Қарауыл Қанай би туралы деректер
19.08.2019 3692
Қазақ хандығының Абылай дәуіріндегі белгілі тарихи, әдеби тұлғалардың бірі – Қанай Құттымбетұлы

Қанай Құттымбетұлының ел бастаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен тұлға болғандығы туралы деректер төрт ғасыр бойына ұмытылмай бүгінгі күнге жетіп отыр. Сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленген. Қанай Құттымбетұлының өмірі мен іс-қызметтері туралы ауызша, жазбаша деректерді көптеп табуға болады.

Абылай ханға Бұқар жыраудың айтқан: « - Айтсаң Бәсентиін Малайсарыны айтсаңшы, үні жақсы еді, ашық көңілмен салдырып отырушы еді. Қарауыл Қанайды айтсаңшы, сөздің майын сөйлеуші еді. Бәрін айт та бірін айт - Қанжығалы Бөгенбайды айт. Ақылдың жатқан үйін табушы еді, күні кетті бейшара, кәрілікке не шара? Бұл өмірде асқан дана Қаз дауысты Қазыбек еді ғой», - деген сөзі бүгінгі күнге жетті.

Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 5-томында Қанай Құттымбетұлы туралы мынадай деректер берілгенін көреміз«…Қанай Құттымбетұлы – Қарауыл Қанай (шамамен 1695-1698) – би, шешен, батыр, қоғам қайраткері. Қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан. Атығай-Қарауылдың бас биі болған». Ол Абылай хан мен Бұқар жыраудың ұсынысымен көп жыл Орта жүзде төбе би болған. 1771 жылы үш жүздің басшылары Абылайды хан сайлағанда, Қанайды хан қадірлеген би ретінде қатар көтерген». Бұл қысқаша анықтамадан Қанай бидің ұлт тарихы алдындағы үлкен рөлін, биік беделін аңғарғандаймыз.

Қазақ пен жоңғардың қақтықпалы-соқтықпалы заманында өмір сүрген Қанай Құттымбетұлы туралы ауыз әдебиеті туындылары мен деректі аңыз әңгімелер мен жыр-дастандарда, көрші елдердің архив деректерінде мол ұшырасады. Қанай бидің мемлекетшілдік тұлғасы әсіресе, Абылай ханның Қазақ хандығы тарихында дараланған дәуіріне тұспа-тұс келеді. Қанай Құттымбетұлының шыққан тегі - Орта жүз Арғыннан ішіндегі Жеті Момынның бірі – қарауыл. Тарихта Қарауыл Қанай би деп аталуы – осы себептен. Нақтылай таратқанда, Қодан одан Ақжол, одан Қарасопы, одан Қарақай, одан Майқы. Майқыдан Қарауыл, одан Мәшек, Мәшектен Ақкісі, одан Құрманқожа, Құланшы. Құрманқожадан Қараша, Қарашадан Амалдық, Амалдықтан Құтымбет, Тілеуімбет. Қанайдың кей деректерде «Қараша Қанай» аталатыны осы Қараша бабасына қатысты болса керек.

Жалпы қазақтың ауызекі жеткен аңыздарында Қанайға, оның аталары мен кейінгі ұрпақтарына қатысты ел аузында қалған деректер көп. Соның бірі Қанайдың әкесі Құттымбетке қатысты айтылады. Әкесі Амалдық Құттымбет пен Тілеуімбетке енші бөліп шығарғанда Құттымбет әкесінің берген сегіз байталына риза болып, соның бірін сойып, елге таратқан екен. Жұрттың батасын шын ниетімен қабылдағанының белгісі – кесеге құйған қара су қоймалжың болып ұйыған екен. Осыдан кейін әкесі мұны: «Құттымбетіме құт дарып, баталы болды, өрісі кең болар», - деп жорыған екен. Құтымбеттен Қанай, Малай, Аю, Бөкей атты төрт ұл туады. Осы төрт ұлдың болашағын болжауға қатысты да ел аузында айтылып келген аңыз бүгінгі күнге жеткен. Аузы дуалы, сөзі уәлі, айтқан кесімі, қабылдаған шешімі қайта бұзылып, еш талқыға түспеген Қанай шешеннің бала кезінен-ақ көпшілік назарына іліге бастауын осы ауызша деректен байқаймыз. Бірде Құттымбеттің үйіне келіп қонған бір жолаушы баланың қасиетін бағалағысы келгендей әдейі сөзге тартады. Ет желініп бола берген кезде әлгі мейман отырады да әдейі:

- Ана балаға бір сүйек беріңдерші, - деген екен. Сонда он үш жасар Қанай бала табан астында былай деген екен:

Ақ сұңқар алдындағы жемін шашып жейді,

Қарақұс арқасын қасып жейді.

