Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бірінші ашаршылықта қанша адам қырылды?

3175
Бірінші ашаршылықта қанша адам қырылды? - e-history.kz
Бұл аштық Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезін де шарпып, халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырап, ашыққандар тамақ іздеп, шет жаққа қарай босты

Совет үкіметі орнап, Қазақ АССР-і құрылған тұста қазақ халқына зор нәубет әкелген тағы бір зұлмат –1921-1922 жылдардағы ашаршылық. Бұл аштық Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезін де шарпып, халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырап, ашыққандар тамақ іздеп, шет жаққа қарай босты. Бұл кездерде Ресейде Волга бойындағы халық та ашаршылық дәмін татып жатқан болатын. Еділ жағасындағы жерлерде, нақтылай айтқанда, Екатеринбург, Пермь, Пенза губерниялары мен Дон облыстары және Украинаның бірнеше аудандарындағы халық та зор аштық апатына ұшырады [1].

Республикамыздың батыс өңірінде мұндай нәубеттің орын алуына қызылдар мен ақтар арасындағы соғыс та кесірін тигізді. Ерсілі-қарсылы жүйткіген ақ пен қызылдың әскерлері жұрттың қолында бар шөп пен азықты тартып алып, халыққа қиянат жасады. Қарсыласқандарды атып тастау оқиғалары жиіледі [2].

Еліміздің батыс өңіріндегі аштық жайлы ВЦИК-тің Түркістан жөніндегі арнайы комиссиясының мүшесі Сафаровтың сол кездегі қазақтың жағдайын баяндап, 1921 жылы тамыз айында Ленинге жазған хатында:

• ...қазақтарда ішер ас, киер киім жоқтықтан, үсті-басы лыпасыз қалған әйелдер жұрт көзіне түспей жасырынып жүр, адамдар аштан өлмеу үшін иттің етін жеп, балаларын сатуға мәжбүр болуда;

• жергілікті басшының бәрі – орыстар. Олар шовинистік пиғылмен уланған, баяғы отарлау ісін жалғастырушылар, –

дейді [3].

Жоғарыдағы хатта айтылған жайларға қарап-ақ, 1920-шы жылдардың өзінде қазақтың көзін жою үшін арнайы шаралар қолға алынғанын аңғарасыз.

Сол сияқты, мына бір деректе: «Тамақ іздеп республикадан тысқары аймақтарға босқандардың жағдайы да күннен күнге ауырлай түсті. Қол жайып, қайыр тілеген ауыл балалары Ақтөбе қаласында үйреншікті көрініске айналды. Аштан қырылған сәбилердің мүрделері далада, қала көшелерінде шашылып жатты», – делініпті [4].

Осындағы аштық жылдарынан жеткен бір жазбада: «Ит пен мысықты ұрлап, сойып–жеу, шын мәнінде, індетке айналды. Осынау «бір кесім ет үшін» бірінің жағасын бірі жыртқандар жыртылып айырылады. Қу құлқыны үшін, бір хаиуанның соңынан бірнеше адам жүгіріп бара жатады. Қалайда тірі қалудың қамын жасап, жансебілдікпен жанталасқан әлгі адамның өмірге құштарлығын түсіну үшін оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезіндегі қуанышын көрсеңіз ғой, аштықтың қасіретті сайқымазағын сонда түсінесіз. Жол жиегінде өліп жатқан, өліп бара жатқан адамдарға әлгі «жансебілдердің» өзі қарауға қорқады, өйткені келесі сәтте оның өзі де соның кебін құшуы мүмкін. Иә, ол да ғажап емес… Сотта, бірде тұрақты түрде адамның етімен қоректенген үш адамның ісі қаралып жатса, келесіде, адамның етін пұттап сатқанға үкім шығарып жатпады. Міне, дәл осындай көріністен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетінің 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебінде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсіресе толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердің етін жеп жатыр», – деп жазылған [5].

Халықтың басына түскен бұл нәубетке күйінген қазақ зиялылары – Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов дабыл қаққан. Нәтижесінде, 1921 жылы 10 желтоқсан күні осы аштық мәселесі бойынша қазақтың оқығандары бас қосқан. Олар – Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Кенжин, Байтұрсынов, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игіліков, Қаржасов, Тұнғаншин, Біржаров, Оразбаева, Саматов, т.б.

Жиынды Әліби Жангелдин басқарып, күн тәртібіне: қырда аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру және қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту туралы екі мәселе қойылған. Нәтижесінде аштықтан аман оңтүстік өңірдің тұрғындарынан ашыққандарға көмек ретінде 2 млн пұт астық жібертуге қол жеткізген.

Тіпті кейбір алаш қайраткерлері үкіметке қарап отырмай халықты аштықтан құтқару үшін білек сыбанып өздері кіріскен. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып, М. Дулатов, Қ. Сәтпаевтар Семей өңірінен мыңдаған мал жинап, Торғайға жаяу-жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп елді аштықтан аман алып қалған [6].

Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ресми анықтамасы бойынша 1921-1922 жылғы аштықтың салдарынан 1,5 миллион қазақ аштан қырылған десе, сол тұстағы Орта Азияның саяси жетекшілерінің бірі Г. Сародиевтың 1921 жылы 21 сәуірде жазған мәліметінде:

«Қазақ даласында 1 млн астам қазақ большевиктік гугеноттардың құрбандығы болды», –

депті.

Осы аштық жайлы Германияда жарық көрген «Форум» журналында 1 млн. қазақтың аштықтан опат болғаны жайлы дерек бар [7].

1922 жылы аштыққа ұшыраған адамдар саны:

  • қаңтарда – 1 554 197,
  • ақпанда – 1 625 387,
  • наурызда – 1 719 234,
  • сәуірде – 2 286 486,
  • мамырда – 2 093 403,
  • маусымда – 2 019 475-ке жеткен екен [8].

Ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз 1921-22 жылдардағы аштық жайлы Ақынжан Игенбаев атты зерттеушінің назарына ілінген «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысы» атты құжатты жариялайды. Осында келтірілген деректе: Қазақ автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштан өлген дейді. Ай далада қаңғып, жетім қалған балалардың саны:

1921 жылдың:

  • 1 желтоқсанда – 128 мыңға,
  • 31 желтоқсанда – 158 мыңға,

1922 жылдың:

  • қаңтар айында – 333 мыңға,
  • наурыз айында – 408 мыңға жеткені айтылады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші

Әдебиеттер:

1 Асылбек Ғ. Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы // Қызыл Қазақстан. – 1922. – № 4. 14-б.

2 Қазақ Республикасында аштық ауданы // Қызыл Қазақстан. – 1922. №7-8. 17-б.

3 Марданұлы Ж. Шежіре. Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар: Дауа, 1995. 1-кітап. 52-б.

4 АОММ. Р-3-қ., 1-т. 615-іс. 16-п.

5 Жұртбай Т. Әуезов және Алаш идеясы. http://old.qasym.kz

6 Елім деп соққан жүректер. http://www.namys.kz/

7 «Форум» журналы, Мюнхен, № 4. 1983 ж.

8 Отчет СТО КАССР за апрель-сентябрь 1922 г. Орынбор, 1927. Cтр. 234

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?