Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов
| Аты | Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов |
| Туған күні | 1924-05-25 |
| Қайтыс болған күні | 2013-09-24 |
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылғы 25 мамырда қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. Дүние есігін ашуға бір ай қалғанда әкесі Қожахмет өмірден озады. Анасы Айса елiмiздi ашаршылық жайлаған жылдары көз жұмады. Тұл жетім қалған 7 жасар Сағадатқа ағасы Сағит әке де, шеше де болады. Жанындай жақсы көрген ағасын Сағадат Қожахметұлы «Ағам шымыр денелі, жұдырығы тоқпақтай, қой көзді болатын. Анама ұқсаушы еді», - деп еске алады. Бірақ сұм соғыс батырдың жалғыз ағасын да майдан даласына алып кетіп, көп ұзамай Новгород түбiндегі шайқаста қаза табуына себепкер болады. Отбасынан айырылған Сағадат ерте есейіп, жастайынан алғыр, өжет болып өседі. Туыс атасы Әлжан айтқан Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы жыр-дастандарды сүйсіне тыңдайды.
1942 жылы 18 жасқа келген ол кеңес әскерінің қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1945 жылы С.Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Ол басқарған пулемет ротасы Варшава қаласынан 60 шақырым жерде жатқан Магнушев плацдармындағы шайқаста 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Бұл қаланы жау әскерінен тазарту кезінде ол басқару әдісінің сауаттылығымен көзге түседі.
Шайқастардың бірінде дәлдеуіші істен шыққан пулеметті Нұрмағамбетов өз қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді. Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. Бұл шайқастарды өз көзімен бақылаған кеңес әскерінің қолбасшысы, маршал Георгий Жуков Сағадат Нұрмағамбетовті Кеңес одағының батыры атағына ұсынады. Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасар Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес одағының батыры атанады. Тарихи күнді ол былай еске алады: «Төсбелгілерді әскер қолбасшысының өзі табыстады. Ол бізді шын ниетімен құттықтап, кеудемізге Ленин ордені мен Алтын жұлдызды тақты. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым», - дейді ол...
1945 жылғы 8 мамырда С.Нұрмағамбетов екінші рет Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Оның батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысады. Бұл кезде майор атағымен атқыштар дивизиясын басқарған ол Берлинде 100-ден астам әскердің 500-ден астам фашисін құртып, 9 бекіністі жояды, 1560 жау әскерін тұтқынға алып, дәл осы шайқаста бірінші рет жараланады. Алайда қазақ сарбазына екінші мәрте Кеңес одағының батыры атағы берілмейді. Десе де соғысты Берлинде аяқтаған қазақтың қаһарман ері 1945 жылғы 31 мамырда Қызыл ту орденімен марапатталады.
Ол 1946 – 1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы әскери академияны бітіріп, Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары қызметiн атқарды. КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды. Ал 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.
Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, ол елдегі қауiпсiздiк пен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды. Оған батырдың жазып қалдырған естеліктері дәлел. Ол 1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентiнiң жарлығымен Мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кіріссе, 1992 жылғы 7 мамырда Қорғаныс министрi болып тағайындалады. Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовті тапқан болатынмын», - деп, сол кезді еске алады.
Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған Сағадат Қожахметұлы әскери мамандарды сапалы түрде даярлауға бар күшін салады. Ол өз естелігінде былай жазады: «Жаңадан құрылған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды жинау үшін Ресейдің Бас штабымен республикалық кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Украинаны да, Белоруссияны да жолата қоймаған Ресей бізге де келісімін бере қоймады. Дегенмен ымыраға келдік. Ресей жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Ресей академиясына қазақтың офицерлерін іріктеп, ел мүддесі үшін қызмет етер деп үміт арттық. Сол кезде оқуға жіберілген жастар бүгінде еліне адал қызмет етіп, үмітімізді ақтап жүр».
Нұр-Сұлтан, Алматы, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанған Сағадат Қожахметұлы 1971-1994 жылдары Жоғарғы Кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Ол ҚР Қорғаныс министрі лауазымынан 1995 жылғы қарашада босағаннан кейін де бірнеше жыл Тұңғыш Президенттің кеңесшісі қызметін атқарады. 1999 жылы Үкімет қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне әскер генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.
Қайраткер 2013 жылғы 24 қыркүйекте, 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған, Отан үшін от кешкен батыр халқының шынайы зиялысы, қадірменді ақсақалы болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев даңқты батырдың отбасы мен туған-туыстарына жолдаған көңіл айту жеделхатында «... Жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ол майданда фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасты. Ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Соғыстан кейінгі өмірін әскери қызметке арнап, мұнда да талантты сардар, тамаша қолбасшы ретінде танылды. Өзінің біліктілігі мен талапшылдығына қоса, қарапайымдылығымен және әділдігімен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болды. Ол ел тәуелсіздігінің бастапқы қиын-қыстау жылдарында Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі ретінде еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастырып, нығайтуға өлшеусіз зор үлес қосты. Сол себепті оған Халық қаһарманы атағы берілгенін ерекше сезіммен еске аламын. Халқымыз оның еңбегін ешқашан ұмытпайды, ал оның жарқын дидары біздің жадымызда әрдайым сақталады», - деп атап өтті.
Оның құнды естеліктері мен терең ойларын сақтаған басылымдарды Елбасы кітапханасының қорынан кездестіруге болады. Кітаптардың қатарында генерал С.Нұрмағамбетовтің авторлығымен түрлі жылдардағы Ұлы жеңістің мерейтойына арналған «Мой передний край» (1995), «А в памяти нет тишины...» (1999), «От огненных лет до суверенной армии: Сборник мемуарных произведений» (2009) бар. Болатбек Нәсеновтың «Қазақтың 200 жылғы тарихы» (2004) атты онтомдығы, Жанболат Әлиханұлының «Біртуарлар» (2008) атты шығармалары да Сағадат Нұрмағамбетов сынды қазақ халқының біртуар ұлдары туралы тың деректерді келтіреді.