Ұлттық ойындар - рухани мәдениетті қалыптастыру жолы
29.05.2019 4514
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау ұлттың рухани мәдениетін қалыптастыру жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді

Елімізде қазіргі уақытта тарих, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескерткіштері 25 мыңнан астам, 11 мың кітапхана, 147 мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық мұражай, 215 мұрағат бар деп есептеледі. Сонымен қатар спорттық ойындар, ат ойындары, жалпы атадан мирас болып келе жатқан ұлттық ойындарды сақтап насихаттау – Рухани мәдениетімізді дамытады.

Рухани мәдениет дегеніміз ол сол ұлттың — тілі, діні, салт-дәстүрі, өнері, әдебиеті және бұларды ұлттық мейрамдарда, ұлттық ойындарды көбірек көрсету арқылы дамытып, әрі қарай сақтауға болады, ұрпақтан ұрпаққа таратуға болады. Егер де қазақ халқының ұлттық ойындарына назар аударып көрсек, ол оның көшпенді мал шаруашылығымен айналысатынына және жазық, кең далада өмір сүретініне байланысты, соған лайықталынған ұлттық ойындар. Қазақ балалары ерте заманнан – ақ өмірде кездесетін түрлі заттарды өздеріне икемдеп, ойыншықтар жасап, ойын түрлерін молайтып отырған. Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.  

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.   Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болып табылады.       Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай – қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Орамал ілу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты – ұшты», т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді.

Қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы  М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған»,- десе, Кеңес одағының батыры, қазақтың даңқты батыр ұлы – Б.Момышұлы: «Асық – үлкен халықтық тәрбие», - деп тегіннен тегін айтпаса керек.

Этногроф ғалымдардың пайымдауынша,  ата-бабаларымыздан бiзге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерiнде б.з.б. бiрiншi мыңжылдықта-ақ қалыптасқан деседі. Олардың iшiнде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерiнде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңiнен тарады. Жалпы бiздiң қоғамыздағы ұлттық ойындардың негiзi, шығу тегi халқымыздың көшпелi дастүрлі шаруашылық әрекеттерiнен бастау алады. Этнограф-ғалым Ә.Диваев өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады. Ол бірінші топқа рулық-қауымдық құрылыс кезеңінде өмірге келген ойындарды, екінші топқа – қозғалыс ойындарын, үшінші топқа – спорттық ойын түрлерін жатқызады. Қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен зерттеген этнограф халық ойындары баланың қимыл-қозғалысын дамытып, денесін шыңдап қана қоймай, денсаулығын жақсартушы бірден-бір пайдалы дүние екенін мойындаған. Сонымен қатар орыс ғалымы А.Алекторов та – қазақ балаларының ұлттық ойындарына кеңінен тоқталғандардың бірі. Ол өзінің «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегінде көшпелі қазақ халқының өмір сүру салтындағы ұлттық ойындардың алатын орнын, дүниеге келген сәбидің өсу динамикасына, олардың денсаулығының артып, дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы сол ойындардың пайдалы жақтарын ашып көрсеткен екен. Жалпы ойын түрлерінің ішіндегі аса ұқыптылықпен және ептілікті қажет ететін ер балаларға тән ойын түрі -  «Асық ойыны».

        Асық ойнау үшін керекті құралдың ең негізгісі – сақа. Әдетте оны үлкен оңқай  асықтан шіге жағынан қорғасын құйып ауырлатып, тәйке жақ табанын, шіге жақ бетін тегістеп, оң қолға ұстап асық атуға ыңғайлап жасайды. Асық ойынын жазды күні тақыр жерде ойнайды. Бір-біріне қарсы екі бала не бірнеше бала екі топқа бөлініп ойнаулары мүмкін. Ойынның негізгі шарты бір-бірінен асық ұту. Асық ойынының үштабан, шеңбер,  және алтыатар деп аталатын өте кең тараған түрлері болған. Және бұлар бір – біріне өте ұқсас келеді.  «Үштабан» ойнау үшін тақыр жерге көлденең сызық сызылады да, оған әр ойыншы бір бірден арасын сиректеу етіп кеней тігеді. Содан соң ойнаушы балалардың барлығының сақаларын біреуі  жиып иіреді. Қімнің сақасы шықса сол бірінші болып сақасын көннен алысырақ жерге иіреді. Сақасымен тігулі кенейді атып, үштабаннан артықтау жерге жіберуі керек үш табаннан кем, не болмаса сақасы кенейге тимей кетсе, ойынды сақасы шыққан келесі ойыншы бастайды. Ойын көндегі кенейді ұтып біткенше созылады. «Алтыатар» ойыны бұдан басқаша. Көндегі кенейлердің бір шетіне түпте қалған  (сақасы шықпаған) баланың сақасы тігіледі. Кенейдің арасында саңлау болмай тіркестіріле қойылады. Көннің екі жағына 1м жерден су (сызық) ал 5-6 м жерден қарақшы белгілейді. Кімде кім түптегі сақаны жұлып кетсе (судан шығарса) бүкіл кенейді сол алады. Ал сақаға тимей кенейді ұшырса, оның судан шыққаны ғана соныкі болып табылады. Ату саны - 6 рет. Алғаш сақасы шыққан бала, қалғандары одан кейінгі кезекте атады. Алты рет атыстан қалған кенейдің бәрі түпте қалған баланікі болып есептеледі.

«Шеңбер» ойыны аса ептілікпен дәлдікті қажет етеді. Жалпы асық ойынының әрқайсысы баланың дәлдікпен ойлау қабілетін және жеңу мақсатын алға қоя отырып, басқалардан озам деген талпынысты оятады.

 Қатысатын адам саны - 6 адамға дейін.  Екі адам бір-бірінің қолынан ұстап бір нүктеден айнала шеңбер сызады. Әр қатысушы 1 немесе 2 асықтан қатысушылар санына байланысты, шеңбердің ортасындағы сызыққа тігеді. (4 адамға дейін – 2 асықтан, 6 адамға дейін 1- асықтан)  Асықты иіру арқылы асық ату ретін анықтайды. Сол бойынша кезек пен кезек атады.  Шеңбер шетінде арнайы ойын бастайтын сызықша сызылған. Бірінші асық құлағанға дейін сол сызықтан атылады. Асық құлап немесе шеңберден шыққаннан кейін ойын шеңбер бойымен жалғасады. Ойындағы басты міндет өзіңнің сақаңмен көбірек асықты шеңберден шығарып ұту. Егер өз кезегінде асықты ойыншы шеңберден шығарса, ары қарай жалғастырады. Егер асық жылжып шеңберге жақын жатса, ол шеңбер шетінен ойыншының аяқ-табанымен өлшеніп, егер асыққа жетсе шертіп шығарады, жетпесе атады. Ескерту: Атқанда немесе шерткенде троекториясы шеңберден 90 градустан төмен болмауы қажет. Келесі ойынды асықты көп ұтқан адам бастайды. Қалғандары асық иіріп, кезек тәртібін анықтайды. Ойында қорғасын құйылған немесе сақаны ауырлату мақсатында дайындалган асық қолданылмайды.

         

«Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп Елбасы Ұлттық құндылығымызды саралап өткен. Қазақ халқында «Тәрбие –тал бесіктен» деген ұлағатты сөз бар. Балаға жақсы тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсету арқылы оның болашақта биіктен көрініп ақылды болуына зор үлес қосады. «Он үште отау иесі» деген атқа лайық жеткіншек балалық шағын өз құрбыларымен ойын-сауыққа, өнерге, ат ойындарына жақын болып, сан қырлы азамат болып өскен. Сондықтан қазақ халқының салт-дәстүрінде, ойынында терең мағына, тәрбие қалыптасқан. Бүгінгі мәдениетті ұрпақ – ертеңгі Ұлт мәдениетінің жанашырымен қолдаушысы.   

 

Пайдаланылған әдебиеттер;

Бутеев Б.О, Молдабай.Т «Асык в культуре казахского народа: традиция и преемственность» Энциклопедия. - Алматы, 2011  Сағындықов Е.С. Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: «Рауан» баспасы, 1991 жыл

     4. «Қазақ халқының салт дәстүрлері» авторы : С. Қалиев, М. Оразаев      Алматы 1994
     5. «Қырық қазына» авторы Ә. Доспанбетов Алматы 1997
     6. Нүсіпоқасұлы А. Тал бесіктен жер бесікке дейін /Алматы. 2014.

      7. Қазақтың Ұлттық энциклопедиясы 1томы.
      8. Т. Асқартегі. Асық – мергендікке тәрбиелейді. // Азия транзит. – 2004. 
 

 

Кокебаев Дархан Серикханұлы

Филология ғылымдарының магистры

ҚР Ұлттық музейі жазба деректер зерттеу бөлімінің жетекшісі