Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың киіз үйі

28882


Қазақтың материалдық мәдениетін қалыптастыруының негізі болған қазақтың дәстүрлі қолөнері жөнінде сөз қозғар болсақ, сонау ықылым замандарды басынан кешіріп, қазірге дейін мал шаруашылық аудандарда баспана ретінде қолданылып отырған қазақ киіз үйінен аттап өте алмаймыз.

Ата-бабаларымыз таулы өңірде мекенденгендіктен, орман-тоғайдың ен байлығынан мейлінше игіліктенген.

Қауымдық қоғам кезіндегі ата-бабаларымыздың алғашқы баспаналары тас үңгір, күрке, жер үй – лопы, балаған, қақыра, қалытқы, саргер, шарбақ үй, т.б. болғаны шындық.

Шаруашылықтың шалқуына ілесе тас үй, тасқора, тас үңгірлерді тастап, дөңбек үйлері, дөңбек қоралары, кірпіш үйлері бар тұрақты қоныстар құрып мекенденумен бірге көшпенді тұрмысқа лайықты киізүй қаңқасын, киізүй жамылшыларын жарыққа шығарған. Демек киізүй – көшпенді тұрмыстың төл туындысы.

Халқымыздың үйағаш басатын шебер үйшілері, ша­ңы­рақшылары, үйдің ағаш мүкәмәлін, ағаш ыдыс-аяғын жа­сайтын даңғайыр ағаш шеберлері артына ағаш ісмер­лігінің мол қазынасын қалдырды да, үйағашылық, үйшілік өнері – дара ұлттық ерекшелігімен бүгінге жетті. Киізүй мал­шаруашылық өңірлерінде қазір­ де пайдаланып отыр.

Жүйеден, киізүй көшпенді тұрмыстың жемісі болғандықтан, орталық және Орта Азианы қоныстанған басқа да мал өсіруші тайпалар қырғыз, тәжік, өзбек, моңғол т.б. ұлттарда «киіз туырлықтылар» атанды.

Алайда, әр ұлттың ұлттық салт-сана, діни наным-сенім­деріндегі, тұрмыс мәдениетіндегі өзгешеліктеріне қарай киіз үй­лерінде айқын парықтар болды. М: қалмақ үйі – (моңғол халқының «гер» деп аталатын киізүйі) сүйегі кереге – «терім»; уығын –«унын»; шаңырағын – «харач» деп атайды. Шаңырағы шағын, уықтары түзу ағаштан жасалады. Сондықтан үй төбесі қиық конус тәрізді, еңсесіз, аласа. Қазақ үйінен тар келеді. Уықтарына бау орнына бүлдірге тағылады. Туырлықтары кереге бойы келеді де, жоғарғы жағына үзік жабылады.Үзік етегі жайылып тегіс түседі. Туырлық үзіктерінің пішіліп тігілуі қазақ киізүй жамылшыларындай күрделі болмайды. Бұл моңғұл халқының тігетін баспанасы болып – қытай тілінде мыңгу бау қалмақ үйі делінеді.

Ал қазақ киіз үйлерінің уық балағы кереге басынан жоғары отызда елу сантиметірдей сыртқа тебіңкі, доғалана иін жасап керегемен қосылады да, табиғи биіктеп еңселі көрінеді. Сондықтан, қазақ киізүйі моңғол үйінен биік те, еңселі кең келеді.

Қазақ киізүйінің уығының иінделіп жасалуына байланысты үйдің сыртқы пішіні дөңгеленіп, келісті көрінеді. Осыған сай үзік етегі кең пішіліп, бүріле тігіліп уық иініне бөрікше киіліп келеді. Үзік ішінен жабылатын туырлықтары шаңыраққа жеткізіле, яки жете қабыл етіліп, қарақас салып жабылады.

Демек, қазақ киіз үйі мен моңғол киіз үйінің парқы:

1. Ұяағаштарының жасалуы ұқсамайды.

2. Сыртқы жамылшыларының пішіліп, жабылуы (үзік, туырлықтарының) ұқсамайды.

3. Сыртқы пішіні ұқсамайды.

4. Бау-шу, өрнектері, ішкі жиһаздалуы ұйқаспайды. Сондықтан сырттай көргенде-ақ киіз үйдің тігілу пішінінен қазақ киіз үйі мен моңғлл үйін айқын парықтауға болады.

Киіз үйдің пайда болуы қола дәуіріне яғни заманымыздан бұрынғы 3-ші мың жылдыққа саяды. (қ.с. энцеклопедиясы 5 том, 456 бет). Киіз үй ықылым замандарды басынан кешіргендіктен, оның даму барысын дөп басып айту өте қиын. Алайда киіз үйлердің алғашқы нұсқасы – «күрке» болды.

Күрке – сырықтардың басын буып жасаған алғашқы баспана. Сырықтардың басын шіліктермен бұрап буғаннан кейін, мосыға ұқсас тікейтіп тұрғызып, ара-арасына сырық қосып, күрке ағашының қатарын молайтып, орнықты әрі сырықтардың арасының жиі болуын қамтамсыздандырған. Сыртына шөп-шалаң, қамыс жапқан, кейін қамысты тоқып жапқан. Бірақ бұл көңілдегідей баспана емес еді. Күрке сырықтарының басын бууға топтап бұрап істеткен шіліктердің кепкеннен кейін сол беті тұрып қалатындығын білген адамдар, шіліктің бұл қасиетін пайдаланып, шіліктерді топтап бұрап шағын шеңбер жасаған. Оны күрке еңсесін кеңейтіп, түтін шығарып, жарық түсіру үшін пайдаланды. Жаңбырда, желден сақтанып, үстінен жамылшы жапты. Жамылшыны көтеріп тұру үшін шеңберге айқасытырып ағаш қойды. Жаңбыр, қар суы сорғаламау үшін бұл айқастырылған шіліктердің шағырақшалардан дөңес шығып тұруы қажет болды. Міне бұл – алғашқы күлдіреуіштер еді. Иілген шыбықтар айқастырылып, шаншылған шаңырақша алғашқы «шаңырақ» еді. Бұл шілік шеңберге (шаңыраққа) күрке сырқтарын сұғындырып күркені қоса өзгертті… Кейін қос тағаны биіктетіліп, қабырға жасалды. Бұл қабырғалар – тастан яки шымнан қаланды. Немесе шіліктердің өзінен тоқып, дөңгелек қабырға шығарылды… Міне бұл қазіргі күнде көзі сиреп бара жатқан қысқы ас үй яки қойма үйлері ретінде пайдаланылатын шіліктен тоқып, мәтша қойып, еңсесін шығаратын кәдімгі тошала үйлер болып табылады. (қазір бұндай үйлердің тоқылған шіліктерінің іші-сыртын сылап пайдаланады). Ерте кезде пайдаланған бұл баспаналарды көшіріп-қондыруға болмайтын еді. Тек отырықты жерлерде ғана пайдалана білді.

Ең алғашқы шіліктен бұрап жасалған шаңырақшада тым ебдейлі берік болмайтындықтан, табиғи қуыс ағаштардың екі жағын тұжырып, қабыр­ға­ларынан тесік тесіліп, шаңырақ орнына пайдаланды. Бұл «шелек шаңырақ» деп аталды. Әрі қазіргі ағаш шаңырақтың алғашқы тұрпаты болды.

Керегелер де қада ағаштардан біртіндеп дамыды… Бастапқыда ашалы қада жерге қағылып, онан соң айқастырылған қадалар пайдаланғаны мәлім.

Осылайша ғасырлардың өтуі бұл баспаналадың көші-қонға лайықталған, берік жималы түрін туындатты. Баспаналар біртіндеп жақсартылып, жаңғыртылып, өзгертіле беруімен бірге шаңырағы да, уық, керегелері де біріне-бірі сәйкесті, жығып-тігуге қолайлы, жеңіл, ықшам етіліп жасалып, қазақ киіз үйінің тұлғасы сараланып шақты.

Халқымыздың тұңғыш тіккен киіз үйі қандай? Қай уақытта, қай жерде тігілді? Шаңырағы, уығы, керегесі қандай болған? Бұл – ендігі ұрпақтар зерттейтін келелі архиологиялық тақырып…

Ал, грек тарихшысы Геродот заманымыздан бұрынғы V ғасырда арғы ата-бабаларымыз сақтардың киіз үйлерде отыра­тын­дығын қағазға түсірген.

Заманымыздан бұрынғы 103-105 жылдары үйсін ханына келін болып түскен Шиджүннің (Шайжанның) «Сағыныш» жырында:

Дөңгелек үй, туырлық там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас-суына, – делініп, үйсін елінің киіз үйде отыратындығынан дерек береді.

Киіз үйдің кемелді түрі «Орда» атауының тым ертеде қалыптасқаны белгілі. Халық ауыз әдебиетіндегі:

Қазақтың үлкен үйі Алтай, Қарпық Ұлысқа Орда болған аты артық, – деген жырлар сонау VI-VII-ші ғасырды меңзейді.

Сан шеберлерден жалғасып бізге жеткен 8 қанаттан 10, 12, 18 қанатқа дейін тігілген Ақ Ордаларды халқымыз қазіргі дәуірге дейін әкелді. Анықтап айтсақ, XX ғасырдың бас кезіндегі Шынжаңда уаңдық шен алған әлен мен ханымы Хадиша уаңның ордасы Шынжаңның сауырында болды. Ол алтын, күміс құймалармен безендірілді, меруерт-маржанды жібек баулар тағылған сән-салтанатты 12, 20 қанатты киіз үй болған. 12 қанатты Ордалардан сол кездің төрелерінде бірден болғаны айтылады. Бұл Ордалардың шаңырағын 3-4 жігіт атпен көтеріп, Орданы атпен тіккен. Өйткені, бұндай Ордалардың үй ағаштары ерекше сом, сындарлы, үй еңсесі биік болған.

Тарихта 30 қанатқа дейінгі Алтын орданы хандар тіккен. Оның уық, кереге, шаңырақтары алтындалып жасалған.

Ордалардың 3-4-ке дейін қосалқы үйлері болды. Ол – «Қонақ үй», «Жатын үй», «Ас үй», «Қойма үй» т.б. деп бөлінді.

Қазақ киіз үйлерінің тіркеліп, тігілетін түрлері де кезікті. Мысалы: ортаңғы үйдің жан-жағынан бірнеше есік шығарылып, осы есіктерге бірден киіз үй тіркеліп, «Ортаңғы үй», «Төр ұй», «Ауыз үй», оң, сол қанаттағы «Жан үй» т.б. деп аталды. Бұндай үйлер 4-5 үйден тігілді. Бұдан басқа 2, 3 үйден қатарлап, тіркеліп тігілетін түрлері де кезікті. Екі үйден тіркеліп тігілген үй «Қос үй» деп аталды.

Тым ертедегі аумалы-төкпелі заманда қысқы баспана ретінде үй үстіне үй тігетін ішті-тысты Ордалаларда қажетке қарай істелген (бұндай Ордаларды бір ғана шаңырақ болды). Бұндай ішті-тысты тігілетін үйлердің ықшам түрін науқас көретін бақсы-балгер, құшнаш-тәуіптер де пайдаланған.

Әдетте қыста киіз үйде қыстайтындар туырлық, үзікті қостап жауып, іргені көміп, жылылап ұстаған. Тым еретеде 4, 6, 8 доңғалақты алып арбаларға қондырылған жылжымалы Ордалар да болды. Шағын арбаларға қондырылған шағын үйлер «Жорық үйлері» ретінде пайдаланды.

8 қанаттан 30 қанатқа дейін тігілген Ордаларды хан-қахандар, бектер мен билер, төрелер мен уаңдар, болыс-бесілер, үкірдай-ілгідайлар отырып, билік жүргізіп, ел басқарды. Ел ішіндегі істерге кесім айтты. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» атқарылды.

Барлық халықтарға ұқсас еңбекші қазақ халқының ақыл-парасат, өнер үлгілерінің жемісі болған барлық әсем, айшықты, алтынмен апталып, күміспен күтелген ең асыл тастармен көзделген баға жетпес мүліктер, жабдықтар, аса қымбат бағалы ою-өрнекті, кестелі әсем өнерлік жабдықтар, киім-кешек, асыл қазыналар осы Ордалардан табылды. Бұл Ордалардың сән-салтанаты қазақ халқының өнер мәдениетінің заттық айғағы.

Ордаларды билік басын­дағылар, ең кемінде шіріген байлар тігетіндіктен, ол жеке дара, жапанда жалғыз үй болып тұрмады. Орда иесінің бір туысқандары, балалар, күтуші сайлауыттары, шабармандарының үйлері, малшы-қосшылары, ағайын-руластары ішіндегі жанкүйерлері төңірегіне топталып бір «ауыл» болып отырды.

Ауылдың ұйтқысы болған Орда – отауларымен және қосалқы үйлерімен бірге ауылдан шеттеу, ауылдың бас жағына тігілді.

Ерте кездегі ауылдар бір рудың белді ақсақалының маңына топтасудан құрылым тапты. Бұлардың көбі қандас туыстар, руластар болды. Бір ауыл 10-30-ға дейінгі шаңырақтан құралды.

