Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қыпшақ Сейітқұл туралы не білеміз?

4560
Қыпшақ Сейітқұл туралы не білеміз? - e-history.kz
Қазір не көп, қолдан жасалған батыр көп, жасанды тарихты жасаушылар да көп. Ал, менің баяндайын деп отырған арғы атамыз – Қыпшақ Сейітқұл – шынайы өмірде болған адам

 

 

 

Ол туралы кезінде Ыбырай Алтынсарин жазып кеткен еді, қазақ әдебиеті пәнінде да ол кісі туралы мәлімет бар.

Сонымен Қыпшақ Сейітқұл деген кім?

Қыпшақ Сейітқұл деген арғы атамыз елді отырықшы қылу мақсатымен Асан қайғы бабамыз секілді біраз жерді аралаған екен. "Ат арық болса жер семіз" деп атын сипай қамшылап біраз жерді шарлапты. Қас қарайған кез болса керек, бір таудың етегіне түнемекке ат шалдырып, тоқымын төсеніп, ерін жастанып жата кеткен екен. Түннің бір мезгілінде таудан етекке тастар домалап түсе бастайды. Әлгі кісі тастың екеуін алып "ертең көремін" деп қалтасына сала салады. Ертесіне қараса манағы тастар екі түйір алтын болып шығады. Сөйтсе, "көшкен алтын екен" дейді-мыс. Сол алтынын қаражатқа айналдырып, Қабырға өзенінің бойына қазық қағып, елінің басын біріктіріп, елге мал жинап, егін егіп, мал емшегі мен жер емшегін қатар еметіндей еліне үлкен бастама бастап берген екен дейді-мыс.

Қостанай облысының Жанкелдин ауданының Көкалат ауылында Қыпшақ Сейітқұлға қойылған ескерткіш

Бұл бір аңыз ғана, шындығында ешқандай алтынның қатысы жоқ, бәріне ерен еңбектің арқасында жеткені белгілі.

Сонымен, Қыпшақ Сейітқұл туралы Ыбырай Алтынсарин былай дейді: «Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейді қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамын деп ойға қалды. Сауда етуге мал жоқ, барымтамен мал алсам, бір күндерде жау да бізден қуып алады, ақырында бұрынғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қиялға түсіп, Сейітқұл әуелі мекен еткендей бір орын іздеді. Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төсіндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ екен деп, сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына алып келді. Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп, ұрлық, барымтаны әдет еткен; інісінің қанша айтқан ақылына болмай, үш-төрт үймен жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орны Түркістан жағында қалды.

Қабырғаның бойына келген соң, Сейітқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де кетпен беріп, жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен судан арық қазып шығарып, егінге су жіберді. Егіні піскен соң орып, жыйып алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, тары, арпа егеді) артығын төңіректегі елге малға айырбас етумен, бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейітқұлға қосылып келіп, бес-алты жылда Сейітқұл елі деген төрт жүз үйге таянды дейді.

Сейітқұлдың өзі де, жиылған халқы да адалдары көбейіп, бай болды, ел жиылып Сейітқұл жұрт ағасы болды, енді сол жұртының адал бейнет, табан ет, мандай терімен тапқан дәулетін аңдыған жаудан, ұрыдан, даладағы бөріден сақтаудың қамын ойлап, уайымға қалды. Солардан сақтану үшін, Сейітқұл жұртын жиып кеңесіп, судың бір қолайлы жеріне шымнан биік қорған салдырды, малдарына реттеп бақташы, қару-жарақты қарауыл шыңдауыл жүргізді. Бұлардың былайша бір ауызға қарап бекінген халық екенін байқаған соң, малға қызыққан сырттағы көшпелі халықтар батып келе алмады. Бұл жағынан көңілі тыныш болған соң, Сейітқұл енді Бұхара, Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолды әртүрлі товар алдырып, жылда егін піскен уакытта манағы қорғанда жәрмеңке реуішті базар болды. Көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін келтіріп, егіншілер оларға астығын, товарын айырбас етіп, осы қалыпша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейітқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты.

Манағы Сейітқұлдың ағасы аттаныс-түсіспен жұрттың малын ұрлап бай боламын деп жүргенде, Қоңырат жағында қолға түсіп, кім екені де белгісіз, біреу өлтіріп кетіпті; қалған мал-жанын ұрының малы деп Түркістан әкімдері талап алып, жамағаттарын Сейтқұл көп жылдар іздетіп, таптырып, қасына алыпты-мыс.

Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп. Жарлы болып, бөтен кәсібі жоқ кісілер Торғай жағында дереу егінге айналады, ерінбей азаптанса, бірнеше жылда түзеліп, халық қатарына қосылады».

Қабырға өзені

Ал енді, қазақтың белгілі тарихшысы Е. Бекмаханов 19 ғасырдағы 20-40 жылдардағы Қазақстан туралы жазған өз еңбегінде Торғай өңіріндегі Қыпшақ Сейітқұл бабамыздың отырықшылдығы туралы баяндап, бидай мен тарыға қосымша жүгері, қауын мен қарбыз, пияз, сәбіз, асқабақ, қияр, өрік, жүзім өсіргенін де жазады. 

Диқан бабамыз бармағы майысқан шебер, сөзге шешен адам болған. Ел аузында Сейітқұл айтыпты деген,кәсіпшілікке байланысты қанатты сөздер көп сақталған. «Ексең егін – ішерсің тегін», «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық», «Өзен жағалағанның өзегі талмас», «Тамыр тартқан тарықпас», т.б. мағыналы сөздерін халық қалтқысыз қағидадай қабылдап, мақалға айналдырған.

Атамыздың егін салған жерлері, қорғанының (әкем Қорған сол қорғанда туғандықтан Қорған есімі берілген екен) іздері әлі де Қостанай облысының Жанкелдин ауданының бұрынғы "Еңбек" совхозы аумағында кездеседі.

Сол заманнан отырықшылыққа үйренген халық ата салтын ұштастырып, баба ұстанымынан әлі де әсте айныған емес.

Амандық ӘМІРХАМЗИН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?