De.media YouTube арнасының кезекті подкасында Ұлытау өңіріндегі Жошы хан кесенесінің жанында тұрғызылған зираттар туралы сөз болды, деп хабарлады e-history.kz.
Подкаст қонағы, тарихшы-археолог Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, Жошы хан кесенесі алдындағы мазар заңсыз қойылған.
Оның айтуынша, белгілі бір ескерткіштің қорғау аймағы болады.
«Заң бойынша қорғау аймағына ешқандай да құрылыс салуға болмайды. Одан бөлек, құрылысты реттеу аймағы бар. Ереже бойынша, маңайына түсетін нысандар бұған дейін салынған ескерткіштің сынын бұзбауы, ғимаратқа зиян, кедергі келтірмеуі, жалпы сыртқы көрінісін жаппауы тиіс деген тыйымдар бар. Ол төрт жағынан да көрініп тұруы тиіс. ЮНЕСКО-ның талабы сондай. ЮНЕСКО талабы бойынша мұндай жерлер буферлік аймақ ретінде қорғалуы керек. Әрі Ескерткіштерді қорғау заңында да солай жазылған. Сонымен қатар, табиғи ландшафты сақталуы керек.
Жошы хан кесенесінің қасында көлемі мен сыртқы формасы бірдей әрі кесененің көрінісіне кедергі келтіретін құрылыстың тұруы – заңсыздық. Оның үстіне, Жошы хан мазары мемлекет қорғауындағы ескерткіш. Яғни, заңға сәйкес маңайындағы ережені бұзып тұрған кейінгі құрылыстарды өзгертуге болады. Яғни, сыртқы формасын өзгертуге болады», – дейді тарихшы.