Ұлттық баспасөз күні құтты болсын

02.02.2026
5835
Ұлттық баспасөз күні құтты болсын - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Бүгін – Ұлттық баспасөз күні. Бұл күн отандық журналистика тарихында тек кәсіби мереке ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогтың, ой еркіндігі мен жауапкершіліктің символына айналып келеді. Қоғамның санасын қалыптастырып, уақыттың тамырын дөп басатын мерзімді баспасөздің орны қашанда айрықша.

Осы атаулы күнге орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистерді құттықтады. Бұл туралы  Президенттің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram арнасында мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады, – делінген хабарламада. – Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды. 

Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты. 

Мемлекет басшысы отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.

Президенттің бұл лебізінен мемлекет пен БАҚ арасындағы өзара сенім мен ортақ жауапкершілік айқын аңғарылады. Ақпарат тарату ғана емес, қоғамдық санаға ықпал ету, заң үстемдігін дәріптеу, реформалардың мәнін халыққа түсіндіру – бүгінгі журналистің басты миссиясы ретінде көрсетіліп отыр.

Ұлттық баспасөз күні – қазақ мерзімді баспасөзінің бастау алған кезеңін еске салатын тағылымды дата. ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ», «Айқап» сынды басылымдар ұлттың рухани жаңғыруына, саяси ой-санасының қалыптасуына зор ықпал етті. Олар тек ақпарат құралы емес, ұлттық идеяның мінбері болды.

Сол дәстүр бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында жаңа мазмұнмен жалғасып келеді. Қазіргі мерзімді баспасөз – мемлекеттік реформалар мен қоғамдық пікірдің түйіскен тұсы, билік пен бұқара арасындағы көпір.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы журналистиканың сапасына, жауапкершілігіне және кәсіби мәдениетіне айрықша мән беріп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде ақпарат еркіндігі популизм мен арандатуға емес, ел бірлігі мен заңдылықты нығайтуға қызмет етуі тиіс екенін бірнеше мәрте атап өтті.

Президенттің көзқарасында мерзімді баспасөз – реформаларды терең түсіндіріп, сыни тұрғыдан талдай отырып, қоғамға пайдалы арнаға бағыттаушы күш. Бұл – журналистикаға қойылған жоғары талап әрі үлкен сенім.

Ұлттық баспасөз күні – қалам ұстаған қауым үшін өте маңызды. Президенттің құттықтауы отандық журналистердің ел тағдырындағы рөлін тағы бір мәрте айқындап берді. Сөздің салмағы артқан сайын, жауапкершілік те тереңдей түседі. Ал сол жауапкершілікті арқалау – бүгінгі қазақ баспасөзінің басты мұраты.

Айта кетейік, Ұлттық баспасөз күні Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 2023 жылы бекітілді. 1913 жылы 2 ақпан күні Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз