Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АРҚАНЫҢ АЛТЫН ТӘЖІ - ҚАРҚАРАЛЫ

2995
АРҚАНЫҢ АЛТЫН ТӘЖІ - ҚАРҚАРАЛЫ - e-history.kz

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласынан

Облыс орталығы Қарағандыдан шығатын, тас жолмен зырғыған көліктердің барлығы Көкпекті мен Ботақараны артқа тастап, солтүстік-шығысты бетке алып көсіле тартады. Ол жақта ертеден іргесі бөлінбеген, қойы қоралас, адамы аралас екі құдандалы Алшынбай мен Құнанбайдың құтты елі бар. Қарағандыдан шыққан күре жолдың соңғы нүктесі Қарқаралы қаласына келіп аяқталады.

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар өңір. Бір қаланың өзі - мыңдаған туристерге жәдігерін ұсына алатын қазынасы көп орталық.

Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, тауында арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болғаны белгілі. Тіпті, мұнда динозаврлардың болғанын да археология ғылымы дәлел болады. Оған – қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары.

Без названия (18).png

Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Бұған қарап Арқа төсіндегі Қарқаралының 2 мыңжылдан астам тарихы бар, ескі жұрт екенін бағамдаймыз. Кент, Алат, Талды қоныстары жарты әлемді жайпаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені болғанының тарих айғақтайды

Қала іргесі 1824 жылы қаланды.

Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Карпатқа дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде Қарқаралы топырағындай қасиетті, киелі жер жоқ», – деген болатын. Сондықтан болар орыс мұжықтары қазақ жеріне келе салысымен, Қарқаралы шаһарын қоныс етті. 1824 жылы  Патшалық Ресей билігі Орта Азия мен Сібір арасында сауда-саттық орнату үшін осы өлкеде арнайы қамал салдырған. Орыс-казак әскері тұрғызған станица бүгінгі Қарқаралы қаласының көне орны. Сібірден шыққан орыс көпестері осы станица арқылы Орта Азияға қатынап тұрды. Ал, 1869 жылы Қарқаралы қаласы уезд орталығына айналды. Сол тұстан бастап уезд орталығына орыс көпестері мен шаруалары келді. Тағдырлары біте қайнасқан халқымыз оларды бауырына басып, бірге тату-тәтті ғұмыр кешті. Қоныстанушы шаруалардың қаладағы қызыл кірпіштен соққан үйлері әлі де сол бәз қалпында сақтаулы. Ондай үйлерді Қарқаралыдан көптеп кездестіруге болады.

Қарқаралы өз дәуірінде уезд орталығы ғана емес, маңызды сауда орталығынада айналды. Осы өңірде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өтті. Өңірдің экономикалық ахуалы артып, мәдениеті жаңа биіктерден көріне бастады. Өңірдің рухани-мәдени дамуына тың серпін берілді. Осылайша Қарқаралы біртіндеп ірі қоғамдық және саяси орталыққа айналды. Қарқаралы тарихы осылай жалғаса отыра, тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанның ең таңғажайып, сұлу да ғажап, қасиет қонған мекеніне айналды. Ол бүгінгі - Қарқаралы ауданы.

Қарқаралы – қасиет қонған киелі мекен.

«Қарқаралы – руханият әлемінің байлығы жағынан исі қазақ даласында ерекше биік тұрған шаһар. Қасиетті Абайдай ұлының ізі қалып, Қазыбектей тура биінің кіндік қаны тамып, ақиық дауылпаз ақын Қасымның, ғарышқа әуелеген Тоқтардай ұлдың алтын ұясы», - деген болатын жазушы, журналист Мақсым Омарбекұлы. Шын мәнінде қасиетті Қарқаралы топырағында ұлтымыздың мақтаныштары болған ұлы тұлғаларымыз туып, өсті.  

Без названия (19).png

Бұл жер қазаққа қорған болған атақты Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының, ержүрек ақын-сазгер Мәди Бәпиұлының, шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғаптың, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің, XX ғасырдың басында Қазақстанда жаңа үкімет орнату жолында аянбай күрес жүргізген, алаш арыстары Нығмет Нұрмақұлының, Жақып Ақбайұлының, Мәдіғали Тәтімұлының, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің, дауылпаз ақын Қасым Рақымжанұлының, ҚР халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың туған жері.