Ит алдыңғы екі аяғымен басып жейді.

Адам ет жейді,

Ит сүйек жейді.

Маған бергіңіз келген сүйекті өзіңіз жеңіз!

Жас баланың мұндай жұлып алма тапқырлығына, өжеттігіне риза болған мейман оған батасын береді. Құтымбет сұңғыла сыншы мейманға өзінің балаларын сынап беруін өтінеді. Сонда сыншы: «Балаларың іңір тамағын ішкен соң, үйдің сыртына ақ кигізді шығар да төртеуін төрт бұрышына жатқыз. Біріне бірі қосылмасын. Таңертең өзің маған кел, сынап берейін», - дейді. Осылайша, мейман балалар ұйқыға кеткен кезде келіп қарап, төрт баланың жатысына қарап, өз ойын қорытып, мінездеме жасайды. Солардың ішінде Қанайға қатысты: «Бұл бала болашақта қайтпас батыр, ел қормалы қабырғалы би болар», - деген болжам айтады. Расымен де Қанайдың өмір жолы осылай қалыптасады.

Қанай Құттымбетұлы өмірінің жартысынан көбі бірнеше ғасырға жалғасқан қазақ-жоңғар соғысына тұспа тұс келгендіктен, өз тұстастары сияқты, жастайынан атқа қонып, ел қорғау ісіне араласуға тура келеді. Жоңғар шапқыншылығының қазақ халқы үшін ең қасіретті кезеңі «Ақтабан шұбырынды» жылдары Қанай өндірдей жас жігіт еді. Бұл тұста Орта жүз арғын рулары Арқадан ауып, Сыр мен Шу өңірлерінде жүрсе керек. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Ор бойына дейін шегінген Жеті Момын бірлестігі біртіндеп өзге рулармен бірге жауға тойтарыс бере отырып, ондаған жыл бойы Арқаға қанат жайғанда, бұл кезеңде елдің тізгінұстары дәрежесіне ие болған Қанай би де соңына ерген жұртымен бірге қазіргі құтты мекені, Көкше өңіріне тұрақтап, біржола мекендеген екен. Қанай бидің қоныс қылған өлкесі – Көкшетау биігінің күнбатыс бөлігі мен Зеренді көлінің күншығысы арасындағы ну орманды, белегірлі, қыратты алап. Бұл күндері Қанай бидің ұрпақтары осы алқаптағы алты ауылдың негізін құрап отыр.

Қанай бидің өмірі мен қызметінде Абылай ханның алар орны ерекше. «Абылай атың жоқ еді, «Сабалақ» атпен жүр едің», - деп Бұқар жырау айтпақшы, қиын-қыстау кезеңде оңтүстік өңірден бой тасалап Ораз аталығына ертіп Арқаға келген жас жігіт Әбілмансұрдың Бөгенбай қолы сапында алғаш рет ерлік көрсетіп, жауға жалғыз шапқаннан кейінгі ғұмыры көбінесе Қанай би мен Құлсары, Құлеке бастаған елдің өткен деуге болады. Абылай ханның мекені болған Қызылағаш, Уәли ханның сүйегі жатқан Қарқалпақ тауы мен Қанай бидің қонысы қатарлас жатқаны бекер емес.

Қанай би туралы дереккөздердің өзі біршама. Соның ішінде Қанай Құттымбетұлының ұлт тарихындағы ерекше қызметі мен орнын әйгілеген туындының бірі де бірегейі – Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы.

Күндердің бір күнінде хан Абылай

Қалмаққа ойына алды ойран салмақ.

Ханынан: «Аттан», - деген сөз шыққан соң,

Ордаға батыр, билер келді аңдап.

Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай:

Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,

Ту баста Абылайды хан көтерген,

Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай!

