Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасы мен e-history.kz интернет-жобасының ұйымдастыруымен «Тарихи quiz» зияткерлік сайысы өтті. Университеттің «Күлтегін» алаңында өткен ақыл-ой додасына 8 команда бақ сынады. Олардың қатарында студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар құрамалары бар.
Шараның мақсаты – жас тарихшылар мен студенттердің тарихи білімін тереңдету, интеллектуалдық, зияткерлік мәдениетті қалыптастыру, ұлт тарихы туралы тың деректерді заманауи форматта насихаттау болды.
Зияткерлік сайыстың ашылуына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашхынбай, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Құралай Сейтказина, e-history.kz порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін осынау Күлтегін атриумында алғаш реті «Тарихи quiz» интеллектуалдық сайысы өтіп отыр. Осынау шараға ұйытқы болған университетіміздің Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасы «Тарих» білім бағдарламасының екінші курс докторанттарына алғыс білдіреміз. Құрметті студенттер, магистранттар, докторанттар аталмыш шараға қош келдіңіздер! Біздің университетімізде докторантура бойынша диссертация жазумен қатар, оқу процесі және тәрбиелік шаралар қатар жүргізіледі. Бүгінгі шара – біз байқап отырғандай, жас тарихшылардың жылы жүздесуіне жағдай жасап отыр. Сондықтан, сіздерге сәттілік тілеймін!», - деді департамент басшысы Б. Балтабайұлы.

Бүгінде тарихи викториналар мен интеллектуалдық ойындар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Мұндай формат студенттердің білімін тексеріп қана қоймай, жылдам ойлау қабілетін, логикалық пайымын, топпен жұмыс істей білу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. ЕҰУ-де өткен «Тарихи куиз» де осы қызығушылықтың айқын көрінісі болды. Ойын басталған сәттен-ақ аудиторияда ерекше атмосфера орнап, көрермендер мен қатысушылардың көңіл-күйі қыза түсті.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар жалпы тарих бойынша тест сұрақтарына жауап берді. Бұл бөлім командалардың базалық білімін анықтап, алғашқы ұпайларды жиынауға жол ашты. Екінші кезең «Фотосурет» деп аталды. Мұнда тарихи тұлғалардың, мәдени нысандардың және әлеуметтік жарнамалардың суреттері көрсетіліп, сол бойынша сұрақтар қойылды. Бұл турда командалардың байқампаздығы мен аналитикалық ойы ерекше байқалды. Соңғы кезеңде логикалық сұрақтар ұсынылып, сайыстың ең тартысты бөлігіне айналды. Командалар арасындағы ұпай айырмасы тым аз болғандықтан, финалдық сұрақтар нәтижеге тікелей әсер етті.

Қызу өткен зияткерлік сайыста үшінші орынды 1 курс докторанттарынан құралған «Шежіре» командасы иеленді. Екінші орынға 1 курс студенттерінің «Ұшқын» командасы лайық деп танылды. Ал бас жүлде 1 курс студенттерінен құралған «Жебе» командасына бұйырды. Көрермен көзайымы аталымын түркімен студенттерінен құралған «Бірлік» командасы еншіледі. Барлық жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Сайыс қорытындысынан кейін жеңімпаз командалар өз әсерлерімен бөлісті. «Жебе» командасының мүшелері:
«Ойын өте тартысты өтті. Сұрақтар мазмұнды, қызықты және біршама күрделі болды. Әр кезең сайын бізді жаңа деңгейде ойлануға мәжбүр етті. Қарсыластар да өте дайындықпен келген, сондықтан әр ұпай үшін нағыз білім жарысы болды. Сол себепті жеңіс біз үшін ерекше қуаныш әрі үлкен мотивация. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып, студенттердің білімі мен қызығушылығын арттыра берсе екен», – деп пікір білдірді.
«Ұшқын» командасының студенттері:

«Екінші орынға ие болу да жақсы нәтиже. Дегенмен бұл біз үшін меженің соңы емес, келесі ойындарда міндетті түрде бірінші орынға ұмтыламыз. Сайыс барысында алған тәжірибе және мықты қарсыластармен бәсекелесу бізге үлкен мотивация болды», – деді.
Ал «Шежіре» командасының докторанттары:

«Біз үшін бұл жай ғана сайыс емес, тарихи білімімізді жаңғыртып, жаңа мәліметтерді меңгеруге үлкен мүмкіндік болды. Әр кезең бізді ойлантып, бұрын білмеген деректерге назар аудартты. Ұйымдастыру да жоғары деңгейде өтті. Сұрақтардың сапасы, ойынның құрылымы, атмосфера бәрі ойластырылған. Осындай ғылыми-танымдық шаралар студенттердің қызығушылығын арттырып, білімін тереңдететіні сөзсіз», – деп ой қосты.

Шара соңында ұйымдастырушылар «Тарихи quiz» жобасын тұрақты форматқа айналдыру жоспарланғанын атап өтті. Алдағы уақытта мұндай ойындарды жүйелі өткізу, түрлі факультеттерден студенттерді тарту және форматты кеңейту көзделіп отыр.

Өткен сайыс жас тарихшылардың бәсекеге қабілеттілігін, білімге деген ынтасын көрсеткен мазмұнды әрі әсерлі шараға айналды. ЕҰУ қабырғасында бастау алған бұл жоба болашақта да өз жалғасын тауып, студенттердің ғылыми қызығушылығын дамытуға ықпал етпек.
Шараның фоторепортажы: Астанада «Тарихи quiz» зияткерлік сайысы өтті