Абай облысында Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясындағы іс-шаралар қарқынды жалғасуда. Бүгінгі күн мәдениет, спорт және өнердің тоғысуымен есте қалды. Марафоншылар мәреге жетіп, айтыскерлер сахнаға шығып, «Жеті қазына» фестивалінің аясында ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Кеше сағат 17:00-де Семей қаласынан бастау алған «Abai Joly 100 miles» ультрамарафоны бүгін Қарауылтөбеде мәреге жетті. 180 шақырымдық республикалық додаға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген 31 желаяқ қатысты. Әр 10 шақырым сайын 17 тамақтану және қалпына келу пункті орнатылып, 50, 100 және 150 шақырымнан кейін ыстық ас берілді. Жүлде қоры – 10 млн теңге. 6–10 орын иегерлеріне 100 мың теңгеден, ал абсолют жеңімпазға JETOUR X50 автокөлігі бұйырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс үшінші рет өткізіліп отыр және жыл сайын дәстүрге айналуы көзделуде. Жеңімпаздарды марапаттау 10 тамызда өтпек.

Абай ауданында тұңғыш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі де бүгінгі күннің ажарын ашты. Қазақ дүниетанымындағы жеті қасиетті ұғым Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы, Берен мылтық мерекенің мазмұнына арқау болды. Үш күнге жалғасатын бағдарламада тоғызқұмалақ, қазақ күресі (өгіз палуан, түйе палуан), жорға жарысы, аламан бәйге, топ бәйге және ұлттық ат спорты сайыстары өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жергілікті кәсіпкерлер мен азаматтардың демеушілігімен 93 бас жылқы жүлде қоры ретінде ұсынылды. Сонымен қатар аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы және айтыстың жүлдегерлеріне автокөлік, қаржылай сыйлықтар табысталады.

Фестиваль аясында «Ер жігіт» және «Сұлу әйел» республикалық байқаулары өтіп жатыр. Байқаулардың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, отбасылық және моральдық құндылықтарын дәріптеу, ер-азаматтың асқақ тұлғасы мен қазақ әйелінің нәзік болмысын насихаттау. Екі күнге созылатын сайыста қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Сондай-ақ, Абай атындағы театр сахнасында «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі айтыскер қатысып жатыр. Олардың алтауы – «Алтын домбыра» иегерлері. Арасында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев сияқты танымал ақындар бар. Айтыстың ашылуында аймақ басшысы Берік Уәли: «Абай елі – тұңғыштар мекені. Бұл жолғы айтыс бұрынғылардан ерекше, себебі сахнаға мықты ақындардың бәрі жиналды», – деп атап өтті. Айтысқа қазылық етуге Жүрсін Ерман төрағалық ететін қазылар алқасы шақырылған. Сөз додасын театр залы ғана емес, Абай театры алдындағы үлкен LED-экран арқылы қала тұрғындары да тікелей тамашалап отыр.

Абай онкүндігінің сегізінші күні спорттың шыдамдылық сынағы, ұлттық мәдениеттің көрінісі және сөз өнерінің озық үлгілері тоғысқан мерейлі күн болды. Марафоншылар мәреге жетіп, ат баптаған шабандоздар мен балуандар сайысқа түсіп, айтыскерлер жырдан бәйге тікті. Бұл – Абай рухын дәріптеп, ұлттық бірлік пен мәдениетті жаңғырту жолындағы шынайы мереке.
Суреттер ашық дереккөзден алынды