Қарқаралы атауы не мағына береді?

Өлке атауының шығу тарихы туралы деректер де, тарихи әфсаналар да көп. Қарқаралының кербез де сұлу, көрікті тауларының алыстан қарағандағы пішіні қыз-келіншектердің бөркіне ұқсайды. Жергілікті өлкетанушылар, қала атауы осыдан шыққан деседі. Екінші бір нұсқасында «тәж» ретінде айтылады. Яғни Арқаның алтын тәжі, жер жәннаты мағынасында.

Сондай-ақ Сарыарқаның сайын даласындағы Қарқаралы таулары ханның басына киген алтын тәжі сияқты көрінеді. Ғажайыпқа толы өңірдің атауын ақындарға жырға қосты, жазушылар әңгімелеріне арқау ертті.

 «Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады,– деп Мәди бабамыз жырына қосты. Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов Қарқаралыдан алған әсерін керемет өлең жолдарымен суреттеген:

Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар,

Мендей сені сезді ме басқа жұрттар.

Ақ шашты әжем секілді тұрып алды

Қарқаралы басында ақша бұлттар.

Сарыарқаның төскейінде күн нұрындай төгіліп тұрған, мұнартқан көгілдір таулар, маржандай сұлу көлдер, көне заманнан келе жатқан әсем таңғажайып ормандар жер біткеннің жәннатындай.

Қарқаралының символына айналған «Жиренсақал» шыңын көріп, бойыңдағы құдірет пен шабыт тау сілемдеріне өзіңді шақырғандай әсерге бөлейді. Бұндай биік шыңдардың қатарына Бұғылы, Шаңкөз, Көктөбе құздарын қоссаң да аздық етпесі анық. Қарт Алтайдың Бесбоғдасы мен Алатаудың Хаңтәңірі шыңдары биік болып көрінгенімен, Қарқаралы тауының тарихына олардың шежіресі жетпес. Тіпті, Қарқаралы қаласынан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан Кент таулары, ал одан шығысқа қарай Балқантау сілемдері ерте техтоникалық тау түзілу жоталарынан құралған. Олар да – бойларына жинаған, талай тарихи шежіре тұнған сұлу мекен.

Таудың ұшар басындағы ғажайып – көл

Қарқаралы жайында сөз еткенде Шайтанкөлді айтпай кету мүмкін емес. Бұғылының басындағы ерекше жаратылған табиғи құбылыс – Шайтанкөл. Ол таудың ұшар басында, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Суы мөлдір, түбі тастақ,  ешқандай ағын су келіп қосылмайды. Тереңдігі жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Қайбір жылы шетелдік ғалымдар арнайы аппарат түсіріп, көл тереңдігін тексермекші болған. Онысы 500 метрден асыпты,-дейтін халық дерегі бар. Соған қарағанда көл, сөнген жанартаудың кіндігінде жатқан секілді. Шайтанкөл турасында ел арасында айтылған аңыз да, әфсана да жетерлік. Өлкетанушылардың айтуы бойынша, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп атаған дейді. Халық арасында сол жайында аңыздар көп.

Без названия (17).png

«...Өте ерте заманда орман-тоғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел аралайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін әулие көл басына жиі келіп, дұға оқиды екен. Көлдің «Шайтанкөл» атануы содан екен» дейді.

Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Дәл осындай таудың биік шыңдарындағы түзілген көлдер ретін азды-көпті бассейн көлдер тізбектейді. Биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көлдер, шынында да, табиғи бассейн тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шындарында жиі кездестіруге болады. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор.

Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында Шайтанкөлдің әдемі көркі суреттелген. «Шайтанкөл – ғашықтар мекені» деп ақын Серік Ақсұңқарұлы әнге қосқан. Шайтанкөл – өзінің табиғи жаратылыс ерекшелігімен ертеден әсемдік пен сұлулықты қастерлеген қауымға шабыт берген, ғажайып көл. Қасиетті мекеннің  тұмары.

