Арабияны 100 мың жыл бұрын кімдер мекендеген?

Автор:
09.12.2025
6248
Арабияны 100 мың жыл бұрын кімдер мекендеген? - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Солтүстік-шығыс Сауд Арабиясының бүгінде қуаң тартқан шөлдері көне заманда әлдеқайда ылғалды, жануарлар мен адамдарға қолайлы мекен болған. Жуырда археологтар осы өңірдегі үңгірлерден көне гомининдердің жүздеген артефактін тауып, аймақтың ежелгі тарихына жаңа деректер қосты.

Нортумбрия университетінің (Англия) геохимигі Моника Марковска бұл жұмыстың Арабияның ішкі солтүстік-шығысында алғаш рет кешенді археологиялық сурет қалыптастырып отырғанын атап өтті. Бұған дейін Катар мен Кувейт арасындағы осы кең өңірде адамның көне іздері табылмаған еді.

Зерттеушілер бұл аралықтағы кең алқапты зерттеп, бұрын ғылыми тұрғыда көзге түспеген 79 үңгірді қараған. Олардың бірнешеуінен орта палеолит дәуіріне жататын төрт жүзден астам тас құрал табылды. Бұл жерде көне адамдардың ғана емес, ежелгі жануарлардың да ізі сақталған. Зерттеу барысында жылан, жарқанат, түрлі құстар, түйе, қарақұйрық, қасқыр және гиенаның сүйектері шыққан. Тас құралдарды жасау ерекшелігіне қарап, ғалымдар көне адамдардың осы өңірде жүз мың жылдан он мың жылға дейінгі аралықта өмір сүргенін анықтады.

Сурет авторы: PLOS One

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі Арабия шөлі жануарлар мен адамдардың қозғалысына кедергі келтіретін аймақ болса да, бұрын климат өзгерістеріне байланысты бұл өңір көші-қонға қолайлы өткелге айналған.Үңгірлерде мінсіз сақталған мыңдаған сүйек қалдықтары сол дәуірдің табиғи ортасы, жануарлар дүниесі және көне адамдардың тіршілігі туралы құнды ақпарат береді.

Бұл жаңа археологиялық деректер Арабияның ежелгі адамзат үшін Африкадан Еуразияға өту жолындағы маңызды көпір қызметін атқарғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз