Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дінтану Республикалық рухани-танымдық "Нұр" газеті: қалыптасу тарихы, даму кезеңдері және діни мәселелердің тақырыптық ерекшеліктері

Республикалық рухани-танымдық "Нұр" газеті: қалыптасу тарихы, даму кезеңдері және діни мәселелердің тақырыптық ерекшеліктері

17 Наурыз 2014
151
0

Адам атаулының жасампаздығына, яғни қоғамды да, дүниені де өзгерте алатынына нақты көзіміз жетті.

  Дін - адам пайымының бүкіл әлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға және өзінің ақыл-ойы мен сана-сезімінен тысқары тылсым дүниеге қатынасы. Діннің басты белгісі – адамның ақыл-ойы, сезім мүшелері қабылдай алмайтын болмыс түріне сену және оны мойындау. Ислам философиясының түсіндіруінше, дін дегеніміз - әлемді байланыстыратын күш Алланың барлығына сенім.

Адамның өмірлік басты мақсатының бірі заманына сай білім мен тәрбиесі, ұстанымы мен дүниетанымы бар ұрпақ тәрбиелеу десек, «Нұр» газетінің негізгі бағыты – қазақ ұлтының кешегі дінінің тарихы, бүгінгі болмысы, ертеңгі болашағы жайлы толғаныстарды қатар беріп, қоғамның рухани қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.

Алты алаштың анасы болған Сыр елі – киелі жер. Содан да осы жерде талай-талай билер мен ба­тыр­лардың, Сыр сүлейлері – дүл­дүл ақын мен жыраулар, ишандардың кіндік қандары тамып, мәңгілікке қоныс тепкен. Егер сарғайған тарих па­рақ­тарына жүгінер болсақ, ХІХ ға­сырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы осынау киелі жерге бір топ діни уағыз жүргізген Сыр сүлейлерін сыйлап кет­кен.

Республикамызда қоғамның мұң-мұқтажын жіті қадағалап, қозғалған мәселелерге назар аударатын бұқаралық ақпарат құралдары жоқ емес. Солардың бірі облысымыздағы діни бағыттағы «Нұр» газеті.

 Республикалық діни-танымдық  басылым 1996 жылдың желтоқсан айынан бастап жарық көрген. Қазіргі уақытқа дейін өз оқырмандарын ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Басылым мақсаты – ислам дінінің баршаға ортақ асыл құндылықтарын елімізде кеңінен насихаттап, халқымыздың жүрегінде имандылық, адамгершілік, ізгілік және отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу. Болашақ жастардың жүрегіне иманды ұялата отырып, нағыз отансүйгіш буынды тәрбиелеуді басты назарда ұстайды. Сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Әбу Ханифа мәзһабы діни бағыты насихатталады. Қызылорда облысының жеті ауданы мен қатар республикамыздың өзге аймақтарына кеңінен тарайды. А-3 форматта, қазақ тілінде 8 бет болып,  айына екі рет жарық көретін басылымның қазіргі таралымы:4500 дана.

Аймақта тұңғыш діни басылым ретінде жарық көрген газеттің негізгі құрылтайшысы «АСУ» баспа үйінің директоры Аманжол Оңғарбаев болған. Газеттің алғашқы редакторы – Сақтаған Есмахан. 2001 жылы ресми тіркеуден өткен. Ол 1996-2006 жылға дейін басылымның таралымын 3000 мың данаға жеткізген. 2006 жылдан 2011 жылға дейін редакторлық қызметті белгілі дінтанушы Қайырбек Отызбаев атқарған. 2012 жылдан бастап газет құрылтайшысы, әрі бас редакторы Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Тұрар Әбуов атқарып келеді. Газеттің өзіндік ерекшелігі: оқырманға қажетті рухани-танымдық материалдардың көптеп берілетіндігі.

Басылымға бүгінгі кезге дейін бес редактор басшылық жасаған. Олар: Аманжол Сақыпұлы, Сабырхан Нәдірбаев, Сақтаған Есмаханұлы, Қайырбек Отызбаев, Тұрар Әбуов. Қазіргі уақытта газет түрлі-түсті болып, айына екі рет 4500 данамен тарайды.

«Қасас» сүресінің «...Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық жаса...» атты 77-аятын басшылыққа алатын басылымның оқырмандарының діни сауатын тереңдете түсуіне сіңіретін еңбегі орасан зор.

  «Нұр» газетінде адам бойындағы асыл қасиеттер жайлы да көптеп материалдар кездеседі. Басқа басылымдарға қарағанда бұл газеттің сақталған мұрағат нөмірлері құнды кітаптар тәрізді уақыт өтсе де өз мәнін жоймайтындығы аталмыш мерзімді басылымның өміршеңдігін көрсетеді.

  Ислам діні мен араб мәдениетінің қазақ халқының руханиятына тигізген игі әсерін, тарихтағы үйлестіруші қызметін теріске шы­ғаруға болмайтынын, алайда қазақтарды өзіндік ха­лық, этнос ретінде қалыптастырған, рухания­тының өзегін құрап, тұрақтандырған архетиптік наным-сенімдерін ұмытпаған жөн екендігін, оларсыз мәдениетімізді толыққанды түсіну мүмкін еместігін айғақтайтын материалдар ұдайы жарық көріп тұрады.

Басылымда «Иманды қыз, аяулы ана», «Сыр сұхбат», «Балаларға арналған бет», «Көтеріңкі көңіл», «дін және денсаулық», «Жыр жауһар», «Біле жүрейік», «Сауапты іс», «Пікір, көзқарас», «Абайлаңыз», «Имам мінбері», «Жүрекке жақын сауабы мол сөздерді айталық», «Қызықты жайттар» атты айдарлар аясында жарық көретін материалдар оқырмандар жүрегінде жол табуда.

  «Иманды қыз, аяулы ана»  атты айдарында қыз-келіншектерді имандылыққа, сабырлылыққа, ақылдылыққа, қанағатшылдыққа шақырады.

  «Сыр сұхбат» айдарымен республикалық, орталық, облыстық, аудандық, аймақтық мешіттердің бас имамдарымен сұхбаттар тұрақты жарияланады.

«Ғибрат» айдарында да дін мәселесі де тұрақты көтеріліп тұрады. Мысалы, «Бала – Алланың аманаты»(№2, наурыз 2012), «Дін – рухани мәдениет»(№4, мамыр 2012), «Асыл сөздер»(№3, наурыз, 2011), «Халал не, харам не?»(№2, ақпан, 2011) мақалаларын айтуға болады.

Мысалы, газеттің 2013 жылдың 11 қаңтардағы санында «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қамбаровтың «Қайырымдылықтың қайырымы бар» тақырыбындағы мақаласында да ислам дінінің өзі қайырымды, мейірімді болуға үндейтіндігі, қолындағысымен мұқтаж жандар үшін бөлісудің сауабының зор екендігі  терең зерттеліп айтылады. «Асыл дініміз әрбір мұсылман баласын қайырымды болуға үндейтіндігі және қайырымдылық жасауға шақыратындығы насихатталады. Шынайы пайдасы бар амалмен айналысуға насихаттайды. Елімізге және дінімізге жәрдеміміз тию үшін мал-дүниеміз бен қажыр-қайратымызды сарп етуге үгіттейді. Бұл туралы Құран Кәрімде былай делінген: Әй, мүміндер! Сендерге жан түршігерлік азаптап құтқаратын бір сауда көрсетейін бе? Аллаға, елшісіне иман келтіресіңдер; малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресесіңдер. Егер білетін болсаңдар, осылар сендер үшін хайырлы!»[1]. Бұл мақалада мал-дүниенің зекет, садақа және ізгілік жолында жұмсау керектігі де нақты мысалдармен, дәлелдермен айтылады.

  Ислам құндылықтары мен ислам философиясын, ислам мәдениеті мен өнерін насихаттау жолында да басылымның атқарар қызметі зор. «Қай халықтың болма­сын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәде­ниет – ұлттың бет-бейнесі, руха­ни болмысы, жа­ны, ақыл-ойы, парасаты. Өрке­ниет­ті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениеті­мен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға­ларымен, әлемдік мәде­ниеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөй­тіп, тек өзінің ұлттық төл мәде­ниеті арқылы ғана басқаға таны­лады»[2], – деп атап өткендей, біз де тәу етер тәуелсізді­гімізбен қатар, төрткүл дүниеге ата-бабаларымыз­дан қалған жәдігерле­рімізбен таныла бастадық. Бұған «Нұр» газетиінің қосқан үлесі ерекше болды. Оған дәлел: «Иманды болудың екі шарты»[3],«Меккені басқарған қазақ»[4], «Түнгі клубтар неге отқа орануда»[5],«Қайран уақыт»[6] мақалаларын атауға болады.

Дін саласындағы барлық тақырыпты қозғауға тырысатын басылымның өз оқырмандары үшін берер тағлымы мол. Мысалы, газеттің 2009 жылғы 15 қыркүйектегі №17 санында «Иманды ұрпақ көбейсін» тақырыбында мақала жарық көрген. Мұхаммед Пайғамбарымыздың: «Менің үмметіме бұрынғы қауымдарға берілмеген бес түрлі ерекше нәрселер беріледі»- деп ораза, намаз, құрбан шалу рәсімдері туралы сауатты мәліметтер береді. Сонымен бірге мақалада жинаған дүниеге жаны ашитын, қадірін білетін, санасы сау, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе екендігі айтылған.

Еліміз көп дінді мемлекет. Әр діннің сенім тұрғысында өзіндік ерекшеліктері болады. Десек те мемлекеттің дінаралық татулық мәселесі де басылымның назардан тыс қалдырмайтын мәселесінің бірі болып табылады.

«Нұр» діни баспасөзінің елді бейбітшілікке, мәдениетке, оқу-білімге үндеуіне, халықтың ой-санасын өсіруге көмекші құрал ретінде прогрессивті рөл атқара алатындығы, жастардың жаңа өмірге икемделуіне бағыт беретін күш ретінде қолдануға әбден лайық.

Қазіргі уақытта Қазақстанда түрлі дәстүрлі емес культтар саны өсуде. Біз зерттеу нысанына алып отырған «Нұр» газеті осындай мәселелерге тосқауыл болатыны анық.

Кеңестік кезеңде елдің мұңын жоқтап, жоғын іздеген шайырла­ры­мызды дәріптемек түгілі, атын ай­тудың өзі қиямет еді. Еліміз тәуел­сіздік алып, өшкеніміз жанып, өл­ге­німіз тірілуде. Бұл дегеніміз – жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбие­леудің айқын айғағы, сол үшін де мә­дениет пен өнерімізді өрге сүй­реп келе жатқан  осындай басылымдарды дәріптеуіміз қажет.

«Нұр» басылымында «Имандылыққа бет бұрайық» тақырыбында балалар үшін дін мәселесі тұрғысынан мәліметтер береді. Балаларға арналған бұл бетте түрлі әзілдер, суреттер, ребустар жарияланады. Жас бүлдіршіндерге танымдық материалдар да тұрақты жарық көріп тұрады.

Мысалы газеттің №5 санында жарық көрген «Текті ұлттың ұрпағы орыстың уызына жарып жүрмесе игі...» атты Салтан Сайранұлының проблемалық мақаласы жарық көрген. Мінез адамға ана сүтімен даритындығы, тек мәселесі, ана сүтінің қасиеті, құнары туралы айтылады. Мақалада Аяз би мен Ақша хан арасындағы әңгімені де оңтайлы бере білген. Балаларға арналған Ресейден шығарылатын тағам мәселесі де сөз болады. Шариғатта ана сүтін емген балалар бір-біріне сүт бауыр болып келетіні, олардың некелесуге болмайтындығы айтылады. Орыс еліндегі ана сүті қорының шығарып жатқан тағамын елімізге әкеліп, дәретсіз бала емізетін орыс әйелінің сүтін емген баладан не жақсылық күтетініміз мәселе ретінде қойылады.

2013 жылдың №6 санында «Мұсылманның 24-сағаты қалай өтуі тиіс?» тақырыбында «Үш қоңыр» медресесінің ұстазы Марат Садырбаевтың мақаласы жарық көрген. Мұсылман жоспарсыз, нәспсісінің қалауы, шайтанның арбауы және де қоғамдағы жаман нәрселердің әсерімен әрекет етпеуі керектігі айтылады. «мұсылман өткенін ұмытпастан, бүгінін босқа өткізбестен келешекке нақты қарайтын кісі. Уақыт мұсылманның ең қымбат қазынасы, өмір болса уақыттан тұрады. Уақытын тиімді пайдаланған, өмірінде пайдалы өткізбеген болады. Уақыт қазынасын пайдалы жерлерге пайдаланса өте жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіншілік туады. Өйткені, уақыт бір дақыл құнарлы жерге егілсе және уақытында суын берсе ол дақылдан өте жақсы жеміс алынады.  Осы секілді уақыт тұқымы құлдық жеріне егілсе, иман суымен суғарылса және ықыласпен бапталып қаралса мәңгілік қазынасына қол жеткізеді. Ол мәңгілік қазына «көздердің куәгер болмаған, құлақтардың естімеген және ешкімнің ақылына келмеген» бітпес жәннат нығметтері. Деміміз санаулы және өміріміздің басы және соңы бар. Бір күні ажал келеді және біздің қалауымыз болмастан жанымызды алады»[7] деген жолдардан уақыттың маңызын түсінгендейміз.

Ислам дінінің өзге діндерден артықшылықтары мен өзгешеліктері туралы да мақалалар көп жарияланады. Сондай-ақ жастар тәрбиесі, бала танымы мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды.  «Тәрбие тал бесіктен басталса...»[8], «Жетімдерде Алланың аманаты»[9], «Жүректе үрей мен үміттің болғаны жақсы»[10], «Хақ дініміздің қайнарында жатыр»[11] атты мақалаларды ерекше атауға болады.

Сонымен бірге қоғамда талас туғызған хиджап мәселесіне де газет өз үнін «Орамал дауына оралсақ...»[12], «Хиджаптағы қазақ қызы»[13] атты мақалаларды ерекше атауға болады.

Сондай-ақ «Нұр» газетінде мақала, проблемалық мақала жанрынан басқа сұхбат жанрында материалдар жиі жарық көреді.

  Бүкіл әлемде болып жатқан қазіргі заманғы зор өзгерістерге байланысты журналистика да жаңа көзқарасты, жаңа ұғымды, жаңаша ойлауды қажет етеді.Уақыт өткен сайын ішкі, сыртқы саясат бұқаралық ақпарат құралдарына тың міндеттер қояды. Ондай міндеттерді орындау үшін бүкіл ұжым болып ізденістер жасау арқылы жұмыс істеу қажет. Бұл орайда журналистердің интелектуалдық тәжірибесін қолданбай болмайды. Журналист  өз тұжырымдамасының, позициясының обьективтілігіне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізу үшін қоғамдық өмір, оның заңдылықтарын терең білетін, таным деңгейі биік болуы тиіс. Мұны журналистің нақты әрі, өткір сұрақтары мен кейіпкерінен алынған тұшымды пікірінен айнымай тануға болады.

Қорыта келе айтарымыз, «Нұр басылымында» дін мәселесін көтеру барысында ақпараттық жанрлар: заметка, есеп, сұхбат жиі жарық көрсе, талдамалы жанрлардың ішінде мақала, проблемалық мақала мен діни мерекелер қарсаңында бас мақаланың  көп көрініс табатындығына куә болдық. Дегенмен басылымда өзге діни басылымдар мен электронды сайдттардан алынған материалдарға да көп орын беретінін байқадық. Жалпы «Нұр» басылымындағы танымдық материалдар өз оқырмандарына мол азық береді. Газетте жарық көрген діннің тарихы, Мұхаммед пайғамбарымыздың оқу, білім, ғылым, тәрбие төңірегіндегі хадистері, елді-мекендердегі мешіттер жағдайы, мұсылманның бес парызын орындауға үндеген үгіттік шығармалар мен қазіргі мұсылман әйелдерінің киіп жүрген хиджап мәселесі туралы да көтерілген мәселелер өз шешімін табуда.

ӘБДІРАЗАҚОВА Аякөз  Қожамырзақызы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, магистр- аға оқытушы Қазақстан Республикасы


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қамбаров Р. Қайрымдылықтың қайырымы бар//Нұр.–2013.11 қаңтар., №13. 2б.

2. Аханов Б. Дін және еркін ойшылдық. – Алматы, 1993.

3. Әділбаев А. Иманды болудың екі шарты//Нұр.– 2012. 3 желтоқсан., №23. 9б.

4. Қайполлаұлы Қ. Меккені басқарған қазақ//Нұр.– 2013. 15 ақпан., №9. 6б.

5. Алпысбаев Е.Түнгі клубтар неге отқа орануда//Нұр. – 2013. 16 наурыз., №6. 3б.

6. Қалмаханұлы Е. Қайран уақыт//Нұр, – 2013. 21-28 наурыз., №6(291). 11б.

7. Садырбаев М. Мұсылманның 24-сағаты қалай өтуі тиіс?//Нұр. – 2013. 16-31 наурыз., №6(250). 1-2б.

8. «Нұр» газеті//2009 жыл, 16-31 тамыз№16

9. Сонда

10. «Нұр» газеті//2004 жыл, 16-30 шілде №12

11. «Нұр» газеті//2005 жыл, 16 мамыр № 18

12. Орамал дауына оралсақ... //«Нұр» газеті. 2013 жыл, 21-28 ақпан №6(291)

13. Айтбайұлы Ө. Дін мен ділді үйлестіре білейік//«Нұр» газеті. 2013 жыл, 16-31 наурыз №4(201)


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз