2025 жылғы 30 қазаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында испан-қазақстандық бірлескен жоба – «Бітім» (La Tregua / Перемирие) фильмінің көрсетілімі басталды. Бұл туынды – адамгершілік, төзім мен үміт туралы терең философиялық драма, Сталин дәуірінің ең ауыр кезеңдерін бейнелейтін тарихи картина.
Фильмнің оқиғасы 1937-1945 жылдары Қарағанды облысындағы КарЛАГ-та өрбиді. Бұл кеңестік ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі еңбек лагерлерінің бірі еді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген мыңдаған адам ауыр жағдайда жазасын өтеді. Солардың қатарында Испания азаматтары да болған. Ұзақ жылдар бойы олардың тағдыры беймәлім болып келді. Тек 2013 жылы Қазақстан үкіметі Испанияның премьер-министрі Мариано Рахойға Карлагта жазасын өтеген испан тұтқындарының 152 архивтік ісін ресми түрде табыстағаннан кейін, бұл тарихи деректер алғаш рет кең көлемде жария етілді. Осы оқиға фильмнің идеялық өзегіне айналып, екі халық арасындағы тарихи байланысты жаңа қырынан ашуға мүмкіндік берді.
Картинаның негізгі желісі екі испан офицері республикалық Телмо Рейес пен фашистік «Көк дивизия» сарбазы Сальгадоның тағдырына құрылған. Азамат соғысында бір-біріне қарсы соғысқан бұл екі адам тағдырдың тәлкегімен Қазақстандағы Карлаг түрмесінде қайта жолығады. Алғашында оларды өшпенділік пен идеологиялық айырмашылық бөлсе, кейін лагерь өмірінің қатаң сынақтары олардың жүрегіндегі адамдық пен мейірімді оятады. Осы екі кейіпкердің өмірінде маңызды рөл атқаратын тұлға – қазақ зиялысы, филолог Ораз Сәкенов. Ол білімді, парасатты, ұлт рухын бойына сіңірген кейіпкер, Алаш арыстарының жиынтық бейнесі ретінде көрінеді. Ораз лагерьдегі адамдарға рухани демеу беріп, адамгершілік пен үміттің отын сөндірмеуге тырысады. Фильмде қазақ халқының жомарттығы, кеңпейілдігі мен бөтенді бауырына тарту қасиеті ерекше суреттеледі. Қазақ даласы азап шеккен мыңдаған жат жұрттық үшін екінші үйге айналғандай. Бұл туынды – тек бір кезеңнің трагедиясы емес, адамдық биіктікті, кешірім мен рухани төзімділікті дәріптейтін оқиға.

Карлаг – Кеңес Одағының ең ірі және ең қатаң режимдегі еңбек лагерьлерінің бірі. Ол 1931 жылы Қарағанды облысының аумағында, кең байтақ қазақ даласында құрылып, ГУЛАГ жүйесінің басты буындарының біріне айналды. Лагерьдің негізгі мақсаты саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды, «халық жауы» деп танылғандарды, сондай-ақ шетелдік әскери тұтқындар мен қарапайым азаматтарды мәжбүрлі еңбекке жегу болатын. Онда қазақтың зиялы қауымы, ұстаздар, ғалымдар, жазушылар, дін өкілдері жазықсыз жапа шекті. Қарағанды даласы адам тағдырларының күрделі тоғысқан мекеніне айналды. Лагерьдің ауыр жағдайы, аштық пен суық, шексіз еңбек және үміт пен сенімнің күресі фильмнің көркем және эмоционалдық өзегін құрайды.
«Бітім» фильмінің түсірілім тобы тарихи шынайылықты барынша дәл жеткізуге ерекше мән берген. Декорациялар мен киім үлгілері сол дәуірдің түпнұсқалық мұрағат материалдарына, Карлаг музейі мен архивтеріндегі нақты экспонаттарға сүйеніп дайындалған. Түсірілім кезінде режиссер мен дизайнерлер 1930–1940 жылдардағы лагерь өмірінің атмосферасын шынайы беру үшін архив фотоларын, куәгерлер естеліктерін және тарихи құжаттарды мұқият зерттеген. Сондай-ақ түсірілім тобы Қарағанды облысының тарихи жерлерінде жұмыс істеп, табиғи кеңістіктің әсерін барынша пайдаланған. Бұл көріністер көрерменге сол дәуірдің рухын, сұсты кеңістігін және адамдардың рухани беріктігін нақты сезіндіреді.

Фильмді әйгілі испан режиссері Мигель Анхель Вивас түсірді. Ол Netflix платформасындағы әлемге танымал «Money Heist» (Бумажный дом) сериалының алғашқы маусымындағы эпизодтарға режиссерлік еткен. Сонымен қатар оның шығармашылық қоржынында Kidnapped, Extinction, Inside, Your Son сынды халықаралық деңгейде мойындалған картиналар бар. Вивас бұл жолы көрерменге адам жанының түнектен жарыққа шығу жолын, үміт пен түсіністіктің қуатын көрсетуге тырысқан.
Басты рөлдерді әлемге әйгілі испан актерлері Арон Пайпер және Мигель Эрран сомдайды. Екеуінің де Netflix жобаларындағы рөлдері арқылы жинаған кәсіби тәжірибесі бұл фильмде айқын сезіледі. Олардың экрандағы дуэті күрделі психологиялық шиеленістер мен ішкі драманы шынайы жеткізеді. Қазақстандық актерлік құрам да көрермен тарапынан зор қызығушылық тудырды. Дина Тасбулатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев және Фараби Аққозов сынды шебер актерлер өз кейіпкерлерін терең сезіммен, үлкен жауапкершілікпен бейнеледі. Әсіресе қазақ қызы Айсулу бейнесі арқылы ұлттық болмыс пен адамдық парасат үйлесім тапқан.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Қазақстан мен Испанияда өтті. Тарихи шынайылықты сақтау үшін Карлаг музейінің түпнұсқа деректері мен архивтік материалдары пайдаланылды. Қазақ даласының кең табиғаты мен сұсты атмосферасы картинаның көркемдік шешімінде басты рөл атқарған. Суретші-декораторлар мен костюм дизайнерлері 1940-жылдардың киім үлгілерін дәл қайта жасап, сол дәуірдің рухын экранға әкелді.
Продюсерлік құрам екі елдің үздік мамандарын біріктірді. Испаниядан – Plano a Plano студиясы, ал Қазақстаннан – Amanat Capital және UMAI Film компаниялары. Жалпы продюсерлер қатарында Аманат Конақбаев, Ерлан Бекхожин, Даурен Байғалиев, Даир Каракеев, Жарасхан Күлпиенов және Алия Далабаева бар. Жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылған, оның 70 пайызын испандық тарап, 30 пайызын қазақстандық продюсерлер қамтамасыз еткен.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2025 жылғы 25 қыркүйекте Испанияның Сан-Себастьян қаласында болған беделді халықаралық кинофестивальде өтті. Ал 30 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіліп басталды. Желтоқсан айында “Бітім” фильмі Netflix платформасында халықаралық премьерасын өткізеді. Бұл қадам қазақстандық кинематографияның әлемдік экранға шығуының маңызды кезеңі саналады.