Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

АЛТАЙ – АДАМЗАТТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ...

3052
АЛТАЙ – АДАМЗАТТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ... - e-history.kz
...Яғни күллі адамбаласының шыққан жері, осы Алтай,-деген сөз бе, бұл? Дәл солай! Бұл жәй ғана айтыла салған сөз емес

Алғашқы адамдар Африкада пайда болып, жер жүзіне тарады дейтін теория бар. Бірақ, соңғы жүргізілген археологиялық, генетикалық зерттеулер ескі пайымды түбірімен терістеп: адамзат бір уақытта - жер бетінің 4 бұрышында, Африка, Еуропа, Австралия және біздің Алтайда пайда болды дейді.

Мысалға, хомо-сапиенс біткеннің отаны саналатын Африкадан алғашқы адамдардың бірі дейтін мүрде табылды. Жасы 50 мың жыл екен. Ал, Австралия жерінен табылған ежелгі кісінің сүйегі, Африка – адамзат бесігі дегенге үлкен сұрақ қойды. Енді ше?! Осыдан 60 мың жыл бұрын-ақ, Австралияның жазығында адамдар жүгіріп жүріпті. Еуропалық көне адамның жасы 40 мың жыл болса, Алтайдан табылған адамның тісін, саусақтарын ДНК арқылы мұқият зерттеу барысында оның 50 мың жылға жуық уақыт бұрын өмір сүргенін анықталды. Африкалықпен түйдей құрдас. Әлгі тау үңгірі Берелден 57 шақырым ғана жерде орналасқан. Қысқасы, Алтайды - адамзат өркениетінің төртінші ошағы ретінде айтуға әбден болады. Олай болса, Қазақ елі – АДАМ пайда болған және жан-жаққа тараған алтын бесікте өмір сүрудеміз.

ҚАРЖАУБАЙ САРТҚОЖАҰЛЫ – ҒАЛЫМ: Алтай – адамзаттың алтын бесігі деген – әдемі ұйқас үшін айтыла салған сөз емес. Археолог, генетик ғалымдар адам баласының бір ошағы осы Алтайдан шыққанын дәледеп жатыр ғой, сүйектер, тұрақтары арқылы. Ал мен сізге өзім көрген бір үңгірді айтайын. Оны Сеңгір үңгірі дейді. Осы үңгірде 1949 жылы орыстың археологы Акладников деген, өте үлкен адам тапқан. Осы зерттеп көреді де. Мынау біздің заманға дейінгі 45-50 мың жыл бұрынғы сурет деген пікір айтқан. Бұл сурет Франциядағы, Испаниядағы Альтамир үңгіріндегі суреттермен бірдей боп шығады ғой?! Мұны сызған кім? Осы Алтай тауында өмір сүрген ежелгі адамдар. Совет кезінде айтпады. Олар біздің аталарымыз. Адамзаттың бір тармағы осы Алтайдан дүниеге тарап кетті...

Жә-жарайды. Әзірге адамзат алғаш Африкадан тарады деген теорияға көндік. Бірақ, сол қара құрлықтан қара жаяу шыққан адамға, астына ат берген – Ұлы Дала, ал енді адам еткен, мәдениеттің бүкіл мәйегіне баулыған, музыкаға үйреткен, металл игерткен – ол Алтай тауы. Бұған енді ешкім таласа алмайды! Иә, адамзат ең алғаш металлмен осы Алтайдың етегінде танысып еді.

ӘБДЕШ ТӨЛЕУБАЕВ – АРХЕОЛОГ: Алтай десе, шексіз қазба байлық көз алдыға келеді. Бұл тауда не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Титан, күміс, алтын шығып жатыр. Химиялық элементтің 100 түрі осы Алтайдан табылып жатыр.

Ең алғаш жер бетінде, металлды ерітіп, темірден бұйым жасаған адамдар осы Алтай мен Жезқазғанда өмір сүрген. Жапон ғалымдарымен бірлесіп, планетадағы ең алғашщы металлургиялық пештерді таптық. Алтын, мысты ерітіп алатын пештерге шейін, табылды. Алтай – көне металлургияның отаны дейтіні де сол... Өзі Алтайдың атауының мәні «Алтын» деген сөзден шыққан. Алтынтау деген мағына, береді.

Біле білсеңіз, ең алғашқы темір де осы Алтайдың етегінде қорытылған. Күллі әлем қола дәуірінде жүргенде, Алтай жұрты, жер жаһаннан 600-700 жыл ерте, темірге көшіп кеткен. Ергенеқон дастанында темірді қорытып, жабылып қалған жолды бұзып жарып, темірші түріктердің Алтайдан түскені айтылады.

Алтай – ежелгі түрік халықтарының кіндік жұрты. Осы таудың етегінде ес жиып, күш алып, әлемдік империя құруға осы Алтайдан аттанып отырған. Римді дірілдеткен Ғұндар... Византия, Қытайға әмір жүргізген Көк Түріктер, алтын бесімігіз деп, осы Алтайды айтады. Алтай – тек түрік әлемінің ғана емес, сонау Корея түбегінен Венгрия жазығы дейінгі аралықты мекен етіп отырған халықтардың да отаны.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ – ТҮРКОЛОГ, ҒАЛЫМ: Мысалға қазіргі Венгрияның негізін қалаған көптеген тайпалар осы Алтайдан ауып барғаны мәлім болып отыр. Керек десеңіз, Британиядағы саксондардың да түп-тамыры осы жақтан ширатылады. Тойнбидің, одан бұрын Ибн Халдунның айтқанындай, Еуразиядағы барлық ұлт-ұлыстың ешбірі Алтайға соқпай кетпейді. Алтайды енді қазіргі Кореядан Орталық Еуропаға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақтың түп-қазығы деп айтуға болатын шығар?!

Ғалымдар айтып отыр: Алтай – жер бетіне тарауға бет алған адам ұлына біраз уақыт пана болған, талай технологияны меңгерткен өлке,-деп. Иә, осы таудың етегінде адамның бір баласы атты қолға үйретті. Ұлы жазықты бағындыру содан кейін ғана мүмкін болды. Осы таудың етегінде бір қауым шаңғыны ойлап тауып, Сібірге кетті. Енді бір қауым өркениеттің жаңа үлгілерін өмірге әкеп, мүлдем басқа құрлыққа жол тартты. Ол Америка еді.

Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер тіпті Америкалық үндістердің Алтайдан кеткендігін айтып жатыр. ДНК-дағы сәйкестіктер де, осы ойдың растығын дәлелдейді. Денен, Адене тайпалары, тіпті ИНК, МАИЯ мәдениетінің де Алтаймен байланысы бары, қазір біраз тарихшыға мәлім.

Үндістердің алғашқы легі Алтай өңірінен біз­дің жыл санауымыздан 40 мың жыл бұрын, екінші легі 20 мың жыл бұ­рын, соңғы легі 12 мың жыл бұрын Альяс­ка арқылы Америка конти­нен­тіне кеткен. Олардың басқа емес, түріктектес, Алтайдан кеткеніне антропологиялық ұқсастықтары да аргументке жарайды. Мысалға, тек түрік халықтарының шақалақ-сәбиінде ғана құйрық маңында көк мең болады. Осындай көк дақ үндістерде де бар боп шықты. Америка үндістерінің біз­бен, яғни түркі халықтарымен ар­ғы тегі бір екеніне тағы бір дәлел: Та­тардың ғалымы Калимуллин, өзі­міздің Ахметов үндістердің тілін зерт­теп, 4 мыңдай түркінің түбір сөз­дерін қолданатынын анықтады. Сөй­тіп, ғалымдарымыз қазір Аме­ри­ка үндістері кезінде түркі тектес ха­лық болған деген тұжырымға ке­ліп отыр.

Бұл Алтайдан, сонау қиырдағы Жапондар тамырын тарқатады. Профессор Уяма Томохиконың айтуынша; «Жапон тілі мен түркі тілдеріндгі сөйлемдердің орналасу тәртібінде айырмашылық жоқ. Біздің кейбір лингвистер жапон тілінің тарихын алтай тілдерімен байланыстырғысы келмейді. Бірақ, мына ұқсастыққа қараңыз: қазақша «Жер сілкінісі болған кезде оның ағасы үйде кітап оқып отырды» деген сөз жапонша «Jishin-ga okita toki, kareno ani-wa ie-de hon-o yonde ita» деп аударылады. Яғни, бұл ретте «Jishin-ga okita» сөзі «Жер сілкінісі болған кезде» деп аударылса, «toki, kareno» - «оның ағасы» деп тәржіманалып, осы рет бойынша сөйлемдегі сөздер тура рет бойынша аударылады», - дейді профессор.

Алтайға әркімнің-ақ бар таласы дегендей, байқасаңыз бұл таудан тарадық дейтіндердің қатары көп. Әне жапон, мұнда немістерде талпынып жатыр. Неге? Себебі, адамзат өркениет жасауды осы Алтайдан үйренген. Иә, тек Алтайдан шыққан қауымдар ғана – жер бетінде дүркіреген мемлекеттер тұрғызған. Солардың алғашқысы Арий тайпалары.

ЕДІЛ НОЯНОВ – ҚАЗҰУ ДОЦЕНТІ, ТАРИХШЫ: Бүгінде Арийлер дейтін супер-этнос жайлы көп айтылады. Бұл жасампаз халық. Бұл өркениет тудырушы жұрт. Мысалға, Арийлер 1 мың жылдықта Иран жеріне барды, Зорастризм пайда болды. Үнді жеріне барды, Буддизм пайда болды. Адамзат өркениеті осы Арийлерден пайда болды,- дейді барлық ғалым, бірауыздан. Енді, адамзатты өркендеткен сол бір ұлтқа әркім –ақ таласып әлек. Гитлер кезінде, неміс халқы сол Арийлердің ұрпағы,-деп бөскені бар. Ал шын мәнінде, Арийлер көшпенді халық болғаны, Иран, Үндістан жеріне солтүстіктен кіргені мәлім. Олардың атамекені Ертіс пен Обь өзені. Алтайдың етегі. Мұны соңғы уақытта біраз ғалым мойындап та жатыр.

10 мың жыл бойына, Алтайдың етегін түріктің тайпалары, хандықтары керек десең империялары мекен етті. Ал, бүгінгі күні олар жоқ болғанымен, олардың ұрпағы саналатын қазақтар бар. Аспаннан түскені жоқ, осы өңірде жасап келеді. Олай болса, Алтайдың заңды мұрагері осы қазақтар.

Бірақ, солай бола тұра, Алтайды Қазақстаннан өзге 3 ел бөліп-бөліп алды. Ол Моңғолия, Ресей, Қытай.  Ең қызығы, Алтайдың жан-жағына барсаң да, тек қазақтар мекендеп отыр. Бұрын түрік халқы мекендеген болса, қазір қай жағында, солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс жағында да тек қазақтар мекендейді. Құдды, Алтай дейтін адамзаттың қарашаңырағын қазақтар күзетіп отырғандай.

Нұрбек Бекбау

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?