Арқаның кербез сұлу, құт мекені

Қарқаралыға кімдер қызықпады дейсіз. Қазақ үшін  қиын кезең болған XVI-XVII ғасырларда Қарқаралыны жоңғар-қалмақтар басып алған. Сондықтан болар шежіре дастандарда Қарқаралы мөлдір махабаттың өлкесі деп әспеттелсе, тарихи деректерде жоңғар-қалмақтарға мекен болған жер деп айтылады. Оған дәлел: Кент таулары бойында орналасқан Қызыл кенші сарайы. 

Без названия (16).png

Ескі Кент қаласының орнында орналасқан сарай кішігірім жазықта, барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған. Сарай – XVI-XVII ғасырлардан қалған архитектуралық қалдықтар жәдігері. Ол Қарағандыдан 260 шақырым жерде, Қарқаралы ауданының Кент тауының шығыс жағында, Қызылсу өзенінің бойындағы Қызылкент шатқалында орналасқан.

Қызыл кеніш сарайының құрылысы осы уақытқа дейін қаз-қалпында сақталған. Өз уақытында бұл екі қабат етіп салынған, айқыш тәріздес архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына, осы өңірдің қызыл тасы қашап салынған. 

Будда храмы ма, әлде «Қыз әулие» мазары ма?

Қызыл кеніш сарайы 15 гектардан астам жерді алып жатыр. Өз дәуірінде сарайда шамамен 5000-ға жуық адам мекен еткен. Қалада сауда ісі жақсы дамыған. Оған себеп археологиялық қазба жұмыстары аясында сарайдан сауда орындары, сырт мемлекеттерден келген сауда бұйымдары табылған. Бұдан бөлек бұл жерде мекендеген халықтың ғибадатханасы болған. Оны археологтар 2011 жылы ашып, Қызыл кеніш орнында үлкен қала болғандығын және үлкен топырақтың астынан Будда храмын тауып алады. Бір қызығы бұл ғибадатхана табылмай тұрып, жергілікті халық, әлгі орында Қыз әулие мазары деп, басына барып тәу етіп, қасиетті жер деп қастерлеп жүрген болса керек. Сөйтсе, Қыз әулиенің қорымы деп жүргендері топыраққа көміліп қалған будда храмы болып шығады.

Без названия (14).png

Тексеру жұмыстары барысында сарайдың негізгі бөлігі, үш қосымша бөліктері және сарай маңында орналасқан оншақты зират орындары анықталды. Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ, қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің көпшілігі жергілікті жердің жағдайына сай келмейді. Олардағы ою-өрнектер Моңғол елінің лама храмдарындағы дүниелерді әшекейлеу үшін қолданылатын өрнектермен ұқсас. Соған байланысты зерттеушілер бұл будда дінінің лама тармағын ұстанушылардың ғибадатханасы болған деген қорытындыға келіп отыр. Оны ХVII ғасырдың 40-ыншы жылдары Хундулен-Убаши хан немесе сол ғасырдың 70-ыншы жылдары Очирту-Цецен хан тұрғызуы мүмкін. Бұл сарайдың ғұмыры ұзақ болмаған. Қазба жұмыстары барысында жануарлар сүйектерінің аз табылуы және жәдігерлердің аз болуы дәлел ретінде келтіріледі. Кеніштің құпиясы әлі ашылмаған. Бүгінде қаланың тек шағын бөлігі ғана зерттелген.

Қарқаралы дуанын билеген Құсбек төре.

Тарихи өлке Қарқаралы дуанын билеген Құсбектің тарихта алар орны ерекше. Абылай өлгеннен соң (1781 жылы) да қазақты төре тұқымының бiрiнен соң бiрi биледi. Бергi Арғынды: Бөкей-Бiрәлi-Шалғынбай Құсбек билеп, әділдіктің ақ туын қадады. Құсбек төре сұңғыла саясатшы, жеті тоспаға бөлінбес шешен, ол уәдесінен тайқымас дуан басшысы болған.  Алаш қайраткері, ұлт көсемі, Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан  мен Құсбек төрелердің арғы аталары бір – Бөкей хан. Көкжал Барақтың ұлы Бөкей ханды 14 жасында Қаз дауысты Қазыбек мен шекшек Нұралы би Орта жүзге хан сайлау үшін қаракесек еліне алып келген. 

