап Амудария жағасына жеткенше тіл аларлықтай  ештеме болған жоқ! Бала Арғұннан он шақырым қашық жерге бекініс жасады. Екіжақ соғысқа дайындалып үш күннен кейін қызу майдан ашты. Баланың қосыны жеңіліп Амудариядан ары шегінді оның шығыны өте ауыр еді».(20)

Арғұн қайта қайытқан соң оның әкесі Абақа өлді. Оның Ехмед атты інісі мұсылман болатын, ол таққа отырып алды. Арғұн 40 күнде ел астанасына келіп інісімен соғысып тақты тартып алады.

 

                                     Үгедей хандығының құлауы

 

Хайду мен Құбылайдың және Құбылайдың ұлы Темір мен арадағы соғыстар елді соғыстан  әбден қалжыратты. Сонымен қатар Хайдудың ұлдары жарамсыз болғандықтан биліктен айырылады.

«701 хижра жылы Хайду Барақтың ұлы Дуамен бірге Темір қағанның әскеріне карсы шайқас беріп, жеңіліс тапты. Ол соғыста екеуі де жарақаттанды. Хайду жарақатынан дүние салды. Дуа болса әліге дейін жарақатынан азап шегуде және жазылып кетуге де қауқарсыз.

Қазіргі уақытта Хайдудың орнына оның үлкен ұлы Чапар (Шапар) отырды. Алайда оның кейбір бауырлары Ұрыс пен өзге ханзадалар (бұған) келіспей отыр. Олардың әпкесі Қутулун Чаған (Құтұлұн шаған) олармен бірге. Айтуларынша, олардың арасында алауыздық орнаған.

Хайдудың ұлдарының саны анық белгілі емес.

Кейбіреулер оның «қырық ұлы бар еді» деседі, алайда (бұл) асыра сілтеушілік. Ол жақта біраз уақыт болған Наурыз әмір: «Олар жиырма төрт» дейді. Алайда бұл аймақта белгілілері тоғыз. (Олар) келесідей ретте:

(1) Шапар.  Ол ... руынан шыққан ... дүниеге келген және қазіргі уақытта Хайдудың орнында отыр. Оны көрген адамдардың айтуынша, ол өте арық және көзге түспейтін адам, оның түрі мен сақалы орыстар мен шеркестерге ұқсайды. Оның бойы орташа және арық. Оның келесідей ретте жеті ұлы бар: Буритимур (Бөрітемір), Улжайтимур (Олжайтемір), Қутлуктимур (Құтлық-темір), Чачакту (Шашакту), Туктимур (Токтемір (Тутемір)), Чирикту (Шірікту), Уладай (Оладай).

(2) Иангичар (Жаңашар). Ол ... руынан шыққан ... қатыннан дүниеге келді. Ол көрікті және дарынды, әкесі оны өте жақсы көретін. Ол бүкіл шекаралык сызықтың әскерін басқарады. Урда (Орда) әулетінен шыққан Құнжының ұлымен олар дұшпан.

Себебі ол Жаңашар,  Байан қағанмен (Баян қағанмен) және Ислам патшасымен (Алла оның патшалығын мәңгі етсін!) бірге, дос. Ал оның немере інісі Куйлук (Күйлік) Хайду мен Дуаның ұлдары жағына ауып кеткен, және олар Баян қағанның әскерімен бірге. Ислам патшасымен бірігіп, олардың ісіне зиян келтірмеулері үшін олар оны (Күйлікті) тәрбиелеп (ақыл үйретіп отырады» (21)

1293 жылы Шағатай ұрпағы Дуаның әскері 10-12 мың адам Юаньның шекарасына келіп Шубайдың әскерімен қақтығысты.

1294 жылы Құбылай өлді.  Хайду соңғы рет 1301 жылы Қарақорымға келіп соғысты, осы соғыста жараланып шегінеді де көп өтпей дүние салады. Жамал қаршидың айтуынша ол 68 жасында өмірден озған. Рашид ад- Динның айтуынша : «Қайдудың сүйегі мен оған дейінгі ханзадалардың сүйектері  Іле мен Шу арасындағы Сүнқұрлық атты  биік төбелерге орналастырылған.

Шу елді мекендері көп аймақ, оның екі үлкен елді мекені бар Тарсакент және Қарналық. Ол жерден Самарханға дейін екі аптадай жол болады, ол жақта Хайдудың қызы Құтұлұн өмір сүреді». (22)

Хайдудан соң оның орынына Жапар отырады.

1304 жылы Шағатай әскері оның иелігіне басып кіреді, Юань патшалығы да орайдан пайдаланып әскер шығарады.  Жапар жеңіліп Шағатайлық Дуаға бағынды. 1309 жылы Жапар Шағатайлықтардан қысым көріп Юань еліне қашады, осылайша Үгедей ұлысы жойылады, Алтай тауынан арғы территориясын Юань бөліп алады да бергі территориясын Шағатайлықтар қосып алады. Юаньға бағынғысы келмеген моңғолдар Алтайдан батысқа көшіп келеді. 1347 жылы Тұғылықтемір моғолстан мемлекетін құрғандағы моғолдар осылар еді. Соның ішінде кезінде Арықбөкені қолдаған Сұлтұз, Күрлеуіт, Жалайыр, Найман, Меркіт, Арлат тайпалары бар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Моңғолдың құпия шежіресі Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы Жұңгуо жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 4- том ( Моңғолдың құпия шежіресі . 12- тарау Батудың рязаньды қиратуы Жаһанды жаулап алушының тарихы. Жуайни Жаһанды жаулап алушының тарихы. Жуайни Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих.3- том Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы Жаһанды жаулап алушының тарихы. Жуайни Жүңго жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. 4- том Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 3- том Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 3- том Маркополоның шығысқа саяхат естелігі Юань тарихы. Құбылай баяны Юань тарихы. Құбылай баяны Маркополоныі саяхат естелігі Маркополоның шығысқа саяхат естелігі Маркополоның шығысқа саяхат естелігі Маркополоның шығысқа саяхат естелігі Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 3- том Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 3- том

Басы: Үгедей хандығы