Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ МЕН БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ

31205
ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ МЕН БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп азаматтарының өз құқықтарын толығымен пайдалануына мүмкіндік жасаған.

Біз Қазақстанның барлық тәуелсіз жылдары бойы түрлі этникалық топтардың арасындағы келісімді сақтай алдық. Қазақстанда посткеңестік кеңістікте орын ала бастаған ұлтаралық жанжалдардың қаупін дер кезінде бағалай алдық. Мұны Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев түсінді. Қазіргі жағдайларда ұлтаралық келісім процестерінің шынайы мазмұнын, оның барлық күрделілігі мен қарама-қайшылықтығында әлеуметтік-этникалық қауымдастықтардың дамуы тұрғысында талдау ерекше рөлге ие болуда.

Осы ретте мынадай парадоксальды жағдай қалыптасқанын айта кеткен жөн. Егер бұрынырақ ғылыми әдебиеттерде және тәжірибелік қызметте біз интернационалдыққа абстрактілі басымдық бере отырып, қоғам өміріндегі ұлттық фактордың рөлін жете бағаламаған болсақ, қазір, керісінше ұлттықты ерекше әсірелейміз, көбіне әлемдік дамудың заңдылықтарының бірі ретіндегі халықтардың бірлесуінің объективті үрдістерін елемейміз немесе маңызын кетіреміз. Сонымен бірге біздің қоғамның келешегі оларды дұрыс тану мен түсіндіруге және халықтар консолидациясындағы ұлтаралық келісімнің рөлін біздің түсінуімізге байланысты.

Ұлтаралық келісімнің қалыптасуы мен дамуы ұлттық мәселені ғылыми түрде шешумен органикалық байланыста. Мұндай келісім ұлттық, жалпы адамзаттық бірліктің негізінде мүмкін болады. Әлбетте, әрбір ұлттың сана-сезімі, өздері жасаған материалдық және рухани құндылықтарға деген ұлттық мақтанышы бар. Яғни, жалпы адамзаттық мазмұнға ие бола отырып, ұлтаралық келісім ұлттық негізде дамиды, өйткені, түпкі ұлттық мүдделер, сонымен бір мезгілде түпкі жалпы адамзаттық мүдделер де болып табылады. Ұлтаралық келісім тек әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар дамуының маңызды факторы ғана емес, сондай-ақ, қоғамның кемелділігі өлшемдерінің бірі де болып табылады. Ол – қоғамның консолидациясының басты бағыты және тату-тәтті тірлік кешкен халықтар арасындағы қажетті берік байланыстардың тұрақты болуының негізі.

Сөйтіп, ұлтаралық келісім әлеуметтік-этникалық қауымдастықтардың, жалпы адамзаттық өркениеттің дамуын айқындайтын маңызды белгілердің бірі болып табылады. Сонымен қатар – адамның өнегелі тәрбиелілігінің, жоғары мәдениеттілігінің барлық халықтардың мүддесімен ортақтастық деңгейінің көрсеткіші. Ол - демократиялық қоғамның баға жетпес байлығы. Сондықтан да біздің тәрбие жұмыстарымыздың бүгінгі міндеті – ұлтаралық келісімді әрбір азаматтың өмірлік серігі ету.

Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа ғасырда өмір сүру үшін өзгере білу, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керектігі, оған көнбегендердің көш соңында қалатындығы айтылған. Елбасының көзқарасы шындығында бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Мақала ХХI ғасырдағы ұлттық сана мен оның мәселелерін және таяу жылдардағы еліміздің алдындағы міндеттерді айқындап берді.

Мақалада бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне қойып, оның нақты мәні мен мағынасына үңіле отырып талдау жасайды. «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»,- деп атап көрсетті Елбасы.

Рухани жаңғырудың негізгі сипаты – өткен мен болашақты үйлестіре отырып жүзеге асыру. Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тікелей ықпал ететін «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» атты бағдарламалар бүгінгі таңда елімізде кеңінен жұмыс жасауда. Бәсекеге қабілетті болу үшін қазақстандықтарға білім шыңын бағындыру – ең басты алғышарт.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұратын сақтай отырып, болашақтан өз орнын айқындау. Ұлтаралық келісімде әділ де демократиялық қоғамның бекуі мен жетілуіне көпұлтты тұрғындардың күш біріктіруін қажет ететін, ұлттар бірлігінің шынайы өсу процесін айқындайтын сана қалпы көрініс табады. Бұл келісім мәдениеттің әлеуметтік құндылығы, ең алдымен, практикалық мақсатқа лайық болып табылады.

Өмірдің барлық саласындағы іс жағдайын осы көзқарас тұрғысынан қарауымыз керек. Практикалық әрекет қана әр түрлі ұлт адамдарының қарым-қатынас келісімін қалыптастыру процесі қандай бағытта, қандай қарқынмен дамып келеді және дами бермек; олардың көзқарастарында қандай нормалар, принциптер жетекші болып қалады және қайсысы қоғамдық мінез-құлыққа сәйкес сұрақтарға принципті түрде жауап береді.

Сонымен бірге мынаны ұмытуға болмайды: адамдар қарым-қатынасының интернационалдық жетілу деңгейі оның мәдени келісім принциптерін меңгеруімен ғана танылмайды, сонымен қатар өзінде бұл принциптердің «сіңіп кетуімен», кез-келген жағдайда жоғары интернационалдық мінез-құлыққа ішкі қажеттілігін тәрбиелеумен де танылады. Ұлтаралық қарым-қатынас жоғары мәдениет келісімінің принциптерін меңгерген адам әлеуметтік өмірде белсендірек, аса көреген, болашаққа сенімдірек қарайтын болады.

Қоғамды жаңарту, реформалау, модернизациялау және ғылыми-техникалық революцияны күшейту жағдайында мемлекеттік органдардың, қоғамдық мекемелердің және Қазақстанның басшы қызметкерлерінің маңызды міндеті – елімізде ұлттық қатынастарды дамыту және ұлтаралық келісімді тәрбиелеуді күшейту бағытында жүйелі, мақсатты жұмыстарды жолға қою. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің табиғатын, оның даму динамикасын, оның ішінде жалпы ұлттық, интернационалдық және ұлттық арақатынасын терең зерттеу қажет. Оның жалпы адамзаттық, интернационалдық негізде дамуын қамтамасыз ету, ұлттық қарым-қатынас саласында келеңсіз құбылыстар мен деформациялардың туу мүмкіншіліктерін болдырмау міндеті тұр.

М.В. Кемелбекова,

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы

бөлімінің ғылыми қызметкері

    

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?