Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Саясат Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы

05 Қыркүйек 2013
184
0

т.ғ.к. Кушенова Ғ.И.

«Қазақстан тарихы» кафедрасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Нұрсұлтанның нұрлы жолы»

Қазақстан –мызғымас тірлік пен жарасымды бірліктің алтын бесігі. Республиканың тарихын жаңғыртсақ, 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш рет жалпы халықтық сайлау өткізіліп, дауыс беру қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

Көшбасшы Н.Ә.Назарбаевтың таңдаған ішкі саясатының кейбір тұстарына зер салып өтелік. 1999 жылғы президенттік сайлауда қазақстандықтардың Н.Ә.Назарбаевты қолдауы жаңа партия құрудың бастамасына негіз болды десек қателеспейміз. Партия қоғамның ең мықты, саналы қозғаушы күштерін біріктіру арқылы дүниеге келді. Елбасының тікелей бастамасымен құрылған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың игілігі, мемлекетті, қоғамдық үдерістерді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, тұрақтылық пен гүлденуді, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және нығайту болып табылады. Осы бағытта «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы көптеген жетістіктерге жетіп, халықтың көңілінен шығып отыр.

Сондай-ақ Елбасының тікелей бастамасымен бой көтерген жаңа ғасырдың сәулетті қаласы – Астананың тарихымыздағы орны ерекше.Елбасы 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңестің депутаттары алдында астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы өзінің тарихи шешімін жариялады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. 1998 жылғы 6 мамырдағы Президенттің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретінде ресми тұсау кесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді. Міне, сол жылдан бастап, Астана әлемдегі саяси маңызды оқиғалар өтетін орталыққа айнала бастады. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға «Әлем қаласы» деген жоғары атақ берілді.

Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, нарықтық экономика талаптарына және мемлекеттің әлеуметтік-бағдарланған көрсеткіштеріне бейімделген халықты әлеуметтік қорғау жүйесі құрылды.Елбасының әлеуметтік саладағы осы саясатының басты мақсаты — халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Ата Заңымызда «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары», — деп көрсеткендей, осы мақсаттарды жүзеге асыруда Елбасының бастамасымен елімізде бірқатар бағдарламалар мен ресми құжаттар қабылданды. Еліміздің күннен-күнге дамып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудағы бағдарламалардың бірі ретінде Елбасымыздың мемлекетіміз­дегі жұмыссыздар қатарын азайтуға, тіпті мүлдем жоғал­туға себеп болатын және кәсіпкерлерге жәрдемдесетін «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын атап өтуімізге болады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы өз жолдауында еліміздің жетіс­тік­теріне әлеуметтік жаңғыртылуы­ның 20 қадамын айқындап берді. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» де­ген жаңа ұғымды енгізе отырып, оның ерекшеліктерін жан-жақты талдап түсіндірді. Сол уақыттан бері әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар жұмыстар атқарылды. Соңғы он жылдағы мәліметтерді сараптасақ, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамуында едәуір алға басты.

Бұған қоса білім саласына да көптеген өзгерістер енгізілді. Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның келешегі жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды жастардың қолында екеніне сенеді. Осы мақсатта президенттік «Болашақ» бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама бойынша қазақстандық жастар дүние жүзінің ірі оқу орындарында білім алып жатса, елімізде аса қабілетті балалар үшін президенттік «Дарын» сыйлығы тағайындалған.

Еліміздің игілігі, келешегі үшін жасалған мәдени саладағы ірі бағдарламалардың бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасы болды. Өйткені мәдени мұра – орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Бағдарлама негізінде:

·  халықтың үлкен мәдени мұрасын оның ішінде заманауи ұлттық мәдениеті;

·  ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді;

·  ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылауды;

·  мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құрды дей аламыз.

Н.Ә.Назарбаевтың ұтымды сыртқы саясатына келсек, ондағы басты мақсат – халықтардың ынтымақтастығы және әлемдегі бейбітшілікке негізделген. Осы мақсатта Қазақстан көптеген шараларды жүзеге асырып, көптеген халықаралық іс-шараларға қатысты.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы Декларациясын жариялауы арқылы жеке мемлекет ретінде дүниежүзілік қоғамдастыққа енуге мүмкіндік алды.

Сарапшылардың болжауынша Қазақстан өзінің сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар аударып келеді:

1. ТМД, Азия, Европа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы елдерімен халықаралық байланысты өркендету;

2. Ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнату;

3. Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.

Міне, аз уақыттың ішінде Елбасы өзінің саяси шеберлігімен Қазақстанды халықаралық қатынастарда, халықаралық аренада өзінің айналасындағы елдермен қауіпсіздігінегемендігін, аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаларына негізделген тату көршілік аймағын құруға мүдделі ірі аймақтык мемлекет ретінде танытты.

Қорыта айтқанда тарихымызда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген мемлекеттік басқаруда қолданылған ұлттық дәстүрлі қағидалар болған. Ол Қазақ хандығының өміршеңдігіне бірден-бір ықпал еткен мемлекеттің Ата заңдары болатын. Бүгінгі таңда сол территориядағы халықтың тәуелсіздігі мен жетістіктері үшін қажырлы еңбектері мен ғұмырын атаған, бірнеше рет бүкілхалықтық сайлауда Президент лауазымына және құрметіне лайық болған Нұрсұлтан ағамыздың жолы халқымыз үшін, қазақстандықтар үшін нұрлы болсын, – деп тілейміз.

1.  Қазақстан Республикасының Конституциясы.  Қазақстан Республикасы Парламентiнің  Жаршысы, 1996 ж. N 4, 217-құжат.

2.  Н.Ә.Назарбаев. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам // Егеменді Қазақстан, 10 шілде 2012 ж.

3.  Мөлдір Нұрман. Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің мерейтойы//www.kaztrk.kz/

4.  Н.Ә.Назарбаев. ЕҚЫҰ және жаһандық қауіпсіздік// www.personal.akorda.kz


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз