Бүгін Абай онкүндігі аясында өтетін мерекелік шаралар ресми түрде бастау алды.
Осыған орай Семей қаласының Бейбітшілік аралында «Этноауыл» өз есігін айқара ашты. Ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған этноауыл аумағында 12 киіз үй тігіліп, әрқайсысында ұлттық қолөнер бұйымдары, тұрмыстық бұйымдар және этнографиялық көрмелер ұсынылған. Сонымен қатар, үздік қолөнершілер өз туындыларын таныстырды.

«Бүгінгі шара — қазақ руханиятының алтын діңгегі болған ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған айтулы іс-шаралардың бірі. Абай облысында бұл мерейтой кең көлемде аталып өтуде. Түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, әдеби байқаулар мен шығармашылық кездесулер жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Соның ішінде бүгінгі «Этноауыл» – халқымыздың бай мұрасын, салт-дәстүрін, ұлттық ойындары мен тағамдарын кеңінен таныстыратын ерекше алаң болып отыр. Мұнда біздің шеберлеріміздің қолынан шыққан бұйымдар, этнографиялық көрмелер, ұлттық спорт түрлері мен өнерпаздардың концерті өтуде», - деді Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Бахатова.
Этно алаңда алтыбақан орнатылып, халыққа ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Көпшілік назарына белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» көрмесі ұсынылды.
Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін халыққа паш етті.

Онкүндік аясында «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты гала-концерт өтеді. «Аспан Синема» жобасы аясында Абай туралы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылады.
Бұған дейін ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай әзірленген «Абай академиясы» энциклопедиялық порталының таныстырылымы болған еді.
Қазақ руханиятына жаңа серпін беретін ауқымды цифрлық жоба платформасы 8 жабық және 10 ашық модельге негізделіп, бірнеше құрылымдық бөлімнен тұрады.
Портал кітапханасының қорында 2 мыңға жуық кітап жинақталған. Алдағы уақытта қор кезең-кезеңімен жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. Кітаптардың қатарында сирек кездесетін басылымдар мен архивтік мұралар да бар.
Пайдаланушылар мұрағат құжаттарымен электронды нұсқада тікелей танысу үшін мүмкіндік жасалғанын айта керек.
Суреттер Абай облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен