Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлемнің алапат апаттары

5430
Әлемнің алапат апаттары - e-history.kz
Жер жаралып су аққалы бергі табиғат апаттарын айтпағанда тек XX ғасырдың өзінде жұмыр жер үстінде ірілі-ұсақ мыңға жуық апаттар тіркелген екен.

«Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» дейді хакім Абай.  Рас, дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқ қой. Төбесі көкпен таласқан небір зәулім ғимараттардың бүгінде сау тамтығы да қалған жоқ. Алапат табиғат апаттарымен бірге жерге сіңіп зым-зия жоғалып жатыр. Әлемдегі  әр түрлі апаттар туралы деректер біздің дәуірімізге дейінгі холдей тас жазуларына шекіп жазылған екен.  Әрине, мұндай жантүршінерлік дүниелердің тарих парақтарына түгелдей дерлік түспегені мәлім. Миллиондаған адамдардың қанын жүктеген осынау қиямет-қайымдар бүгіндері ел жадысынан ептеп көмескеленіп барады. Бұл мақаланы жазудағы жалғыз мақсат  кешегі күннің қаралы бетіне қайыра  бір барлау жасап өткенге салауат айту ғана.  Олай болса қолымыздағы деректердің өздеріне сөз кезегін берейік.  

Жер жаралып су аққаннан бергі табиғат апаттарын айтпағанда тек  XX ғасырда жұмыр жер үстінде  ірілі-ұсақ  мыңға жуық  апаттар тіркелген екен. Осылардың ішіндегі адамзат өмірінде айырықша орын алған бірқатарына кеңінен тоқтала кетелік. 1908 жылғы 29 желтоқсандағы алапат жер сілкінісінен 125 мың  халқы бар  Мессина мен 56 мың тұрғыны бар Реджо-ди-Калабрия қалаларының жермен-жексені шығып, 100 мыңға жуық адам құрылыс қирандыларының астында қалған екен. Осыдан кейін тура он екі жылдан соң қытайдың Ганьсу мен Шэнси аймақтарында жойқын зілзала тіркеліп, одан 200 мыңға тарта адам жан тәсілім болған.

Ал, 1923 жылдың 1-қыркүйегінде Токио қаласында жер сілкінісі тіркелген. Апат 700 мыңдай  үйлерді қиратып, 150 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған.  1950 жылғы Моңғолиядағы зілзаланың кесірінен ұзындығы 300-700 шақырым, ені  20 метр жер жарықтары тіркелсе, 1960 жылдың 22 мамырында Чилиде адам айтқысыз оқиға болды.  Екі мыңнан астам  адам осы жарықтардың ішіне құлап  қаза болды. Ондағы жер үсті жарықтарының ұзындығы 500 шақырымды, ені 20-30 километрге дейін жеткен екен.  Мұндай мыңдап орын алған апаттардың  ұсақ-түйектерін сөз қылмағанның өзінде 1976 жылы (яғни бір жылда ғана) үлкен ауқымда  әлемде алты  апат тіркелген. Гватемалада бүкіл халықтың алтыдан бір бөлігі үй-күйсіз қалса, Италияда 900 адам мерт болған. Дәл осы жылы  Индонезияның Серирит қаласының 50 мың тұрғыны қазаға ұшыраса, қытайда 100 мыңнан аса кісі шығыны болды деп жазады сол кездің бұқаралық ақпарат құралдары.  Осы жылдың қарашасында Түркияның Муардие шаһарының маңындағы  200-ге жуық елді мекен толық қирап, алты мыңға жуық  адам көз жұмған екен.

 

Ал,  Кеңес одағының тұсында болған апаттар бізге көп жағдайда  беймәлім, құпия болып келді. Оның әрине,  өз  астары да бар еді. Мәселен 1911 жылы Алматы қаласының оңтүстігінде  9-10 баллдық жер сілкінісі болған. Бұл сол кездегі Азия топырағында  болып өткен жер дүмпулерінің ең жойқыны  саналып, одан 540 тан астам адам қаза тапқан.  1952 жылы қарашада Камчатка мен Куриль жағалауында бой көтерген цунами апаты, сол маңайдағы елді мекендерді  жылан жалағандай тып-типыл етіп кеткен. Апаттан кейін Северо Курильск қаласының орынында аумағы бірнеше шақырымға жететін алып тоғандар пайда болған. Осы бір шағын ғана балықшылар қаласында екі мыңға жуық адамның қаза болғандығы күні бүгінге дейін құпия болып келді. Мәселен, Аляскадағы жер сілкінісінің әсерінен Жапония жағалауында ірі цунами толқындары бас көтерген.

Цунами дегеннен шығады ғой.  Естеріңізде болса, бұдан 15 жыл бұрын адамзат тарихында жарты миллионға жуық  адам  қанын жүктеген алапат апат орын алғаны мәлім. Бұл ХХI ғасыр тарихында адам өлімі жағынан ең үлкен апат  ретінде тарих бетінда хатталып қалды.

2004  жылыдың 26 желтоқсанында Индонезияның Суматра аралынан бастау алған осы зілзала рихтер  бағаны бойынша 8-9 баллдық сілкініспен теңіз түбінен көтеріліп су бетіне жеткен кезде, 100 мың атом бомбасының жарылысымен пара-пар болған.  Айтулы апат әлемнің 30 ға жуық елдерінің территориясын шарпып, бір ғана Индонезияның өзінде 80 мыңнан астам адам қаза тапса, 150 мың адам тұратын Мелабохода қаласы мен 76 мыңға жуық тұрғыны бар Пулау-Самелеуеде бүгінде тіршіліктің еш  нышаны да жоқ. Бұл цунамидің зардабы бұған дейінгі адам өлімі жағынан ең көп саналған 1991 жылғы Бангладештегі тайфуннан да асып түсті. Ол құйын 138 мың жанның түбіне жеткен болатын. Су астындағы жойқын дүмпудің салдарынан Үнді мұхитының төңірегіндегі көптеген кішігірім аралдар орынынан қозғалып су түбіне батып жер бетінен біржолата жоғалып кетті. Мәселен, Суматра аралы оңтүстік батысқа қарай 30 метрге ығысып, солтүстік батыс жағалауға  ұзындығы 1100 шақырым болатын жер жарықтары түскен. Ғалымдар осының барлығы болашақтағы апаттардың негізгі ошағы болуы бек мүмкін деп болжам жасап отыр.  Бір таңданарлығы  осы апаттардың орын алатынын  бір неше ай  бұрын  сезген  Суматраға жақын аралдарды мекен еткен тайпалар мен жан-жануарлар   су аяғы  жетпейтін алыс жерлерге қоныс аударып  үлгерген екен. Тағы да ғалымдардың пікіріне құлақ асатын болсақ, «Осындай алапат апаттар жер шарында шамамен 50 жылда  бір рет қайталанып тұратындығын, мұндай апаттардың орын алуының басты себебі  жер астындағы тұншығып жатқан қалдық энергиялардың көптігіне байланысты» дейді. Әсіресе сейсмологиялық тұрғыдан қауіпті, апаттардың негізгі ошағы саналатын Индонезия бұдан кейін де түрлі оқиғалардың өтінде қалуы бек мүмкін дейді. Индонезия дегеннен шығады ғой 1815  жылғы Индонезиядағы Тамбора жанартауы  92 мың адамды жалмаса, 1883 жылығы Кракатау жанартауы 36 мың адамның өмірін қиған еді. Әлемдегі айтулы індеттердің тағы бірі оба мен безгек сынды жұқпалы аурулар екендігі мәлім. Зерттеушілердің айтуынша  осы  аурулардан қаза болатындардың саны табиғат апат  құрбандарынан әлде неше көп екендігін алға тартады.

