Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Макротарих Жалаңтөс Баһадүр азияның ақырғы жолбарысы

Жалаңтөс Баһадүр азияның ақырғы жолбарысы

15 Қараша 2013
212
0

Өтеубай Қожақұлы т.ғ д, профессор

Қазақ халқының тағдыр-талайында айбынын көрсетіп, елдің қорғаны болған тарихи тұлғалар шоғырындағы батырлардың алатын орны ерекше. Сондай тұлғалардың бірі- бір кездері бұрқ-сарқ қайнаған аласапыран замандарың өзінде шекаралары бөлінбеген төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-өзбек еліне ортақ перзент, атышулы батыр көреген әмірші Жалаңтөс Баһадүр.

Жалаңтөс Баһадүр қасиетті ұғым, Құдайдан кіші болды. Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірден бір саты төмен тұрды. Тарихшы К.Катаев Азия тарихында үш жолбарыс болды. Ол-Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Жалаңтөс деген болатын. Жалаңтөс 80 жасағанша тұстарынан тірі пенденің оған қолы жеткен жоқ. Сол Баһадүрдің туғанына биыл 436 жыл өтіпті. Осынша жылдар дүрмегінде жалғыз Жалаңтөс түгілі жер бетінен ондаған ұлт өшіп кетті. Шығыс Еуропа мен Орта Азияда алуан түрлі айқабақ саясат жүрді, содан да тегін іздеген пенде тегін кеткен жоқ, қудаланды, абақтыға жабылды,атылды. Тарих алтынмен тастың құймасы іспетті ғой. Қайғың мен қуаныш қатпарланып қатар бітті. Шыңғыс әулеті одан шайбандықтар династиясы, Ақсақ Темір ұрпағы Мауренахрда мәңгілік салтанат құрғандай еді. Қазақ барлас руына балап жүрген Ақсақ Темір он бірінші атасынан Шыңғыс ханмен тамырласатын. Моңғолдың тұңғыш ханы Қабыл түп нағашысы еді. Бұлар шынжыр балақ, шұбартөс тұқымды. Ұзақ жыл ел билеген ханның халықтан басқа жауы жоқ. 1510 жылы Мұхаммед Шайбани Бұхараның ат базарына көтерілісшілердің  басынан мұнара соқтырды. Иран мен Тұран өңірінде Шыңғыс пен Темір тұқымы билік құрды. Алтын Орданың өзегінен өрген Аштрахан,Қырым,Қазан хандығы тіптен Ноғай Ордасына дейін осы әулеттің жұмған жұдырығында болды. Бұл мирасқорлық салтанаты 1630 жылдары Жалаңтөс Баһадүр Самарқан әмірлігін алған соң ғана айрандай іріді. Биліктің тас қорғаны хан мен жасқа еленеді. Қандай дерек көзін алсақта Жалаңтөс кім еді? Қазақ. Азияның ақырғы жолбарысы атануына не себеп деген сұрақ туады.

Өткен күндерден жеткен мәліметтерге көз жіберсек Жалаңтөс бабамыздың 1576 жылы сонау Арал теңізінің оңтүстік шығыс өңірін қыстап, жазда Еділі көктей асып,қиядағы Түмен ормандарын жайлап қайтатын,қарадан шығып хан болған Сейтқұл Қажының шаңырағында дүниеге келгендігін айтады. Баһадүрдің арғы атасы Ораз Қажы найзаның ұшы, қылыштың жүзімен, жарты әлемді тітіреткен Ақсақ Темірдің бас уәзірі, әрі ақылшысы болған деседі. Сол Ораз қажыдан тараған ұрпақ тегін болсын ба? Жазушы Ә.Кекілбаевтің : «Алаштың атын шығырғандардың бірі осы Сейтқұл болатын» - сол Ораз Қажыдан  тараған ұрпақтарының тектілігінде жатса, керекті әңгіме Жалаңтөс туралы айтатын болсақ, Әйтеке биді айтуға тура келеді. Өйткені Әйтеке биді Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Байбектен туған (Ә.Кекілбаев «Үркер»). Ал Ақша би бабамыздың Жалаңтөс Баһадүрдің дәуірлес заманындағы Ходжент аймағының әміршісі болғаны белгілі. Сейтқұл XV ғасырдың екінші жартысында жан-жақтан еліне төніп келе жатқан аса ауыр қауіп-қатердің салдарынан 40 мың үйі бар тайпа елді суыт көтеріп, Сырдың төменгі ағысынан оңтүстікке Нұрата тауларына қарай көшіп кетеді. Ал елге төніп тұрған қауіп-қатер XVI ғасырдың ортасында орыс мемлекетінің патшасы И.Грозный басқарған отаршылар қанды қырғынмен 1552 жылы Қазан қаласын құлатқан, ал 1556 жылы Астрахан хандығын басып алып Еділ бойын жағалап, Жайық жағалауындағы  ауылдардың тас маңдайынан төніп тұрғанды. Осының бәрі Хақназардың баласы Шығай ханды өз серігі Сейтқұл Қажыны  бүкіл алшын руларын түрліктіріп 1580 жылы таққа отырған өзбек ханы Абдулла ІІ қарауына өтіп кетуге мәжбүр етті.

Бұл кезде жасы әлі 10 ға тола қоймаған Жалаңтөс Абдулла ханның сарайында біраз уақыт тәрбие алады. Оған әкесі Сейтқұлдың көмегі себеп болды.

Жалаңтөс бес жасынан мешітте оқып, діни тәрбие алған. Сол мешітте жүріп Ақсақ Темірге бас уәзір болған Ораз Қажының өмір жолын, Әмірдің әскери өнері мен соғыс өсиеттерін оқып, үйренді. Содан соң ол Бұхар қаласындағы соғыс мектебінде шыңдалды.  

Оқуын бітірген Жалаңтөс Нұрата тауларына түменбасы деген атақ, әскери дәреже алып қайтқан. Содан соң біршама уақыт Арал өңірлеріне би болып сайланып, ел басқару,руаралық талас-тартыстарын шешу мәселелеріне араласады.

1596 жылы ханның бұйрығымен Жалаңтөс Бағдат қаласындағы Даналық үйінің тыңдаушысы болған. Сонда жүріп соғыс өнерімен қоса аспан әлемі мен математикадан, жағрафиядан дәріс алған.

Жалаңтөс бабамыз Сырдың төменгі сағасы мен Әму жағындағы алшындар мен шөмендер қарайтын Нұрата аймағының әмірі болып тұрғанда соғыс өнеріне көп көңіл бөліп, сол кездің өзінде оның 10 мың сарбазы болған.

XVI ғасырдың ІІ жартысында қалың қазақ батысында орыстардың, солтүстігінде башқұрттар мен  ноғайлардың, шығысында жоңғарлардың, оңтүстігінде Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарының құрсауында болатын. Жалаңтөс ант жолын тартып, қолына найза ұстауға жеткенде елдің жағдайы осындай болатын.

1615-16 жылдар шамасында Балх билеушісі Нәдірмұхаммед сұлтан Бабыр ұрпақтары Үнді елінде атақты Тәж-Махал кесенесін салдырып, ақырында өз өмірі қайғылы аяқталатын Шах Шаханның екі баласымен ауыз жаласып, Бұхарды бағындыру үшін Хорасанда қол жинай бастайды.  Бабыр ұрпақтарының уысынан шығып кеткен Самарқан Бұхара, Ферғана аймақтарын өздеріне қайтару болатын. Дәл осы тұста Жалаңтөс Бұхараға шақырылып, сонда жасақталып жатқан әскерге қолбасшы болып тағайындалады. 1620 жылы 100 мыңдай әскермен ауған-үнді әскеріне қарсы шығып, оларды Кабул қаласына дейін ысырып тастайды. Бірақ Бабыр ұрпақтарынан мұнымен құтылмайды. Туран жұртына олар қауіп-қатер  төндіре берген соң 1622 жылы көктемде ауған-үнді-парсы қосындарына соғыс ашып, өзі осы соғыста жаудың жекпе-жекке шыққан 12 батырын құм қаптырады. Содан соң қарсыластарын Кабул, Мешхед,Герат қалаларына дейін тықсырып, сол қалаларда соққы берген деген мәліметтерді жазушы Ш.Мұратбаевтың еңбектерінен табуға болады. Міне, осы соғыстарда Жалаңтөстің аты батыр есебінде халыққа жайылды.

Жалаңтөстің  ел билеп атақты қолбасшы болуына әсіресе Имамқұлы хан көп еңбек сіңірген. Осы ханның тұсында Жалаңтөс Баһадүр сол кездегі ең жоғарғы «Аталық» дәрежесін алған. Аталық ханнан кейінгі барлық салаға үкім жүргізетін құзырлы лауазым. Мұның алдында ғана Самарқанның әмірі болып тағайындалған. Аса талантты қолбасшы десек те,Баһадүрге күш қуат берген қандай керемет бар еді? Жалаңтөстің ізінде қазақ және қазақ хандығы деген құдіретті ел тұрды. Шайбан әулетіне қатыссыз, бірақ төре тұқымы Уәли Мұхаммед бассауғалап келген күннен Иран шахы Аббас қолын жинап, Бұхараға қарай соғыс жорығын жасады. Бұхара халқы бөрлігіп кетті, тақтың оң солын танып үлгермеген Имамқұлы Иранға қарсы қалай қайрат қыларын білмей абыржыды. Хан сарайының бас уәзірлері Жалаңтөстің соғысудың майталман шебері және қазақ хандығынан қолдаушысы көп екенін жақсы білетін. Егер Жалаңтөс найза кезеніп шықса Бұхара мен Самарқан қазақтарының түгел атқа қонатыны тағы мәлім. Осы жайдан хабарлы болғасын Имамқұлы Баһадүрге өтініш салды. Әскері ұрысқа Жалаңтөс бастап шыққанда алдымен көмекке келген Ташкент қазақтары болды. «История Узбекской ССР» кітабы «...узбеки разбили шахское войско» деп әуелі бұра жазса да,ізінше: «...помогли казахи Ташкентского района» деп мойындаған. Ізінше Ташкенттің жау жүрек қазақтарынан қауіп еткен Имамқұлы кейін қандастарымызға қырғынды өзі салып, таққа баласы Іскендірді отырғызды. Содан бастап Имамқұлы мен Жалаңтөс Баһадүрдің арасында ыссылы-суықты қарым-қатынас қалыптасты. Кешегі араласып жатқан ру-тайпалардың қайсы қазақ,қайсысы өзбек боларының алғашқы нышандары пайда болды. Қазақ басына қатер төнгенде Баһадүрдің бұғып қалған жері жоқ. Әркез өз қандастары үшін басын тігіп, талай қан майданға түсті.  

Әсіресе, үлкен соғыс оқиғасы Жалаңтөстің атағын жер жиһанға жайған аса ірі соғыстары 1643 жылы Жәңгір ханның билігіндегі Жетісу өңіріне жоңғарлар  50мың қолмен басып кіріп,  10  мың адамды тұтқындап әкеткенін тарихшы И.Я.Златкин өзінің «Жоңғар хандығының тарихы» (М.1983) атты еңбегінде атап өтеді. Жарбұлақта осы қанды шайқаста Жәңгірдің мыңға жетпейтін азғантай қолы тау шатқалында өтіп бара жатқан жоңғар қалмақтарына тосқауыл қойып, қырғынға ұшыратады. Ел ауызындағы деректерге қарағанда жеңісті баянды ету қиын болатынын түсінген Жәңгір көмек сұрап  Сасық биді Жалаңтөске жұмсаған. Тарихтан жеткен мәліметтерге қарағанда, Жәңгір сұлтан мен Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың арасында айрықша адамдық әрі жауынгерлік достық болған. Жалаңтөс батыр парсы жаққа шабуыл жасағанда, Жәңгір оған үнемі көмекке келіп отырған. Сол көмектің бір қарымтасын осы жолы Жалаңтөс қайтарған. Сөйтіп олар жоңғарлардың 11мың 500 адамын қырғынға ұшыратып ойсырата жеңіп, оларды Алтай тауларынан әрі асырып тасған көрінеді.

Жалаңтөс батырдың соғыс өнерімен ғана шұғылданып қоймай, сәулет өнеріне, оқу біліміне айрықша назар аударған. Сол заманда академик М.Е.Массонның өзі Жалаңтөстің 3мыңдай құлдары болған дейді. Солардың күшімен 1619-1636 жылы Регистанда атақты Шер-Дар (Арыстанды медресе), ал 1647-1660 жылы Тилла Кари («Алтынмен апталған»)  медресесін салдырған. Өзбек тарихшылары мен өнер зерттеушілерінің еңбектері бойынша медресенің кеуінде Самарқан әмірі Жалаңтөс өз қаражатымен салдырған көрінеді. Шер Дордың басты фасадасы мен жалпы үй құрылысының көп жері Ұлықбек медресесінің үлгісіне ұқсатылып, соның қарсысына салынған. Шер Дор құрылысының шебері – Абдул Жаббар деген кісі.

Шер Дор медресесінің әшекейлі үлкен қақпасы бар. Қақпаның үстіңгі дуалында бір-біріне қарама –қарсы созылып жатқан екі жолбарыстың суреті бейнеленген. Сондықтан медресені «Жолбарысты» деп атаған. Ол парсы тілінде «Шер Дор» деген сөз.

Регистандағы екінші ескерткіш Тіллә-Кәри Шер Дорға қарағанда біршама кейіндеу қолға алынған. Медресенің аты «Алтынмен апталған» деген ұғымды білдіреді.Бұл ансамбль бүгінде әлемнің жеті кереметі сияқты шағын жұртшылыққа қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің  інжу-маржаны. 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  Данабаев Қ. Азияның ақырғы жолбарысы // Сыр бойы 16 желтоқсан 2005 ж

2.  Кекілбаев Ә. Үркер. Жазушы баспасы. Алматы 1981 – б

3.  Қалиев Ы. Сыдық Қ. Жалаңтөс Баһадүр // Егемен Қазақстан 28 ақпан 2001

4.  Златкин И.Я. Жоңғар хандығының тарихы –М,. 1983

5.  Орбұлақ шайқасы. Жалын баспасы. Алматы 2003-283 б

6.  История Узбекской ССР. том 1,книга первая.Ташкент 1955

Ысқақов Б. Тағы да Жалаңтөс батыр туралы //Сыр бойы 13 қазан 2006 ж

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз