Азаттық алған күн

16.12.2025
7931
Азаттық алған күн - e-history.kz

1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақстан тарихындағы ең жарқын беттердің бірі. Бұл - қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігін ресми жарияланған күн. 

Кеңес Одағының ыдырап, Қазақстан да өзінің  жеке ел болатынын мәлімдеп, тәуелсіз мемлекет болды. Бұл оқиға тек саяси шешім ғана емес, қазақ халқының ғасырлар бойы армандап келген жеңісі болатын. 

Сол күні қабылданған заң Қазақстанды дербес мемлекет ретінде әлемге танытты, ал халықтың жүрегінде мәңгілік үміт отын жақты. 

Сол күні болған негізгі оқиғалар

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарихи отырыс өткізді. Отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл заң 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация негізінде әзірленген еді. Заңға Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол күні қол қойды. Заңда Қазақстанның толық тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде өз алдына жеке ел ретінде шыққаны айтылған. 
Бұл шешім Қазақстанның тұрақты дамуына жол ашты. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда алғашқы бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті, онда Н.Ә. Назарбаев 98,78 пайыз дауыспен сайланды. 

8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь лидерлері Беловежье орманында КСРО-ны тарату туралы келісімге қол қойды, бұл Одақтың ресми түрде құлағаны еді.  

Ал 10 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы» шешім қабылдады. Осыған байланысты

16 желтоқсанның заңы тәуелсіздіктің заңды негізін қалады.

Әлемдік мойындау да жылдам болды. Сол күнінен кейін бірнеше сағат өтпей-ақ Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып АҚШ мойындады. Екінші болып Қытай, үшінші – Ұлыбритания таныды. Кейін Монғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран (алғашқы мұсылман мемлекет) мойындады. Түркия Қазақстанда бірінші елшілік ашқанымен, ресми мойындауы 1992 жылдың 2 наурызында болды. 
Бұл дипломатиялық мойындаулар Қазақстанды халықаралық аренаға шығарды.

Халық қалай қабылдады?

Тәуелсіздік жаңалығы қазақ халқы үшін қуаныш пен мақтаныш сыйлады. 16 желтоқсан күні Алматыда және басқа қалаларда адамдар көшелерге шығып, еркіндікті атап өтті. 

Ресми мереке 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңдағы үлкен митингпен жалғасты. Сан мыңдаған адам жиналды. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы күні 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығымен бірге тойланды. 

Сол кездегі ел президенті Н.Ә. Назарбаев сөзінде: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік... Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын» деп, халықты бірлікке шақырды. 

Халықтың реакциясы БАҚ-та да кеңінен жарық көрді. 1991 жылғы 17 желтоқсандағы басылымдарда «16-шы желтоқсан қазақ халқының тарихына алтын әріппен жазылады» деген мақалалар жарияланды. 

Облыстық газеттер 18-19 желтоқсанда тәуелсіздіктің мәнін баяндап, халықтың қуанышын сипаттады. Көпшілік үшін бұл күн – ата-бабалардың армандаған азаттығының орындалуы еді. Алайда, кейбір аймақтарда жаңалықты бірден алу қиын болғанымен, радио мен теледидар арқылы тараған ақпарат елдің төрт бұрышын қамтыды. Халықтың көңіл-күйі – еркіндіктің қуанышымен қоса, болашаққа деген сеніммен толыққанды еді.
Азаттық алған күн – Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауы. 16 желтоқсан 1991 жылғы оқиғалар саяси шешімдердің жиынтығы болып, халықтың жүрегін жаулап алды. Бүгінгі таңда бұл мереке жыл сайын тойланады: мәдени шаралар, марапаттаулар, отшашулар арқылы ұрпаққа ұлттық мақтаныш сыйлайды. 
 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз