Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хан Кененің рухы

1447
Хан Кененің рухы  - e-history.kz
Қазақ халқын ғасырларға созылған бодандық бұғауынан құтқару жолында тәуелсіздік туын көтерген ұлт қаһармандарының бірі Кенесары Қасымұлының соңғы шайқасы біздің Қордай ауданының жерінде болды

Атасы Абылайханның бытыраңқы қазақтың басын қосу туралы арманын жүзеге асыру үшін сонау Көкшеде атқа қонып он жылдан аса отарлаушылармен ашық майдандасқан есіл ер, қазақтың соңғы ханы Алатау бөктерінде  қапияда  қаза тапты. Жазушы I. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы сол қайғылы оқиғаны сипаттаумен аяқталады. Ондағы аталатын Кекіліктау, Әулиешоқы, Майтөбе таулы адырлары мен туып-өскен Қаракемер, ауылдық аймағының Күнгей аталатын түстігінде орналасқан. Сол өңірдін қай тұсынан қарасаң да мен мұндалап Әулие шоқы төбеңнен төнеді. Одан төменірек Кекіліксеңгермен  арада «Кене ханның ту тіккен жері» деп аталатын Майтөбе, қозы өрім жерде гүрілдеп Шу өзені ағып жатыр. Сол қанды қырғынның белгісіндей Майтөбе, үстінде бұрыннан-ақ қолдан үйілген қорымдар, балбал тастар болатын. Алты жылдай бұрын хан ұрпақтарының күшімен ескі қорымның ортасынан қызыл гранит тақталармен қапталған биіктігі бес метр еңселі ескерткіш орнатылып, төңірегінде  таңбалы тас белгілер пайда болған еді.Айнала қоршалып, жақын маңнан шырақшы үйі  де бой көтерді. Оның  артынша Күнгейді бойлап жаңадан салынған «Қаракемер - Қарасай» тасжолы Майтөбені жанай өтіп, ондағы ескерткіштер шоғыры жолаушылардың ат басын тартып ата-бабаларымыздың ерлік рухына тәу ету орнына айналып келеді. Бұл белгілер Кенесары мен оның жаужүрек інісі Наурызбайға, олармен бірге азаттық жолында ажал құшқан қазақ  батырларының   рухына   арналған.

Талайлы тарихымыздың сол бір сұрапыл  оқиғаларына куә болған киелі жерлер...

....1847 жылғы сәуір айы. Анталаған жаудың ортасында жаралы  арыстандай арпалысқан Кенесары Кекіліксеңгірдің сайында қолға түсті. Көкетайлап Наурызбай ағасының қасына өзі келді. Қырғыздар батырдың басын шауып, патша офицерінің қанжығасына байлап береді. Бас Омбыға кетті, одан әрі Петерборға өтті. Ал денесін қырғыздар ішкеріге алып кетіп сол маңнан 30-40 шақырымдай жерге жасырын жерлеген деседі...

Сол қанды  қырғыннан бергі бір жарым ғасырдан астам уақытта Кенесары қозғалысы туралы аз жазылған жоқ. Атақты француз жазушысы Жюль Верннің қазір «Жамбыл» журналы жариялай бастаған «Кенесары» романынан бастап, дастандар да, ғылыми зерттеулер де, көркем шығармалар да баршылық. Орыс тарихшылары орыс әскерімен теке  тірескен  Кенесарының биік парасатын, көзсіз ержүректігін  мойындап, орыс журналдары арқылы төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Мәселен Орынбор қаласының мэрі Н. Середа: «Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемі бола білді. Оның жасақтарының лапылдаған биік рухына еуропалық қолбасшыларының  қай қайсысы да қызғанышпен қараған болар еді» дейді. Ал орыс армиясының генералы В. Потто оны сайьн даланың жеңілуді білмейтін сайыпқыран қолбасшысы,  дала көкжалы атаған. «Түркістан  тарихының» авторы Н. Павлок «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын – талмайтын Дала батырларының типіне  жатады: ол тегінде  аса дарынның адамы болса керек. Кенесары   өзінің    ақтық  демі  біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «Түздің соңғы батыры» атаймын  деген. Әлемге әйгілі Жюль Верн орыс басылымдарындағы осындай очерктерден өзінің қайталанбас романтикалық кейіпкерін тапқан болу керек. Бірақ халықтың жадынан тарихын  өшіріп орыстандыруды көксеген коммунистік идеология тұсында ұлтының тәуелсіздігі  үшін күрескен қаһармандарымызға  ашық  баға беріп, есімдерін  қастерлеу  аса қиынға түсті. Ұлт-азаттық  көтерілісінің көсемі  Кенесарыны ауызға алған  М. Әуезов,  І. Есенберлин, Е. Бекмаханов және басқалары қуғынға ұшырады, түрмеге жабылды, жер аударылды. Дегенмен, олардың жазғандары тарихта қалды, бүгінгі тәуелсіз  мемлекет  жағдайында қазақты қазақ еткен, қазақтың ұлан байтақ жерін қорғап, сақтап қалған  кемеңгер хандарымыз бен билеріміздің ,қаһарман батырларымыздың  есімін өмірге, ұлт санасына оралтуға баға жетпестей қызмет етуде.

Кенесары қозғалысы хақында қаншама ғылыми тұжырымдар жасалды. Осынау қасиетті күрестің мәнін шынайы ұғынуға мүмкіндік беретін тың көзқарасты зерттеулер  бүгін де жалғасын тауып келеді. Көтерілістің алғышарттары, өрістеуі, шарықтау шегіне жетуі, ақыр аяғында жеңіліс табуының себептері туралы әділ бағасын еліміздің тәуелсіздігі тұсында ғана ешбір жалтақсыз ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Қасым сұлтан мен қара басын күйіттесе, қарны тоқ, өмір сүрулеріне мүмкіндігі мол еді. Бірақ, олар ұлт мүддесін мансаптан жоғары қойды. Жер жаннаты Көкшетауды тастап, Ресей бұғауына қарсы қоқандықтармен бірігуге  Сыр бойына көшіп келді. Алайда, арыдан ойлай алмаған Қоқан билеушілері Қасым сұлтан мен олардың ұлдары Саржан меп Есенгелді сұлтандардан қорқып, олардың андаусызда көзін жояды. Әйтсе де, Қасым сұлтанның қайсар ұлы Кенесары әкесі мен ағаларының жоғын жоқтатпай, аз уақыттың ішінде үш жүздің батырларының басын қосып, Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы күреске елді бастап шығады. Алдымен Ресейдің қазақты  ішкерілей отарлау  үшін арқа төсіне салған  бекіністерінің бірі – Қараөткел бекінісі 1837 жылы тас-талқан етілді, сөйтіп тарихта  «Кенесары көтерілісі» деген  атпен қалған қарулы қақтығыстар өрті бұрқ ете түседі. Үш жүздің игі жақсылары 1841 жылы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан деп жариялады. Содан бастап Кенесары жасақтары қазақтың ұшқан құстың  қанаты талар сайын даласында құйындай ойнап патша отарлаушыларына қарсы ойранды салады. Оның әскери тактикасының мықтылығы соншалық, Ресей империясының тісқаққан әскері көтерілісті ауыздықтай алмай, әл дәрмені құриды. Дегенмен, Хан Кене Ресейді жалғыз өзі күресіп жеңе алмайтынын ұғынып, оңтүстіктегі қалың үйсінді өз жағына тартып, көршіміз қырғыздармен одақтасуды ұйғарады. Оның үстіне оңтүстікте  қылышын жалаңдатып оқиғаның аңдысын аңдып отырған ежелгі дұшпан қоқандықтар да алаңдатулы еді. Сөйтіп, Ұлы жүз Алатау қырғыздарын көтеріліске тарту үшін көтерілісшілер Арқадан Жетісу жеріне ойысты. Арғы атасы Абылайханның бар қазақтың басын қосып, біртұтас тәуелсіз елге айналдыру арманын жүзеге асыру жолында он жылдан аса ат белінен түспеген қазақтың соңғы ханы Қордайдағы Кекілік таудың баурайында  ажал құшты.

Біз бұл  шағын мақаланы жазу барысында Кенесарының ажалына себеп болған қырғыздармен болған ақтық күресі туралы жазылған деректерді біршама ақтарған едік. Ең алдымен қолға түскені небәрі 34 жасында өмірден ерте кеткен, Қордайдан шыққан белгілі тарихшы Әбілқасым Ділебаевтың (1914-1948) мұрасы болды.

1934 жылдан Қордай аудандык комсомол  ұйымының хатшысы болып істеп, 1940 жылы ҚазПИ-ді бітірген соң Қазақстан| КП Орталық  Комитетінде нұсқаушы, инспектор, институтта оқытушы бола жүріп ол өмірдегі тарихи оқиғаларға зерттеу| жасап, жекелеген тарихи тұлғалар туралы ел аузындағы аңыздар мен естеліктерді жинақтаған. Төле би, Өтеген батыр туралы жазбаларымен таныспыз. Сондай-ақ, Кенесары ханның қырғыздармен қақтығыстары және Кекілік тауының  түбінде қаза табуы туралы   оқиғаның ізі  онша суи қоймаған, оны білетін көнеқұлақ  қариялардың   баршылық  кезінде  бұдан  жетпіс  жылдай  бұрын  қағазға түсірген зерттеу   еңбсгі   де   бар. «Батырлардың  ерліктері  және Кенесары туралы әңгімелері көп. Олар әртүрлі. Олардың ішінен алғаным – оқиғаның  ортасында болғандардың өз аузынан есгігендердің  әңгімелері» деп ескертеді тарихшы.

Қордай ауданының Қасық ауылының солтүстік жағында  жатқан бір кырканы бұрын жұрт «Кене ханнын қырқасы» деп атайды екен. Ол жердің неліктен  бұлай аталғаны жөнінде Нұрпа Төлебайұлы деген қария тарихшыға былай түсіндірген. «Ел  жайлаудан түсіп,  Шудың  бойында  отырған кезі екен, бір күні ертең ерте қараса кырқаға толған ақ үй қонып алыпты. Сөйтсе, ол Кене ханның ауылы екен.Біраздан кейін ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке сойыс алып, ханның ауылына барыпты. Оларды қонақ үйге түсіріпті. Бір кезде «Хан шақырады»деп екі жігіт келіп, оларды ертіп, ханның үйіне алып кіріпті. Сәлемдесіп жөн сұрасып болғасын Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. Ел болайық дегенге көнбеді. Жауға қосылды. Елшімді байлады, ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздеріңде, ертең елін шабамын. Дулат баласы  іргелі  ел едіңдер, көздеріңмен көріп олжаларынды алыңдар» депті. Айтканындай, ханның қолы ертеңіне Шудың арғы жағына өтіп, Піспектің қасындағы қарағаштың бергі түбінде қырғыздың қолы кездесіп, соғыс болыпты. Қырғыздың батыры өліп, әскері бет-бетімен тауға қарай қашыпты.Түскен олжаны   хан   елге   таратып беріпті де,теріскейге қайта көшіп кетіпті, деп әкем әңгімелеп отырар еді».

Қыстыгүні Кене хан Жантайға тағы адам жіберіпті. Басшысы Өтеген батырдың немересі Орман Биембетұлы деген шешен адам екен. Бұғыбай, Саурық бастатқан ба-тырлар барыпты. Қырғыздар қошеметтеп сыйлапты.Бірақ, екі ай жатқызып, жөнді жауап бермей аттандырыпты. «Орман бастатқан елші жіберу Кененің ең ақырғы шарасы көрінеді, – дейді тарихшы. – Одан бұрын бірнеше рет елші жіберген. Бекбатыр бастаған елшіні манаптар байлап, қамап қойған. Сыпатай бастаған елшімен сөйлеспеген. Бұлардан кейін барыш манаптарға қарсы Кене қолы аттанады. Соғыс кейінгі кезде Кекілік тауының түбіне барған. Сол жерде Кенесары қолға түседі».

Тарихшы Ә. Ділебаевтың зерттеулері бойьнша Кенесарының штабы Майтөбеде болып, соғысты сол жерден басқарып отырған.Сыпатай мен Рүстем қолы сол Майтебеден бөлінеді. Ол жөнінде «Кеңес» колхозының мүшесі Мәдібек Бекқожаев тарихшыға былай әңгімелеген: «Сыпатай батыр мен Рүстем төре қолды Шудың арғы жағымен түнде қашырыпты. Қол келіп Мықын суына тіреліп өте алмай жүргенде таң атьш кетіп, оларды қырғыздар көріп, сол жерде соғыс болып, арты жау, алды су болып көп адам өліп, көп адам қолға түсіп, қазақтар көп шығынға ұшырапты» (кейіннен қолдың қырғын тапқан жерінде 1925-1926 жылдары көпір салынғанда найза, мылтык, қылыш сияқты көп құрдар табылып Фрунзедегі музейге өткізіледі). Қазақ қолы азайғасын манаптар Майтөбенің оңтүстік шығысынан келіп, батысына өтіп, қалған қолды (Кенесарының) Алмалыға қарай шегінуге мәжбүр еткен сияқты. Оны жер жағдайының өзі дәлелдеп тұр. Қол азайғасын, қырғыздар кептей бастапты. Қазактар Майтөбеден тауға қарай шегінеді: Алмалы мен Суал-ман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түседі. Хан қолға түскен соң, Наурызбай төре қырғыздарға өзі барыпты. Қалған батырлар соғыса-соғыса, тау-тасқа шығып құтылыпты.

Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай тағы басқа батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген.Олар да қоршауда болған, бірақ таулы жердің жықпыл-жықпылын сағалап сытылып кеткен.Егер Кенесары бір ғана құтылудың қамьн ойласа, ол жерден қолға түспейтіндігін жер ыңғайы көрсетіп тұр. Ханның қолға түсуінің негізгі себебі «Соғыста жаудан қашқан хан – бола алмайды. Сайдан шыққанымыз. Қашсам, мен хан емеспін» (Қалыш Кәрібозұлының айтуынан) деушілігінен болуы керек.

Тілеміс ақын:

Халықтың қамын ойлап Кене келген,

Ілесіп қалың Дулат түгел ерген.

Соғысып ақ патшаның әскерімен

Іленін жағасында Шаншар өлген, – дейді.

Тілеміс – оқиғаның ішінде болған адамдарды көріп, әңгімелерін өз аузынан естіген адам. Сыздық келіп, қырғыздан Кенесарының ерін аларда бірге барып қасында болған.Кейініректе Жантайдың баласы Шабданды мұқата: «Менің атам Өтеген» деген өлең айтқан. Ол өлеңінде атасы – Ұлы жүз, Дулаттан шыққын Абылай тұсындағы атақты Өтеген батырдың қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаудағы ерлігін айтқан. Тілемістің жоғарыдағы өлеңінде айтылған Шаншар – сол Өтеген батырдың немересі. «Бұл өлеңде Кенесары – халықтың қамқоры, оның қозғалысы – жалпы халықтың тәуелсіздік қозғалысы екендігі тарихи шындықпен тура көрсетілген» деп түйіндейді тарихшы Ә. Ділебаев бұдан 67 жыл бұрын жазып қалдырған зерттеу еңбегінде.

Кенесары тақырыбында қырғыз тарихшылары да едәуір зерттеулер қалдырған. Олардың ішінде Кенесарының денесі қайда жерленгендігі туралы деректер біз үшін маңыздырақ. Өйткені, ханның бас сүйегі бір жақта қалып, бір ғасырдан бері туған жердің топырағына берілмеуі күллі қазақтың намысын қорлап, жігерін құм етіп отырған жай екені айтылудан кенде емес. Тіпті, Кенесарының бас сүйегі мен денесіне қатысты Парламент депутаттары да мәселе көтерген еді, аяғы сұйылып кетті. Әуелден Эрмитажда тұр делінген бас сүйектің енді онда жоқтығы туралы сөз шығып жатыр. Қырғыз жерінен сүйегін іздестіруші экспедициялардың зерттеулері де нәтижесіз. 1994 жылдан бері мұндай үш экспедиция шыққаны мәлім. «Атамұра» корпорациясының сол кездегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап құрамында Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов, Оразақ Смағұлов тәрізді белгілі тарихшы, археолог, антропологтар бар алғашқы іздеушілер хан сүйегі жатыр деген тұста оншақты күн жұмыс жүргізіп ештеңе таппаған. Ал мәскеулік  «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар» сериясымен Кенесары туралы кітап шығарған белгілі тарихшы Едіге Уәлиханов пен геолог Молдияр Серікбаев 2005 жылы шағын экспедиция ұйымдастырады. Олармен бірге барған қаракемерлік, Ұлы Отан соғысының ардагері, аймаққа танымал халық емшісі Хамза Демеуов ақсақал бізге былай деген еді:

– Тоқпақтан түстікке қарай 15 шақырымдай қашықта Алшалы ауылы бар. Соған таяу сай ішінде «Әулие бұлақ» деген жерде атақты адам жерленген деп жұрт қасиет тұтып, ауру адамдар шипа іздеп, түнейді екен. Бірақ, қабірдің дәл орнын ешкім бізге көрсете алмады, дұрысы көрсеткісі келмей жасырды. Ханның сүйегін қазып әкетсе киесі қоса кетеді деп қорықты ма, әлде басқа сыры бар ма біле алмадық. Біз де сол маңда бір түнеп шығып құр қол қайттық.

