2016 жылдың 11 наурызында сағ. 17.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде жас мүсінші, сәндік-қолданбалы өнер шебері Жанна Нөгербекованың «Сұлулық желісі» атты жеке көрмесінің ашылды.
Көрме «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдау жобасы аясында Санкт-Петербург және Ленинград облысындағы «Атамекен» Қазақтардың қоғамы мен Санкт-Петербургтегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды. 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің бастамасымен қолға алынған «Үкілі үміт» жобасы, жас таланттарға өздерінің шығармашылығын кең көлемде таныстырып және сәндік-қолданбалы өнердегі табыстарын жария етуге мүмкіндік береді.
Жанна Нөгербекова 1988 жылы 28 желтоқсанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебі - ЮНЕСКО клубының түлегі. Мектеп жасынан бастап әр түрлі республикалық, халықаралық фестивальдардың, көркемөнер байқаулырының және көрмелердің қатысушысы. Жанна ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде қорытындысы шығарылатын «Туған жерім» атты балалар шығармашылығының республикалық көрмесінің бірнеше мәрте қатысушысы. Жаннаның жарқын жетістіктерінің ішінде: «Қазақстан өнерінің апталығы» халықаралық өнер байқауының нәтижесі бойынша І орын (Алматы қ., 2010 ж.); «Толқын әуені» дипломдық жұмысын жүзеге асыру бойынша ҚР Тұңғыш Президенті Қорының гранты (Астана қ., 2012 ж.); «Халықаралық өнер апталығының» І дәрежелі дипломы (Мәскеу қ., 2014 ж.); DREWOODlution ағаш сәулеті халықаралық фестиваліндегі ІІ орын (А командасы, Тавриялық бақ, Санкт-Петербург қ., 2015 ж.).
Ж. Нөгербекованың жұмыстары Қазақстан мен Ресейдің көптеген көрмелерінде көрермен назарына ұсынылған: «Жас Өнер» (Алматы қ., 2010 ж.), Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары мен студенттерінің бейнелеу, кескіндеме, мүсіндеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі (Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Астана қ., 2011 ж.); «Арт-Сапар» (2012 жылы Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, және Өскемен қалаларында тұңғыш рет өткізілген жылжымалы көрме); «Адам және жануар» (Дарвин музейі, Мәскеу қ., 2015 ж.); «Жер шарын айнала» жобасы (М. Аникушиннің музей-шеберханасы, Санкт-Петербург, 2015 ж.); «Әр істің бір мәні бар» көрмесі (Ресей ұлттық кітапханасы, Санкт-Петербург қ., 2015-2016 жж.)
Қазіргі таңда Жанна Нөгербекова Санкт-Петербург қаласының И.Е. Репин атындағы бейнелеу, мүсіндеу және сәулет Мемлекеттік институтында «Мүсіндеу» мамандығы бойынша оқуын жалғастыруда. Ол көптеген техникаларды меңгерген, әр түрлі материалдармен жұмыс жасайды: қағазбен мұздан бастап гипс және қолаға дейін. «Сұлулық желісі» көрмесінде «гальванопластика» техникасында орындалған, қоладан, папье-машеден жасалған мүсіндер және ою-өрнектер ұсынылатын болады. Жанна Нөгербекованың әр туындысынан автордың қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерімен рухани байланысын сезінуге болады. Ағымдағы 2016 жылдың көктемдік мерекелері аясында Музейдің көрмелік маусымының Жанна Нөгербекованың көрмесімен ашылуы тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес.
«Сұлулық желісі» көрмесі 2016 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады
Астана қ., Бейбітшілік к-сі, 11.
тел: 75 12 85, 75 12 52, 75 12 14 БАҚ өкілдерін тіркеу үшін - 75 12 15
E-mail: museum _08@mail.ru