– Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз-Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты, – деді Қазақстан Президенті (Қазақ үні. 07.07.2018).
Мен Әз Тәуке ханның Күйгенжардағы ордасын Астанаға көшіп келген сәттен бастап іздедім десем артық болмас. Ел ауызында ертеден жүрген әңгіме ғой, бірақ нақты орданың орнын табу оңайға түскен жоқ. 2012 жылы Дөкей Талеевті ертіп алып Күйгенжар қорымына бардым, қорым ішінде сақталған құрылыс орда болар деген жорамал жасадық. 2015 жылы Ұлан Үмітқалиевті бір топ студенттермен ертіп алып орданың әр жеріне шурф салдық. Әз Тәуке хан орасы екеніне бір жолата көз жеткіздік. Астана қаласы әкімшілігіне бірнеше рет хат жаздым, бірталай мақалалар жаздық. Енді міне Елбасының дуалы аузына да ілікті. Бағы бар ескерткіш екен, мен орда біржолата құрып кетеді-ау деп қорқып едім. Төменде осы ордаға қатысты соңғы жазылған анықтама:
Тарихнама:
Профессор Ж.О.Артықбаев Күйгенжар маңында Әз Тәуке ханның ордасы болды деген әңгіме ел арасында ертеден бар екенін айтады. Ел аузында жүрген мәлімет «Мәдениет» газеті бетінде алғаш рет 1994 жылы жарияланған. Авторы Р.Нуртазина «Близ озера Есил, в частности, место где он умер в народе называют Куйгенжар, которое находится в 5 километрах от центра совхоза п.Мичурино, это ныне Акмолинская область» дейді (Мәдениет, 1994). Ақмола өңіріне белгілі өлкентанушы Клара Әмірқызы 1997 жылы Ақмолада шыққан «Қиылған ғұмырлар» кітабында «Жаугершілік күшейіп кеткен заманда Тәуке ханның Күйгенжарда жерленуі күмән туғызбайтын тәрізді» деген пікір білдіреді (К.Әмірқызы. Қиылған ғұмырлар. Ақмола, 1997. 26 б.).
Профессор Ж.О.Артықбаевтың Күйгенжардағы Әз Тәуке хан ордасына қатысты қариялардың аузынан жиналған ауыз екі шежіре деректері «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» кітабына енген (Астана, «Алтын кітап», 2011).
Орданы іздестіру жұмыстары:
2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының профессор Ж.О.Артықбаев бастаған ғалымдары Күйгенжар маңында этноархеологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында Есілдің осы Күйгенжар тұсында қазақтың бірнеше мың жылдық тарихына қатысты толып жатқан ескерткіштер кездеседі. Оның ішінде тас дәуірінің қоныстары мен қару-жарақтары, ерте көшпелілердің жан-жағын орлаған үлкен обалары, қазақтың ірілі-ұсақты қыстаулары мен қорымдары.
Әз Тәуке хан ордасын іздестіру барысында ғалымдар Күйгенжар ескі қорымын аралауға шешім қабылдайды. Себебі Қазақстанның Орталық және Солтүстік алқабында көне және ортағасырлық ескерткіштердің біразы қорым арасынан табылған. Белгілі дәрежеде қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан қорымдар ашық аспан астындағы бірнеше мың жылдықтың мұражайы сияқты.
Әз Тәуке хан ордасының сипаттамасы
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы Есілдің Күйгенжар ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде, өзеннің оң жағалауына орналасқан. Егер Астана-Қарағанды тас жолымен жүретін болсақ орда оның оң жағында, яғни Күйгенжар ауылы мен тас жол арасында. Қазіргі уақытта Әз Тәукенің жазғы ордасын жағалай орын тепкен қорым жақсылап қоршалған, бірақ қайтыс болған адамдарды енді ескерткіш үстіне қойып жатыр.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасын жағалай төрт бұрышты биік қорған соғылған. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төрт бұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қорғанның ұзындығы 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады. Ендеше Есілден не шығыр арқылы, не атпамен жоғарыға қарай су жіберіліп тұрды деп есептеуге болады. Себебі бекініс-қорған орналасқан жердің деңгейі өзеннен жоғарырақ. Өзен мен бекіністің оңтүстік-батыс мұртының арасы 50 метрдей.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу болған сияқты, оның бірі шығыс жақтан, яғни негізгі дарбаза және екіншісі батыс жақтан қосалқы қақпаның орыны көрінеді. Қорғанның ішінде ескілікті саман мен шымнан салынған құрылыстардың орыны аңғарылады, бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын. Біз Әз Тәуке бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат кигіз үй тігіп отырды деген жормал ұсынамыз. Бүгінгі күні қорғанның бүкіл периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған зираттар қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде христиан бейіттері, қорғанның ішіне де еніп кеткен.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы қауіпсіздік мәселесін жақсы ескеріп салынғаны анық көрінеді. Біріншіден, бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары қарауыл мұнара сияқты жасалған. Екіншіден, бекініс-қорғанның ішіне де, сыртынан да терең ор қазылған және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен. Үшіншіден, жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Күйгенжардың өткелі деп атайды. Жазғы орданың шығыс және солтүстік жақтарынан алыстан орағытқан ор кездеседі ме, оны анықтау қазіргі уақытта қиын. Бекініс-қорғанның екі жағынан да тас жол өтеді және соған байланысты жер бедері қатты өзгерген.
Күйгенжарда Әз Тәуке хан ордасының болуына қандай дәлелдер бар?
-Біріншіден, жазғы жайлауда көшпелі жауынгер елмен бірге болу Еуразия кеңістігін билеген басшылардың ерте замандардан бергі дәстүрі. Қазақта «хан жайлауы» деген ұғым бекер өмір сүрмесе керек.
-Екіншіден, Күйгенжар, Сарыоба, Ақмола арасын Әз Тәукенің ұлы, 1729-1737 жылдар қазақтың үлкен ханы болған Сәмеке ханның тұқымдары мекендеді. Ақмола дуаны 1832 жылы ашылғанда алғашқы аға сұлтан болған да Сәмеке немересі Қоңырқұлжа сұлтан.
-Үшіншіден, Күйгенжар Әз Тәукеге аталық болған Барқы батырдың қонысы. Аталық Барқы батыр белгілі ел басыларының бірі, оның тұқым-жұрағаттары әлі де Күйгенжар маңында қоныстанған.
-Міне, басқа әңгімелерді айтпағанның өзінде жоғарыда аталған үш дәлел Күйгенжарда Әз Тәуке ханның жазғы ордасы болды деген жорамалдың шындыққа келетінін айғақтауға жететін сияқты.
Алғашқы зерттеу қорытындылары
2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының профессор Ж.О.Артықбаев және археолог- ғалым Ұ.Үмітқалиев Есіл бойындағы Күйгенжардағы Әз Тәуке ханның жазғы ордасында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізді. Қорғанның батыс жағына салынған шағын шурфтың нәтижесінде Әз Тәуке хан ордасы ХУІІ ңасырдың 80- ші жылдары салынды деп есептейміз.
Әз Тәуке хан туралы анықтама
Әз Тәуке қазақтың атақты ханы Салқам Жәңгірдің отбасында дүниеге келді.
1640 жылдары Тәуке сұлтанның әкесінің тапсырмасы бойынша атақты тәшкенттік Шайхантаур нәсілі Жүніс қожамен бірге қазақ Алты шаһар деп атайтын Шығыс Түркістан өлкесіне елшілікке барғаны белгілі. Шах Махмуд бен мырза Фазыл Чорастың «Тарих» деген шығармасында Жәңгiр ханның елшiлiгiнiң Шығыс Түркiстанға келгендегi жазылады : «Сол кезде Жаћангер ханнан елшi болып Шайх Хаванд Тахурдың (Шайхантаур) ұрпағы Жүнiс қожа деген адам келдi. Мына жақтан Софы қожа жiберiлдi, ол қожа Сеиід Мұхаммед–халифтың ұлы,-Алла жар болсын. Жаћангер хан Софы қожамен бiрге өзiнiң ұлы Тәуке сұлтанды жiбердi. Хан (Абдолла хан-Шығыс Түркiстанның билеушiсi-Ж.А.) оны патшадай сыйлап, онымен бiрге Қошқар бектi жiбердi. Жаћангер хан сол кезде, Құдай рахмат айласын, Ахунд Молла Иакуб пен Жан қожаның ұлы Вафа қожаны өлтiрдi. Осыдан кейін Жәңгір Қошқар бекпен бірге өзінің үлкен ұлы Абақ сұлтанды жолға аттандырды. Ол Абдолла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға өзінің қарындасын ұзатып салды. Абдолла Абақ сұлтанды ерекше сыйлап, қымбат дүниелерді көп берді».
Еуразия көшпелі елдерінің билеушілерінің қыста оңтүстікте, қалалық өңірде қыстап, жазғы жайлауды елмен бірге Арқада өткізетіні ертеден белгілі салт. Мәселен Қытайдың «Ханнама» жылнамасында Қаңлы елінің хандары туралы «Қаңлы елінің ханы қыста Логатнұқта тұрады да, жазда Бетен даласына көшеді» дейді. Екі арасы біраз жер, себебі Чаң-әннан (Қытайдың сол кездегі астанасы) қаңлының қысқы жұрты 21300 ли болса, жазғы жайлауы 9104 ли. Екі аралық шамамен 8000 ли деп алсақ, қыстау мен жайлаудың арасы 2-3 мың шақырым болмақ. Зерттеушілер Лоғатнұқты Шыршық өзенінің бойындағы Қанға қаласымен, ал Бетенді Балқаш пен Арал арасындағы өлкемен байланыстырады. Біздің пікірімізше Бетен Өлеңтінің Ақкөлге құяр жерінде орналасқан қалашық. Қазақтың ұғымында Ақкөл-Жайылма аталатын құт мекенде біз бірталай зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
Жазғы орда ұстау дәстүрі өз кезегінде Қазақ ордасында жалғасын тапқаны сөзсіз. Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының өмір тарихына қатысты деректерден де осы көшіп -қонуды аңғарамыз. Мырза Хайдар «Тарихи-и Рашиди» кітабында Моғолстан билеушісі Саид ханның Қасым ханмен кездесуін баяндай отырып «Жаздың соңы еді. Қасым ханның бұйрығымен қазақтар қыстауларына қарай бағыт алды. Қасым хан (Саид ханға) «Қазіргі уақытта Шайбанға қарсы елді көтеру қиын шаруа. Ел қысқа дайындықты жасауы керек. Бұл кезде әскер жинау мүмкін емес» деді. Осылайша сыпайы түрде жорыққа шығудан бас тартты. Қасым хан ханды (Саид) үлкен құрметпен шығарып салып, өздерінің ата қыстауларына қарай жылжыды» дейді. Осы сияқты деректерді қазақтың әр ханына қатысты ондап-жүздеп келтіруге болады.
Әрине, қазақ хандарының Түркістан өңірінен алысқа ұзамай қалатын кездері де болса керек. Ол не жаугершілікке, не жұтқа, не қысыл- таяң елшілік істеріне байанысты болама дейміз. Ондай жағдайда хан ордасы Түркістаннан теріскеге қарай бет алып, Қаратауды жағалай көшіп жүреді. Егер жаз уақытында сырттан келген елшіліктерді, не ірі сауда керуендерін қарсы алу керек болса Кәрізге ақ шаңқан үй тігіп, Бақ жаһанда қарсы алады. Бұл сонау ерте заманда басталып ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасын тапқан дәстүр.
Қазақты тұтас билеген Тәуке ханның 1715 жылы өз ажалынан қайтыс болғанын осы жылы Уфаға келген Тайқоңыр Құлтабай аталық ұлы бастаған қазақ елшілігі мәлім етті. Елшілік Әз Тәуке ханның орнына үлкен хан болып сайланған Қайыптың атынан келген: «Доброю воле умре Тевке. Мухаммед хана ближней, Тайкунур-батыра своим жалованием послом отрядили великому государю». Бұл жерде жазба дерек «Мухаммед хан» деп Қайып Мұхаммед ханды нұсқап отыр.
Біздің қолымыздағы көптеген деректер Тәуке ханның Ресей, Жоңғария, Орта Азия елдерiмен тығыз мәмлегерлік және сауда байланыстарын ұстап тұруға барлық күшін жұмсаған ел басшыларының бірі екенін дәлелдейді. Ең басты қауып бұл кезеңде ойрат (қара қалмақ, жоңғар) тарапынан болды деуге келеді. Тарихи деректер Әз Тәуке ханның заманында қазақ-қалмақ арасындағы қарым-қатынастар кейде бейбіт, кейде жаугершілікпен шешіліп отырғанын көрсетеді.