FtgJ4NL2rPo.jpg

Бұл туралы Құсбек төре бейіті туралы деректерді алғаш жинақтаған ғалым, зерттеуші Мыңжасар Әдекенов: «Атақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін азат етілген жерлерге Сырдың бойынан, әр жерден қайта серпіліп келіп жиналған елді басқаруға деп Қаздауысты Қазыбек би мен шекшек Нұралы би Самарқандағы Барақ ханның 14 жасар баласы Бөкейханды 1748 жылы алып келіп, Орта жүзге хан сайлаған екен. Содан бері, міне, 258 жыл өтті. Осы 258 жыл Бөкейхан мен одан тараған, ел басқарған сұлтандардың тарихы орталық Қазақстанның, Қарқаралы аймағының да тарихы», – дейді. Осылайша қазақ жерінің жазиралы өңірі Қарқаралы төре тұқымдарының құт-берекелі қонысы болған.

Сарыарқада өмір сүрген Бөкейханды 1815 жылы Нұра бойында билердің қолдауымен хан сайлайды. Бөкейхан 1819 жылы 85 жасында қайтыс болады. Бөкей өлген соң орнына аз уақыт баласы Шыңғыс хан болады. Хан Бөкейден өрбіген ұрпақтары Тұрсын, Тәуке, Рүстем, Ысмайылхан, Жамантай болыс, ал Құсбек аға сұлтан болып ел билеген. Тәттімбеттің «Бес төре» күйі осы Тәукенің бес баласына арналған.   

Без названия (20).png

Тіпті кейбір деректерде қазіргі Қарқаралы қаласындағы «Құнанбай қажы» мешітін салу туралы алғаш идея авторы Құсбек төре болған делінеді. Кейін Құнанбай дуанға мешіт салып, Құсбектің ісін жалғастырған. 

Семей қаласындағы Абай музейiнiң аға ғылыми қызметкерi Мұздыбай Бейсенбаев өзiнiң «Ана тiлi» газетiнде (1993 жыл, 12 тамыз) жариялаған «Құнанбай тәкиесi мен Қарқаралыдағы мешiтi» атты архив құжаттарына негiзделген зерттеу мақаласында жаңа мешiт орнын анықтау, құрылыс iсiне Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын қатыстыру мәселесiн сұрап жазған аға сұлтан Құсбек Тәукиннiң қатынас қағазын да архивтен тапқанын жазған екен.  Бұл жайлы деректер жазушы-зерттеуші Думан Рамазан ағамыздың «Құнанбай мешіті» мақаласында кеңінен тарқатылып жазылған.  

unnamed.jpg

«Осы жылдары (1849-1852) Құсбек Алшынбаймен келiспей қалып, кезектi сайлау кезiнде Құнанбай аға сұлтан болып сайланды. Содан бастап мешiтке қатысты Шекара басқармасына жазылған қатынас қағаздарында басқаларға қарағанда Құнанбай есiмi жиi көрiне бастаған. Бұл құжаттарға сүйенер болсақ, мешiттiң құрылысы 1950 жылдың 7 қаңтарынан бастап қолға алынып, екi жылға жуық мерзiмде аяқталғанына көзiмiз жетедi. Сондай-ақ, мешiттiң мұсылмандар үшiн өте қажеттiгiн сезiнiп, оның құрылысы мен аяқталуына бар күш-жiгерiн салған Құнанбайдың қолға алған iстi абыроймен аяқтау үшiн бел шеше кiрiскенiн аңғарамыз», – деп жазады Д. Рамазан.

Түйін. Қарқаралы тау сілемдерінің таңғажайып кереметтерін, ұлылар жүрген даланың ұлылығын тізбелей беретін болсақ, біздің де жазып отырған қалам құдіретіміз аяқтала қоймас. Көгілдір таулардың өз қайнарына бүккен тарихи шежірелері әлі де ұрпаққа құпия болмақ. Қарқаралының өрісі мен қонысына, қонақжай халқына Алаш ардақтыларының ұлы рухы қуат беріп, шуақ төге бергей!

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

ҚР Ақпарат саласының үздігі

Фотосуреттер автордікі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?