Мұстафа Шоқайға қатысты бұрын жарияланбаған сирек фотосуреттер табылды. Бұл тарихи құндылығы жоғары материалдар музей қорын толықтырды, деп хабарлайды e-history.kz порталы EL.kz сайтына сілтеме жасап.
Фотосуреттер сақталған альбомды Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорына Мұстафа Шоқайдың туысы Гүлбаршын Заирова тапсырған. Ал отбасылық жәдігерді ұзақ жылдар бойы сақтап келген – шоқайтанушы ғалым Бақыт Садықова.
Альбомдағы фотосуреттердің басым бөлігі осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған. Мамандардың айтуынша, бұл материалдар Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы өмірі, қоғамдық қызметі мен жеке тағдырына қатысты тың деректер береді. Табылған фотосуреттер ғылыми зерттеулерге негіз болып, алдағы уақытта музейлік көрмелерде көпшілік назарына ұсынылады.















