Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кешірім бізді кешіре ме, Ақиқат кешіге ме?

2344
Кешірім бізді кешіре ме, Ақиқат кешіге ме? - e-history.kz
Өткен жолы порталда жазушы, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышұлының Семей полигонын жапқан бірінші қазақ, қарапайым қаһарман Кешірім Бозтаев туралы мақаласы жарияланған болатын. Енді жалғасын оқыңыздар

Шындықтың өткір жүзіне тура  қарайтын Кешірім шежіре-кітабында: «...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий   Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға келді...  «Бұл кімнің  еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді (сөйлемнің астын мен сыздым – Ғ. Қ.). Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін  дәріптеу сияқты сыңаржақтылық өршіді...  Жиі-жиі  жиын жасау, жалаң  ұрандау  әдетке  айналдырылды...» деп жазған.

Сірә, сүлейменовтерге осы шындық сөз ұнамай қалса керек. Кешірім тіріде амалсыз шыдаған олар кейінде марқұмның тарихи еңбегін мансұқтай бастады. Полигон туралы үлкенді-кішілі жиындарда, мақала-сұхбаттарда, радиохабарларда, телефильмдерде оның аты-жөні аталмайтын болды. Оның  есесіне – «Олжас Сүлейменов!».

Осы тұста назар аудару қажет бір нәрсе бар. Ол – «Кешірім Бозтаев ақырында Мәскеумен тіл табысып, Семей полигонында екі   жарылыс  жасауды  жақтап  шықты»  деген  сөз.

«Екі-ақ рет сынаудың» сарыны, иә, кешікпей естілді. Жоғарыдан жетер нұсқау жетті. Нұсқаудың ымына орай ірі ұжымдарда екі сынауды жақтаушы жиын өткізу керек болды. Алайда полигонды жабуды талап етуші көпшілік соңғы екі жарылысқа да қарсы шықты. Әрине, әуен біржақты болған жоқ, кеше: «Бозтаев – ұлтшыл. КСРО-ның қорғаныс мүддесіне қарсы қауіпті кісі!» деп шулаған топ-тобыр бүгін: «Бозтаев ақшаға қызығып, екі жарылысқа келісіп, жұртшылықтың мүддесін аяқасты етіп отыр!» деп қиқулады. Қаламы қисық жорналшылар пайда болып, Кешірімнің аузын да, адымын да аңдыды, бірақ аузына қақпақ бола алмады, аяғына кісен сала алмады. Оған бір мысал – көпшілікке белгілі батыл, әділ жорналшы Жұмаш Көкбөрі: «...25-інші тамызда Семей қаласында Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ұйымдастырған үлкен жиын болып өтті... Бізге жетіп жатқан хабарларға қарағанда, Бозтаев жарылысты жақтаушы еді, бірақ жиында сөйлеген сөзі  мүлде кері  әсер  етті...  Бұл  арада да  К. Бозтаев жарылыстың жақтаушысы емес, керісінше, қасірет шеккен жерлестерінің жағында екенін айқын  аңғартты» деп  жазды («Азат» газеті).

Семей қаласында өткізілген ондай жиындарға қатысты мағлұмат журналшы, саясаткер болған Батырхан Дәрімбеттің «Азат қозғалысы» кітабындағы (Алматы: Өркениет, 2001) «Жаңа күрес майданы» мақаласында  да  бар...

Мейлі дейік. Тарих түбегейлі бұрмаланбайды. Кейбіреулер уақытша бұрмаласа да, түптің  түбінде  ақиқат  айтылады. Әрине, «түптің  түбі» кейде тым  ұзаққа  созылатыны  өкінішті.

...Бірде Кешірімге:

– Сен фантаст жазушылығыңды тежеп, партияның солдаты болып кеттің. Семей облысын бес жыл басқардың, ал сонда не тындырғаныңды айтшы! – дегенімде, ол қабақ шыта сәл ойланды да:

– Рас, әдебиеттен алшақтадым. Қоғамдық шаруа қармады. Ал Семейде не тындырғанымды кейін басқалар айтар, мені саморекламаға итермелеме, – деп  жымиды.

Семейге келуі, облыстың халық шаруашылығы салаларын дамытуы жөнінде, иә, кейін мынаны білдім. Мені алдымен ерекше сүйіндірген жайт – Кешірімнің бұрынғы бірінші хатшылар тұрған сән-салтанатты  оңаша үйге  кіруден бас тартып, оған Дімкәс балаларды емдеу орталығын орналастырып, өзі көп қабатты үйлердің біріндегі үш бөлмелі пәтерге кіріп, сонда тұра бергені. Адамгершіліктің, қарапайымдылықтың  нағыз үлгісі емес  пе?!

Ал ол бірінші хатшы болып істеген бес жылдың ішінде: 69 мектеп, 67 балабақша, 24 аурухана-емхана, 28 мәдениет үйі мен клуб,   Қазақстандағы тұңғыш Офтальмология (көзге операция жасау) орталығы, Балалар сырқатының себептерін зерттейтін орталық салынған. 2000 шақырымға жуық жолға асфальт төселген. Облыстың өнеркәсібі сапалы өнім шығару жағынан көп жылғы 15-17-інші орындардан 5-інші орынға көтерілген. Ауыл  шаруашылығындағы  жетістік  өз  алдына.

 Денсаулығы сыр бере бастаған соң зейнетке шықпақ болған Кешірім 1991-інші жылы облыста алдағы екі жыл шамасында 34 мектеп пен 33 балабақша салу мәселесін  шешіп  берді.

Кешірімнің қандай кісі, қандай басшы болғаны жайында облыстық партия комитетінің сол тұстағы хатшылары, бөлім меңгерушілері (мысалы:  А. Евдоков, В. Малинин, В. Пигаваев, А. Чернышов), облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Еременко, басқа да салалардың басшылары айтқан ресми пікір аз емес. Солардан түйгенім: Кешірім Бозтаев – қарапайым, мәдениетті, іскер, батыл басшы-азамат! Ал   обкомның ұйымдастыру істері бөлімінің меңгерушісі В. Малинин «Кешірім  Бозтайұлы  нағыз   дипломат  еді» деп, былайша сыр шертіпті:

«...Кешірім Бозтайұлы бізге бірінші хатшы болып келісімен облыстың ойы мен қырын түп-түгел аралап, жұртшылықпен көзбе-көз танысып, әңгімелесіп шықты да, облпартком, облатком басшылары мен мүшелерін жиып алып, облыстың қазіргі жағдайы мен ертеңі туралы ойларын, шын мәнінде  алдағы  жылдардың  нақты  іс бағдарламасын  жүйелеп  айтып  берді. Мен сырт көзге тым қарапайым, жуас, жайбарақат сияқтанған  жаңа  басшымыздың  іскер, білімдар, алғыр, батыл, болжампаз адам екенін түсіндім. Семей полигонына қарсы күресі дәлелді айтылып жатыр, оған бір ғана қосарым: қырық жыл бойы құтырынған полигонның   үні  мүлдем өшірілгені – түгелдей, жүз пайыз, Кешірімнің күш-жігерінің нәтижесі! Қандай игі бастаманың болсын басталуы мен аяқталуы  бар. Оның дұрыс-бұрыстығы соны қолға алған басшыға байланысты. Осы   орайда өзім тікелей араласқан мәселе – КСРО Министрлер Кеңесінің Семей  полигонынан зардап  шеккен халыққа  әлеуметтік-материалдық жәрдем  беру  туралы  қаулысы  жайында  қысқаша  айтып  берейін.

Бір күні, 1988-інші жылғы қыркүйекте, Кешірім Бозтайұлы мені шақырып  алды да, КСРО Министрлер Кеңесіне полигонның қырық жылғы зардабына өтемақы талап ете хат жазатынын, сонымен байланысты қандай талаптар қою қажеттігін жобалағанын айтып, енді соны түпкілікті цифр жүзінде дәлелдеп беру үшін тиісті мамандар тобын құрып, іске кірісуді тапсырды. Талабын белгілеген мерзімінде орындадық. Содан апта өте біздің топ, үш кісі Мәскеуге аттандық. Кешірім Бозтайұлы онда кімге бару, мәселені қай қырынан қою керектігін түсіндірді. «Өзіміздің тиісті орындармен келістім, олар қолдады. Біз көтерген мәселелер одақтық министрліктер арқылы шешілетін болғандықтан, Мәскеуге сақадай сай болып баруымыз қажет. Онда айтыс-тартыс жеткілікті болады, соған табан тіреп қарсы тұратын,  өз  ойларымызды дәлелдей алатын болайық!» деді. Қысқасы: Мәскеуде үш ай болдық. Әр күніміз арпалыспен өтті. КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті, Қорғаныс министрлігінің Бас штабы, СОКП мен Министрлер Кеңесінің тиісті бөлімдері, тағы басқалар бізді сүріндіруге  тырысты. Кешірім Бозтайұлы бізге: «Кімнен, нендей  қарсылық  көресіңдер, соны маған күнде хабарлап тұрыңдар!» – деген болатын. Ол біздің     мәлімдемемізге қарай Мәскеуге апта сайын ұшып келіп, партия басшысы Горбачевпен, үкімет басшысы Рыжковпен, салалық министрлермен, атомшы-физик ғалымдармен, мәселен, атақты академик Евгений Велиховпен кездеседі. Сол кездесулерінің қайсыбіріне мені ала  барады, құжат бойынша пікірлерімді айтқызады. Сонда байқағаным: Кешірім Бозтайұлының дипломаттық қабілеті ғажап күшті екен! Кіммен болсын  тең  деңгейде, аса байыпты, мәдениетті сөйлеседі. Кішірею, жағыну арқылы жол іздемейді. Батыл. Табанды. Шешен. Келтірген дәлелдері ешкімді бұлтартпайды. Кешірім Бозтайұлының сол табиғи қасиеті  арқасында ол бастап жобалаған негізде КСРО Министрлер Кеңесінің өтемақы туралы қаулысы шықты! КСРО-да бұрын ондай тиянақты қаулы болған емес. Мурманск, Қызылорда бойынша болған, бірақ олар тым жалпылама жасалғандықтан  қағаз  жүзінде  қала  берген. Ал біздің жобада не істелуі, не керектің бәрі толық қамтылды. Ол да басшымыздың алғырлығы, білімдарлығы, ұстамдылығы, табандылығы қамтамасыз еткен оң нәтиже болды! Кешірім Бозтайұлының  арқасында біз жеңдік!..  Семейліктерге Кешірім Бозтайұлынша еңбек сіңірген  басшыны көрген емеспін. Оның басшылығымен атқарылған жұмыстар өте көп. Ол жоспарланған үлкен-кіші шаралардың бәрін басталғанынан аяқталғанына дейін қадағалайтын. Капитал, яғни қаржы жинақтауда, оны бүгінде инвестиция деп  жүрміз ғой, бірінші хатшымыз қандай тапқырлық жасай білді десеңізші!.. Кешірім Бозтайұлындай қайраткер қайда-а-а?!  Семей полигонын жабу десек... онда «Невада-Семей» қозғалысы басқа қоғамдық ұйымдардан артық ештеңе жасай  алмады. Ол қозғалыстың дақпырты, айғайы ғана басым болды, оның жетекшісі Олжас Сүлейменовті Семейде бір-екі рет қана көрдім. Қажет жұмыстың бәрін обкомның идеология бөлімі жүргізді. Ал полигонды  жабу  жөніндегі  жарлық та шығару қажет болған кезде шығарылды».

Міне, Кешірімнің келбеті  хақындағы  адал  лебіз  осындай! Мұндай ыстық ықыласты сөзді онымен азды-көпті қызметтес болғандардың  баршасынан  естідім.  

Кешірім  зейнетке  шығысымен «Полигон – 29-тамыз»  қайырымдылық қорын ашуды қолға алған-ды. Қордың халықаралық деңгейде болуын қалаған. Ойы орындалған жағдайда тажал-полигоннан тауқымет тартып жүрген жандарға қосымша жәрдем жасамақ. Көмекке мұқтаждар Семей облысында ғана емес, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да аз   емес. Қорға еліміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлері мүше болды. Кешірім өзі жетекшілік еткен үш жылда ұжым шетелдік қайырымдылық қорлардың бірсыпырасымен қарым-қатнас орнатты. Бірақ, амал не, Азаматтың өмір жолы тұйықтала бастаған. Атом аждаһасының аранын ашқанына 50 жыл толуын бұдан былай ондай сұмдыққа жол бермеу күресімен атап өту үшін өзі ұйымдастырған Халықаралық Семей конференциясына ол қатыса алмады. Төсек тартып жатып жолдаған үндеуін «...Конференция біздің бейнет шегуші халқымызға Дүниежүзілік бірлестіктің жәрдем жасау жолдарын айқындай алады деп сенемін. Мен сіздермен біргемін!» деп аяқтады.

...1933-інші жылы маусым айында Аягөз ауданының Ақшатау ауылында ұжымшар (колхоз) ұстасы Бозтай мен қарапайым шаруа Балхияның отбасында туып-өскен, ауылда – бастауыш, аудан орталығында – жетіжылдық,  Аягөз қаласында орта   мектепті тәмәмдап, Алматының Тау-кен институтына құжатын жіберіп, ол оқу орнынан шақыру қағаз келгенде намыскер әкесінің қарызданып қаражат тауып беруімен Алматыға әрең жеткен Кешірімнің өмірі – айтып та, жазып та тауысқысыз тамаша  хикая. Бүгінде бір облыс болып тұрған кешегі Шығыс  Қазақстан және Семей облыстары жеке-жеке кездерінде олардың өнеркәсібін, құрылысын, ауыл шаруашылығын, мәдениетін – барша саласын  дамытуға сіңірген еңбегі мол бұл Азамат – Ұлттық қауіпсіздік  мәселелерін зерттейтін академияның, Халықтық «Экология»   академиясының  (Мәскеу қаласы) академигі, Семей Медицина  академисының Құрметті профессоры Кешірім Бозтаев «найзадан қол босаса қалам алып» (Бауыржан Момышұлы), ұрпағына ғылыми негізді  бес кітап қалдырды. Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында шикізатты  пайдаланудың  тәжірибесі» (1972),  «Семей  полигоны» (1992), «Қайнар қасіреті» (1995), «29-тамыз» (1998). Бұлардың  соңғы үшеуі – Семей полигонының тұтас тарихы.

***

Көп күйініштің бір сүйініші де болады. Кешірімнің көзін көрген біздің  тәубә  етіп  жүргеніміз: Кешірім құрған Қор бүгінде де бекем. Әке жолын ұстанған ұлы Нұрлан оған лайықты ие болып, нарықтық қиындыққа төтеп беріп, әке ісін жалғастырып жүр. Қордың жұмысы туралы «ХХІ век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона» атты кітапта (2006) былай делінген: «...Фонд получил реестровый консультативный статус при  Экономическом и Социальном Совете ООН (ЭКО-СОС) в знак признания заслуг Фонда».

