Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Бір халық-бір ел-бір тағдыр Діндер мен конфессиялар Қазақстандағы Ислам

Қазақстандағы Ислам

28 Тамыз 2013
2999
0

Қазақстанда исламның таралуының басталуы. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты.

Орталық Азия мен Қазақстанға исламның енуі VII-VIII ғасырларға жатқызылады. Алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. VIII ғ. басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыстың жандануы байқалады.

Исламның түбегейлі орнығуына VIIIғ. ортасында, 751 ж. Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Қытай әскері күйрей жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етіледі. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастуы еді.

Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды.

Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды.

Ислам мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орат Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті. Аймақтың тұрғындары мұсылман қауымының ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам құндылықтарының орнығуы халықтың әлемдік діннің гуамнисттік дәстүрлерін қабылдауына өз ықпалын тигізді.

Орта Азиялық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс мәдениеті тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды.

Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи ( 1166 ж. немесе 1167ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғғ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынды, қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.

XIII-XIV ғғ. Исламның таралу ерекшеліктері. XIII ғасырда Орталық Азия мен Қазақстан жерлеріне бағытталған монғол шапқыншылықтары мен олардың дәстүрлі діни сенімдерін ұстанатын тайпаларының (монғол және түркі) қоныстана бастауы салдарынан исламның таралуы біраз уақытқа дейін бәсеңдеді. Осы шапқыншылықтар кезінде көптеген қалалар жойылды, ғылым мен мәдениет орталықтары тоналды, мешіт пен медреселер қиратылды. Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттыққа ауқымды зиян келтірілді.

Алайда, уақыт өте келе қайта өркендеу басталды. Монғол басқыншылары мен ел билеушілері ислам діні мен түркі тілін қабылдай бастайды. Бұл жағдай ортағасырларда ислам дінінің көшпелі дала өңіріне қайта таралуына кең ықпал етіп, басқа да бұқара халық топтарын өзіне тартуға мүмкіндік берді.

Монғол билеушілері өздерінің діни сенімдерін мұсылмандарға күштемей, діни төзімділік танытты. Алтын Орданың ханы Берке (1255-1266) және басқа да хандардың (Өзбек, Түдеменгү) мұсылмандықты қабылдауымен исламның орны нығая түсті. Мысалға, Өзбек хан тұсында (1312-1342 жж.) Алтын орданың астанасында 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 рет намаз оқыған. Дін әртүрлі тайпаларды біріктіруші құралдың біріне айналды. Көшпенділер арасына исламды мақсатты түрде тарату басталды. Дін уағызшылары далалы өңірге Орталық Азиядан, Еділ өңірлері мен мұсылман әлемінің басқа да аудандарынан ағыла бастады. Миссионерлер арасында суфийлік бағыттың өкілдері де аз болмады. Сопылықтың нақышбандия мен ясауия тариқаттары билік пен қоғамдық санаға айтарлықтай ықпал еткен, сол себепті билік өкілдері сопылық тариқаттардың жетекшілерімен санасып отырған. Сонымен қатар, сопылар мешіттер мен медреселерді өз иелігінде ұстап, барлық діни рәсімдерге қатысып отырған.

Монғол шапқыншылығы кезеңінен соң қазіргі Қазақстан жерінде пайда болған мемлекеттерде (Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан) исламдану үдерісі әртүрлі өтіп жатты. Қарапайым халық арасында ескі сенімдердің (тәңіршілдік, шаманизм) қалдықтары сақталып қалды.

Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болыпжарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығайуы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға біргіуне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мазхабын ұстанды, алайда қоғамдық және жеке өмірде исламның тәңіршілдік пен шаманизмнің элементтерімен өзіне тән синтезі пайда болды.

XV  – XX ғғ. басындағы Қазақстандағы Ислам.

Қазақ мемлекетінің құрылуындағы исламның рөлі (ХV-ХVIII вв.). Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (1847ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.

Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның (шамамен 1718ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл заңда мемлекеттің ислам дініне қолдауын мойындайды. Мысалға, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»; «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді».

Қазақ хандығында қалыптасқан қоғамның құрылымы заңды түрде бекітілді, мұнда жүз бен руға бөлінбейтін ақсүйектерге басымдылық берілді. Ақсүйектер қатарына Шыңғыс ұрпағынан таралған төрелер мен Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт халифасының ұрпақтарынан таралған деп есептелетін қожалар жатты. «Жеті Жарғы» заңдар жүйесінде қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік деңгейін көрсетеді.

Сонымен қатар, құқықтық нормалардың басым бөлігі дала әдет-ғұрпымен байланысты болды, немесе шариғат пен әдет-ғұрыптың синтезі күйінде болды. Ислам діні дала әдет-ғұрпының басым бөлігін қабылдауына байланысты, әдет-ғұрып пен шариғаттың ара-жігін анық айыру қиын екені белгілі. Мұндай байланысты «Жеті Жарғыдан» байқауға болады. Қазақ қоғамында ислам мен көне халық дәстүрінің арадасып кеткен тұстары кездеседі. Мысалы, ислам сәбилерді атастыру («Бесік құда») салтын ислам жоққа шығармады. Бұл салт бойынша, мұндай құдаласу арқылы туысқан болу уақыт өте келе қайта жаңғыртылады. Ислам «қалың мал» төлеу секілді көне салттарға да икемділік танытты.

Аймақтардағы ислам дінінің ықпалының қалыптасуы ескі түсініктердің сақталуы және олармен синтезге түсуі арқылы да жүзеге асып отырды. Діни синкретизм қалыптасты, яғни, ислам дінін ұстануда ескі діни нанымдардағы кейбір түсініктер сақталды, әсіресе анимизм, шамандық, ата-баба рухына сыйыну элементтері сақталып қалды. Осылайша, исламға дейінгі нанымдардың элементтері сақталған дәстүрлі ислам кең жайылды. Діни басшылықтың имам, молда және өзге де ресми құрылымдары қалыптасқанымен, олар баяу дамыды.

XVI-XVII ғғ. Қазақстанда исламның жайылуына қазақ халқының орта азиялақ халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады.

Тәуелсіз Қазақстандағы Ислам. Тәуелсіз Қазақстан тарихына жүгінсек исламдық институттардың ықпалының артқанын байқамыз. Соңғы жылдардың тәжірибесі исламның қоғамдағы руханилықты қолдап, дамуға қуатты жасампаз ықпалын тигізетінін дәлелдейді. Зорлықты қабылдамау, сондай-ақ нәсілдік және ұлттық төзбеушіліктен бас тартатын Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) ілімінің бейбітшіл мәні еліміздегі тұрақтылықты сақтап, одан әрі нығайтуға жағымды әсерін тигізеді.

Өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында Қазақстан Республикасының Президенті былай деп жазады: «Біз, қазақтар үшін ислам – біздің дүниетанымызды анықтайтын ең алдымен жоғары идеал мен факторы, бұрындары ұмытылып кете жаздаған бай мұсысмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың рухына деген тиісінше баға берудің Рәмізі іспеттес».

Тәуелсіз Қазақстандағы ислам ықпалды қоғамдық күшке айналды. Мұсылман бірлестіктерінің саны қарқынды түрде өсуде. Егер 1991 ж. олардың саны тек 68 болса, 2000 жылдар басында 1652-ге жетті, ал 2011ж.  1-қантарында 2756-ға көтерілді. Елімізде жаңа мешіттер салынуда. 2011 ж. басында 2416 мұсылман ғимараттары қызмет атқаруда.

2005 ж. 22 науырызында Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен еліміздегі ең ірі мешіттердің бірі «Нұр-Астана» мешіті ашылды. Мешіттің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Елбасы: «Жаңа мешіт Қазақстанның жас астанасының нағыз рухани және діни орталығына айналады, ал оның өз сұлулығымен ерекшеленетін ғимараты қаланың сәулеттік келбетін көркемдей түсіп, оны қайталанбастай етеді... Діни ғимаратпен танысқан қала қонақтары Астана туралы қазіргі замандағы ең үлкен діндердің бірі исламды ұстанатын мемлекеттің астанасы деген ой қалыптастырады»- деді.

Ол Астанамыздың сол жағалауын көркейткен Ислам мәдени орталығы құрамына енді. Мешіт күніне бес мың адамды қабылдай алады. Айналасында биіктігі 62 метр төрт мұнарасы бар ғимаратты алюминий және алтынмен қапталған 21 күмбез безендіріп тұр. Бас күмбездің биіктігі 43 метр.

Алматыда «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті ашылды. Жыл сайын жаңа медреселер пайда болуда. Дін ұстанушылар саны күннен-күнге өсуде, олардың арасында жастар көп. Орташа және жоғарғы діни білім алатын адамдар саны көбеюде. Меккеге қажылыққа баратын қазақстандақтар саны өсуде. 2001 ж. қажылыққа 228 адам аттанса, 2007 ж. желтоқсанында 4300 қажылар ұзақ жолға шықты.

2006 жылдан Қазақстанда мұсылмандардың мейрамы Құрбан айттың бірінші күні демалыс деп жарияланды.

Қазақстан 50-ден астам мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз