Бүгін – Қазақстан халқының тілдері күні
Бұл мереке тек тіл мәселесін көтеретін күн емес, бұл - елдік пен бірліктің, ұлттық сана мен рухани жаңғырудың үлкен көрінісі.
Қазақстан үшін әр жылдың 5 қыркүйегі ерекше маңызға ие айтулы дата — Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке тек тіл мәселесін көтеретін күн емес, бұл - елдік пен бірліктің, ұлттық сана мен рухани жаңғырудың үлкен көрінісі.
Яғни бұл мереке қазақ елін мекен еткен ұлттардың өзара құрметі пен келісімнің символына айналып отыр.
Кез келген халықтың жаны, тарихы мен мәдениеті — оның ана тілінде сайрап жатыр. Қазақстанда бұл мерекенің енгізілуі елімізде мекен ететін барлық этнос өкілдерінің тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеуге, өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға негізделген.
Мемлекеттік тіл — қазақ тілі қоғамды топтастырушы басты фактордың бірі. Тіл арқылы ұрпақтар сабақтастығы сақталып, ұлттық код жаңғырады. Көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстан әрбір азаматтың ана тілін дамытуына жағдай жасай отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді басты стратегиялық бағыт етіп ұстанады.
Мереке аясында республика көлемінде ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар, әдеби кештер, кітап көрмелері, диктанттар және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Тілдер күні өзінің қалыптасу тарихында бірнеше маңызды кезеңді бастан өткерді:
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР-інде «Тілдер туралы» Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Бұл құжат тіл саясатындағы тарихи бетбұрыс болды.
1998 жылдың 20 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек ресми түрде «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып жарияланды. Мереке сол жылдан бастап тойлана бастады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш мерекені 5 қыркүйекке ауыстыру туралы ұсыныс берді. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен мереке күні 5 қыркүйекке ауыстырылды.
2018 жылдан бастап тұрақты түрде осы күні аталып өтіледі.
Мереке датасының өзгеруі және рухани маңызы
5 қыркүйекке ауыстыру кездейсоқ емес. Бұл күн — қазақ тіл білімінің атасы, Алаш қайраткері, ұстаз, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының (1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген) туған күні. Ол «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы — тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған. Ұлт ұстазының туған күнін Тілдер күні етіп белгілеу — тарихи әділдікті қалпына келтірумен қатар, жас ұрпаққа оның қазақ жазуы, әліпбиі мен ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегін ұғындырудың пәрменді жолына айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап тіл саясатын жүйелі түрде нығайтып келеді. Оның негізгі ұстанымдары:
«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ — мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру — мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді».
Мемлекеттік тілді меңгермеген отандастарға қысым жасауға болмайды. Қазақ тілін ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы дамыту керек.
«Бірлігіміз — әралуандықта» қағидаты берік ұсталады. Әр этностың өз ана тілінде сөйлеуге және төл мәдениетін дамытуға құқығы бар. Мемлекеттік қызметте және қоғамдық орындарда өзге халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады.
Бұл саясат қазақ тілін ғылым, білім, іс жүргізу және прогресс құралына айналдыруға, сонымен бірге тілдік әралуандықты сақтауға бағытталған. Ол елдің рухани дамуына, ұлтаралық татулыққа және ұлттық бірегейлікті нығайтуға нақты үлес қосады.
Тілдер күні - тек мәдени шаралар өтетін мереке ғана емес, ол азаматтардың бойындағы патриоттық сезімді оятатын рухани белес. Өз тілін қадірлеген адам өзге тілге де құрметпен қарайды. Мемлекеттік тілдің беделінің артуы — ел тәуелсіздігінің нығаюы мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Тіл арқылы отансүйгіштік қалыптасады, ал бұл өз кезегінде «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатын берік ұстанған Қазақстан халқының ынтымағын одан әрі нығайта түседі.
Қазақстан халқы тілдері күні - ұлт рухының айнасы. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен қазіргі мемлекеттік саясаттың үндесуі арқылы ол жаңа ұрпаққа тілдің қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық рухты нығайта береді.