...Кешірім де, Гүлзия да  ортамызда жоқ. Алайда балалары, немерелері  ата-ана аруағын әспеттеп жүр. Деректі фильм жасап, суретті кітап  шығарды. Өкінішке қарай, кейбір таршеке қазекемдер солардың татымды, танымды тірліктерін қолдаудың орнына қарсы өсек-аяңды көйітуде. Ондай әсіребілгіш пысықайлар – атышулы «Невада–Семей» акционерлік қоғамы Қорының миллиардтаған доллар қаржысынан (ядролық сынаулардан зардап шеккендерге жәрдем жасау үшін деп жинаған) семейліктерге бір доллар да бермей, өзара бөліп алғандардың «адвокаттары». Тексіздің  аузынан теріс сөз шығады. Ондайларға: «Мейілдерің, ауру қалса да, әдет қалмайды» ғой  дей салайық.

Өмірде  өкіндіретін кереғарлық  бола береді  ғой. Семей облысының өркендеуіне күш-қуатын, білім-білгірлігін жұмсаған, жалмауыз полигонның қолқасына құм құюды бастап, қызметін де, басын да арының садақасы етуге бел байлаған Кешірімге кезінде, меніңше, Шығыс Қазақстан (Семей) облысының немесе Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілген жоқ. Ал сый-сипатта жолы болғыш Олжас Сүлейменов шындығында  Кешірімнің  ізімен жүрсе де, «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағын алды.

Кешірімнің туғанына 80 жыл толуына орай Шығыс Қазақстан әкімдігіне оның  5 кітабын екітомдық етіп шығару туралы  осы жыл басында ұсыныс жасап едім, Мәдениет басқармасынан «қаржы жоқ» деген жауап алдым. Жыл сайын мүшәйра, фестиваль өткізіп, Алматыдан шақырылған құрметті ақын-жазушыларды (олар белгілі бір 4-5 кісі) мейлінше жарылқап қайтаратын облыста Қаһарман Кешірім Бозтаевтың кітаптарын шығаруға қаржы тапшылық етіпті!

2007-інші жылғы наурыздың 3-і күні президент Н. Назарбаев мырзаға хат жолдап, Кешірім марқұмға қатысты тілегімді былай түйгенмін:

«...Полигонның жабылғанын 15 жыл толуына үлкен шаралар белгіленетін болар, салтанатты жиын өткізілер. Сізден өтінеріміз: сол шараларда Кешірім Бозтаевтың жанкештілігі жайындағы шындықты айтқайсыз! Ол азаматтың Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында қатардағы металлург болудан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облатком төрағасына дейін өскенін білесіз. Сонда еткен 31 жылғы адал еңбегі үшін Өскемен көшесінің біріне атын қойғызсаңыз, кеуде мүсіні ескерткішін орнаттырсаңыз, ерекше бір игілікті ісіңіз болар еді.

Марқұмның полигон жайындағы үш кітабы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бір кітап болып басып шығарылса деген де     өтініш  бар...».

Ол хатыма мынандай жауап келген (27. 04. 2007 ж.):

«...К. Бозтаев – шын мәнінде Семей полигонының жабылуына ұсыныс жасаған бірінші адам. Елбасы К. Бозтаевтың ұсынысына қолдау көрсеткені де белгілі, осыған орай біз марқұм К. Бозтаевтың артында қалған мұраларын кітап етіп жарыққа шығаратынымызды хабарлаймыз...

К. Бозтаевтың есімін ұлықтау мақсатында Семей қаласында мемориалдық тақта орнату жөніндегі шешімді Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі қарастырып жатқанын, қаржы құрылымдарына тапсырма берілгенін хабарлады. Нақты іс-шараның қорытынды шешімін облыс әкімшілігі Үкіметке ақпарат беріп үлгірмегендіктен қосымша хабарланатын болады».

Сонымен мәселе «шешілді».

Арада, міне,  10  жыл  өтті. Қарапайым Қаһарман, аяулы Азамат болған Кешірім Бозтайұлының 80 жылдығы лайықты атап өтілген жоқ. Өкінішке қарай, солай болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б. Сапарбаев мырзаға жолдаған хаттарымыз да ескерусіз қалды.

20.04.2016.

Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы 

Фотосуреттерді түсірген Айдын ЖҮНІСХАН.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?