18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ұлттық мұраны сақтаудағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Музей – өткенді бүгінмен жалғайтын, тарих тағылымы өскелең ұрпақтың танымына жол ашатын киелі кеңістік. Музейде өткен тарихты жақыннан танып, халқымыздың мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек сезінуге болады. Әрбір түпнұсқа жәдігер, құнды құжат, өнер туындысы мен археологиялық олжа – ел тарихының, адам тағдырының, ұрпақтар сабақтастығының бір бөлшегі. Осы құндылықтар арқылы ұлттық мұра келер ұрпаққа аманат болып жетеді», – деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, бүгінде Қазақстанның музей саласы ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан жүйеге айналған.
«Елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бұл сандардың артында көрмелерге деген қызығушылық қана емес, қоғамның өз тарихын танып-білуге, мәдени сабақтастықты сақтауға деген терең сұранысы тұр», – деді ол.
Министр Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға және мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.
«Жаңа Конституциямыздың құндылықтар жүйесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация адам капиталын дамыту мен жасампаз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздері ретінде ерекше мәнге ие болды. Сондықтан қазіргі музей – мұраны сақтайтын орын ғана емес, тәрбие, ағарту және ұлттық болмысты нығайту ісінің маңызды арқауы», – деді Аида Балаева.
Оның сөзінше, бүгінде музейлер ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық бағыттағы заманауи орталықтарға айналып келеді.
«Тек өткен жылдың өзінде республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде 187 көрме өтіп, оларды 800 мыңға жуық адам тамашалады. Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» залы ашылып, «Қазақстанның Тәуелсіздігі» залының реэкспозициясы жүргізілді. Мұндай жобалар Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерін жаңаша танытып, оның мазмұнын тереңірек ашуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева музей саласын цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл жұмыс музейлермен қатар музей-қорықтарда да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде келушілерге ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды кіру жүйесі енгізілді. Сонымен бірге E-museum бірыңғай цифрлық кеңістігі дамып келеді. Бұл жүйеге еліміздің барлық 20 өңірінен 284 музей қосылды. Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам бірлігі енгізіліп, 750 үшөлшемді модель жасалды, 15 виртуалды тур қолжетімді болды», – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгін кешке еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтеді.
«Қазақстанның музейлері мен музей-қорықтары келушілерге есігін ерекше форматта ашып, кешкі экскурсиялар, көрмелер, интерактивті бағдарламалар, шығармашылық кездесулер мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұсынады», – деді Аида Балаева.
Құттықтау соңында министр музей қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Барша музей қызметкерлеріне кәсібіне адалдығы, ұлттық мұраға деген жанашырлығы және қоғамның рухани өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді министр.