Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласындағы жүзге бөліну терминінің тарихы

3028
Қазақ даласындағы жүзге бөліну терминінің тарихы - e-history.kz
Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол. Соның бірі ЖЕТІ АТАНЫ білу қағидаты

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,

болашақтың дидарын көзге елестету үшін де

кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»

                                         Н. Ә. Назарбаев
 

   

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алуы, сонымен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы Қазақстанның жаңа тарихында аса маңызды саяси-құқықтық өзгерістердің бірі болды.

Тәуелсіздік алғаннан бері 26 жыл өтті. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде өзін бейбіт, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет ретінде көрсетіп, БҰҰ-ң мүшесі ретінде жаппай ядролық қарусыздану қажеттігін ұсынып, Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі потенциалы бойынша 4-орында тұратын ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартты.

Қазақстанда экономикалық, сот-құқықтық реформалар сәтті жүргізіліп, қазіргі таңда ТМД кеңістігінде мемлекетіміз экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықтың бірлік-ынтымағы, достығы жарасқан, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары аса жоғары деңгейде қорғалуда.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шығып, халықтың көңілінен шығып, үлкен бастамалардың бастауы болып отыр. Бұл мақала ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, қоғамның дамуы мен өркендеуіне бағытталған аса маңызды үндеу.

            Н.Ә. Назарбаевтың: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», - деген сөзі көптеген ұлағатты ойларды туғызады. Халық арасындағы тарихын білмеген халықтың болашағы жоқ дегенмен қалай келіспеуге болады.

ХYIII-ХХ ғасыр аралығында қазақ елімнің берекесі қашып талай қыспаққа айналғаны баршаға мәлім. Ал ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI басында өз алдына мемлекет болып талай елдердің іргесі сөгіліп, бүлікшілердің отанына айналып бара жатқанына біз куәміз, яғни қазақтың басынан өткен «Ақтабан шұбырынды» қасіретіне іспеттес. Осындай елдерде өмір сүре алмаған халық тыныш өмір іздеп, жер-жерге, басы ауған жаққа, туған жерін тастап кетіп жатқаны бізге мәлім.

Ал, енді Қазақстанда мұндай оқиғаларды болмауы үшін не істеу керек, деген сұрақ көп адамдарды мазалайды. Біздің пікірімізше қазақ халқының қиындыққа толы өткен сара жолын, сол қиындықтарды қалай жеңгенін, ұлы ойшылдардың дана сөздерін, ел билеушілерінің атқарған игілікті істерін жан-жақты зерттеуіміз керек.

Сондықтан, бүгінгі таңда Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін ең алдымен – бірлік қағидасын ұстану қажет. Дана халқымыз айтқандай «Төртеу түгел болса - төбедегі түседі, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегендей бірлігі жоқ елдің тірлігі де оңбайтынын жете түсінген абзал.

Осы орайды тарих деген сөздің мағынасын түсіндіре кетейік. Тарих адамзат баласының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым. Тарихтың мақсаты адамдарға тек өткенін ғана білгізу емес, рухани дүниесін қалыптастыру екенін айта кеткен жөн. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылығы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие. "Тарихсыз - халық жоқ" деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Тарихын білген халық тамыры терең жатқан бәйтерек ағашы секілді болады. Ағаш тамырынан қалай нәр алса, өзінің тіршілігіне қажетті қоректі минералды заттарды, суды бойына алғандай, халық та сол секілді өткен ата-бабалардың өмірлік жолынан үлгілі есімдерді, бейнелерді есінде сақтап, олардың ерліктеріне тағзым етіп, ізгілікті нақыл сөздерін зерттеп-зерделеп өседі. Тарихтың тағы бір үлкен функциясы бұрын жасалған қателіктердің себеп-салдарын түсініп, кейінгі ұрпақтың оның қайталамауына әсер ету.

Кеңес одағы кезеңінде көптеген игілікті істер жасалды. Халықтың жаппай сауатсыздығын жою, тегін білім беру, медициналық емдеу, сегізсағаттық жұмыс күнін белгілеу, зейнеткерлік, әлеуметтік қамсыздандыру дүниежүзінде ең алғаш рет енгізіліп, көптеген шетел мемлекеттеріне үлгі болды.

