Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТҮРКІСТАН УАЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ 5 ДЕРЕК

30532
ТҮРКІСТАН УАЛАЯТЫНЫҢ ГАЗЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ 5 ДЕРЕК   - e-history.kz

 

 

Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының газеті». Ол сол кездегі Түркістан генерал – губернаторының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде аптасына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастаған.

 

1 «Түркістан уәлаяты» қазақ баспасөзінің тұңғышы дегенімізбен, алғаш ашылған кезде бұратана халықтарға ақ патшаның саясатын сіңіру мақсатында құрылған болатын.

 

2 Газеттің тұңғыш редакторы – Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов ұлты башқұрт болса да, генерал-губернатордың тілмашы болып патша өкіметіне қызмет атқарса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және шығыстың көптеген тілдерінде еркін сөйлеген.

 

3 Басылым күнделікті мақаладан басқа «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын жеткізіп отырған. Одан бөлек, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында жердің сілкінгендігін үзбей хабарлап тұрған және халық алғаш рет 1870 жылдың 10 желтоқсандағы санында күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын осы газеттен оқып білген. 

 

4 Шоқан Уәлиханов пен оның зираты туралы алғашқы деректерді осы газет бетінен кездестіреміз. (Газеттің 1870 жылғы 3-нөмірінде басылған мақалада Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның Шоқанның Алтынемелдегі моласын барып көргендігі, оның халқына абыройлы, үлкен ғалым екендігі, моласының күйдірген кірпіштен жасалса да, бұзыла бастағаны, ал ағаш есікке жазылған сөздер мүлдем өшіп кеткені, сондықтан Кауфманның Шоқан басына қоятын құлпытасты Алматыдағы ұстаға тез уақытта жасауға бұйрық бергені жазылған). 

 

5 Белгілі шығыс зерттеушісі Н.П.Остроумов «Түркістан уәлаятының газетін» өз кезінде І Петр шығартқан «Ведомстволармен» салыстырып, ол Ресей үшін қандай рөл атқарған болса, Орта Азия халықтарының мәдени өмірінде «Түркістан уәлаятының газеті» де сондай рөл атқарды деген тұжырым жасаған.

Дәулет Ізтілеу

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?