Халық «Ашық микрофонда» Абайдың әнін шырқады

Автор:
04.08.2025
795
Халық «Ашық микрофонда» Абайдың әнін шырқады - e-history.kz

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан Абай онкүндігі аясында 3 тамыз күні Семей қаласында бірқатар рухани-танымдық кештер өтті. Бұл күнгі шаралар ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын насихаттап, жастардың рухани-мәдени дамуына серпін беруге арналды.

Күндізгі уақытта Абай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен және Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Кеш барысында Абайдың әндері шырқалып, қарасөздері қазақ және ағылшын тілінде оқылды. «Ашық микрофон» алаңында қала тұрғындары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Шараға өзге қалалардан келген қонақтармен қатар, жергілікті жедел жәрдем және полиция қызметкерлері де қатысып, Абай мұрасына деген құрметтерін білдірді. Әдеби кеш соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Кештің рухани жалғасы ретінде Абай атындағы театрда «Абай әлемі» атты әдеби-сазды танымдық кеш ұйымдастырылды. Ол дәстүрлі ән өнері арқылы Абай мұрасын насихаттауға, ұлттық рухты жаңғыртуға бағытталды. Көрермендерге Абай шығармашылығының терең философиялық мазмұны мен көркемдік ерекшелігі дәстүрлі ән мен күй арқылы ұсынылды.

Кешке ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев пен Еркін Шүкіман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина қатысып, өз өнерлерін ұсынды. Әдеби кештің жүргізушісі – Қазақ радиосының «Шалқар» арнасының редакторы, радиожурналист Жасұлан Базарбеков болды. Ол көрерменмен терең рухани байланыс орнатып, кештің мазмұнын жан-жақты түсіндіре білді.

Абай онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл шаралар ұлы ақынның мұрасын жастар санасына сіңіруде және ұлттық мәдениетті ұлықтауда маңызды рөл атқарды.

Суреттер Семей әкімдігінің әлеуметтік желісінен алынды

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз