Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау әлеуметтік желі парақшасында қазақ тарихына қатысты құнды жәдігермен бөлісті, деп хабарлайды e-history.kz порталы. Ол Қытай Халық Республикасы Алтай аймағының Буыршын өлкесіндегі №1 дәрежелі музейінде болып, қазақ батыры, жәдік руының билеушісі болған Қуандық Байғараұлының шапанын көрсетті.
300 жылға жуық тарихы бар шапан Гиннестің рекордтар кітабына «Әлемдегі ең үлкен шапан» ретінде ресми түрде енген. Музей қызметкерлерінің дерегінше, шапанды батыр тұлғасына лайықталып, арнайы 68 бұғының терісінен жымдастырылып, үлкен шеберлікпен әзірлеген. Шапанның жиектері мен арқа тұсы қазақтың ою-өрнектерімен көркемделген. Екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, матаның реңі мен оюдың қанықтығы таңқалдырарлық деңгейде сақталған.

Музей қорында сақталған шапанның түпнұсқа суреті
Сырымбек Таудың айтуынша, бұл шапан оның өзінің 6 атасы (баласының 7 атасы) Абақ керейдің жәдік руынан шыққан батыр Қуандық Байғараұлына тиесілі.
«Батыр атамыз – менің 6 атам. Оның шапанына бүгінде 279 жыл болды. Бұл шапанның тарихы терең. Осы құнды жәдігерді көру үшін достарымызбен арнайы Алтай аймағына келдік. Біз өз тарихымызды білуіміз керек. Атамыздың шапаны осы күнге дейін осылай аман-есен сақталып тұрғанына, оған үлес қосқан барша ағайынға, музей ұжымына алғыс айтамыз», - дейді саяхатшы Сырымбек Тау.
Ел аузындағы тарихи деректерге қарағанда, Қуандық Байғараұлы (1727-1816) батыр соғыста ерекше ерлік көрсетіп, жаудың бас батырын жеңіп, еліне үлкен жеңіспен оралған. Батырдың осы ерен ерлігіне, тұлғасына риза болған 12 Абақ керей елі бас қосып, осы еңселі шапанды тігіп, иығына жапқан екен.