Бөгенбай батыр бастаған бір жорықта «Абылайлап!» жауға шауып, жеңістік әперген жас батыр Сабалақтың болашақта ел арқа сүйер айтулы ер, қайраткер тұлға болатындығын бірден аңғарған – осы Қанай би боғланы анық. Сондықтан да «Ту баста Абылайды хан көтерген» деген айтылым Қанайға тиесілі. Себебі, Қанай бидің шыққан елі, сол кезеңде Көлденең Есілден Қараойға дейін қанат жайған Атығай-Қарауыл атты 20 аталы үлкен рулық бірлестікке жас Әбілмансұрды сұлтан қылып сайлауы – болашақтағы мемлекеттік ұлы тұлға Абылай ханның билеуші ретінде қалыптасуына бастау болғаны анық. Атығай-қарауыл рулары өздеріне Абылайды сұлтан сайлап қана қоймайды. Қанай бастаған ел ағалары ортадан дәулет-қаражат шығарып, қалыңмалын төлеп, сұлтанға бірден алты әйел алып беріп, орнықтырғаны да тарихи шындық. Осы оқиғадан бір ғасыр өткенде, Атығай Арыстанбай ақынның Кенесары ханға қаратып:

- Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,

Жек көргенмен өзіңнің алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген,

Атығай-Қарауылдың баласымын! -

дегені – осының айғағы болатын. Патша әскеріне еріксіз жол көрсеткені үшін жазықты болып, өмірі қыл үстінде тұрғанда, мұны естіген қаһарлы Кене хан ақынның астына ат, жетегіне түйе, мойнына берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен. Бұл да болса сонау Қанай билердің атасына жасаған жақсылығын ескергендік болса керек.

Қанайдың батырлық қыры туралы әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында суреттелетін тұс кездеседі. Жоңғарлар мен қазақтардың арасында өткен бір қырғын соғыста Қанай батыр мыңбасы болып соғысқаны жайлы айтылады: «Ұрыс сәрсенбі күні таң ата басталды. Абылай да, Цеван Доржи да елшілер арқылы әуделескен мезгілдерінде өз әскерлеріне «аттан» деп бұйрық берді. Көлденеңі он шақырым жазық далада қантөгіс қырғын тез-ақ қызып кетті. Алып майданның екі шетіндегі Сырымбет пен

Батыр Баян бастаған қазақ әскері қиын болса да алға қарай жылжып бара жатқаны сезіледі. Тек екі жақтың екі бас қолбасшысы тұрған майданның орта шебі мызғыған жоқ. Тағы: - Аттан, аттан – деген ұран шықты. Сол сағатта-ақ Сеңгірбай, Сағымбай, Қанай бастаған сұлтанның мың жігіті зеңбірек оғы жетпейтін қалың жыңғылды сайдан шыға сала Цеван Доржидың тұрған төбесіне қарай лап қойды...», - деп суреттейді. Жазушының «Көшпенділерді» жазу үшін қаншама жыл архив ақтарып, әрбір кейіпкерді жазуда тарихи деректерге сүйенуге барынша тырысқанын білеміз.

Қанай бидің батырлық қырынан өзге, шешендік сөздері де ел жадында сақталып, ауыздан ауызға таралып бүгінге жетіп отыр. Солардың бірі – әйгілі Ақтайлақ бимен болған сұхбаттасу. Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен былай деп сұраған екен:

Ер басында бақыт нешеу?

Кемдік нешеу?

Құлазу нешеу?

Сонда Қарауыл Қанай шешен Ақтайлақ биге былай деп жауап береді:

– Ер басында бақыт бесеу, кемдік үшеу, құлазу төртеу.

Атың жүрдек болса, жалғанның пырағы.

Алғаның жақсы болса, үй мен қонақтың тұрағы.

Әкең – асқар тау, шешең – қайнар бұлақ,

Балаң жақсы болса, екі көздің шамшырағы.

Міне, бес бақыт осы.

Атың шабан болса, жалғанның азабы.

Алғаның жаман болса, дүниенің тозағы.

Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.

Міне, үш кемдік осы.

Қалың ел көшсе, көл құлазиды.

Қаптаған мал кетсе, бел құлазиды.

Нарқын танымаған сөз құлазиды.

Қатарынан айрылған шал құлазиды.

Міне, төрт құлазу осы.

Қанай Құттымбетұлының шешендік сөздері тек Көкшетау өңірі ғана емес, қазақ даласының әр қиырында айтылып жататындығын біз түрлі басылым беттерінде жарық көрген жарияланымдардан байқаймыз. Болашақта Қанай биге қатысты деректер молыға берері сөзсіз.