 Рас, XXI  ғасырдың алғашқы  таңы  бір түрлі саяси бұлғақтармен басталды.  Ал, адам қолымен жасалған апаттың бірі АҚШ-тағы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы. Осы күні  адамзат тарихында күтпеген оқиға дүниеге келді. Дәл осы күні дүние демін ішіне тартты. Әлем жұрты мамыражай  кезде-ақ дөңайбат көрсетіп, алакеуде болып жүретін АҚШ-тың ертеңгі күнінен сескенді. Жұрттың үрейі, әрі сәуегейлігі ертеңгі күннің тамырын дөп басты. Айтқандай-ақ келесі таң күллі бәле-жаланың, әсіресе ислам әлемін қаралаудың негізгі тамыздығына айналды.  Ары қарай сағыздай созылған бұл дүние  Бен Ладен хикаясына ұласып  бұдан мұсылман мемлекетінің біразының басына қара түнек орынағаны мәлім. Мұны біз апат  емес  деп айтуға әсте  ауызымыз бармайды. Осы күн Америка тарихында мәңгілікке қатталып қалды.  Барлығы 50 мыңға жуық адам қызмет ететін 414 метрлік  110 қабаттық екі ғимараттың небары жиырма минут ішінде  ғана  күл паршасы шықты.  Осы қос ғимаратқа соғылған «бойнг» ұшағының жанармай құйылған багның жарылыс күші мамандардың айтуынша  «Томагавк» қанатты зымырандарының төртеуінің жарылыс күшімен пар келеді екен.

Небары жиырма минуттың ішінде мыңдаған адамдар отқа оранып, бетон үйінділерінің астында қалды. Қаншама адамдар терезеден секіріп қаза болды. Зерттеу жүргізген дәргерлер олардың көпшілігінің жерге жетпей-ақ жүрегінің жарылып кеткендігін анықтаған. Бұл құпияның сыры да енді ғана мәлім болып жатыр.  Осы мәселелерді терең зерделеген   Олег Фочкин мен Андрей Яшлавский  құрастырған «Первый день новой эры» жинағы көп құпиялардың бетін ашады. Мәселен, бірінші ұшақ көрші ғимаратқа келіп соғылғанда, әлдебір адамдар екінші ғимараттағы қызметкерлерге радиожелі арқылы сабыр сақтап, дүрбелеңге түспеуді ескерткен екен. Ол кезде неге екендігі белгісіз электр желілері  істен шығып, лифтілер толығымен тоқтап қалған көрінеді. Бұл хабарландыруға құлақ аспай баспалдақпен түскендердің дені сыртқа шығып үлгеріп, аман қалған. Адамзат қолымен жасалған мұндай қанқұйлы қиянаттарға қарап не деуге болады енді. Осыған қарап отырып-ақ «адамның жауы адам» дегенге бір түрлі сенгің келеді.  Алапат апаттар... Иә, бұған қарсы қолданар еш шарамыз жоқ. Бұл табиғат ананың асау мінезінің алдында адамзат баласы әмәнда әлсіз екендігінің бір көрінісі бола керек.

PS.  Айтпақшы, анау жылдары Жапонияда жер сілкінісі болғанда қалған ел «енді қайтпек екен» деп бір дүрліккен  болатын.  Базбір  білгіштер  бұл  апат  енді  Жапон экономикасын  елу  жылға  дейін  тұралатып  кетуі  мүмкін  деп  жарыса жазып жатты. Күн шығыс халқының самурайлық санасы мен камикадзилік ерлігін бағамдай білмеген осындай жүйесіз  сөздерге  ішімізден  бір  мырс  етіп  күлдік те қойдық. Сол Жапонияңыз бүгіндері  түк те  болмағандай,  алапаты артып, күннен  күнге  қарыштап  дамып  барады.  Ақшулан  аралдың  ортасында орналасқан  мемлекетке бұдан  кейін де нендей тыныштық болсын   деп  мүсіркейтіндерге  мынаны ескерткіміз келеді: біз сейсмологиялық тұрғыдан  балдық қуаты одан  пәленбай есе пәрменді жағдайдың үстінде отырмыз.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ  қасында жер сілкінісі, СУАЙТТЫҚТЫҢ  қасында цунами дегеніңіз  апат  па, тәйірі. Әсіресе, құлдықтың қасында...

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?