Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Белгілі ақын Несіпбек Айтұлымен шығармашылық кездесу өтеді

30483

13 сәуірде сағ. 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Әдеби мейманжайында» «Бұл кітап әлемі...» атты Кітап айлығы аясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Жамбыл және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері, ақын Несіпбек Айтұлымен кездесу өтеді. 

Несіпбек Айтұлы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымы шығармашылық байланыста. Ақын – республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі, әдеби кештерге де белсенді қатысып келеді. 

Өткен жылдың қараша айында кітапханада ақын Несіпбек Айтұлының 7 томдық жаңа жинағының тұсауы кесілді. Жинақтың 6 томына автордың тырнақалды туындыларынан бастап, ақындық жолында жазылған таңдамалы өлеңдері мен поэмалары енген. Ал соңғы 7-томында автордың публицистикалық еңбектері мен әр жылдары берген сұхбаттары ұсынылған. Мұнда әдеби үрдістер, әдеби сын жөнінде айтқан сүбелі ой-толғамды пікірлері бүгінгі қазақ әдебиетінің де жай-күйінен сыр шертеді. Көп томдық көпшілік оқырманға арналған. Ғибраты мол ғұмыр жолында кейінгі ұрпаққа берері мол бедерлі жырлар мен салиқалы мақалалар топтастырылған бұл жеті том оқырмандарына ой салып, қазақ әдебиетінің сан салалы қойнауына жетелері сөзсіз. 

Несіпбек Айтұлының 7 томдық жинағы мен басқа да еңбектері, ақынға арналған кітаптар кітап көрмесінде ұсынылады. Кездесу кешінде Несіпбек Айтұлы өзінің шығармашылығы туралы әңгімелеп, жаңа жұмыстарымен таныстырады, аудиторияның сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ ақынның жыр жолдарынан үзінділер оқылады. 

Баспасөз қызметі: Зухра Баянова. Байланыс тел.: 47 26 68, 8 702 221 42 68

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?