Қанай бидің өмірі мен қызметіне қатысты тағы бір тұлғалық, қайраткерлік қыры – өз заманының беделді адамы ретінде ел ішіндегі және сыртқы мәселелерге белсене араласуы дейміз. Хандық ішіндегі, көрші халықтармен туындаған түрлі ірілі-ұсақты даулы мәселелерді шешу, осыған сай тиімді мәмілелер жасасу, көрші елдер арасында сауда қарым-қатынасын өрістету сияқты істерге Қанай бидің қатысқандығы турасындағы деректер де біршама баршылық. Солардың бірі – Пекиндегі Қытайдың орталық мұрағатында сақталған құжат бойынша, 1763 жылы қазақтың қырық игі жақсы азаматтары Қытай мемлекетіне қарасты территорияға керуен жүргізіп, үш жүзден астам жылқы апарып саудалағаны айтылады. Осы керуеннің сапында болған адамдардың тізімінде Қарауыл Қанай бидің де аты аталады. Сонымен бірге Қанай бидің қалмақ пен қазақтың тату тұрған бір шағында Қалмақ еліне құдандалық жолмен барғаны туралы да мәліметті кездестіреміз. Ермеймен елінен шыққан әйгілі Үмбетей жырау Тілеуұлының «Жантай батыр» дастанында Абылай ханның баласы Қасым төренiң Уса-Серен бастаған хошоут-қалмақтардың ауылына қыз көре барғаны айтылады. Сонда оның қасында Қарауыл Қанай би, Айдабол Төлебай батыр, Үмбетей жырау ере барғаны айтылады.

...Қосылды Қарауылдан шешен Қанай.

Сүйiндiктен Айдабол би Төлебай,

...Жырауды Үмбетейдей қосты болмай.

Осы мәліметке қатысты бір айта кетерлік жағдай – Қанай бидің өз алған жары да қалмақ қызы болғандығы. «Қатын алсаң қалмақтан, төріңде жатып салмақтан» деген заманда, қазақтың талай-талай әйгілілері қалмақтан қыз алғаны, олардан тарихта аты қалған көптеген даңқты адамдар туғаны шындық. Қанай бидің қалмақ әйелінен туған ұрпағы Итқара да айтулы батыр болып тарихта қалады. Сол замандағы қазақтың белгілі батырлары мен билерінің көбі қалмақ қыздарына үйленіп отырғанын көруге болады. Қанай бидің қайтпас қайсарлығына қоса, кең толғамды ақылдылығы туралы мысалдар де жеткілікті. 1771 жылы Еділ қалмақтары ежелгі ата қонысы Алтай-Тарбағатайға қарай қытай шекарасынан асыра қуғанда, Абылай хан қасындағы ғұлама ақылшыларынан «не істейміз, қуа түсеміз бе?» деп сұрағанда Қарауыл Қанай би: «Қайтайық, қытай деген тыныш жатқан айдаһар, ал айдаһардың құйрығын баспас болар», - деп екі ойлы болып тұрған ханды кері қайтуға ой салғандығын Мағжан ақынның мына жолдардан көреміз:

Ерлерін жиып Абылай – ел ағасы,

Сұрайды: «Мынау істің не шарасы?!

Қырандар әрі-бері толқысқан соң!

Қанайы қарауылдың топтың, басы,

Саңқылдап суырылып сөйлей берді:

«Қытайдың қол ұсыным шекарасы,

Қалмақты Қытай кірген зерттер болсақ.

Қазақтың бірі қалмай мерт боласың...!»

Тұнжырай қалса-дағы хан Абылай:

«Қайту!» - деп, сөздің болды бәтуанасы.

Үш жүздің ханы Абылай, Нұралы хандар бастаған қазақтар «шаңды жорық» аталған бұл шайқаста, ежелгі жаудан кегін аямай алғаны белгілі. Абылай ханның ақыл қосып санасуының өзі Қанай бидің барша қазақ қосыны алдындағы биік бет-беделін айқындап тұрса керек.

