Астанадағы Жазушылар аллеясында қазақтың ұлы ақынының 180 жылдығына арналған «Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес...» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды e-history.kz интернет порталы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кеш шымылдығы «Алаш аманаты» күйімен ашылып, ұлттық нақыштағы домбыра үнімен басталды. Бұдан кейін сахна төріне шыққан мектеп оқушылары ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды. Шамамен 40-қа жуық бала Абай мұрасына деген сүйіспеншілігін көпшілік алдында паш етті. Бұл – тек жаттау ғана емес, ақын философиясын жас ұрпақтың жүрегіне сіңірудің нақты көрінісі.

Солардың бірі – Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Шынар Батырханқызы. Оның айтуынша, Абай шығармашылығымен бастауыш сыныптан бері таныс. «Алғаш рет әдеби байқауға қатысып, 105 өлең оқыған едім. Қазір 125 шығармасын жатқа білемін. Оның ішінде «Ескендір» мен «Масғұт» поэмалары ерекше ұнайды. Абайдың әрбір сөзінде терең мағына бар. Қазір сіңіліме де ақынның өлеңдерін жаттатып жүрмін», – дейді жас өнерпаз. Ол бүгінде 20-дан астам байқаудың жеңімпазы.
Іс-шара барысында «Бала Абай» атты сахналық қойылым қойылды. Онда дана Зере мен зерек Абайдың бала кезіндегі диалогы көрініс тапты. Абай рөлін жас оқырман Алинұр Алишанов сомдаса, Зерені кітапхана қызметкері Сағадат Иманбекова бейнеледі. Қойылым көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Сондай-ақ кеш аясында Абай шығармашылығына арналған ауқымды кітап көрмесі өтті. «Қонақтарға 500-ден астам кітап ұсынылды. Бұл көрмеде ақынның өмір жолынан бастап, оның шығармаларына арналған зерттеулерге дейін қамтылған. Сонымен қатар, Абай шығармашылығы туралы библиографиялық көрсеткіштің таныстырылымы ұйымдастырылды», – дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жетекшісі Гүлбадан Мәдібаева.
Әдеби кешке Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қонақтар ақынның сүйікті ойыны – тоғызқұмалақ ойнап, балаларға арналған бояу кітапшалары бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

Бұл әдеби кеш – тек бір күндік шара емес, Абай рухын ұлықтауға, оның мәңгілік мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған ауқымды мәдени бастамалардың бір бөлігі. Жас буынның Абайды тануға деген құлшынысы – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Суреттер Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды