Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сайыпқыран саңлақтар

2816
Сайыпқыран саңлақтар - e-history.kz
Қажымұқан – спорт әлеміне қазақтың атын шығарған тұңғыш батыр. Міне, содан бері біздің спорт шеберлерінің жұлдызы жарқырап, жанып келеді

Бұл топтамада қазақ спортының ең табысты кезеңдеріндегі өрімдей жас, хас шеберлерінің жұлдызды сәттерін баяндайтын боламыз

Әлжан Жармұхамедов (баскетболшы)

Ә. Жармұхамедов Оңтүстік Қазақстан облысында 1944 жылы дүниеге келген. Руы – кіші жүз, жаппас. Мектеп бітіргеннен соң, Шыршық қаласында жұмыс істеген. Сол кезде зауыттың дене инструкторы ұзын бойлы Әлжанды баскетбол секциясына шақырған (208 см). Кейіннен 1963 жылы Ташкенкенттегі дене шынықтыру институтына түседі. Оқу бітіргеннен соң КСРО-нің  бірінші лигасындағы СКА баскетбол командасында және Өзбекстанның ұлттық құрамасында өзінің біліктілігін арттырды.

1967 жылы 23 жасында советтік баскетбол құрамасымен Еуропа біріншілігінде чемпион атанды. Еуропа біріншілігінде Ә. Жармұхамедовтың бұл соңғы жетістігі емес еді.

1969 жылы 26 қарашада Мәскеулік ЦСКА құрамасына ауысады. Онда ойын барысында жақсы көзге түсіп, КСРО Ұлттық баскетбол құрамасына жиі-жиі  шақырту алады. 

1972 жылы КСРО құрамасымен өмірінің ең үлкен жетістігі Мюнхенде өткен жазғы Олимпиада ойындарында қазақ спортшыларынан тұңғыш рет 28 жасында чемпион атанады.  1971-1979 жылдары да кәрі құрлықтың үздіктері қатарында болды. КСРО баскетбол лигасының 10 дүркін чемпионы.

Ә. Жармұхамедов баскетбол ойынын аяқтағаннан соң командаласы, атақты С. Беловпен бірге Ресей құрама командасын жаттықтырып, 1994 жылы Канада да өткен әлем біріншілігінде екінші орынды қанжығасына байласа, 1997 жылы Еуропа біріншілігінде қола медальді жеңіп алады.

Қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы қазіргі таңда Мәскеу қаласында тұрады. Өмірінің ұзақ ғұмырын спортқа арнаған баскетболшы Ресей ардагерлер құрамасының белді мүшесі.

Тимур Сегізбаев (футболшы)

Тимур Сегізбаев 1941 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Мектеп кезінен Г. Козелько жаттықтырған «Авангард» футбол клубында жаттыққан. Қазақтың тұңғыш кәсіби футболшысы. Совет Одағы чемпионатының жоғары тобындағы таңдаулы футболшылардың бірі. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап, Рига қаласында өткен мектеп спартакиадасында 1957 жылы Армения ұлттық құрамасынан 1 тайм бойынша 5 гол жіберіп алған еді. Бірақ 17 жасар Т. Сегізбаев ойынның соңына дейін 5 гол соғып, есепті теңестірген.

Сол жылдан Қазақстанның нөмірі бірінші командасы Қайраттың жаттықтырушалырның көзіне түсіп, сол команда да ойын көрсете бастайды. 1960 жылы қазақ футболының тарихында Қайрат футбол құрамасы ССРО жоғарғы лигасында ойын көрсете бастайды.

1960 жылдың 14 мамырында Беларустің «Динамо-Минск» құрамасымен болған ойында 19 жасар Тимур қарсылас команда қақпасына екі гол соғады. 1963 жылы 22 жасында КСРО спорт шебері атанды. Ал 1964 жылы Мәскеудің аты жер жарып тұрған «Спартак» командасымен болған ойында Т. Сегізбаев В. Лисицын қорғаған қақпаға 2 рет гол соғады. Ойыннан соң «Известия» газеті бұл жеңіске арналған мақала тақырыбын «Тимур және оның командасы» деп қояды.

Өкінішке қарай, 29 жасында даңқты футболшы мансабын аяқтады. Дәрігерлер Т. Сегізбаевтің бойынан созылмалы радикулит ауырын тапты.

1971 жылы 30 жасында Т. Сегізбаев өзін жаттықтырушы ретінде бағын сынап көреді. Оның алғашқы командасы қызылордалық  «Автомоболист» футбол клубы болды. Екі жылдан соң қарағандылық «Шахтер» клубында жаттықтырып, біраз тәжірибе жинақтайды. Тәжірибе жинақтаған Т. Сегізбаев өмірінің басты командасы Қайратқа келіп, 6 жыл жаттықтырушы қызметін атқарды.

Тимур Сегізбаев ғұмырын арнаған «Қайрат» футбол клубы туралы:

Мен – өмірімді футболға арнаған адаммын. Бұл ойын менің тағдырымда әрдайым ең біріншкі кезекте тұрады. Егер тағы да өмірге келсем, мен еш ойланбастан қара-сары түсті жейде киіп, «Қайраттың» құрамасында тағы ойнар едім. Артымда – «10» нөмірі, алдымда – «Қорғаныс және абырой». Себебі, мен үшін бұл футбол клубына құрметім шексіз, – дейді.

Жақсылық Үшкемпіров (балуан)

Ж. Үшкемпіров 1951 жылы қазіргі Жамбыл облысы Тегістік ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде оқып білім алды. Оқуды бітіргеннен соң, Семей қаласындағы мал дәрігерлік институына түсіп, зоотехникалық мамандығын таңдаған.

Жақсылық жастайынан күреспен айналысып, ісін жалғастырмақшы болып, атақты жаттықтырушы В.А. Писаревтің басшылығымен Алматыға ат басын бұрады.

Үшкемпіровтың де жауды тізе бүктіретін құпия тәсілдері болатын. Солардың бірі – арқадан асырып лақтыру, бұл тәсілді балуан жақсы меңгеріп, соның арқасында талай қарсыластарын тізе бүктірген. Жақсылық Үшкемпіров күрес кезінде өз қарсыласын дәл бағалай біліп, оның осал жерлерін анық байқап, кездесу нәтижелерін өз пайдасына шешетін.

1975 жылы 24 жасында Алматыда өткен алтыншы жазғы халықтар Спартакиадасында балуанның жолы болып, барлық қарсыластарын жеңіп, Спартакиада чемпионы атанды. Осы Спартакиадан соң  Ж. Үшкемпіровтың жұлдызы жарқырай түсті. Қазақстан чемпионаттарында жеті рет үздіктердің үздігі болған.

Ж. Үшкемпіров маңдайынан терін төгіп, бар күш жігерін Мәскеу қаласында 1980 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындалады. 48 кг салмақта классикалық күрестен Ж. Үшкемпіровтің бағы жанды. Сол Олимпиада да оның қарсыластары румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді өзінің ерекше стилімен, төзімділігімен жеңіп шықты. Осылайша 29 жастағы Ж. Үшкемпіров Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.

Бекзат Саттарханов (боксшы)

Б. Саттарханов 1980 жылы киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. 1995 жылы алғаш рет балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтің шақыртуымен бокс үйрімесіне қатысады. Бір жылдан соң Б. Саттарханов республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, бокс үйрімесіне бекер келмегенін дәлелдейді.

Әрине Қазақстанның бірнеше қалаларында бағы жанып жүрген Б. Саттархановтың қысқа ғана ғұмырындағы басты жеңісі сонау Аустралиядан сыңғырлатып алып келген алтыны, жұпыны көңіл жұртымыздың рухын асқақтатқан  сәті еді.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионы 2000 жылы Сиднейде өткен дүние жүзінің спорт саңлақтары жиналған олипиада ойындарында 57 кг салмақта өзінің қарсыластарын ойсырата жеңген Бекзат 20 жасында сенсация жасап, алтын алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан І дәрежелі «Барыс» орденін алған тұңғыш спортшы болды.

Өкінішке қарай сол 2000 жылы 31 желтоқсанда Түркістан-Шымкент тас жолында көлік апатынан қайтыс болды.

Әкесі Сейілханның естелігінен: «Бекзат XX ғасырда дүниеге келді, жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанды. Жиырма жыл ғұмыр кешті. Жаңа ғасырға жиырма минут қалғанда бақилық болды».

2002 жылдан бастап Бекзат Саттарханов атында дәстүрлі Халықаралық бокс турнирі ұйымдастырылып тұрады. Даңқты боксшы атында туған жері Түркістан қаласында спорт мектебі бар.

Қорыта келе, қазақтың спорт саңлақтары қай кезең, қай уақыт болсын өздерінің тұғырын биік ұстап, көк туымызды желбірете білген. Бұл жазылған мысалдар бір бөлігі ғана. Қазіргі таңда жастық жалыны оттай шарпыған арынды да қарымда таланттар даңқты спортшы ағаларының жолын жалғап келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?