Ал, 2007 жылы Айсара, Күмісай көріпкелдердің көрсетуімен ханның сүйегі қырғыз жерінен қазылып алынып, Алматының шығыс жақ іргесіндегі Беснайза тауларының қойнауына жерленгені туралы кезінде кейбір басылымдар жазды. Бірақ, содан бері бірер жыл өтсе де бұл оқиғаға ғылыми тұжырым шығарылғаны туралы естімедік. Ол сүйектерге әлі күнге дейін ғылыми-антропологиялық сараптау жүргізіліп жатса керек. Дегенмен, дүлдәмал ой да жоқ  емес. Өйткені, Кенесарының қырғыздармен соғысы туралы мейілінше жете зерттеген қырғыздың көрнекті тарихшысы Белек Солтанаев «Кенесарының соңғы күндері» деген еңбегінде «Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқпақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағында болады» деп нақты жер атауын көрсетеді. Оған бұл деректі Хан Кененің басын Қапалдағы орыс ұлықтарына апарып тапсырған Қалығұл Әлібеков 1894 жылы: «Өлүгүн Қызыл су  мен Шамшының ортосундағы  Бордуу деген сайдың орто бөксөсу тоого көмген» деп айтып беріпті. Бірақ, жоғарыдағы экспедициялардың бірде-бірі, неліктен екені белгісіз, бұл араға ат ізін салмаған. Қырғыздың тағы бір тарихшысы Есенқұл Төреқұлов: «Сүйекті Кіші Алмалының басындағы Тоқтарбай қыстауынан, не болмаса ол жерді «Көрпебай мазары» деп атайды, міне, сол жерден іздеу керек» дейді. Қалай болғанда да жұмбақ көп. Оның үстіне өлтіргенге дейін тұтқында ұстаған күндері күтушісі болған адамға Кенекең «сүйегім жатқан жерді ешкім білмесін, ешкім қорламасын» деп антын алған деген де сөз бар. Ханның сүйегі қырғыз жерінің өзінде бірнеше мәрте қайта жерленген көрінеді.

Алғаш 1884 жылы Сыздық Сұлтан әкесінің сүйегін іздеп қырғызға келгенде асығыс бұрынғы орнынан жасырын түрде басқа жерге жерлеген. Одан тағы да жүз отыз жыл өткенде бақшасының шетінен ұра қазбақшы болған ауыл тұрғыны адамның бассыз сүйегін тауып алып өзге жерге апарып көмеді. Әлгі үшінші экспедиция тауып Алматы маңына апарып жерлейтін сүйек осы. Бірақ, ол туралы мемлекеттік құзырлы органдар әлі кесімді сөз айтпай отырғандығына қарап, сүйектің нақ хандікі екендігіне күдік туады. Біздіңше, бұл мәселеге жоғары үкіметтік тұрғыда мән беріліп, ханның бас сүйегі мен денесі туған жерге қайтару мемлекет аралық келісімдер арқылы шешілуі тиіс. Қазақстан тәуелсіздігінің жиырмасыншы жылын мерекелеп отырған еліміздің, осынау тәуелсіздікке жетудің сан ғасырларға созылған ұзақ жолында оқтын-оқтын бой көтерген қиян-кескі ұлт-азаттық күрестерде қол бастап, жан пида еткен ұлт қаһармандарына қатысты қолдан жасалған қиянаттарды қалпына келтіруіміз парыз. Соның қатарында Хан Кененің денесін тұтас күйінде кіндік қаны тамған Көкше топырағына апарып аса кең ауқымда,биік мемлекеттік деңгейде қайта жерленуі еліміз үшін үлкен абырой болмақ.

Ақырында, тағы бір жайға – бүгінгі таңдағы көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері өз жерлесіміз Несіпбек Дәутайұлы талайдан бері көтеріп жүрген мәселеге назар аударайық.

– Кенесары Қасымұлыньң ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ халқының тарихындағы алатьн орны қандай? Кенесары көтерілісі, ғалым Е. Бекмаханов дәл көрсеткеніндей, отаршылдыққа қарсы айқын бұхаралық сипат танытқан прогрессивтік қозғалыс, – дейді жазушы. – Кенесары қазақтың біртұтас мемлекетін құруға ұмтылды, ақырында оның көтерілісі патшалық Ресейдің қазақ даласына төніп келе жатқан кұлдық бұғауын біраз уақытқа шегеріп тастады әрі халқымыздың алдағы ұлт-азаттық күресіне жауынгерлік дайындық болды. Біз енді ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының айрықша тарихи тұлғасы, Отанды, елді сүюдің, сол мақсат үшін жанын пида етудің өшпес өнегесі – Кенесары бабамыздың өлмес рухьн ғасырлардан ғасырларға жеткізуге тиіспіз. Сондықтан, ең соңғы шайқасы өткен Қордай жерінде қазақтың ұлттық батыры Кенесары Қасымұлына мәңгілік Ескерткіш орнату – күллі қазақ баласының қасиетті борышы.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?