Дегенмен, жаппай сталиндік репрессиялар, мемлекеттің мүддесін адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарынан жоғары қою, діни сенімдер үшін және сөз бостандығы үшін қудалау секілді келеңсіз жағдайлар да орын алды. Қазақстанда Алаш орда зиялылары, кейінірек пантюркист атағымен Е.Бекмаханов түркілердің тарихын зерттегені үшін репрессия қаһарына ұшырағанына баршаға мәлім...

Коммунизмнің асыл идеяларына жету үшін миллиондаған адамның өмірін құрбан ету, репрессивті шараларды кеңінен қолдану кеңестік азаматтардың дұрыс жолдан адасқанын М.С. Горбачевтың «қайта құру» кезеңінде түсінуіне алып келді...

Ұлы дала жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдардың, атап айтқанда, Сақ, Қаңлы, Үйсін, Ғұн тайпаларының мемлекеттері, кейіннен Түркі қағанаттары, Дешті-Қыпшақ, Түргеш қағанаты, Қараханидтер мемлекеті, Шыңғысхан империясы, Алтын Орда, Көк орда, Ақ орда, Моғолстан, Қазақ хандығы және басқа да көптеген мемлекеттердің болғаны белгілі.

Ақ патша кезіндегі орыстың шығыстанушысы, Ресейдегі қытайтанудың негізін қалаушыларыдың бірі Н.Я. Бичурин (Иакинф) пікірінше Орта Азиядағы ежелгі мемлекеттердің барлығы әр түрлі атаумен белгілі болғанымен, тілі, мәдениеті, әдет-ғұрыптары және шығу тегі бір болғандығын өз еңбектерінде баяндап кеткен [1]. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена.

// М.-Л.: Изд-во АН СССР. Т. I. 1950. 382 с.; Т. II. 1950. 334 с. Т. III. 1953. 328 с.

2015 жылы бүкіл Алаш жұрты Қазақ хандығы құрылғанының 550-жылдығын тойлады. Қазақ хандығының құрылу себептері, үрдісі жайлы көптеген мақалалар, монографиялар, деректі және көркем фильмдер түсірілген...

Ал енді, айта кететін жайт, Қазақ елінің болашағын, оның қуатты, дамыған, өркениетті болуын барлық қазақстандықтар армандайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы еді. Соны жүзеге асыру біздің маңдайымызға жазылып отыр. Сондықтан ел боламыз, жұрт боламыз десек, қазақ ағайындар жүзге, руға бөлінуді қойып, жұдырықтай жұмылуымыз керек. Қазақ қайда да қазақ. Соны бір сәт ұмытпайық. Төле би бабамыз айтқандай «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» нақыл, даналық сөзі әрбір қазақ үшін өмірлік ұстанымы болуы керек. Сондықтан, аталарымыз айтқан «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі өзінің өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды.

Қазақстан Республикасында 100-ден астам ұлттың өкілдері тұрады, 18-ге жуық діни конфессиялар бар. Қазақ ұлты Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың ұйытқысы ретінде қазақстандық халықты бірлік-ынтымаққа, діни төзімділікке, достыққа шақыруда үлкен үлес қосуда. Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде өзінің заңнамасын өркениеттің жетістіктеріне, адам мен азаматтың құқықтарын берік қорғау және мемлекеттің мүддесін ескерудегі тепе-теңдікті сақтауға негіздейді. Қазақстандағы діни сенім бостандығы, сөз бостандығы мемлекетпен қорғалатындығы және оның еркіндігіне барлық жағдайлар жасалғандығы әлем қауымдастығы мойындап, әлемдегі ұлтаралық және діни конфессиялардың келісімінің үздік үлгісі ретінде саналады.

Тәуелсіз Қазақстанның осындай өркениеттілік құндылықтары біздің пікірімізше халықтың арасында насихатталып, дәріптеліп, жан-жақты қорғалуы тиіс. Бұл құндылықтар «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалды толығымен растайды. Себебі Қазақстанның жеткен жетістіктері еліміздегі тұрақтылықтың, бірлік-ынтымақтың жемісі ретінде көрініс тауып отыр.

Тарих беттерінде «бөліп ал да, билей бер» саясатының зардабын шеккен көптеген халықтардың көргенін айта аламыз. Рим империясы, Византия империясы жаулап алған халықтарға қатысты бұл саясатты жиі қолданды.

Кеңес Одағы кезеңінде империялық мемлекеттердің мұндай саясаты жан-жақты сынға алынды, халықтардың достығын күшейту қажеттігі айтылды.

Сол себептен, қазақ халқы тарихында «бөліп ал да, билей бер» саясатының қолданғандығына тоқталу кажетпіз. Патшалық биліктің қазақ мемлекеттілігін  жою әдістері мен шараларын еске түсіре кетсек, XVІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ хандығы біртұтас мемлекет ретінде өмір сүрді. Әсіресе Тәуке хан билік еткен кезеңде (1680-1718 жж.) қазақ хандығы айтарлықтай орныққан, әлеуметтік-саяси құрылымы нығайған, дәстүрлі-көшпелі мал шаруашылығына негізделген өмір сүру салты қалыптасқан елге айналды.

XVІІІ ғасырда Қазақ хандығы Ресей империясымен екі-жақты достық қарым-қатынасты орнатып, жоңғарларға қарсы бүкіл халықтың күш-қуатын жұмылдырып, елімізге соғыспен кірген жауды-жоңғарларды ойсыратып, талқандады. Халықтың бірігуі, ел ішінде беделге ие, халықтың қамын ойлайтын батырлардың халықтың қолдауын табуы, Абылай ханның көпвекторлы саясатты ұтымды пайдаланып, Ресей мен Қытай империяларымен ізгілі саясатты жүргізіп Қазақ хандығын күшейтті.

Алайда, орыс патша әкімшілігі ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында негізгі салмақты қазақ хандарына салғанымен, олардың билігінің деңгейі ірі ру басшылары мен билердің қолдауына немесе қолдамауына тікелей байланысты екенін жақсы түсінді. Патша үкіметі қазақ мемлекетін бірте - бірте әлсіретіп, хандық билік жүйесін жойып, Ресейлік басқару құрылымын орнықтыру саясатын ұстанды. Осы мәселе жөнінде С.Асфендияров: “Патша үкіметі Қазақ хандығын жоя отырып, қазақ сұлтандарын биліктен шектету арқылы қазақтардың мемлекеттік дербестік елесін де құртып, сол кездегі Қазақстанды Ресей империясының қатардағы аймағына айналдырды” -  деп көрсетеді [2].

  Осы мәселенің төңірегінде ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Толық адам» ілімі жайлы толғаныс атты еңбегінде патшалық биліктің астарлы саясаттың салмағын әшкереледі, онда: «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтұру» жүйесін жүзеге асыру мәселесінде сексеуіл болмысынан туындайтын зұлымдық  тәсілін қолдану арқылы жүзеге асыруды саяси мақсат ретінде қолға алды.бұл амал-айланың бастамасы Екатерина ІІ-нің Орынбар генерал-губернаторына "... организуйте и преследуйте тех,  кто стоит во главе киргиз-кайсаков и их родовой знати, никогда не было мира. Их все время наталкивайте против друг друга, и чтобы они постоянно грызились, что очень выгодно будет нам», – деп жазған қызмет хатында жатыр. Осы зұлымдық идеяны Батыс Сібір генерал-губернаторы Сперанский одан ары жалғастырып, «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Оған шеге қақсаң кірмейді, балтамен ұрсаң жарылмайды, ал сексеуілді өзіне өзін ұрсаң, быт-шыты шығады екен. Осы тәсілді қазақтарға қолданайық»-деп ұсыныс береді. Осы сексеуіл тәсілін Ресей империясының патшасы қолдап, жүзеге асыра бастады. Бұл ұсынысқа ең әуелі Түлкібас ауданындағы Майлыкент болысы саяси палигон ретінде таңдалып алынды. Сырдария генерал-губернаторы ұлты неміс Гродековтың тікелей бақылап, басқаруымен ел билеудің болыстық жүйесі тәжірибе үшін сынақтан өткізілді. Сынақтың нәтижесі күткен деңгейден асып түсті. Бұған Ресей империясының саяси элитасы төбесі көкке жеткендей қуанды.

