Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дешті Қыпшақ жұрты Гүржі мемлекетін қалай сақтап қалды?

2661
Осыдан 900 жыл бұрын Оңтүстік Кавказдағы Гүржістанға олардың мемлекетінің сақталып қалуында тарихта өз рөлін атқарған көшпенділер келді

Бұлар заманында гүржі патшасы Давид IV Құрылысшы қалап шақыртқан біздің ата-бабаларымыз – қыпшақтар еді. 

Ол дәуірде Гүржістанның басым бөлігін салжұқтар жаулап алған болатын. Оның үстіне гүржі ақсүйектері патша билігіне мойынұсына бермеді. Мұндай жағдайда не істемек керек?! Ішкі алауыздықтар орын алған Гүржістан жойылудың сәл алдында ғана қалды. Міне сол уақытта, тоғыз жүз жыл бұрын гүржі мемлекетінің сақталуына қыпшақтардың үлесі зор болды, бір өкініштісі келесі жүз жылдықта қыпшақтардың өзі тарих сахнасынан жоғалып кетті, сонымен қыпшақтар кімдер еді?

1-сурет. Орыс жылнамаларындағы қыпшақтар

Орыс деректерінде олар «половцы» деген халық атауымен, мемлекеттері «Поле Половецкое» деген атпен белгілі, қыпшақтар мен ежелгі орыс кінәздіктері арасындағы байланыстардың күшті болғаны сондай, тіпті аталған кінәздіктер мемлекеттік құрылыста олардың құрылымдық жүйелерін пайдалынып отырған, берінді мен төркін атты түркі тайпалары өздері бұрынғы далалықтар бола тұра, орыс кінәздіктерінің сыртқы жаулардан қорғайтын күштеріне де айналған (казактарды еске түсіреді екен), дегенмен орыс тарихында қыпшақтардың (жалпы барлық далалықтардың) рөлі әлі өз бағасын алған жоқ. Олжас Сүлейменов өзінің атақты «Азия» атты кітабының «Қыпшақтар» атты бөлімде оларға кеңірек тоқталады. Тіпті, Ресейдің қаптаған академик ғалымдары «Слово о полку Игорове» атты еңбектің ішіндегі көп сөзді оқи алмай пұшайман болып жүргенде, «Куры города Тьмутаракани», «Дебри Кисани», «Тощие тулы», «Птица горозда» атты сөздердің түп-төркіні қора, темір кісен, тұл (жесір), қораз екенін айтып, «ғалымсымақтардың» аузына құм құйып еді. Тағы бір мысал келтіре кетейін. Белгілі болғандай, 1054 жылы Ярославичтердің жиналысы өтіп, онда қылмыстық жүйеге түзету енгізіледі. Құжатта былай деп жазылған екен: «отложиша убиение за голову, но кунами ся выкупати, а ино все яко же Ярославъ судилъ, тако же и сынове его установиша». Яғни, бұрынғыдай қанға қан емес, құн төленетін болған, бұл салтпен қазақ халқы 19 ғасырға дейін өмір сүріп еді ғой. Қыпшақтардан кінәздіктер халқы соғыс өнерін үйреніп, олардың арасында қылыш кең қолданыла бастады, қару-жарақ жасау дәстүрі жетілдіріле түседі. Орыстың батырлар жырларында аталарымызды ұмыта алмай жүргені сондай, Артық хан мен Қоншақ хан туралы былай деп айтып кетіпті: «Поднимается на Киев да Кудреванко-царь. А да с ним с любимым-то зятем со Атраком, Он с любимым-то сыном да все со Коньшином. Да у Атрака силушки сорок тысячей. Да у Коньшика силы да сорок тысячей. У самого-то Кудреванка да числу-смету нет».

2-сурет. Қыпшақ әскері, реконструкцияланған

Ал, мұсылман тарихи материалдарында олар мекен еткен жерлер Дәшті Қыпшақ деп аталады, бұл қыпшақтар кейін қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар, татарлар, башқұрттар, құмықтар, қарашайлар, балқарлар, ноғайлар және қырымлы (қырым татарлары) сияқты көптеген қыпшақ тілді халықтардың негізін қалады. Сәйкесінше, гүржі мемлекетінің Алтын дәуірі Давид IV Құрылысшының қыпшақ ханы Артықпен келіссөздерінен кейін олардың 40 000 жауынгерімен Гүржістанға қоныс аударуы заманына сәйкес келді. Әрине, қырық мың жауынгердің отбасыларын қоса есептегенде 200 000 халық Гүржістан үшін үлкен күш еді. Гүржістанға көшіп келген қыпшақтар нағыз жауынгер халық болатын. Артық хан Давид IV Құрылысшыға кейін гүржі патшайымына айналған Турандот (Гурандухт) атты қызын ұзатып, туыстық қатынас орнатады. Әрине, Турандоттың есімі өзгеше болуы мүмкін, бірақ оның аты айтып тұрғандей Тұран даласының қызы екені белгілі. Ата-бабаларымыз даланың ежелгі дәстүрі - құдандалықты мықты ұстанатыны түсінікті, сондықтан құдаларына жау төнгенде әрқашан көмекке келіп отырған.