Қанай Құттымбетұлының ел басқарудағы бір үлкен белесі – сол кезеңдегі қазақтың қаласы Ташкенттің бегі қызметін атқаруы. Ол туралы мынадай дерек бар: «Абылай өз елінен Ташкентке қарай жол тартқанда қозған Бекше (Биекше), балта керей Тұрсынбай батыр және Қанай қасында болыпты. Арқаны тастап Түркістан, Ташкентке кетіп бара жатқан ханға: «Кіндік қаның тамған Арқаны қалай қиып тастап кетесің, өз еліңдегі хандарыңнан, өз еліңдегі соңғы жақындығың артық болар», - деп алдына көлденең тұра қалғанда, Абылай: «Мен хан емеспін, бірақ, хан болу жолына түсуге бара жатырмын», - депті деген сөз бар. Сол барғаннан Қанай сонда қалып қойса керек». Бұдан біз Абылай ханның оңтүстік өлкеге барша қазақтың ұлы ханы ретінде билік құру үшін аттанғанын аңғарамыз.

Бір айта кетерлігі – Абылай хан өзінің ежелден бегі сенімді серігі Қанай биді қазақтың көне қаласы Ташкенттің бір қақпасына ие болушы бегі ретінде тағайындағанын көреміз. Қанай бидің Ташкентте өмір сүрген кезіндегі шешендік қырлары туралы деректер сақталған. Солардың бірі былай: Бір аста өзбектің бір бегі Қанайға:

- Жігіт деген кім, мігіт деген кім, ат деген не, мас деген не? – деп сынай сұрақ қояды. Жауабын ас ішкеннен кейін беруге уәделескен Қанай алдында тұрған түрлі жеміске қарап отырып:

- Біздің қазақ жал-жая, қазы-қарта, жамбас сияқты нәрлі тамақты ас» дейді, мына сияқты шөп-шаламды «мас» дейді. Арысқа түсіп алып ұрғанды «жігіт» дейді, күресте жығылып құм қапқанды «мігіт» дейді. Бәйгеде озған жүйрікті «ат» дейді, шаң қауып соңында қалғанды«мат» дейді, - депті. Содан өзбектер бір-бірінен айырғысыз екі қара атты салыстырып:

- Қайсысы жас, кайсысы кәрі, тісін көрмей айырып айтыңыз? - дейді. Қанай ат алдына шөп салдырып қояды да: «Ертең таңертең айтайын», - дейді. Таңертең келген соң Қанай би былай деген екен:

- Мынау желге қарсы қарап осықырынып тұрған – жас ат, ал ықтап тұрған екіншісі кәрі ат, - деп дәл тапқан екен.

Қанай би осылайша әділдікпен ел басқарып тұрып, Ташкентте өмірден өтеді. Денесі қазақтың игі жақсылары жатқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанына жерленеді. Би ұрпақтары тәуелсіздік жылдарында бабалары жерленген жерден алынған топырақты туған өлкесіне алып келіп, ұлан асыр ас берген болатын. Кейінгі ұрпақтарынан жеткен аңыз бойынша «Ханның қара сыбағасы» деген, жыл сайынғы қаржылай түсімнен беріліп тұратын соманы Қанай ұрпақтары кейінгі жылдарға дейін алып тұрған көрінеді. Ташкент жағында да Қанай ұрпақтары тұратын көрінеді. Осы ретте Қанай биден тараған айтулы ұрпақтары туралы тоқталып кету артық болмас.

Абылайдың тұсында құтпан болған.

Сөйлейін Баян, Қанай, Жолдыбайдан, -

деп әйгілі жырау Шал Құлекеұлы жырлаған айтулы би Қанайдың Итқара, Бақы, Сұлтангелді атты үш ұлынан тараған ұрпақ бүгіндері, жоғарыда атап өткеніміздей Зеренді өңірінде алты ауыл болып отыр. Олар: Игілік, Кіші Жамантұз, Ұялы, Қарабұлақ, Ескенжал және Қойсалған ауылдарының тұрғындары. Қанайдай текті атаның ұрпақтары бүгінгі күні терең тамырлы бәйтерекке айналып, он-он бірінші буынға дейін жетіп, іргелі, рулы елге айналғанын көреміз. Қанай бидің ұрпақтары арасынан шыққан әйгілі адамдар да көп.

Нұрмұхамбет – Балуан Шолақ менің атым

Бар елге мағүлым болған асыл затым.

Нағашым Жалпақ Қанай деп атайды.

Болады Ұлы жүздік арғы затым, -

деп өзі айтқанындай, атақты Балуан Шолақ Қанай биге жиен болып келетіндігінің өзі бекер емесе. Қанайдың үлкен ұлы Итқара батыр, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, әйгілі математик ғалым Мыңбай Ысқақов, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов, гидрогеолог ғалым Айтқажы Қазбеков, және басқа да айтулы тұлғалар шыққан екен.

Қазақтың біртуар ұлы, әрі ғалым, әрі батыр, профессор ұстаз, жазушы Мәлік Ғабдуллин кезінде ата-бабасы жайлы былай деген екен: «Қарауылдың Құттымбет дейтін бұтағынан тараған қара қылды қақ жарған, Абылайды хан көтерген Қанай би, тілге келсе құтқармайтын, білекке келсе, жығылмайтын айтқыш Бекболат, ақырған даусынан дұшпан сескенген Тілеу, Итқара сынды айбатты ерлер – менің ардақты бабаларым».

ҚР Журналистер одағының мүшесі Тайтөлеу Асқартегінің айтуынша Қанай бидің ұрпақтары тек Көкшетау өңірінде ғана емес, қазақ даласының өзге бөліктерінде де бар. Журналист былай деп жазады: «Топарда тұратын 1923 жылғы Қайкен Шаймұханов ақсақал да тебірене біраз әңгіме айтады екен. ...Осы Қанай атамыздың ұрпақтары тек қана Ташкентте ғана емес, Көкшетау мен Шортанды қалаларында, Қарабұлақ, Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылдарында жетінші-сегізінші ұрпағы жүріп жатыр, мен болсам алтыншы ұрпағымын, менің балаларым мен немерелерім жетінші-сегізінші ұрпағымыз. Сол Қарабұлақ ауылының іргесінде Дәулет деген көл бар. Көл Көкшетау облысының карталарында соңғы жылдарға дейін көрсетіліп жүретін. Сол көлді Қанай би кезінде Дәулетбай деген кісіден сатып алыпты деуші еді қариялар. Тіпті, Қарабұлақ ауылы бұрын Дәулет ауылы болып атанып жүрді. Егер Шоқанның жазғанындай жас Абылай Арқаға қашып келіп қарауыл Дәулетбайдың жылқысын бақса, Қанай би қарауылдың төбе биі болса, Дәулетбайымыз осы күнгі Дәулет көлінің иесі болуы әбден ықтимал». Бұдан біз Қанай бидің ұрпақтары Қарқаралы маңында да барлығына көз жеткіземіз және мұны Қанай би бастаған Атығай-Қарауыл елінің бір замандарда Қарқаралы өңірінде де біраз жыл болғандығымен түсіндіре аламыз.

Қанай бидің барлық өмірі туған халқының, соңынан ерген қалың елінің қамы болғанына оның барша өмір жолы куә. Қанай биден тарап қанат жайған қалың ел бүгінгі күні Көкшетау қаласы қазағының едәуір бөлігін иеленіп отырғаны анық. Көкшетау қаласындағы бұрынғы Чапаев көшесі Қанай бидің атымен аталуының өзі де тарихи әділеттілік салтанат құруының мысалы болар.

Міне, өз заманының айтулы тұлғасы болған Қарауыл Қанай би Құттымбетұлы туралы фольклорлық туындылар мен архив деректерінің өзі әжептәуір көлемді құрайды. Бидің тікелей ұрпағы, белгілі журналист Жанатай Бекеновтің «Қанай би және оның ұрпақтары» атты кітабында көптеген деректер қамтылған. Болашақта Қанай бидің өмірі мен іс-қызметіне қатысты деректер әлі де болса толыға беретіндігі сөзсіз. Ресей, Қытай, Өзбекстан қатарлы елдердің архивінде Қанай биге қатысты күні бүгінге дейін айналымға түспеген деректер әлі де болса баршылық екендігін ескере отырып, болашақта осы бағытта зерттеу жұмыстары атқарылса құба-құп. Қанай би ұрпағы Мәлік Ғабдуллин музейін тірек база ретінде ала отырып ғылыми экспедиция ұйымдастырылса, үлкен істер атқарылары сөзсіз.

Ел басына күн туған аумалы-төкпелі заманда көш бастап соңынан ерген халқын құтты қонысқа әкеліп ірге жайдырған, көзі отты, қимылы жігерлі, ақсүйек текті Сабалақ жігіттен Абылайдай ханды тұлғалауға өлшеусіз үлес қосқан Қанай би Құттымбетұлының тарихи, әдеби бейнесі турасында айтылар сөздің бір нұсқасы осы болмақ.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