Майлыкент болысындағы екі мыңға таяу отбасының әр ауыл, әр түрлі он екі рудан құралуы – бұл отаршылдар үшін саяси қажеттілікке айналды. Әр руда құралған 12 ауыл 4 ауылнайға бөлініп, оған 4 ауылнай, 4 би сайланды. 12 ауылдан болысты сайлауға ақ, қара шар тастап болысты сайлау үшін 50 үйден 1 елубасы сайланды. Олардың саны 40-қа таяу болды. Әр 10 үйден 1 онбасы сайланып, олардың саны 200-ге таянды. Олардың мақсаты ауыл мен ауылдың ішінде партиягершілік талас-тартыстың өртін өршітіп, қоздыру болатын. Жалпы, болыстық лауазымға болысты сайлау үшін, ол үшін таласқа түсетін 250-дей қызмет орнына жансала тайталасу – руды руға, бар қазақты бір-біріне айдап салу арқылы береке бірлік пен мінез-құлықтың бұзылуына алып келді [3].

Осы мәселенің зардабы қазірдің өзінде көрініс тауып отыр. Мысалы, кейбір көлік жүргізушілері автокөліктің мемлекеттік нөмірлерінің қаптағыштарына рулардың атын жазып қоюды шығарды. Сонымен бірге, Алматының кейбір базарларында жазғы бас киімдерінің (бейзболка) маңдайшасында рулардың таңбалары басылған тауарлар сатылды. Бұдан басқа, рулардың шежіре кітаптарын жазу әдетке айналып кетті.

Әрине, өзін-өзі тану – адамның баласының өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы. Ал бұл қадамға адам баласы шығармашылық арқылы жету керек, яғни адамның өмір шындығына өзін-өзі тануға, қоршаған ортаны тануға ұмтылуы, ізденуі деген қағидаттарын айтамыз. Атап айтқанда, өмірде дұрыс жол табу үшін адам ой түйіп, сапалы білім алып, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек.

Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол. Соның бірі ЖЕТІ АТАНЫ білу қағидаты.

Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі, яки  жеті атамыздың нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өстік. Осыдан қазақ халқында «Жеті атасын білмеген жетесіз» - деген мақал туындаған. Осы мақалдың мағынасын терең түсіну мақсатында ата-әкелеріміз өз ұрпағына жеті атасын үйретуді басшылыққа алған, яғни атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі екені баршаға аян.

Дегенмен, жеті атасын білу қағидатын білуді қазіргі таңда кейбір азаматтар дұрыс түсінбей ЖОРАМАЛ шежірелерді жазуды әдетке айналдырды. Ал шежірелерді жазу халықтың арасында кейбір түсініксіз мәселелерді туындатып отыр.

Ал біздің пікірімізше шежіре деген сөздің мағынасы бүкіл халықтың тарихын білу. Сол себептен, шежіре мәселесімен арнайы ғылыми зерттеу институттары айналысып, бүкілхалықтың тарихын жазу керек. Сол ғылыми тарихи еңбектер әр адамның шежіресі ретінде танылуы тиіс, өйткені текті адамның ұрпағы да парасатты болады, жеке адамның емес, жалпы халықтың мүддесін қорғайды. Атаңның баласы болма, халықтың баласы бол деп үйреткен дана халқым. Бірақ та қазіргі таңда шежірені әр «ру» бөлшектеп жазу көзқарасы – қазақты төбе-төбеге алшақтатып жібермесіне кім кепіл...?

Біздің қөзқарасымыз бойынша Төле би бабамыздың айтқан дуалы сөзі «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», елін, жерін сүйген, халықтың қамын ойлаған әрбір данышпан қазақтың ұраны болуы тиіс. Төле бидің философиялық концепциясы сол уақыттағы әскери жағынан қуатты Жоңғарияның Қазақ еліне шабуыл жасап, бейбіт жатқан халықты қырып, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіретті жылдардағы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара алмаған қазақ халқының жіберіп қойған үлкен қателігінен туындады.

Авторлар қазақтың жүзге бөліну саясатындағы астарлы салдарлардың кемшіліктерін былай тұмшалап отыр. Тарихқа сүйенсек, жаугершілік заманда ел мен жерді қорғап қалу мақсатында қазақ хандығының тұсында ел билеуші қолбасшылар әскерді жүзге бөлгендігін ғұлама ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың түп атасы» [4] атты тарихи дастанындағы келесі өлең жолдарынан:

«Әскерін үшке бөлген Әз Жәнібек,

Ұлы жүз, орта жүз бен кіші жүз», - деп анық көрсеткен.

Яғни бұл дастан шумақтарынан Шу өңірінде жиналған Қазақ елінің әскерін Керей мен Жәнібек хандар жердің тұтастығын сақтау мақсатында сарбаздар мен оларды басқарған қолбасшыларды әскери тұрақ орнына баруды әскери тәртіп ережелерімен бұйырды.

Осы өлең шумақтарынан қазақ халқының Қазақ хандығы құрылғанға дейін және Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де «қазіргі сипаттағы жүз» көзқарасы болмаған. Әскердің қорғаныс қабілеттігін, тиімділігін арттыру, елдің тұтастығын сақтап қалу үшін әскерлерді жүздерге (взвод, рота, батальон, полк, дивизия) бөлу, яғни әскери бауырмашылдықтың (воинское братство) орын алғанын айқын түсінуіміз керек.

Осы орайда, Қазақ еліндегі әскери аймақтарды құру үрдісі Тәуелсіз Қазақстанда өз жалғасын тапқан.

Қазақстан Республикасының әскери округтері. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23 қараша 2000 жылгы N»1579 қаулысына сәйкес елімізде Оңтүстік, Батыс, Шығыс әскери округтері құрылды. Оңтүстік әскери округінің қорғайтын жер аумағына Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары кіреді. Округтің басты міндеті мемлекетіміздің оңтүстік аумагын қорғау, оңтүстік өңірлерден төнген ықтимал қарсыластарға дер кезінде тойтарыс беріп, еліміздің біртүтастығына нұқсан келтірмеу. Округтің орталык штабы Тараз қаласында орналасқан. Шығыс әскери әкругінің қорғайтын жер аумагына бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары кіреді. Округтің басты міндеті еліміздің шығыс өңірлерін қорғау болып табылады. Округтің орталық штабы Семей қаласында орналасқан. Батыс әскери округінің қорғайтын аумағына Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді. Округтің басты міндеті — Отанымыздың багыс белігін, әсіресе Каспий теңізі аумағын сыртқы жаулардан қорғау. Округтің орталық штабы Ақтөбе қаласында орналасқан.

Осы орайда, қазақтың данышпан ойшыл-ақыны, философы Абай Құнанбайұлының «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бəрі бос» деген сөздері қазіргі кезеңдегі «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының іске асырудың тетігі болуы тиіс.

Біздің пікірімізше ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы «Мәңгілік ел» болу еді. Соны жүзеге асыру біздің маңдайымызға жазылып отыр.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Н.Я. Бичурин Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена.// М.-Л.: Изд-во АН СССР. Т. I. 1950. 382 с.; Т. II. 1950. 334 с. Т. III. 1953. 328 с.

2. Левшин Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Алматы:Санат,1996.- с.238-239 2. Казахско-русские отношения в ХҮІ-ХҮІІІвв. /Сборник документов и материалов/ Алма-Ата 1961, с.253 3

3. М. Мырзахметұлы «Толық адам» ілімі жайлы толғаныс - «Арай» газеті №20(604) 25 мамыр 2017 ж.

4. Ш. Құдайбердіұлы «Қазақтың түп атасы» тарихи дастаны.

Сағынбеков Құрманбек Сағынбекұлы -  заң ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің «Қылмыстық және қылмыстық  іс жүргізу құқығы» кафедрасының доценті

Махамбетов Асқар Болатұлы -  құқық ылынымагистрі, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-нің «Қылмыстық және қылмыстық  іс жүргізу құқығы» кафедрасының аға оқытушысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?