Қараша ауылдарда болды. Бұлар күйі орташа және кедей малшылардын құрам тапты.

Құрамалар ауылы да болды. Бұлар тіке қандас туыс емес бірін-бірі пана тұтып, біріне-бірі селбесіп, күнелту үшін топтасқан кедейлердің әр рудан құралған шаңырақтары. Бұлар ыс сіңген қарақұрым туырлықты үйлерде отырды.

Бай, дәулетті отбасылар қостап, киіз үй ұстап, ақ шағаладай үйлерін жайлауда, қоңырқай үйлерін күзеу, көктеуліктерінде тігіп пайдаланды.

Қазақ халқы киіз үй салтанатын бірі – торқалы тойында, бірі – топырақты өлімінде көрсетті.

Дүбірлі той мен асқа шақырушылар мен сауын айтушылар (той мен ас беретін адамның мәртебе, абыройы, байлық дәрежесіне қарай) жер-жерге яғни үш жүзге, әр ел, әр аймаққа, ауылдарға дейін алдын-ала жіберіледі. Той өткізілетін яки ас берілетін белгіленген жерге жүздеп үй тігіледі. Бұл үйлер әр ру, әр ауылдан талданып, сараланып отбасы адамдарымен қоса, той яки ас күтіміне белгіленіп, көшіріліп әкеліп ретімен орналастырылады.

Тойға тігілетін үйлер шеңбер формасында немесе бірнеше түзу сызық бойына қатарлап, көшелеп тігіледі.

Бүгінгі таңда халқымыздың айтыс додасы үлкен салтанатпен тойланады. Мәселен, Шынжаңдағы Іле қазақ автономиялы облысы 4 жылда бір рет ақындар айтысын өткізіп, аудан аймақтары жылына яки жыл аралатып өткізіп, Сахара мәдениетінің сан өнеріне өріс ашты. Осы тойға арнап тігілген үйлер іші-сыртының сәнділігімен, жасау-жабдығының ұлттық ерекшелігінің қанықтығымен ерекше көз тартты. Бұрынғы түзу сызық бойынша көшеленіп немесе шеңбер формасында орналасатын той үйлері, ендігі кезекте айтыс мәніне қарай сан пішінінде, аққу пішінінде орналастырылды. Алтай аймағының ақындар айтысы өткізілу рет саны бойынша «9», «10», «11» пішінінде, 12-ші реткі ақындар айтысында киіз үйлер көшелеп, тізіліп тігілді. Ал Іле қазақ облысының 13-ші реткі ақындар айтысына 300 дей үй тігіліп, қос аққу пішініне келтіріліп орналастырылды.

Ерте кезде асқа тігілетін үйлер қарама-қарсы көшелеп тігілетін, әр 3-5 үйдің артына мал сойып, қонақ күтушілер орналасқан, ас-су дайындайтын ас үй тігіледі. Ас үйлер бірі-біріне тіркеліп, бірінен-біріне өтетін есіктермен жалғасады. Жалғасып тігілген үш үйдің екі басынан да есік ашылады.

Той мен ас салтанаты үшін үйлердің іші-сырты бірдей сәнделіп, әсем ою-өрнекті, жібек, меруерт шашақты дөдеге, тегеріш, бау-шу, басқұрлар, көз жауын алатын ораулы шилер, түс киіз, кілемдер ұсталып, кілем-кілше, торғын-тоқа, жібек, атлас көрпелер, құс жастықтар көпірте төселеді. Алтын әшекейлі, күміс құймалы ыдыс-аяқтар мен қымбат бағалы жабдықтар істетіледі. Әдеттегі ауылдардың киіз үйлерінің сырты сәнделмей, туырлық, үзік жабылып, немесе көтерме туырлық қана жабылып тігіледі…

Мейлі қандай пішінде, қандай сән деңгейінде тігілсе де, киіз үйлер артып жүруге, тігіп-жығуға  қолайлы, күн аптабын, ыстық-суық, жауын-шашын өткізбейтін, желге, жер сілкінуге берік, денсаулыққа пайдалы, қауіп­сіз баспана болуы сипатымен айрықша даралық қасиетке ие. Әрі әсемдігімен көзге түседі. Киіз үйдің тұлғасына архитектуралық шеберлік, сәулет, сұңғат өнері тоғыса біткен. Шынында, киіз үй туындысы ғана емес, «халықтың астрономиялық, метрологиялық (жадылық), математикалық, физи­калық, экономикалық т.б. өмірлік тәжірибесіндегі білімнің айқын көрсеткіші»…


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?