Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазіргі моңғол қай моңғол?

4542
Қазіргі моңғол қай моңғол? - e-history.kz
Бірден келісіп алайық. Шыңғыс хан қазақ емес! Ол заманда қазақ деген ұлт әлі жоқ еді. Олай болса, бұл тақырыпқа қара құлып салдық деп санайық

Шыңғыс хан һәм бүгінгі моңғол

Бізді қызықтырып отырған мәселе мынау: Шыңғыс хан моңғол ма? Нақтылап айтсақ: Шыңғыс ханның заманындағы моңғолдың қазіргі монғолға қатысы бар ма? Бар болса, неге Моңғолияда бірде-бір төре тұқымы жоқ? Суретші, қайраткеріміз Шота Уәлихановтың «Ұлан-Баторға барғанымда Шыңғыстың ұрпағы деп, қолымнан сүйген моңғол көп болды. Шыңғыстың туған жері болғанымен, бұл жұртта Ұлы ханның үрім-бұтағы жоқ екен»деп естелік қалдырғаны бар.

Моңғолияда жоқ болса, бізде қазақтың 10 пайызы – шыңғыс тұқымдары. Өздерін төрелерміз деп таныстырады. Кезінде солардың арасынан сұлтан сайлап, хан көтергенбіз.

Қазақ хандары неге «моңғол»?

Шыңғыстың тұқымы дегеннен шығады. Күні кеше қырғыздың бұрынғы басшысы Атамбаев «қазақтың бүкіл хан-сұлтаны чингизид, бұларды моңғолдар басқарып келген» деп сөйлегені бар.

Бір қызығы, біздің әдебиет кітабы Атамбаевтың позициясын ұстанып алған. «Отырардың қорғанысы» деген шығарма баршамыздың есімізде шығар?!  Ол бойынша: «Шыңғыс хан – келімсек. Оның балалары бөтен жұртты ертіп кеп, көшпелі түріктерді қырған. Қаласын жойған. Сөйтіп, біздің бабаларды 700 жыл билеп-төстеген».

Ал енді мынау парадоксты қараңыз: «Қазақстан тарихы» оқулығында  жаңағы әдебиетке қарама-қайшы жайт сөз болады. Шыңғыстың тұқымы саналатын Абылай саналы ғұмырын моңғолдың жырындысы қалмақпен соғыста өткізіпті. Түбі «чингизид» Кенесары болса, қазаққа азаттық әперем деп, шаһид кешіпті. Қызық, ә! Бабасы қазақтың арғы аталарын қырған, ал ұрпағы сол қазақтың мүддесі үшін тер төгіпті, қан кешіпті... Санаңды төңкеріп тастайтындай-ақ жағдай. Демек, бізде әдебиеттегі Шыңғыс хан мен тарихтағы Шыңғыс ханның образы арасында мылтықсыз майдан  жүргізіп жатыр.

Шыңғыс хан – басқыншы ма, әлде біріктіруші ме?

Бір кездері құдіретті империя құрған түріктер ХІІ ғасырдың соңында ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті. Көне замандарда бір халық болғанын да ұмыта бастады. Бір-бірімен жауласуды әдетке айналдырды. Оғыздар Каспийді жағалай қонған Хазар дейтін туыс жұртты қырып салды. Сарыарқадан келген қыпшақтар қос өзеннің бойындағы оғызды кеп ұрды. Жау баққан көшпелі елдің тегеурінен шыдас бермей, оғыз сөйтіп ауа көшуге мәжбүр болды.

Жә, не айтқымыз келіп отыр еді? Шыңғыс ханға дейін Еуразия даласы түрік тайпаларына бықып жатыр еді. Бірақ, тілі, танымы бір болса да, өзара ауыз бірлігі жоқ еді. Міне Шыңғыс хан бірін-бірі жау тұтқан, туыстас тайпаларды бір шаңыраққа астына біріктірді.

Түріктің басын моңғол біріктірді ме?

Шыңғыс хан – басынан бақ тайып, өзара бақ таластыққа түскен түрік тайпаларын біріктірді. Осы арада заңды сұрақ туады.  Түрік халықтарының басын моңғол біріктіргені ме дерсіз?! Біз айтар ек, Шыңғыс хан моңғол емес.

Иә, Моңғолия даласында туғаны үшін  оны моңғол дейтіндер бар. Бірақ, Шыңғысқа дейінгі 3 ғасыр бұрын моңғол даласы қай елдің аумағына кіретін еді? Шығыс Түрік қағанаты деген империяның құрамында болатын. Бұл мемлекет қай тілде сөйледі? Моңғол даласынан табылған Күлтегін жазуын оқып көрейікші:

Түркі бұдыны үчін

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Екі шадпен бірге

Өліп-тіріліп ұлғайттым...

Сонымен, жоғарыдағы мынау өлең жолдары моңғол тілінде ме? Жоқ, ежелгі түрік тілінде жазылған.

Бағзы заманнан бермен бұл жерлерде түрік тайпалары ғұмыр кешті. Нақты айтсақ, Жалайыр, Қоңырат, Найман, Меркіт рулары Моңғолияның жерінде көшіп-қонып жүрген еді. Бұдан шығатын қорытынды – Шыңғыс хан ешқандай да моңғол емес, ешқандай қазақ та емес. Шыңғыс ханның ата-бабаларының атау-есіміне қараңызшы. Мәселен, Абақай, Есукей, Қабыл хан. Түгел түрік текті адамдар. Ал Шыңғыс ханның алған әйелінің бірде-біреуі моңғол емес еді. Атақты төрт ханымның төртеуінің де түбі түрік. Ал енді Шыңғыс ханның ұрпақтарының атына келейік. Жошы, Шағатай, Сүбедей. Одан кейінгілері Жәнібек, Өзбек, Бердібек... Ал енді қазіргі моңғолдардың есімдеріне қараңыз. Дамдинсурэн, Цэрэндорж, Доржхүү. Айырмасы жер мен көктей емес пе?!

Қазіргі моңғолдар қайдан келді?

Қазақ деген не мағына береді? Осылай сұрасаң, қазекем саған мың нұсқаны алдыңа тосады. Ал енді «моңғол деген қайдан шыққан атау?» деп моңғолдың өзінен сұрасаң, олар мүдіріп барып сөйлейді. Сөйлегенде «моңғол - «мөңкі» деген түбірден шыққан яки «мың қол» мағынасын беруі мүмкін» дейді. Бірақ, келтірген қос нұсқасы да түрік тілінен алынған сөздер.

Қош, моңғол деген атау ежелгі түріктерге тиеселі екен. Моңғол сөзін қайсыбір тарихшылар «Мәңгі ел» дегеннен шығарады. Бұл версияға сенсек, моңғол – этностың аты емес, саяси, біріктіруші атау болып шыға келеді. Мәселен, американдық деген секілді ғой. Немесе КСРО уағында, «совет халқы» атандық. Бірақ «совет» деген ұлт, тіл болған жоқ. Әлбетте, ол заманда орыс тілі басым болды, бірақ қазақтар өзінің қазақ тілінде сөйлесті, грузин өзінің грузин тілінде пікірлесті.

Қысқасы, моңғол – саяси біріктіруші атау еді. Неге біріктіруші? Шыңғыстың тұсында түбі түрік – керей мен жалайыр орта Моңғолияда ғұмыр кешсе, Найман жұрты Алтай, Орхон өзендерін иемденді, Сарыарқада Қыпшақтар, Жетісуда Дулат рулары көшіп жүрді. Мұнан бөлек, Шығыс – нәсілі басқа Таңғұт-Тибет, Қытай, Парсы секілді жұртты, ел-жерімен қоса көшпелі империясына қосып алды. Осыншама халыққа ортақ атау, біріктіруші есім керек еді. Мәңгі ел. Шыңғыс хан империясына, оны жайлаған жұртқа осындай есім берді. Мұны өзі ойлап тапқан жоқ, бұл атау түрік қағанатынан бермен белгілі сөз еді бұл. Дәлел келтірсек, Күлтегін кіші жазуларының 8-жолында: «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың»  деген таңба жазу бар. Қазақ ғалымдары бұл сөйлемді «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен» деп аударған.

«Моңғол» дегеннің не мағына беретінін моңғолдар неге білмейді? 

Қазіргі моңғолдар кім сонда? Неге бұрынғы моңғолдың тілімен қазіргі монғолдың үні екі бөлек?! Қазіргі тілдері қай кезде қалыптасты?!

Филолог мамандар қазіргі халха-моңғол тілі XVII ғасырда қазіргі Моңғолия жерін таңғұт-манчжур тайпалары жаулап алғанда қалыптасты дейді. Түсіндіре кетейік, Шыңғыс хан мен ұлдары Орта Азияға жасаған жорығында Моңғолияны мекендеп отырған найман, жалайыр, қоңырат руларын түгелдей көшіріп, құнарлы аумаққа алып келеді.

Ал Моңғолия жерінде аз ғана жұрт қалды. Оның өзі Шыңғыс хан өлгеннен кейін өзара билікке таласып, соңы тайпалар арасында соғысқа ұласады. XVII ғасырда Моңғол жерінде 60 мыңға жетер-жетпес түрікше сөйлейтін жұрт қалған еді дейді Чжу-Ди есімді қытай тарихшысы.

Алауыздықтан әбден титықтаған Моңғол даласына, 17 ғасырдың бас кезінде таңғұт-манчжур тайпалары басып кіреді. Жергілікті жұрт басқыншы елдің тілін, өмір салтын қабылдаудың кесірінен қазіргі халха-моңғол тілі қалыптасты. Қысқасы, «Шыңғыс ханның мұрагеріміз» деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байырғы моңғолдар арасында ешқандай тарихи сабақтастық жоқ.

Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан – біз үшін басқыншы емес, қайта бытырап жатқан түрік жұрағатын біріктіруші тұлға. Ал енді неге әдебиетіміз «Шыңғыс ханды әлі күнге жаулаушы, жауыз» деп жүр? Неге Шыңғыс ханның түгел әскері түрік тайпаларынан құралса да, «моңғол-татар шапқыншылығы» деуден әлі таңбай жүрміз?

«Моңғол» атауын неге моңғолға бере салды?

Шыңғыс ханның бүкіл даңқын алыстағы моңғолдарға кім, не үшін бере салды? Түбін іздесең, Мәскеуге барып тірелесің. 1920-ншы жылдары КСРО көшпелі халха-ұраңқай жұртына көбірек ықпал жасап, Қытай боданынан босатып ала бастайды. Жаңа мемлекетке, жаңа ұлтқа «моңғол» деген атау беріледі. Мұндай оқиғалар тарихта талай болған. Мысалға, Орыстың географиялық қоғамы күні кешеге дейін – тараншы, мұсылман, алтышарлық деп аталып келген халыққа, еш қатысы жоқ «ұйғыр» деген атауды таңып берді.

Түйін

Тарих оқулығында жаттанды мынадай жолдар бар еді «Негізі жеңімпаз халық жеңілген ұлтқа өзінің дінін, дүниетанымын, тілін таңатын. Ал мұнда керісінше болды. Моңғолдар қалың қыпшаққа сіңісіп, түркіленіп кетті».

Жоғарыда жаздық. Шыңғыс ханмен бірге қазақ даласына атасы бөтен халық келген жоқ, тілі бір, танымы бір өз туыстарымыз келді. Шыңғыс хан түрік тайпаларының бірігу процесін жылдамдатты. Бір-бірінен дербес ғұмыр кешкен Найман, Қоңырат, Дулат, Қыпшақтың басын біріктірді, өзара аралас-құралас етті. Сондай-ақ, дәл осы Шыңғыс ханның бірікітіру соғысы – түрік тілдес жұрттың түгелдей мұсылмандануын тездетті.

Алтайдың арғы бетінен бері өтіп жатқанда, Найман, Қоңырат, Жалайыр ежелгі наным-сенімді тұтынатын. Оңтүстікке жеткенде мұндағы мұсылман Қаңлы, Дулат жұртымен араласып, Исламды қабылдады. Моңғолдар немесе Шығыс түріктері Еуропаға осыдан кейін мұсылман болып аттанды.

Қош, соңғы айтарымыз, қазіргі моңғолдар мен Шыңғыс ханның заманындағы «моңғолдарды» шатастырмас үшін соңғысын «мәңгіелдіктер», «шығыс түріктері» деп айтуды үйренейік. Бұрынғы Моңғол империясын «Мәңгі ел» мемлекеті деп түзетіп оқып көрейік! Сонда ғана тарихымыздағы түсініксіз түйіндерді шешерміз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?