Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 95 жыл

Автор:
09.02.2026
5312
Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 95 жыл - e-history.kz

Қазақ поэзиясында кейбір есімдер уақыт өткен сайын биіктей береді. Олар туралы айтқанда «ақын» деу аздық етеді — олар тұтас дәуірдің үніне айналады. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев.

Биыл оның туғанына 95 жыл. Қарасаздың қара өлеңін әлемдік поэзия биігіне көтерген ақынның ғұмыры небәрі 45 жылға созылды. Бірақ сол келте ғұмырда ол халық жадында мәңгі қалатын рухани кеңістік қалыптастырды. Мұқағали туралы көп айтамыз. Алайда оның болмысын  тереңірек ашатын бірқатар дерекке тоқталып көрейік.

Азан шақырып қойған есімі – Мұхамметқали

Ақынның төлқұжаттағы аты Мұхамметқали болған. Анасы Нағиман «пайғамбардың атын көтеру балаға ауыр» деп, еркелетіп Мұқағали деп атаған. Кейін әдебиетке дәл осы атпен енді. Қазақ оқырманы жүрегіне сіңген есім осылай пайда болды.

Қарасаз – оның тұңғыш ұстазы

1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Ондағы қазына кеуде қарттар алғашқы ұстаздары болса, Хан-Тәңірінің бөктеріндегі табиғат ақынға алғаш шабыт сыйлады. 

Соғыс оны ерте есейтті

Әкесі Сүлеймен Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмайды. Он жасар Мұқағали үйдің үлкені болып, анасымен бірге бүкіл ауыртпалықты буыны қатпаған кезден бастап арқалайды. Майданнан келген «қара қағаз» бала жүрегіне мәңгі жазылған жара еді. Әке сағынышы, кейін оның лирикасындағы мұң мен тереңдіктің бастауына айналды.

Өзін-өзі тәрбиелеген оқырман

Ол жүйелі әдеби ортада емес, ауылда өсті. Соған қарамастан орыс тілін өздігінен меңгеріп, әлемдік заңғар ақындарды жатқа оқыды. Кітап бар мұңын ұмыттыратын жалғыз жұбанышы еді. Бұл ерік-жігер кейін аудармашылық шеберлігіне де негіз болды.

Алғашқы өлеңі 17 жасында жарияланды

Жас Мұқағалидың тұңғыш өлеңі «Советтік шекара» газетінде жарық көрді. Бұл әдебиетке бастар алғашқы баспалдақ еді.

Мұғалім, диктор, журналист болған

Ақын тек қаламмен ғана күн көрмеді. Мектепте мұғалім, Қазақ радиосында диктор, «Жұлдыз» журналында қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді. Яғни ол – әдебиеттің ішкі «ас үйін» жақсы білген кәсіби қаламгер.

Әлем классиктерін қазақша сөйлетті

Көпшілік Мұқағалиды тек лирик деп таниды. Ал шын мәнінде ол ірі аудармашы еді.

Уолт Уитмен, Роберт Бернс, әсіресе Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясының» бөлімдерін қазақ тіліне тәржімалады. Бұл – қазақ поэзиясын әлемдік кеңістікпен жалғаған көпір.

Қайғы мен қысымды қатар көрді

1964 жылы қызы Майгүлдің қазасы ақынды қатты күйзелтті. Кейін қолжазбалары жоғалды, жұмыстан қысқарды, әдеби ортада қысым көрді, денсаулығы сыр берді. Дегенмен дәл осы ауыр кезеңде оның ең терең жырлары туды. Кейде ұлы поэзия бақыттан емес, қасіреттен жаралады.

Көзі тірісінде толық мойындалмады

Бүгінде халық ақыны атанғанымен, тірі кезінде кітаптары аз таралыммен шықты. Цензура, сын, түсінбеушілік көп болды. Бірақ бүгінгі ұрпақ ақиық ақынды төбесіне көтеріп, кез келгені бір өлеңін жатқа білетіні оның мәңгілікке қалғандығының белгісі болар. Яғни: «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да ...» деуі болашаққа айтылған сенім еді. Бүгінгі құрмет – сол сөздің дәлелі.

Қысқа ғұмыр, мәңгілік мұра

1976 жылы 27 наурызда 45 жасында өмірден өтті. Алайда артына мыңнан аса өлең, бірнеше поэма, драмалық туынды, ондаған аударма қалдырды. Қазір Қарасазда музейі бар, есімі мектептер мен көшелерге берілген, жырлары әнге айналған.

Мұқағали – тек ақын емес, ұлттық рухтың символына айналған тарихи тұлға. Ол – ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының айнасы. Соғыс, жоқшылық, цензура, әділет іздеу, рух еркіндігі — бәрі оның жырларында тұнып тұр. Ол поэзияны биік мінберге емес, адамның жүрегіне жеткізді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз