Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ хандығы және Хан тауы

2322
Қазақ хандығы және Хан тауы - e-history.kz
Шу-Іле таулары сілемінің бірегейі - Хан тауы қойнауының бүркемелі бет-перделерінің ашылмай жатқан тылсымды құпиялары қаншама.

Киелі Шу өңірі — табиғаты көркем, даласы дархан да шуақты шапағатымен ел жұртына бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды жоталары, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала үстіртті даласы алып жатыр. 

Шу-Іле таулары сілемінің бірегейі Хан тауы қойнауының бүркемелі бет-перделерінің ашылмай жатқан тылсымды құпиялары қаншама. Хан тауы атауының қалай аталғаны жайлы да толық біле бермейміз. 

Мәселен, жаз жайлауының түкпіріндегі Қарасу өзенінің бойында «Хан қорасы» деген шатқал бар. Ол неге олай аталған? Ол жайлы да әр қилы пікірлер бар. Сондай-ақ, 2–3 жерде «Хан тағы» деген тастақты төбешіктер орналасқан. Және-де ескі қорымдар көптеп кездеседі. Сонымен қоса «Ахатай» мен «Байжан» қыстауларының маңындағы түкпірде «Керей» қыстауы орын тепкен. 

Кезінде жоғарғы екі қыстаудың қалай аталғаны белгілі болғанмен, Керей атауы жайлы анық мәлімет жоқтың қасы. Бұған бірден-бір себеп, жетпіс жылдан астам үстемдік құрған Қызыл империяның астарлы саясатының әсері. Меніңше, қайысқан қалың қолмен Шыңғыс ханның 13-ғасырда жарты әлемді жаулағаны белгілі. Шау тартқан шағында Шыңғыс хан келешекті ойлап, жаулаған өлкелерінен айырылып қалмас үшін, әрі билігін әлсіретпеу мақсатымен жаулап алған жерлерін төрт ұлына бөліп бергені тарихтан белгілі. 

Шу мен Мойынқұм аймағы үлкен ұлы Жошының құзырына тиесілі жердің құрамында болғандығы, ақиқат. 

Уақыт өте келе Шу өңірінің еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекетіміздің іргетасының қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Осы туралы тарқатып айтсам. 1428 жылы әкесі Барақ хан өлген соң Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді. Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолыстанға көшеді. Тарихи, аңыз бойынша, көшуге Қобыланды батыр мен, Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. Әбілқайыр хан тарапынан екі сұлтанға қауіп-қатердің төнуі Ұрыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге көшпелі өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді. Осылайша,  көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойына қыстап шығып,  Керейді, ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Осы тарихи оқиғаның болған уақыты Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди» кітабында 1465 жыл деп көрсетілген. Ел басымыз осы дерекке сүйеніп, үстіміздегі 2015 жылды назарға алып отыр. 

Қалай болғанда да, Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Мойынқұм ауданының Хан тауы екендігі шүбәсіз шындық. Шүбәсіз шындық дейтін себебім, жоғарыда атап өткенімдей, бір емес 2–3 Хан тағы тастақтары бар екендігі. Бірін Жошы хан тақ ретінде пайдаланса, бабасының орнын қадірлеп баспайын деп екінші тақты Керей хан тақ орнына қолданған болу керек. Сондай-ақ ел-жұрттың басын біріктіруде ұзақ мерзімге жайғасқандықтан, «Хан қорасын"да Керей ханның пайдаланғанық. 

Аңыз бойынша «Керей хан Қазақ хандығын оншақты жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген. Керей ханның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ»-деп тайға таңба басқандай анық жазған. 

1980 жылдары жұмыс бабымен Хантау жайлауларына қатынап жүргенде байқағаным, бағзы заманнан қалған ескі қорымдар көптеп кездесетініне көз жеткізгенмін. Осыған орай, жуырда Еңбек Ері, даңқты шопан, сексеннің сеңгіріне таяған Шоман Шәріпбаевқа хабарласқанымда, Шөкең: «Бала күнімде үлкен кісілерден естуімше, Керей хан қайтыс болғанда Теректі өзенінің Шаянтасқа жақын маңдағы үңгірге жерленген. Сондықтан, сол маңдағы қыстау „Керей“ қыстауы аталған деуші еді. Үлкен Хан тағы мен кіші Хан тағының қай жерде екені-де маған белгілі. Және де Бату ханның баласының өліміне байланысты „Ақсақ құлан“ күйінің шыққан жеріндегі орнын сонымен бірге төрткүл әлемді ерекше қызығушылықпен таң қалдыратындай Шыңғыс хан жайлы аса құнды деректі мекенді-де көрсете аламын. Зерттеуші ғалымдар мен жазушы-журналистер сенімді көліктерімен арнайы келсе»,-деп ашығын айтты. 

 Мәкен Уақтегі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?