Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дауыс

2208
         Дауыс  - e-history.kz
Мәдениет ән салғанда қымыз бен бозжусанның иісі қатар келеді. Содан шығар құлағыңның құрышы мен жүрегіңнің шөлі бірден қана қалады.

                                                                        I

 

Оқырманға  бірден  ескерте  кетейін.  Мен  Мәдениет  Ешекеевтей  әншінің  көзін  еш  көргенім  жоқ.   Сондықтан  болар   таңғы   шықтай    мөлдіретіп   естелік  жаза  алмаймын.  Әншінің   ғұмыры   біздің    ойын  баласы  кезімізге   тұспа  тұс  келгендіктен,   ол   кісінің  есімінен  мүлде  бейхабар  едім.  Тіпті,  көзін   көрген  күннің  өзінде  де  әншінің  бозжусан   болмысына  бойлап,  нарқына    жететіндей   пайым   ол  кезде  біз  шіркіннен   қайдан  табыла  қойсын?    Мәдениет  Ешекеевтің  могиканның  соңғы  өкілі   екендігін  тек  студент  кезімде  ғана  білгендей   болдым.   Әрине,  ол  кезде  есіл  әнші   екінші  дүниенің  (бақидың)  есігінен   әлдеқашан   өтіп   кеткен-тұғын. 

 

                                                            II

 2002  жылы  Елорданың    Конгресс  Холл  сарайында  «Біз  үшеу  едік»   атты  белгілі  қаламгерлер  Төлен  Әбдік  пен  Дулат  Исабековтің,   жазушы,  әрі  этнограф  ғалым  Ақселеу Сейдімбектің  алпыс жылдық мерейтойына  байланысты  өзара   бірлескен   шығармашылық  кеші  өтті.  Осы  кеште  Әбіш  ағаның  ағынан  жарылып,   ақжаңбырдай  сіркіреп   сөйлегені   әлі  күнге  дейін  есімде.  Мен  аталған  концертте  Ақселеу  Сейдімбектің   «Гаги-гай»  атты   әнін    орындап   сахнаға  шықтым.  Концертіміз  өз  мәресіне     жетіп,   кеш  соңына  қарай  қатысқан   өнерпаздардың   барлығы   арқа-жарқа  болысып   қауқылдасып  жатқанбыз.  Осы бір  сәтте  жасы   алпысты   еңсерген     еңгезердей   бір  адам   келіп  мені  құшағына  қысып   маңдайымнан  сүйді.   Сосын  қолтығымнан  жетелеп  сахнаның   сыртына   қарай   шығарып:   «Әй,   бала,  осы  сен  Мәдениет  Ешекеев деген  әншіні  білесің  бе?» деп  төтесінен  сұрақ  қойды.  Мен  мұндай  әншіні  бұрын  соңды   естімегенімді  айтып  ыңғайсыздана  тіл   қаттым.   Әлгі  кісінің   өңі  сол  сәтте   қуқыл   тартып:  «Е-е,  білмейді  екенсің  ғой,  Мәдениет   деген  әруақты    әнші  ғой,  шіркін.   Сен  сол   кісіні  бар   жандүниеңмен  бір    тыңдашы»,   деді.  Сосын,  омырауынан   қойын   дәптерін  шығарып,   аты- жөнім  мен  мекенжайымды   тәтпіштеп  жазып  алды.   «Менде  Мәдениеттің   үнтаспасы  бар.  Үйге  бара  салысымен  біреуін  арнайы  көшіртіп   өзіңе  хат  арқылы    жолдап  жіберейін.  Ал  шырағым,  көріскенше  есен  бол»   деп,   жып-жылы  ғана  қоштасты  да  жылыстап  кете  барды.  Әлде  бейқамдық,  әлде   балалық  па  әлгі   кісінің  есімін  сұрау  сол  сәтте   қаперіме  еш   кірмеген   екен (Қазір  де  осы бір   қылығым  есіме  түссе  болғаны,  жон  арқам   мұздап  сала  береді.   Япыр-ай,  сол  кісіңіз   кім  болды  екен,  қайырылып  көзге  бір   көрінсе  ғой   деймін  кей  күндері   алас  ұрып).  

Бірер  аптаның   бедерінде  жатақхана   астында  орналасқан   почта   жәшігіне  маған  хат  келіпті.  Хат   Қарағанды  қаласынан  жолданған  екен  (Бір  таңданарлығы   жіберген  адамның   аты-жөні    көрсетілмеген   болып  шықты).  Жанталаса  конверт  ауызын   ашып   жіберсем,   алақандай   ғана  қағазға:  «Айналайын,  амансың  ба?  Мынау  Мәдениет  ағаңның   үнтаспасы   ғой. Қарашығыңдай  сақта.  Жақсылап  тыңдап,  бойыңа   сіңірерсің»  депті.  Міне,  бар  болғаны,   хаттың   ұзын-ырғасы  осы  ғана.  

Бөлмеде   қолдан-қолға  өтіп,  әбден  көнетоз  болған  магнитофонымыз   бар   болатын.   Әнді   тыңдап   кеп  жібердім.   Құдай-ай,   несін   айтайын  енді...  Сондағы  сезімді  сипаттауға   мүлде   тілім   жетпейді.  Иә,  сол  мезет  менің  алпыс  екі  тамырымнан  қан  емес,  ән   аққан  ғажайып  күн   болатын.  Мен  шын   әншінің  бағасы  қандай  болатынын  дәл  сол  күннен   бастап   сезінгендей   едім.  Ең  бастысы  көздегі   шел  мен  көңілдегі  қараңғылыққа   қозғау  түсті.    Мәдениет   Ешекеев  деген  әншінің  орындауында   жазылған  осы бір   он  екі  туынды   менің  ең   құнды   рухани   қазынамның   біріне  айналды.  Содан,  саф   өнерге  деген    ынтызарлық    көкірегімде   бүр   жарғандай    болды  да  кетті.  Осы  ынтызарлық  мені   Қ. Байжанов, 

Қ. Бабақов,  Ж. Елебеков,  М. Ержанов,  Ғ. Құрманғалиев,  Д. Рақышев,  Ж.Кәрменов  сынды   қазақ  ән  өнерінің  алыптар  шоғырымен   танысуыма  тікелей   алып   келді.

 

                                                         III

 

Мәдениет   Ешекеев  деген  дегдар   кім,  оның   қазақ   ән   өнеріндегі   орыны  қандай?   Енді  осы  сауалдар   төңірегі   мен   әнші   болмысына

аз-кем  ат шалдырып  көрейік.   Белгілі психолог  ғалым   Н.Д Левитов  «Адам  мінезіндегі   ерекшеліктер  оның   дауысымен   тікелей   байланысты.   Себебі,  дауыс  болмыстың    кілті»  дейді.   Ғалымның  айтуынша  адам  дауысынан  оның  кім екендігін  (тіпті  интеллектісін де) бағамдауға  болады.  Біз  бұл  тұрғыдан   қарар   болсақ,  Ешекеев  үнінен  ең  алдымен   тау  суындай  тазалықты    көреміз.  Бұл   таза   үн   бала  жүрегіндей   кіршіксіз  кеудеден  ғана   әуелеп    шығатын   болса   керек  (Не  нәрсе  болсын  жан  тазалығымен  тікелей   байланысты  ғой).   Бұдан   шығатын  бәтуа  байламы:

Дауыс   бейне  бір  жарқыраған  хрусталь  ыдыс  іспетті,  әншінің  ішек  қырындысына  дейінгі   ішкі  сырын  түгелдей  дерлік   көрсетіп  тұратын   барометр  екен.   Ендеше   Ешекеев  көмейінен   күмістей  сыңғырлап  шығатын   тәтті   тембрдің   құпиясы  да   міне,   осында  жатыр.

Неге  екенін  қайдам,   Мәдениет   ән  салғанда  маған   қымыз  бен   бозжусанның   иісі  қатар   келеді.  Содан  шығар  құлағымның  құрышы  мен  жүрегімнің  шөлі   бірден   қана   қалады.   Ол  домбырасын  қағып-қағып  жіберіп  аңырата  жөнелгенде  қазақтың  кеткен  есесі мен  көрген   құқайы  тұтасымен   түрегеліп  шыға  келеді.  Тыңдап  отырып  бейне  бір  бағзыдағы  қазақ  болмысымен    бетпе-бет  шұрқырасқандай   боласың  (Анадан  қайыра  екі  туса да  енді  «Қанатталды» мен  «Қарғам-ауды», «Гауһартас»  пен «Сұржекейді»   Мәдениеттей  сұңқылдату   қай   әншінің  болсын   тәлейіне   жазыла  қоймас).

Әншінің  жан  сыбдыры  мен  сезім  ағысын   пар   ұстап,   әнді  су  бетін  сүзген   қаймақтастай  етіп  қалқытып   әм  сырғытып  айтатын  сырбаздығы  өз  алдына  жеке  тақырып.  Ешекеев  шашауын  шығармастан   жұп-жұмыр етіп  орындаған   әрбір   ән  көркем  фильмге   бергісіз.   Ол   қазақ  әнінің  бетіне  тұнған    ары  мен   ұяты  іспетті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?