Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алмахан Мұхаметқалиқызы: Президент абайтанушылардың көкейіндегісін айтты

3070
Алмахан Мұхаметқалиқызы: Президент абайтанушылардың көкейіндегісін айтты - e-history.kz
Мемлекет басшысының "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласына орай белгілі ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы өз ойын ортаға салды.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" газетіне жариялаған Абай туралы әрбір пікірін қадағалап оқып шыққанын айтты.

Мен қаншама жылдар бойы осылай болса деген ойыммен жүр едім. Тура осы ойымды оқығандай-ақ барлығы Президенттің аузынан шыққанына мен керемет қуандым. Шыны керек. Мен жылдар бойы осы сұрақтарға жауап таба алмай жүрген едім. Әр ұлттың биік тұлғасы болады ғой. Сол тұлға арқылы ұлтты таныту деген қай заманда да бар дүние. Бірақ біз өзіміздің құндылығымызды уақытында бағалай білмейтін елдің қатарындамыз ғой. Абай туралы аудармаларға қатты назар аудару, Абайды әлемдік деңгейде таныта отырып, қазақ ұлтын таныту, Абай туралы орталықтарды көбейту деген бұл менің қаншама уақыттан бері айтып келе жатқан дүнием еді. Соны Президенттің аузынан естігеніме қатты қуанып отырмын - дейді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Оның ойынша, Абай жасқа бөлінбейтін, ұлтқа бөлінбейтін, ескірмейтін, өзінің құндылығын ешқашан жоймайтын, алмас сияқты жан-жақтан жарқырап көрінетін, ұлттың қай саласынан болса да зерттеуге лайық қазақтың ең биігі.

Сондықтан да оны танып, Абайдың құндылығын біліп, Абайды осындай деңгейге көтеріп, Абай туралы жан-жақты пікірін білдіріп, тереңнен талдап жазғанына мен шын риза болып отырмын. Шынында да Абай ешқашан өлмейді. Қазір "абайтанушылар азайып барады" деген алаңдаушылығымызға жауап беріпті. Сондықтан да Абай жаңа қырынан жарқырап көрініп, басқаша, осы күнге дейінгі көп сұрақтарымызға жауап табатын уақыт келгенін байқатты. Керемет. Сол тілегімізге жеткізсін - дейді абайтанушы.

Расында да Абай – қайталанбайтын тұлға. Қазақтың маңдайына біткен бақ. Қазақтың бойтұмары.

Біз Абайдан артық ештеңе айтып, не болмаса кейбір ғалымдар айтып жүргендей Абайды зерттеп болған жоқпыз. "Қазақ әдебиетінде ең көп жарыққа шыққан Абай шығармалары, Абайда айтылатын ештеңе қалған жоқ, бәрін айтып болдық" деген сияқты пікірлер болған. Ал, Мұхтар Әуезов Асқар Тоқпановқа берген бір жауабында, "Абай мұхит болатын болса, біз сол мұхиттан шөміштеп қана алдық" деген. Мұхтар Әуезовтің шөміштеп қана алып кеткен мұхиттай терең ғұламаны біз өз деңгейімізде көтере алмай, өз деңгейімізде тани алмай жүрміз. Өзіміз тани алмай отырып, біз Абайды әлемге қалай танытамыз. Президенттің Абайдың аударылуына баса назар аударуы, өзінің түпнұсқа негізінде қайтадан аудартуы, қазақтың бүкіл әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, этнографиясын, мәдениетін, Абайдың шығармашылығы арқылы жеткізу – осының барлығы о бастан керек дүние - дейді ақын.

Сонымен қатар, Алмахан Мұқаметқалиқызы Абайдың алаш арыстарымен де үндес екенін айтты.

Мұхтардың да айтып кеткені, Міржақыптың да айтқаны осы. Әлихан Бөкейхановтың да айтатыны осы. Ең бірінші Абайды әлемге танытқан Әлихан Бөкейхан. Абай өз дәуірінде де өз деңгейінде таныла алған жоқ. Ол енді – табиғаттың заңы. Одан кейін Совет үкіметі кезінде дәуірге қарай бұрмаладық. Шығармаларының көбі Кеңес дәуірінің сөзін сөйлеп кетті. Енді, біз тәуелсіз елдің, Тәуелсіз Қазақстанның Абайын жасап шығару үшін бізге Тоқаев сияқты өте жан-жақты ойлайтын Президенттің аузынан шыққан осындай үлкен мақаланың бастау болуы қажет. Және менің бір қуанып отырғаным, о баста елдің басына келгенде ұлттың бойтұмарына, биік шыңына айналған Абай еліне барып, Абайдан бастағаны мені қуантқан еді - дейді абайтанушы.

Оның айтуынша қаншама жылдар бойы бұл әр қазақтың көкейінде жүрген дүние.

Абайдың елордада бір орталығы болуы, әрбір жерлерде орталықтары болуы, тіпті, сырт елдерде де Абайтану орталығының болуы туралы айтып, тілмен жеткізе алмай жүргенімізді бір-ақ мақаламен жеткізгеніне қатты қуанып отырмын. Айтарым – осы. Абай өзінің өлеңінде де айтады ғой, еленбей жүрген еңбектің бір еленер уақыттары болады екен. Менің соған көзім жетті. Тура сол менің көкейімде жүрген дүниені бір тетікпен ғана, бір мақалының ішіне сыйғызып айта салғанына мен керемет қуанып отырмын. Біз Абайды өзінің биігіне көтерсек, халықтың бірлігі күшейетініне, қазақ деген ұлтты әлемнің бұдан да артық тани түсетініне кәміл сенемін. Сондықтан да біз ең алдымен өзіміздің жақсыларымызды ұлықтап алуымыз керек деп ойлаймын - дейді ол.

baq.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?