ҚР Ұлттық кітапханасында «KitapTime-2026» республикалық кітап фестивалі өтті

Автор:
36
Материалға сурет: ҚР Ұлттық кітапханасында «KitapTime-2026» республикалық кітап фестивалі өтті

ҚР Ұлттық кітапханасында «KitapTime-2026» республикалық кітап фестивалі өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған фестиваль еліміздің барлық республикалық және облыстық кітапханаларын біріктіріп, 11 қыркүйекте бірыңғай форматта өткізілді.
 

Фестивальдің негізгі мақсаты – оқу белсенділігін арттыру, кітап оқуға деген қызығушылықты ояту және оқу мәдениетін қалыптастыру. Ұлттық кітапханадағы фестиваль бағдарламасы аясында кітап көрмелері, әдеби кездесулер, пікірталас алаңдары, автограф-сессия, интерактивті бағдарламалар және фильм көрсетілімі ұйымдастырылды.

Келушілер назарына мемлекеттік тапсырыспен 2025–2026 жылдары жарық көрген басылымдар, сирек және миниатюралық кітаптар, сондай-ақ ХХ ғасырдағы газет-журналдардың архивтік сандарынан құралған ретро-көрме ұсынылды. 

Көрмелер кітап қорының мазмұны мен кітап мәдениетінің тарихи дамуын таныстыруға бағытталды. Фестиваль барысында республикалық және аймақтық баспасөздің қазіргі ахуалы мен әлеуеті талқыланып, әдебиет арқылы әлем мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін интерактивті бағдарлама өтті. Оқырмандар қаламгерлермен кездесіп, автограф-сессияға қатысты.

Заманауи кітап насихатына арналған «Book Blogger» кездесуінде кітап контентін әлеуметтік желілерде ілгерілету, оқырман аудиториясын қалыптастыру және кітап оқу мәдениетін жаңа форматтар арқылы насихаттау мәселелері сөз болды.

 Кездесуге Данияр Жігітбек, Мирас Кесебаев, Марфуға Шапиян, Азамат Сқақов және Шразаддин Каниязов қатысты. Сондай-ақ фестиваль аясында Р. Дж. Паласионың шығармасы желісімен түсірілген «Ғажайып» драмалық фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. «KitapTime-2026» фестивалі кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған мазмұнды іс-шаралар алаңына айналды.