3-сурет. Гүржі патшасы - Давид IV Құрылысшы

Десек те Артық ханға барып көмек сұрап жүрген кезде гүржі патшасы  Давид IV Құрылысшының Турандот ханшайымға көзі түскен болуы керек, қыпшақ қызының сұлулығы патшаның жүрегін жаулап алғаны түсінікті. Кезінде Әппақ атты қыпшақ қызының әдемілігіне Низами де ғашық болып, үйенгені де тарихтан аян. Қыпшақ қыздарына орыс кінәздары да құда түсіп отырған, мәселен, Александр Невскийдің анасы қыпшақ қызы болса, Ярослав Мудрыйдың әйелі қыпшақ қызы еді, оны айтасыз-ау, венгр (мадияр) патшасының әйелі де қыпшақ қызы болған. Венгриядағы қыпшақ патшайымының сәукелесі кейін Еуропада модаға айналып, орта ғасырларда сондай бас киімдер сәнге айналды.

4-сурет. Артық ханның қызы, гүржі патшасы - Давид IV Құрылысшының жұбайы - Турандот ханшайым

Жалпы, тарихтан білетініміздей Дәшті Қыпшақ жұрты орыс кінәздіктеріне де, Гүржі мемлекетіне де, өзге жұрттарға да көмектескені мәлім. Көшпелі қыпшақтардың арқасында гүржілер өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Бұл кезеңде гүржілерге бір заманда қазақ даласынан кеткен салжұқтар қауіп төндіріп тұрған еді, батысында крестшілермен соғысып шаңдалып алған олар, енді аттың басын шығысқа бұрған болатын.

5-сурет. Тбилисидегі Нарынқала бекінісі, фото авторы Амандық Қорғанұлы

Гүржі мемлекетінің тарих сахнасынан жойылу қауіпі туды. Осындай күрделі кезеңде Давид IV Құрылысшы патша қыпшақтардан көмек сұрайды, сәйкесінше қыпшақтар мен гүржілердің біріккен 60 00 қолы 200 000 салжұқ әскеріне қарсы тұрды. Шайқас Дигори атты жерде болды, бұл соғыс екі түркі халқының Гүржістанның тағдырын шешкен басты ұрысы болды. Бұл соғыста қыпшақтар жеңіске жетті, кейін Анадолы мен Тұран ұрпақтары Ангора түбінде тағы кедескен еді, оның нәтижесінде осман түріктерінің Константинополді жаулап алуы 50 жылға шегірелді. Елін салжұқтардың езгісінен құтқарып қалған қыпшақтарға алғыс ретінде гүржі патшасы Давид IV Құрылысшы олардың елдің кез келген аумағында қоныстануына рұқсат береді, іріктеп алынған 5 000 қыпшақ жігіті патшаның жеке сақшыларына айналды, мемлекетті басқаруда қыпшақтардың әсері күшті болды.

Кейін Артық ханның туысы Гүржістандағы қыпшақ жұртының еліне қайтуын өтінеді, алайда олар әлі де сонда бейбіт өмір сүре береді. Дегенмен, Артық хан туған жерінен беріп жіберген жусанды иіскеп, көзіне жас ала отырып: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болғаным артық» деп атамекеніне қайтып келеді. Сөйтіп, тарихтың тағы бір беті жабылады. Қалай десек те гүржілердің арасында Дәшті Қыпшақ жұртының бір бөлігі қалғаны аян. Сөзімізге дәлел ретінде, гүржі фамилияларының 10-нан 20 процентке дейіні түркі негізі барын айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне гүржі тілінде түркизмдердің ізі сайрап жатыр. Айтқандай Гүржістандағы Борчалы әзербайжандары мен Месхеттік түріктер сол қыпшақтардың ұрпағы деседі. Кім білсін?! Бір білетініміз, заманында Дәшті Қыпшақ жұрты тарих сахнасынан кетсе де Гүржі мемлекетің сақталып қалуынада өз рөлін атқарып кетті, ал біздің міндетіміз тек шындықты жеткізу.

7-сурет. Тбилисидегі асыққа қойылған ескерткіш, фото авторы Амандық Қорғанұлы

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?