Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы шетелде де кеңінен аталып өтілді.
Ресей, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстанда ұйымдастырылған іс-шаралар қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейдегі маңызын паш етіп, Абай мұрасының халықаралық аренадағы орнын айшықтады.
Мәскеу, Ресей
Мәскеудегі Абай күні Чистопрудный бульварындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Бұл дәстүрлі шараға қазақстандық дипломаттар, Ресей ЖОО-да оқитын қазақ студенттері және Мәскеудегі қазақ мәдениеті қоғамдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясы вице-президенті-бас директоры Ю.Васюнькин Абай мұрасының әлемдік мәнін атап өтіп, оның ескерткіштері көптеген елде орнатылғанын еске салды. Сондай-ақ ол 26 қыркүйекте Мәскеу «Халықтар үйінде» өтетін Абайдың 180 жылдығы мен Сергей Есениннің 130 жылдығына арналған шығармашылық кешке шақырды.
Іс-шара барысында Абайдың «Қара сөздерін» оқып, «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.
Сондай-ақ, ол 26 қыркүйекте Мәскеудегі «Халықтар үйінде» Абайдың 180 жылдығы мен Сергей Есениннің 130 жылдығына арналған шығармашылық кеш жоспарланып отырғанын атап өтті.
Мәскеудегі Абай ескерткіші 2006 жылы ашылған болатын. 2020 жылы Қазақстан Үкіметі қаулысымен Абай күні бекітілгенін атап өту керек.
Бішкек, Қырғызстан
Қырғызстан астанасы Бішкекте Абайдың 180 жылдығына орай Театр скверіндегі ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Шараға қазақстандық дипломаттар, олардың отбасы мүшелері және Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының өкілдері қатысып, «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Бішкектегі Абай ескерткіші 2022 жылы мамырда ашылып, салтанатты рәсімге президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қатысқан болатын.
Баку, Әзербайжан
Бакуде Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған еске алу акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі, Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, абайтанушылар, әзербайжандық жазушылар мен шығармашылық зиялы қауым қатысты.

Ақын есімі берілген көшедегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Еділ Мырзаханов Абай шығармашылығының қазақ мәдениетінің негізі екенін атап, оның мұрасының әлемдік мәнін сөз етті.
Аланья, Түркия
Түркияның Аланья қаласында Абай атындағы саябақта мерекелік іс-шара өтіп, оған қазақ және түрік мәдениет қауымдастықтарының өкілдері мен жергілікті билік қатысты. Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бастамасымен және Аланья әкімдігі мен Қазақстанның құрметті консулы Ахмет Джебеджінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Абайдың түрік тіліне аударылған өлеңдері мен әндері орындалды, сонымен қатар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған викторина өтті, оған ересектер де, балалар да қатысты. Аланья мэрі Осман Тарық Өзчеликтің қатысуы шараның маңызын арттырды.
Анкара, Түркия
Анкарадағы Хаджи Байрам Вели университетінде Түркі әлемін зерттеу орталығы, ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан елшілігінің қолдауымен Абай күні аталып өтті. Университет проректоры, профессор Метин Орбай Абайдың ақын ғана емес, терең ойшыл және қоғам көшбасшысы екенін атап, оның сатиралық шығармаларының жастарға рухани бағдар беретінін айтты.

Түркі әлемін зерттеу орталығының директоры Джемиле Кынажы Баран Абай мұрасының түркі әлемінің ар-ожданы екенін және оның шығармаларының мәні ғасырлар бойы жоғалмайтынын баса айтты. Іс-шарада Абайдың өмірі мен идеяларына арналған қысқаметражды деректі фильм көрсетілді, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан жастары ақын шығармаларынан үзінділер оқыды, ал оқытушылар Абайдың Түркия мен Батыста танылуына арналған дәріс оқылды.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы шетелде гүл шоғын қою рәсімдерінен бастап, концерттер, сән көрмелері, деректі фильмдер мен ғылыми дәрістерге дейін түрлі форматта тойланды.
Бұл шаралар Абай мұрасының әлемдік мәдениеттегі орнын нығайтып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға зор үлес қосты. Ақынның шығармашылығы түркі әлемі мен әлемдік қауымдастықтың рухани байлығы ретінде мойындалып, ұлттық бірегейлікті сақтау және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етері сөзсіз.
Осылайша Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік те өз мәресіне жетті.
Он күн ішінде Абай өңірінде 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 25 концерттік бағдарлама, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жобалар іске асты. Бұл мәдени, ғылыми, спорттық және әлеуметтік жобаларға 50 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 15 елден шетелдік делегациялар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, өнер иелері, жастар, туристер мен БАҚ өкілдері болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Абайдың 180 жылдық мерейтойы биыл елімізде алғаш рет онкүндік ретінде аталып өтіп отыр.
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойының құрметіне арналған бұл онкүндік тек қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеумен шектелмей, Абайдың әлемдік деңгейдегі кемеңгерлігін және оның шығармашылығының мәңгілік құндылығын паш етуге бағытталды. Онкүндік аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, Абай мұрасының тереңдігі мен маңызы кеңінен насихатталды.